АТТАН ТҮСПЕГЕН АҚТАҢГЕР АҒАМЫЗ ЕДІ...
2026 ж. 01 тамыз
75
0
Өмірден тағы бір тарлан ағамыз өтті…
Кеше Шымқалада қалың жұрт ел ағасы, қоғам қайраткері Досыбай Шерімқұлды соңғы сапарға шығарып салды...
Оңтүстікте белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ХІІ шақырылымы депутаты, Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының және бес ауданның Құрметті азаматы, «Парасат», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерінің иегері Досыбай Шерімқұлды білмейтіндер кемде-кем.
Қайтыс боларынан төрт күн бұрын ғана осы жазда өмірден өткен медицина ғылымы докторы, профессор Сәуле Райымбекқызының қырық күндік асында көріп едік. Ширақ қимылдап, белсенді жүрген еді. Асты өзі ашты, өзі қорытты.
Төрді толтырып отырған Досыбай көкеміз зор денесіне қарамай, шақырса жетіп баратын біз секілді інілерінің жанына өзі келіп, жағдайымызды сұрап, әдеттегідей ағалық қамқорлығын білдіріп жүрді. «Кеше ғана Ардагерлер кеңесінде Кенжехан Төлебай, Бекет Тұрғара бәріміз “Ақ жолдың” Құрылтайға үміткерлерімен кездесіп, Ақ жол тілеп, Ақ батамызды беріп жібердік. Өздерің секілді қазақтың сөзін сөйлеп, ұлттың мүддесін қоғап жүрген азаматтарды халық қолдайды ғой қашанда» деп қуанып тұрды.
Мен де көрген сайын кең құшағына басып, бауырына тартып жүретін бауырмал ағама риза болып, 29 шілдеде өтетін «Ақ жол» партиясының Шымкент қаласындағы Ұлт зиялыларымен, қаламгерлермен кездесуіне шақырдым. “Болды, ардагерлерді жинап, бәріміз барамыз! «Ақ жолға» Ақ тілегімізді айтамыз”-деп, қуана келіскен.
Бірақ, 29 шілде күні Досыбай Шерімқұл көкеміздің таудай тұлғасы көп зиялылар ішінде көрінбеді… Орны бөлек екен, ерекше білініп тұрды жоқтығы… Келе алмады...
Кешке қарай Ислам Әбіш ағамыз суық хабарды жеткізді. “Бағана сендердің жиындарыңда «Досыбай көкем неге жоқ, келеміз деп келісіп едік қой” деп іздеп отырсам, ауырып қалған екен, жаңа біраз уақыт бұрын соңғы сағаты соғыпты”-деп ауыр күрсінді…
Иә, солай, алып ағамыздың 78 жыл соққан алып жүрегі тоқтап қалыпты…
Досыбай Шерімқұл XIX ғасырдағы 1858 жылы Қоқан басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің көсемдері, қазаққа тізесі батқан билеуші Мырзабидің басын алған Мұсабек батыр мен Сапақ датқаның тікелей ұрпағы. Досекеңнің өзі де батыр ұрпағына сай батыл да, алып денелі, датқа ұрпағына сай кесек сөйлеп, кесімді билік айтатын тұлға еді...
Мен Досыбай Шерімқұлдың ардақты атын есітсем, не ағамыздың зор тұлғасын көре қалсам, бірден есіме ол кісінің қасіретті Желтоқсан көтерілісі кезінде, елдің ең бір қиын кезінде қынсыз қылыштай жарқылдаған 37 жасында киелі Созақ ауданын басқарғаны түседі.
Тарихы терең Созақ ауданы Желтоқсан көтерілісінен 56 жыл бұрын 1930 жылы кеңес үкіметіне қарсы көтерілістің ордасы болған еді...
