ҚАШАҒАНДАЙ МҰНАЙ ОРДАСЫН АШҚАН МҰЗБАЛАҚ ЕДІ…
2026 ж. 08 тамыз
141
0
Өмірден Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы, әлемдегі ең алып мұнай-газ кеніштерінің бірегейі Қашаған мен Теңіз бастаған бірнеше алып кен орындарын ашқан әйгілі геофизик, «ҚазақстанКаспийШельф» концорциумының геология жөніндегі вице-президенті болып істеген Әшірәлі Нұртайұлы Бижанов өтті!
Талмай еңбек еткен тарлан ағамыздың 82 жасқа қараған шағында соңғы сағаты соғыпты!
Бұл суық хабарды Шымкенттегі Мәлікаждар ағамыздан есіткен бойда, Әшіралы көкеміз екеуі бір-бірін қатты сыйлайтын бауыры Ермұрат Бәпиге жазып жіберсем, Атырауда жүрген оған да хабар жеткен екен, парақшасына “Беу, дүние-ай” деп бебеулеген күрсінісін жариялап үлгеріпті.
“Иә, Қазеке, таң атпай хабар алдым! Атырауда шешейдің қырқын беруге жиналып жатқан едік. Енді бүгін түнгі рейспен Алматыға ұшайық деп отырмыз!
Әшекең бір ғажайып адам еді! Ағаңның алдынан жарылқасын, Қазеке!”-деп маған көңіл айту жазып жіберіпті.
Кезінде ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы болған, энергетика министрі, бірнеше облыс әкімі болған мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхаммед ағамыз өзі телефон соғып көңіл айтты. “Иә, Қашаған кенішін ашуға үлкен еңбек сіңірген Әшірәлі Бижанов еді. Өте білімді, тәжірибелі және адамгершілігі мол, артына ізгі ісімен із қалдырған азамат еді. Жаны жаннатта болғай.”-деп еске алды.
Әшіралы Бижановтың Астанада өткен 75 жас мерейтойында болса керек, әлемнің әр жерінен келген мықты мұнайшы-ғалымдар толып кетті. Бәрінің ауыз толтырып, айыз қандырып айтқан мақтау-мадақтары мен шапан-шапқаттары біздің Әшірәлі көкеміздің мерейін аспандатып жатты…
Әшкеңмен анада-санда сәті түсіп қалған кездесулерде ол кісінің парасат пен пайымы, кеңпейіл кемелдігі көзге ұрып тұратын! Мұнай сіңген мұрты көкке шаншылып тұрып, шабыттанып сөйлегенде, біресе Қашағанда қалқып, біресе, Теңізде тербеліп мұнай кешіп жүресің.
Екі інісі Ермұрат екеуміз жарысып айтсақ, бауырлары ғой дерсіздер, ал әлемдік тарих тарқатушы шежіре Уикипедия сөйлесін.
Әшірәлі Бижанов Нұртайұлы — тау-кен инженері-геофизик, Қазақстан Республикасының теңіз геофизикалық қызметінің негізін қалаушылардың бірі. Мұнай іздеу-өнеркәсіптік геофизикасы және теңіз геофизикалық зерттеулері мәселелері бойынша 20-ға жуық геофизикалық жобаның, 30-дан астам ғылыми-техникалық жарияланымның авторы және теңавторы. Оңтүстік Маңғыстаудағы көптеген құрылымдар мен Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы теңіз құрылымдарын алғаш ашушыларының бірі. (Олардың ішіндегі ең ірілері — алып Қашаған кен орны және Қайран, Ақтоты, Теңіздік Қаламқас сияқты нысандар).
Міне, осы алып мұнай-газ кеніштерінен Қазақтың қазынасына триллиондаған байлық құйылып жатыр.
Сонымен қатар, "Қазақстан мұнай және газ кен орындарын алғаш ашқандар" атты энцикопедиялық қалың анықтамалықта әлемдегі ең ірі Қашаған мұнай кенішін алғаш ашқан геофизик Әшірәлі Бижановтың аты бар.
“ҚАЗАҚҚА МҰНАЙ ИГЕРУДІ ҮЙРЕТУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ!”
Иә, мұнайдың майын ішкен майталман Әшірәлі ағамыздың ең жиі айтатын сөзі осы - “ҚАЗАҚҚА МҰНАЙ ИГЕРУДІ ҮЙРЕТУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ!”
Еске сала кетейік, 2019 жылы Теңіздегі мұнай-газ кенішінде шетелдік жұмысшылар мен жергілікті жұмысшылардың жалақысындағы үлкен айырмашылыққа қатысты дау шықты. Сол кезде ҚР Президенті Үкіметке мұнай саласында қызмет етіп жүрген жергілікті тұрғындардың жағдайын жақсартуды тапсырған болатын.
- Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлу қажет. Мен Атырау қаласында бірдей жұмыс атқаратын жергілікті және шетелдік жұмысшыларға лайықты жалақы төлеп, әділеттілікті сақтауды тапсырдым. Үкіметке осы мәселенің анық-қанығына жетіп шешуді тапсырамын. Ұлттық мүдделерді қорғау барлық мемлекеттік органдардың басты мақсаты болуы тиіс!- деген еді Мемлекет басшысы Үкімет отырысында.
