«АҚ ЖОЛ» ЖАЗУШЫЛАР АЛЛЕЯСЫН САЛЫП БЕРЕДІ

«АҚ ЖОЛ» ЖАЗУШЫЛАР АЛЛЕЯСЫН САЛЫП БЕРЕДІ

«АҚ ЖОЛ АЙТСА, АЙТҚАНЫН ІСТЕЙДІ» деген сөз тағы да еске түсті... 

Иә, 29 шілде күні Шымкенттегі журналист Базаркүл Қалбыр бастаған біраз қалам ұстаған ағайындар: «СҮЙІНШІ, ШЫМКЕНТТЕ ЖАЗУШЫЛАР АЛЛЕЯСЫ БОЙ КӨТЕРЕДІ»-деп, алақайлап, ақжолтай хабар таратты!

Шымкенттегі А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханада қаланың зиялы қауым өкілдері мен «Ақ жол» партиясының Құрылтай сайлауына кандидаттарының кездесуі тартымды да, тағылымды болды.

Ұлттық мүдде, ел болашағы мен руханият мәселелері кеңінен сөз болған алқалы жиында қазақтың дарынды ақыны, қарымды қайраткері, қайсар тіл күрескері, отты да, ойлы жырлар иесі, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісі VII,VIII шақырылымдар депутаты Қазыбек Иса көпшілік алдында көкейтесті мәселелерді ортаға салды. 

«АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ БАСҚА ПАРТИЯЛАРДАН АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ? 

"Ақ жол" партиясы елімізде тұңғыш рет 2007 жылы Ұлттық саясат концепциясын қабылдап, ұлттық мүддені қорғап келе жатқан партия!

Партиялық та, парламенттік те тарихы бай, аты брендке айналған “Ақ жол” партиясына келесі жылы 25 жыл - ширек ғасыр толады құдай қаласа.

2008 жылы «“ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІГІН САҚТАУ, ҚОРҒАУ және НЫҒАЙТУ ЖӨНІНДЕ ШАРАЛАР ҚОЛДАНАДЫ» деген қағидасы үшін еліміздің экс-президенті жойып жіберген, Тәуелсіздік алуға жасалған алғашқы құқықтық құжат, Азаттық Актысы - Егемендік Декларациясы!

ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ - ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАУ!

МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ!

Енді қайта қалпына келіп, заңды құжатқа ие болған Егемендік Декларациясындағы «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІГІН САҚТАУ, ҚОРҒАУ және НЫҒАЙТУ ЖӨНІНДЕ ШАРАЛАР ҚОЛДАНАДЫ» деген ел үшін қазір ең маңызды ұлттық қағидаға баса назар аударып, Халық арманын іске асыратын кез келді! Әділетті Қазақстанның басты талабы осы болса керек. 

Азаматтық алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыруды елімізде тұңғыш рет “Ақ жол” партиясы талай рет көтеріп, ақыры 2024 жылы заңға енгіздік.

”Ақ жол" партиясы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды көтеріп келе жатқан жалғыз партия. 

• Бұл заң бойынша Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру этникалық қазақтарға қолданылмайды. Бұл заңды Парламент қабылдап, Президент қол қойды! Үкімет бүйректен сирақ шығарып, атамекенін аңсаған қандастарға тосқауыл қоя бермей, осы заңды басшылыққа алуы тиіс! 

• Әлемдегі жер көлемі жағынан ең үлкен, қуаты жағынан ең күшті және ең ұзақ жасаған алып империя Алтын Орданың нағыз мұрагері – Ақ Ордалы Қазақ Елі!

 • ПАРЛАМЕНТТІҢ ТЕРГЕУ ҚҰҚЫ БОЛУЫ ТИІС 

• Үкіметтің құрамында парламенттік партиялар болуы керек. Сонда ғана Үкімет бір ғана билік партиясының сенімі емес, Ұлттық Сенімге ие болады. 

● Парламенттің бақылау функцияларын кеңейтіп, парламенттік тергеу жүргізу құқықтарын беру қажет.

● Демократиялық елдерде бюджеттік бақылауды парламенттік оппозиция өкілдері басқарады. Ол өте дұрыс – сайлауда жеңіске жеткен партия бюджетті бөледі, іске асырады, бірақ, қарсыластары қадағалап отырады.

• 2023 жылы “Ақ жол” партиясы “Парламенттік тергеу туралы” заң жобасын әзірлеп, Үкіметке сараптамаға жіберді, бірақ өкінішке орай, өтпеді. 