Енді салмақты сараптай беріңіз: Қазақстандағы кеңестік саясатқа қарсы ең ірі халық көтерілістерінің бірі болған 1930 жылғы Созақ көтерілісі мен 1986 жылғы Кеңес империясы саясатына қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі және 1858 жылғы Қоқан басқыншыларына қарсы көтерілістің көсемдері Мұсабек батыр мен Сапақ датқаның ұрпағы Досыбай Шерімқұлдың әлемге әйгілі Желтоқсан көтерілісі кезінде Созақ ауданын басқаруы... Сарғайған тарих беттері тереңнен сыр қозғайтындай...
Мен бұларды неге айтып, салыстырып отырмын?
1986 жылғы 16 желтоқсандағы Желтоқсан көтерілісіне тікелей себепкер болған, Қазақстанды басқаруға Кремльден Горбачев жіберген Колбин толқуды басып, көтерілісшілерді жазалап, күшіне мініп алғасын, тура содан 5 ай өткенде 1987 жылы 17 сәуірде Досыбай Шерімқұл басқаратын Созақ ауданына келеді ғой... Сол кезде Шымкент облысын республикаға беделді басшы, Социалистік Еңбек Ері Рысбек Мырзашев басқарып тұрған еді. Иә, бұрын облысқа келген республика басшылары өңірдің теріскейіндегі теріс мінезді табиғаты қатаң, әлеуметтік жағдайы төмен Созақ ауданына соға қоймайтын... Бұл жолы жүрген жеріне шөп шықпайтын қаһарлы Колбин Шымқалаға көп аялдамай, облыс орталығы айналасындағы әсем табиғатты таулы аудандарға да бұрылмай, қияндағы мал шаруашылығымен айналысатын аудан Созаққа тартады ғой. Облысты аралаған сапарында Колбинің жанында әрине, облыс басшысы Р. Мырзашев еріп жүреді. Жүрген жерінде тізеге басып, қысым жасап үйреніп қалған қаһарлы Колбиннен Мұсабек батырдың ұрпағы Досыбай көкеміз көп ыға қоймаған болса керек...
Колбиннің Қазақстанға келуі ғана емес, Шымкент облысын аралаған сапарының қорытындысы да қайғылы болды – сол күні түнде облыс басшысы, Социалистік Еңбек Ері Рысбек Мырзашев өз пәтерінде жұмбақ жағдайда қаза табады...
Осындай ел тарихындағы ең бір қиын кезеңде, сын сағаттарда сырбаз қалпын бұзбаған Досыбай Шерімқұл ағамыз сол Созақ ауданын 1985-1994 жылдары тоғыз жыл басқарып, экономикалық-әлеуметтік жағдайын көтеріп кетті...
ШӘМШІГЕ ӘН ШЫҒАРТҚАН, ТӨЛЕГЕН КҮЙ АРНАҒАН ДОСЕКЕҢ!
Қазақтың біртуар мемлекет және қоғам қайраткері, Руханият сардары Өзбекәлі Жәнібек Торғай облысының идеологиялық басшысы болып тұрғанда қазақтың ұлы тұлғалары Шәмші Қалдаяқов пен Мұқтар Шахановты Арқалыққа шақырып алып, өңірге арналған «Арқалықтың ақ таңы» атты ән жаздырады.
1970 жылы Торғай облысы құрылғаннан кейін оның идеология жөніндегі хатшысы болып қызмет атқарған Өзбекәлі Жәнібеков Алаш көсемдері туған облысты ұлттық рухтың орталығына айналдыруды мақсат еткен. Мәдени орындар мен радио, газет ашумен бірге өңірдің өз әнұраны болуы қажет деп санаған. Солай «Арқалықтың ақ таңы» атты әсем ән дүниеге келеді. Кейін бұл әнді жұртшылық Торғай облысының бейресми гимні ретінде шырқап кетті.
Біздің қуаты зор, құлашы кең Досыбай ағамыз да Созақтың ғана емес, Қазақтың сүйіп айтар «Теріскей» әнінің дүниеге келуіне себепші болғанын біреу білсе, біреу білмейтін шығар...