Сол кезде 19 шілде күні Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы Әшірәлі Бижан "Қазақ үні" редакциясына хабарласып, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты өз ойларын айтты. Мұнай-газ саласында өмір бойы қызмет атқарған ол Теңіздегі оқиғаға, мұнай саласындағы кемшіліктерге деген дербес көзқарасын білдірді.
- Президенттің Теңіздегі оқиғаға байланысты айтқан қазақ мұнайшыларының жалақысын шетелдік мамандармен теңестіру туралы айтқан сөздері маған қатты ұнап қалды. Жергілікті жұмысшылар мен шетелдік жұмысшылардың айлығын теңестіру керектігін айтты ғой. Мәселен, бізге шеттен келген мұнайшының керегі бар ма? Қазір мұнайшылық кәсіп қазақтың негізгі мамандықтарының біріне айналды. Өйткені қазақтардың мұнайды игергеніне бір ғасырдан асып кетті. Батыстың (Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары - ред) бәрі мұнайшы, Қызылорданың бәрі мұнайшы. Оларға мұнай саласында қызмет істеуді үйретудің қажеті жоқ. Жалпы, ҚАЗАҚҚА МҰНАЙ ИГЕРУДІ ҮЙРЕТУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ! Бізге тек шетелдің технологиясы, техникасы болса жетіп жатыр. Теңіздегі оқиға неден туындады? Әділетсіздіктен! Шетелдік жұмысшылар жергілікті қазақтардан бес есе көп айлық алады. Осыған байланысты Тоқаевтың батыл тапсырмалары менің де, көптің де көңілінен шықты, - деді Әшірәлі Бижан.
ҚАШАҒАН КЕНІШІНІҢ АТЫН НАЗАРБАЕВТАН ҚҰТҚАРЫП ҚАЛҒАН ЕР
Иә, әділеттілік дегеннен шығады, мұнай мұқиты Қашаған кенішінің тарихын алсақ, бұл жерде Әшірәлі Бижанның айқын қолтаңбасы бар. Әшекең, мұнай кенішін зерттеп, тауып, ашып бердім, басқасына бас ауыртпаймын деген жоқ. Алып мұнай кенішінің алып ақынымыз Қашағанның аты берілуінде басты рөл атқарды.
Иә, қарапайым су сататын дүңгіршекке дейін аттары “Нұр” шашып, нұрланған заманда әлемдегі мұнай қоры ең үлкен кеніш, қара алтынымыз мұнай ордасы ашылғанда “Жаппарқұлда жан бар ма”, бұл кеніштің атын Нұрсұлтан Назарбаев қою керек деген хабар жетеді. Сол кезде әділетсіздікке жаны төзбейтін Әшірәлі ағамыз Ақордадағылардың алдын орап, шетелдік халықаралық мұнай кеніштерін тіркеу реестріне мұнайлы өлкеде туған қазақтың дүлдүл ақыны Қашағанның атын рәсімдеп, жөнелтіп жібереді. Назарбаевтың аты жазылған құжат одан кейін кешігіп жіберіледі… Ақырында, алып мұнвйкеніші ақын Қашағанның атына тіркеліп кетеді. Бұның қайдан шыққанын сезген жыланның аяғын көрген астаналық шенеуніктер Әшекеңді кешірген жоқ. Кешегі 80 жасқа толған мерейтойына дейін ешқандай мемлекеттік марапаттарға ілінбеді. Мұнайдың 80-90 жылдығы, 100 жылдығында да Тек 2025 жылы 80 жасқа толған кезде ғана “Құрмет” орденімен марапатталды.
Бұл туралы “Қазақ үні” газетінде “Әшірәлі Бижановтың ерлігі ақыры мойындалды” атты Ермұрат Бәпидің мақаласы да шыққан болатын.
Әшірәлі ағамыз “Ақ жол” партиясының жер қойнауы кен орындарының игілігін ең алдымен қазақ халқы көруі туралы және 90 жылдардағы әділетсіз мұнай келісім-шарттарын қайта қарау туралы ұсыныстарын қатты қолдап отырды. Ұлттық мүддені қорғаған депутаттық сауалдарымызды қолдап, гүрілдеген дауысымен қоңырау соғып қоятын…
Міне, осындай сыры терең Сырда туып, қарт Каспиден қара алтын іздеп, мұнай ордасын тапқан алып ағамыз да бақи дүниеге бағыт алыпты…
Алла алдынан жарылқасын!
Артында қалған асыл жары Роза жеңгемізге, Асқар бауырымыз бастаған ұл-қыздарына, Хадиша әпкеміз бастаған қарындастарына, туған-туыстарына көңіл айтамыз.
Туған жері, киелі Түркістан жұртына көңіл айтамыз.
Мұнайлы өлкеге, мұнайшылар қауымына көңіл айтамыз.
Қалың қазаққа көңіл айтамыз.
Әшірәлі ағамыздың теңдессіз ерен ерлік еңбегі елімен бірге жасай береді.
Пейіште рухы шалқи бергей!
Қош, мұнайдың мұзбалағы!
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің VII, VIII шақырылымдар депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары
ҚАЗАҚ ҮНІ