“Ақ жол” партиясына дауыс беру үшін сайлауға барамын! - журналист

“Ақ жол” партиясына дауыс беру үшін сайлауға барамын! - журналист

"ӨЗГЕРІСТЕР ҚАЖЕТ"!

Батыр ақын болмаса, 

Батырлыққа мін емес. 

Ақын батыр болмаса, 

Көрген күні күн емес! 

Өмірзақ Қожамұратов

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап сайлаудан көп үміт күттік. Ол үмітіміз теңдік, әділдік, заңның дұрыс, сауатты, елге тиімді қабылдануы және оның мүлтіксіз орындалуы еді. Ол үмітіміздің шырағы бірте бірте сөніп тынды, ақталған жоқ. Өтірік уәде, өтірік сайлау... Мүлде күдер үзіп, ол туралы жазуды қойғанбыз. 

Тағдыр-талайына көп теперіш-тарихы жер үшін, ел үшін, теңдік үшін соғысқа толы, ашаршылық, саяси қуғын сүргінде көш бастайтын бар асылынан айырылу жазылса да аман келе жатқан қазақтың алдағы тағдыры-тәуелсіздігінің тағдырымен тікелей байланысты екенін ұлтына жаны ашитын адамның бәрі біледі. Қолымыз зорға жеткен сол тәуелсіздігіміздің басты тірегі-ТІЛІМІЗДІҢ теңдік алмауына қорландық, ашындық. 

Үміттің шамы сөніп кетейін деп тұрғанда Мәжіліс депутаттығына Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, т.б. сияқты өзіміз жан тұтатын, жүрек жақын көретін азаматтар өтіп, өліп бара жатқан үмітіміз тірілгендей болып еді.

Әсіресе, ақын Қазыбек Иса қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін көп күресті. Көп жүгірді. Белсенді жұмыс істеді.

Жаңа Конституцияны қабылдарда мемлекеттің тілі-қазақ тілі тағы тұғырына қона алмай, өз отанында мәртебесі басқа мемлекеттің тілі-орыс тілімен бірдей болып қалғанда "Ақ жол" партиясынан депутат болған, қазақ тілінің Парламенттегі басты қолдаушысы, қорғаушысы болған Қазыбек Исаның Конституцияға ұсынысы өтпей, “жалғыздың үні шықпас” болды. Ал, біздер Қазыбек Исаның ұсынысын қолдап топтаса алмаған, соған дейін өзіміз қазақтың болашағын ойлайды деп сенген біраз депутатқа қапа болдық. 

Сөйтіп көңіл қабаржып жүргенде Мәжілісті Құрылтай деп өзгертіп, сайлау басталды. Соңғы айларда партиялар арасындағы доданың бет алысын әбден бақыладық.

Кім не десе де "Аманаттың" жөңкіліп барып, "Әділетке" қосыла салуы осы партияның рейтингін қолдан көтеру емес пе? Кеше сары көйлек кигендер бүгін сиягүл көйлек киді! Жаңалық осы ма? Бұрынғы "Аманаттың" өзгермейтін апалары, аталары белсеніп жүр. Қаржы полициясын, салықты басқарып күмәнді жолмен байығандар, жекешелендіруде ішпей, жемей еңбек етіп, сол дүниені қолмен құрағандарға тиесілі несібені басып қалып байығандардың 7 жұртқа көсем болып жүргені жүрекке тиеді. Әйтсе де "Әділеттің" басында Айбек Дәдебай сияқты ақылды жастың жүргені көңілге демеу! 

"Абайды Абай қылған Құнанбайдың малы" деп "шешім" шығарған жігіт басқаратын "Республика" партиясын әу баста ішім тартпаған, әлі тартпайды. Себебі, әкесі қазақты жек көретін адамның баласы осы басшыларының бірі болған осы партияны елдің, жердің мүддесін қорғайды дегенге жүрегім сенбейді. 

Айналып үйіріліп "Ақ жолға" қараймын. Жүрегімде дәл осы партияға деген сенім бар. Себебі, Қазыбек Иса амалы жеткенше, қолынан келгенше қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін жұмыс істеді. 

Сондай-ақ, жаңа Салық кодексіне де "Ақ жол" қарсы шықты. "Ақ жолдың" қарсылығының дұрыс екенін уақыт көрсетіп жатыр. Жылдың алты айының өзінде жаңа Салық кодексінің талаптарына төтеп бере алмаған 200-ден астам бизнес субъектілері жабылып қалды. Бұл мәлімет бер жағы болуы да мүмкін. Себебі, салық салу тәртібіне шағымданушылар саны өте көп. 

"Ақ жол" "жемқорлар ауылға инвестиция құйсын" деп елең еткізді. Иә, бұл жұрттың көкейкесті сөзі еді. Ақ жолдың депутаттарын "жемқорлар жеген ақшасын депозитке салып қойып, түрмеде мемлекеттің есебінен бағылып жатқанша, мынау өте дұрыс ұсыныс екен" деп бәріміз қолдадық!

Дәл қазір өз басым басқа партиялармен салыстыра қарап, ләббайшыл емес, елдің мүддесін қорғауда өзінің ойын бүкпейтін, ақиқатын айта алатын "Ақ жол" үшін қатыспай кеткен сайлауға барамын! Себебін жоғарыда айттым. 

Тағы бір себебі, өткізілген дебаттарды бақылай отырып, депутаттыққа үміткер Қазыбек Исаның, партияның басшысы Дания Еспаеваның пайым-парасатарына көңілім толды. 

  Әйтеуір, "сеніміміз ақталса" деген жұрттың үмітін өшіріп алмасақ болды. Қалғанына уақыт төреші!

  "Ақын батыр болмаса,

Көрген күні күн емес... деген ақын Өмірзақ Қожамұраттың өлең жолдарын сөз басына шығарған себебім, депутаттық ақынның батырлығын ғана емес, АЗАМАТТЫҒЫН, АДАМДЫҒЫН алға шығаратын МӘРТЕБЕ!

Есенгүл КӨШЕРБАЕВА, журналист, жазушы

"Ақ жол" демократиялық партиясының сайлауалды штабы есебінен төленген