Досекеңнің өзі бұл ән патшасымен әдемі кездесуді маңдайы жарқырап отырып, марқайып айтар еді... Сондай әсерлі әңгімесінің бірін Қазақстанның құрметті журналисі Өтеш Қырғызбай 2020 жылы 09 қазанда “Егемен Қазақстан” газетіне “Теріскей» әні осылай туған еді” атты деген сүбелі сұхбатында жариялаған.
Досыбай Шерімқұл шалғайдағы Созақ ауданына 1985 жылы күрделі қиын кезеңде келіп, 1994 жылға дейін жемісті еңбек етті.
Созақ ауданының экономикасын, әлеуметтік жағдайын ғана көтеріп қойған жоқ, мәдениеті мен руханиятына да, идеологиясына да үлкен үлес қосты.
Енді ел газеті «Егемен Қазақстанды» тыңдайық.
«Досыбай Шерімқұлов «Жас келсе – іске» демекші, ауданда ірі өзгерістер жасады, кеңшар директорлары мен партком хатшыларын, мекеме-ұйым басшыларын жігерлі жас мамандармен ауыстырды. Партиялық жауапкершілік тұрғысынан өткізген талай жиындарына қатысып, сауатты да жігерлі айтқан сөздеріне сырттай риза болып жүретінмін. Жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді шешу Досекеңнің іскерлік қабілетін жан-жақты танытқан еді. Одан бөлек Досыбай Айтбайұлы Созақта қызмет еткен жылдары талай тарланбоз әдебиет және мәдениет қайраткерлерін, сахна саңлақтарын күтіп алып, халықпен кездесу жиынын өткізгенінің де куәсі болдым. Қазақтың талантты жазушылары Сәуірбек Бақбергенов, Тәкен Әлімқұлов, Қуандық Шаңғытбаев, Төлеген Тоқбергенов, Тұтқабай Иманбеков, Оралхан Бөкей, академик Ісмет Кеңесбаев, сахна саңлақтары Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Шолпан Жандарбековалармен кездесуде өнер майталмандарының мерейін көтеріп сөйлеп, әсерлі кеш өткізгені есімнен шықпайды. Күйші Төлеген Момбековтің 70 жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізіп, Төкең «Досыбай» атты күй шығарғанын да білемін. Досыбай Айтбайұлы Созақта қызмет еткен жылдары сол елдің ынтымақ-бірлігін сақтап, әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруде, таланттарын құрметтеуде абыройлы еңбек етті. Ол кісінің әділ де іскер басшы болғанын Созақ халқы әлі күнге айтып жүреді. Өз басым Досекеңмен осы кезге дейін хабарласып, кездескен сайын қуанып қаламыз.»-дейді белгілі журналист Өтеш Қырғызбай.
Ал Шәмші Қалдаяқовқа Созақ туралы ән шығару үшін өтініш жасағанын Досыбай көкеміз өзі әсерлі айтады:
«Шәкеңнің сол келгенінде дастарқан үстінде:
– Шәке, сіздің еліміздің әр өңіріне арнап жазған әндеріңізді бүгінде халық аузынан тастамай айтып жүр. Мысалы, «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Мойынқұм жастарының әні», «Каспий толқынында», тағы сол сияқты әндеріңіз көп. Бірақ біздің сырлы Созақ еліне арнаған әніңіз жоқ сияқты. Сондықтан осы ел мен жердің құрметіне арнап бір ән шығарсаңыз, – деп тілегімді айттым.
– Досыбай, сенің айтып отырғаның дұрыс. Бірақ ән шығару райкомның қаулысымен орындалмайды ғой. Ән өзінен-өзі шыға бермейді. Бірақ ойласайық, мен саған уәде бермей-ақ қояйын, дегенмен әрекет жасап көрейін, – деді Шәкең.
1986 жылдың жаз айларында Шәмші аға маған телефон соғып, ауданға келетіндігін, қасында белгілі ақын, өзіміздің жерлесіміз Сабырхан Асанов болатынын ескертті.