Біздің Ұлттық тарихымызда орны ерекше әлемге әйгілі Желтоқсан көтерілісіне биыл 40 жыл толады. Жетпіс жылдық тас бұғау да жігерін жасыта алмаған, ұлттық намысын тұншықтыра алмаған Қазақ жастары алаңға шыққан күн - Тәуелсіз ел үшін ең қастерлі күндердің бірі болуы тиіс.

Тәуелсіздікті алу қандай қиын болса, сақтап қалу одан да қиын. Ал қай ел болса да, Тәуелсіздіктен артық ешнәрсе жоқ!

Тәуелсіз Елдің тағдыры Сіз бен біздің қолымызда! 

Қазыбек Иса осындай ойып айтылған түйінді сөздерімен «Ақ жол» партиясының демократиялық, идеологиялық бағытын қысқа-нұсқа айқындап берді. 

Бұдан кейін жиын қызып ала жөнелді. 

«Ақын Қазыбек Исаның еліміздің ертеңі мен ана тіліміздің тағдыры төңірегіндегі салмақты ойларынан соң, жиын еркін диалог форматында жалғасып, қатысушылар өз бұйымтайлары мен ұсыныстарын ашық жеткізді.»-деп жазады журналист Базаркүл Қалбыр.

Ел тағдыры мен руханият мәселелері терең талқыланған басқосуда белгілі сыншы, ғалым, филология ғылымы докторы, профессор, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құлбек Ергөбек, қоғам қайраткері Ислам Әбіш, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі жазушылар Захардин Қыстаубаев, Сарманбай Исақ, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебай, философия ғылымы докторы, профессор, Әміреқұл Әбу, ардагер журналист-ақын Пердеш Есенбек, белгілі журналист Ерсұлтан Әмірбек, ақын Клара Лаханкызы және тағы басқа аға буын өкілдері сөз алып, ел дамуы, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұрпақ тәрбиесі мен өңірдің әлеуметтік жағдайы төңірегінде тұшымды ой айтып, өз аманаттарын жеткізді. 

«АҚ ЖОЛ АЙТСА, АЙТҚАНЫН ІСТЕЙДІ»

Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент филиалының төрағасы Момбек Әбдіәкімұлы денсаулығына байланысты емдеу мекемесінде жатса да, руханият жанашыры ретінде жиыннан тыс қалмай, Қазыбек Исаға арнайы хат-өтініш жолдаған екен. Хатта Шымшаһарда қаламгерлер мен әдебиетсүйер қауым бас қосатын Жазушылар аллеясының қажет екені айтылып, болашақта депутаттық сауалдар арқылы осы мәселеге ықпал ету сұралған. 

Қазыбек Иса көпшілік сұрауымен хатты оқып берді. 

«Қайырлы күн, Қазыбек інім! Осы кездесуіңе міндетті түрде қатысатын едім. Амал не, тосыннан сырқаттанып, отаға түсуге мәжбүр болып қалдым. Өткен мәжілісте нағыз ұлтшыл азамат ретінде және тіл үшін айқасқан хас күрескер тұрпатында исі қазаққа жаққан тұлға болдыңыз. Ендігі Құрылтай сайлауында да жеңіске жетіп, қазақ халқының мүддесі үшін қызмет ете беруіңізге шын жүректен тілектеспін! 

Оған қоса, осы сайлауда да, мәртебеңіз тағы үстем болып, Құрылтай депутатының тағына отыратыныңызға бек сенімдімін. Егер біздің сеніміміз ақталып, үмітіміз жанса, Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы филиалы ұжымы атынан сізге мынадай Аманат жүктегіміз келеді.

Қазір Шымкент қаласы қазақы дәстүрі берік, өнері дамыған, білімі өркендеген, бір миллион үш жүз мыңдай халқы бар ірі мегаполиске айналған. Бүгінде қалада Қазақстан Жазушылар одағының 42 мүшесі бар. Бұлардың арасында бір мемлекеттік сыйлықтың, 8 Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаттары, 6 Қазақстанның Құрметті жазушысы бар. Ал бұрындары бұл қалада алды - әлемге, арты - исі қазаққа аттары мәлім болған ақын-жазушылар тұрған. Осыған орай, біз, ҚЖО-ның Шымкент филиалы қала билігіне шаһардың бір көрікті жерінен “Жазушылар аллеясын” салып беруді өтінген едік. Өтініш білдіргенімізге талай жыл өтсе де, қала билігі тарапынан еш қолдау болмай келеді. Келешекте ел қамын жеген нар тұлға ретінде осы мәселеге бір ықпалыңызды тигізсеңіз екен!

