Ұлт үшін айқасыңыздың жемісі - халықтың алғысы - Батырхан Онбай
2026 ж. 28 тамыз
60
1
Сізді қолдайтын халық бар - бұл ұлт үшін күрестің жаңа кезеңінің басталғаны
Қазыбек аға, жазбаңызды оқып отырып, шын көңілден шыққан бір ой айтқым келді. Мандат аяқталды екен деп, ел үшін күрес те, халықтың сөзін айту да аяқталмайды ғой.
Сізді осы жылдарда Парламентте көрдік. Халықтың мұң-мұқтажын көтердіңіз, көпшілік айта бермейтін мәселелерді ашық айттыңыз. Әсіресе қазақ тілінің жанашыры ретінде мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін талай рет мінберден үн қаттыңыз. Кейде сөзіңізге қолдау аз болса да, дауыс жетпей жатса да, кейін шегінген жоқсыз. Ұлттың мәселесінде қайсарлық танытып, өз ұстанымыңыздан айнымадыңыз.
Сондықтан «Мандатсыз да майдандамыз!» деген сөзіңіз маған қатты ұнады. Себебі мандат — уақытша. Ал азаматтың елге жасаған еңбегі, ұлт үшін айтқан сөзі, халыққа сіңірген қызметі — ол мәңгі қалады.
«Батырдың аты өшпейді» дейді ғой. Батырдың аты ғана емес, ел үшін жасаған ісі де өшпейді.
Құрылтайға жаңа буынның, жастардың келуі — дұрыс. Оларға жол беру керек. Бірақ аға буынның тәжірибесі мен ел үшін жинаған саяси мектебі де керек. Сондықтан сіздердің тәжірибелеріңіз енді де елге қызмет ететініне сенемін.
Парламенттен кету — елден кету емес. Мінберден түсу — халықтың мәселесінен түсу емес. Керісінше, енді халықтың арасында жүріп, қоғамның үнін күшейтіп, қажет жерде жаңа Құрылтай депутаттарына бағыт-бағдар беріп, елдің сөзін айтуға мүмкіндік көп.
Қазыбек аға, сіздің қолыңызда әлі де ең мықты қару бар — қалам мен сөз. Артыңызда сізге сенетін халық бар. Сондықтан бұл жолдың аяқталғаны емес, жаңа кезеңнің басталғаны деп қабылдаймын.
Ел алдында жүзіңіз жарқын. Ұлт үшін талай рет айқастыңыз, талай жерде қаймықпай сөз айттыңыз. Күш тең болмаса да, дауыс жетпесе де, бас имей өткеніңіз — азаматқа үлгі.
Ең бастысы, халықтың алғысын арқалап шығу. Одан артық марапат жоқ.
Мандатсыз да майдандамыз!
Тіл үшін — майдандамыз!
Ұлт үшін — майдандамыз!
Ел үшін — майдандамыз!
Қазыбек аға, алда да қаламыңыз мұқалмасын, сөзіңіз өткір болсын, елдің жоғын жоқтайтын азаматтық ұстанымыңыз берік болсын.
Батырдың аты өшпейді.
Ел үшін жасалған еңбек өшпейді.
Ұлт үшін айтылған сөз өшпейді.
Ақ жол, аға! Алла ел үшін істеген әр ісіңізге береке берсін!
Батырхан Онбай,
Фейсбук парақшасынан