Көп ұзамай ақын мен сазгер де келіп жетті. Оларды алдын ала дайындалған көл жағасындағы үйге жайғастырып, бар жағдайын жасап жатырмыз. Сабырхан Асановты бұрын-соңды естігенім болмаса, көрген адамым емес. Өзі ірі денелі, сымбатты, өте мәдениетті кісі екен. Сабырхан ағамыз да Шәкеңнен қалыспайтын, әзілге жүйрік адам болып шықты. Танысып, сөйлесе келе маған:
– Шәкең ағаң өте қызық кісі ғой, өткен жолы маған телефон арқылы Алматыға звондап: «Мен Созақ ауданы туралы бір ән жазуға сол ауданның басшысы Досыбай деген інімізден тапсырма алдым, сен соған өлең жаз», дейді. Мен: «Оу, Шәке, мен ол ауданды көрмесем, білмесем, өлеңді қалай жазамын? Алматыда отырып жаза алмаймын ғой», десем, «Онда сол жаққа барып қайтайық», деді. Сосын сендерге келдік», деп әзілдеп отырды.»-деп еске алады Досекең.
Сонымен 1986 жылдың күзінде Шәмші аға Созаққа әнді алып келіп, жергілікті әншілерге өзі үйретіп кетеді.
Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов пен саңлақ ақын Сабырхан Асановтың осындай шығармашылық бірлестігінен кейін «Отырардағы той» атты керемет ән де дүниеге келгені белгілі.
-Мен өз басым осы күнге дейін сол әннің шығуына ықпалым тигеніне, оған себепші болғаныма мақтанамын. 1988 жылы «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында Шәмші Қалдаяқов: «Теріскей» әнім Созақ ауданының басшысы Досыбай ініміздің өтінішімен шыққан еді, бірақ сәтті шыққан ән деп есептеймін», деген еді.
Елдің сүйіп орындайтын «Теріскей» әні мен Созақта қызмет еткен жылдары өмірге келгенін, Шәкеңді күтіп алып, әннің алғаш орындалуында басы-қасында болып, өнер иелерін ұйымдастырып, елге жеткізуде шын ниетіммен еңбек еткенімді мақтаныш етемін.»-дейді Досекең.
– Иә, қазақтың біртума азаматы, талантты сазгер, адамдық қасиеті таудай азамат, жерлесім Шәкеңмен дәмдес, сырлас іні болған күндерімді өмірімнің бір жарқын белесі деп есептеймін. Одан кейін де Шәкең біздің ауданымызға бірнеше рет келіп жүрді, сыйласып, көп рет дастарқандас болдық. Ол кісіге қолымнан келгенше жәрдемімді беріп жүрдім. Мұндай елдің бағына туған біртуар азаматқа қандай құрмет көрсетсең де жарасады ғой... Соңғы рет Шәкеңді 1992 жылы Отырар ауданының тойында көрдім. Бұл кезде ауырыңқырап жүрсе керек, мазасы болмай, реңі солғын тартқанын байқадым. Алдына барып амандасқанымда бұрынғысынша құшақтап, көзіне жас алған Шәкең маған: «Досыбай, менің «Теріскей» әнімді айтып жүрсіңдер ме?» деп сұрады. Мен бұл ән ауданның әнұранына айналғанын айтып, көңілін көтеріп қойдым. Бұл расында да солай еді. Шәмші аға бұдан кейін жағдайының төмен екенін, ауруханада жатқанын айтып қалды. Осы кездесуден кейін Шәкең емделіп жатқан ауруханаға барып, көңілін сұрап қайттым. Бұл біздің соңғы кездесуіміз екен. Көп ұзамай ол кісі дүниеден өтті. Қазір ойлап отырсам, сазгердің 60-тан енді ғана асқан шағы екен ғой. Сол аз ғұмырында қошеметті де көп көре алмай кетті. Шәмші аға тағы біраз өмір сүргенде, әлі «Теріскей» сияқты қаншама тамаша әндер дүниеге келер еді... Дегенмен, әйгілі сазгердің артында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан баға жетпес мұра, рухани байлық қалды. Ол кісінің өміршең әндерін халық осы күнге дейін сүйіп тыңдап, орындап келеді. Мұндай әндерді ұмыту мүмкін емес, керісінше ол әндерге уақыт өткен сайын жаңа күш, жаңа рух қосылатын сияқты. Соның ішінде кезінде көп теперіш көрген «Менің Қазақстаным» әні бүгінде еліміздің Әнұранына айналғанының өзі неге тұрады?! Бұған да шүкіршілік...