Құрметпен, Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы филиалының директоры Момбек Әбдіәкімұлы.» 

Қазыбек Иса өз кезегінде бұл ұсынысты қуана қолдайтынын және оның іске асуына өз тарапынан барынша ықпал жасайтынын білдірді. 

Осыдан кейін сөзге шыққан қазаққа белгілі қоғам қайраткері Ислам Әбіш жұртты дүр сілкіндірер қуанышты хабар айтты. 

Исекең алдымен кезінде тағдырдың талқысына ұшырап, жақын жүргендердің өзі алыстап, қиын жағдайда қалғанда азаматтық танытып, ашық қорғаған Азат Перуашев бастаған Ақжолдық депутаттардың ерлігі туралы айтып, сол үшін «Ақ жол» партиясына шын жүрегімен қалап өткені туралы сөйледі. Бұл толық сөзін видеодан тыңдай жатарсыздар, біз Жазушылар аманатына байланысты айтқан сөзін келтіре кетейік. 

"Жаңа Шымкент қаласынан Жазушылар аллаеясын ашу туралы қалалық қаламгерлердің «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары Қазыбек Исаға жазылған аманатын тыңдадық. Бізге, «Ақ жол» партиясына айтылған аманатты біз міндетті түрде орындаймыз. Ол үшін Шымкент қаласы әкімдігі бір саябақтан жер бөліп берсе, мен , «Ақ жол» партиясы мүшесі ретінде бұл аллеяны өзім-ақ өз кәсіпорынымның қаржысымен толық салып, абаттандырып беруге дайынмын!"-деп кесіп айтып, кесек сөйлеп, мәлімдеме жасады. 

Бұл ақжолтай жаңалық жиналған зиялы қауымды, қалам ұстаған қаламгерлерді қатты қуантты. 

Қазыбек Иса: «Міне, «Ақ жол» партиясының басқалардан айырмашылығы! «Ақ жол» айтса, айтқанын істейтін, сөз бен істің бірлігін көрсететін партия» деп босқа айтылмағанына куә болдыңыздар. Қазір көрдіңіздер, аманатты айтып ауыз жиғанша, орындайтын, аллеяны салып беретін саңлақ азаматымыз да табылды. Исеке, сізге көп рахмет, Алла жар болсын! Ақ жол!»-деп ризашылығын жеткізді. 

Бұл қуанышты жаңалық туралы Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент филиалының төрағасы Момбек Әбдіәкімұлы да өзінің фейсбук парақшасына жазба жариялады. 

«Жазушылар аллаеясын салу туралы мәселеге байланысты ең тосын һәм ең жарқын да ашық ойды - жиын барысында сөз алған жергілікті ірі кәсіпкер, ұлт жанашыры, қоғам қайраткері Ислам Әбіш мырза білдірді. Ол: “Егер де жергілікті әкімдік орын тауып берсе, “Жазушылар аллеясын” мен өзімнің отбасылық-кәсіпкерлік ұйымымның жеке қаржысына салып берем” деді. Жиналғандар мұндай батыл шешімге аса разылықпен қол соқты. Әсіресе, қаламгерлер қауымы қатты қуанды.»-деп жазды.

Ендігі сөз тиісті орындарда. Қала әкімдігі әсем шаһардың көркін кіргізіп, көптеп ашылып жатқан саябақтардың бірінен “Жазушылар аллеясы” үшін жер бөліп берсе, елге танымал, бұрындары да қазақ мүддесі үшін атқарылған бірталай істерге бір өзі демеушілік жасап, халық қадірлісіне айналған «Ақ жол» партиясының мүшесі Ислам Әбіш мырза мойнына алған міндетті толық орындап шығатынына бек сенімдіміз. 

«Сүйіншіміз құтты болып, қаламгерлердің жаңа аллеясы шырайлы Шымкенттің ажарын кіргізетін рухани мекенге айналуына тілектеспіз!»-деп жазып жатыр қаламгерлер!

Иә, енді тек Жазушылар аллеясын салу үшін Шымкент қаласы әкімдігінің жер телімін бөлуі ғана қалды.

ҚАЗАҚ ҮНІ

"Ақ жол" партиясының сайлауалды штабы есебінен төленген