Қазіргі таңда жыл сайын астана мен Алматыда, басқа да облыстарда, соның ішінде сазгердің туған жері – оңтүстікте Шәмші әндерінің фестивальдары мен байқауларын өткізу дәстүрге айналды. Соларды көріп, Шәкеңмен қатар жүрген кездерім ойға оралып, көңілім бір босап қалады. Шәкең сияқты ұлы адамды бізге сыйлаған Аллаға мың да бір рахмет!»-дейді Досекең ұлы сазгер Шәмшінің әруағын тербетіп.
Иә, Өзбекәлі Жәнібек жаздырған «Арқалықтың ақ таңы» әні секілді, Досыбай Шерімқұл себепкер болған терең ойлы, тебіренісі мол “Теріскей” әні де – қазақ руханияты тарихындағы ерекше оқиғалардың бірі. Бұл әндер, жалпы Шәмшінің еліміздің әр өңірі жайлы жазған әрбір әндері жай ғана тапсырыспен жазылған шығармалар емес, ел рухын көтерген ерекше туындылар.
Міне, ән дүлділі Шәмшіге ән шығартып, күй дүлдүлі Төлеген Момбекұлы күй арнаған додабұзар Досыбай көкеміз осындай ер еді...
Қазақтың көрнекті әдебиетші-ғалымы, сыншы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың сөзін айтып жүрген Құлбек Ергөбек:
“Досекең дене бітімі ірі сүйекті, жүрегі сүйегінен де ірі, шынайы Азамат еді. Кезінде Қосжан Мүсірепов секілді өмірден жас өткен, бірақ бір буынның басы болған үлкен Ақын әруағын тербетіп Ас беріп, бір томдық жыр жинағын жарыққа шығарып еді.
Жанбайлығы Досекеңді руханият жанашыры райында да ерекшелеп, ерекше тұлғалап тұратын. Облыстық комсомол комитеті хатшысы, кеңшар директоры, аудандық атқару комитетінің төрағасы, ауданның бірінші хатшысы, облкәсіподақ жетекшісі… қайда жүрсе де қолынан кітабы түспейтін, кітапқұмар жан еді. Оның жанын нұрландырып тұратын қуат көзі де кітап болған шығар. Ол бейне шаруашылық басшысы бола жүріп те, орыстың “деревнялық әдебиетінің” тууына себепкер болатын очеркист Овечкин сияқты еді.
Тағзым!”-деп жазды.
Досыбай Шерімқұлды соңғы сапарға шығарып салуға, жаназасына тұруға келген жұртта есеп болған жоқ. Қырық градустан асқан қайнаған шілденің ыстығына қарамай келген халықтың көптігі сонша, өзі тұрған Л.Толстой көшесі екі басынан уақытша жабылды. Күннің ыстығынан еріне деген ел көңілінің ыстығы басым түсіп жатты... Міне, аз ғана ғұмырдағы адамның ешнәрсемен сатып ала алмайтын абыройы деген осы болса керек...
Қаралы жиынды елімізге белгілі қайраткер Ислам Әбіш жүргізді.
Досыбай Шерімқұлдың шаңырағына көңіл айтып, кіріп шыққан Шымкент қаласы әкімі Ғабитбек Сыздықбековтың көңілхатын қала әкімі орынбасары Сәрсен Құранбек оқып беріп, өзі де Досекеңнің жақсы қасиеттері жайлы сөз сөйледі. Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтың көңілхатын облыс әкімі орынбасары Ертай Алтаев жеткізді.
Досекеңнің жан досы, кезінде Оңтүстікте бірнеше аудан басқарып, Сенат депутаты болған Орынбай Рахманбердінің қабырғасы қайысып, көзіне жас алып тұрып сөйлеген сөзі елді толқытты. Иә, Орекең айтқандай Досыбай Шерімқұл өмірден өткенше еліне еңбек етіп өтті... Елімізге белгілі еңбек ардагерлері, заңгер Бекет Тұрғара, кәсіпкер Серікжан Сейітжан, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі төрағасы Кенжехан Төлебайлар Досекеңнің елге сіңірген еңбегі мен ерекше қырларына тоқталып, халыққа көңіл айтты.
Иә, жұрт айтқандай, Досыбай Шерімқұл ағамыз өмірінің соңына дейін ел үшін еңбек еткен, аттан түспеген ақтаңгер еді... Оншақты жыл Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіподақ комитетін басқарды. Сол кезде Шымкентте кітап пен газет шаруаларымен жүрген біз ол кісіге анда-санда соғып кететініміз бар еді... Теретін жазуларымыз болса, Досекең қабылдау бөлмесінде отыратын хатшы қызына айтып, көмек көрсетіп тұратын. Мүгедектер қоғамын да басқарып, оларға көптеген жағдай жасады. Рухани-имандылық істерінде де қайрат көрсетіп, «Абат Ата» қорына жетекшілік етті.
2010 жылы Ордалы Оңтүстікте, Шардара ауданының әкімі Марғұлан Марайымның кезінде қызырлы Қызылқұмның төрқаласы, шежірелі Шардара қаласында ұлыларымызды ұлықтаған республикалық ғылыми конференция өтті. Елінің Тәуелсіздігі үшін басын бәйгеге тіккен батырларымыздың, бар қазаққа бас қолбасшы болған Алатау батыр мен Қоқанға қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Мұсабек батырдың және көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Төлеген Тәжібаевтің рухтарына арналып ас берілді.Сонда сол кезде туғанына 195 жыл толған Мұсабек батырға арналған баяндаманы мен жасап едім. Сол кезде 1996 жылы „Мұсабек батыр, Сапақ датқа” деген кітаптың құрастырушысы болған Досыбай Шерімқұл ағамыздан біраз кеңес алған едім.
Досекеңнің 60 жасқа толған тойында болуы керек, қазақтың көрнекті сатира сардары Көпен Әмірбек екеуміз өлең жазып барып қатысқанымыз да бар...
Анда-санда кездесіп қалғанда, кең құшағын ашып, ақ тілегін айтып, ағалық қамқорлығын жеткізіп қалатын ақ көңіл Досыбай көкемнің өмір жолдарына қарап, зерделеп отырып, жалпы жиі араласа алмағаныма өкінемін... Алып тұлғасына сай үлкен кісінің көп қырларын білмейді екенбіз ғой... Біз қасымыздағы асылдарға өмірден өткесін ғана алыстан іздегендей көңіл аудара бастаймыз. Досекеңнің сүйегін алып бара жатқанда, жанымызда тұрған Құлбек Ергөбек ағамыз күрсініп тұрып айтқандай: «Досекең бәрінен бөлек еді ғой! Біз мүлде тұрпаты бөлек тұлғадан айрылдық!»
Иә, тұлғасына қарасаң батыр дейтіндей, бір басына қарасаң әкім дейтіндей, жырласына қарасаң ақын дейтіндей асыл ағамыз Досыбай Айтбайұлы өмірден өтті...
Артында қалған отбасына, жары, жеңгемізге, ұл-қыздарына, бауырлары мен туған-туыстарына көңіл айтамыз...
Қалың елге көңіл айтамыз.
Ердің елге сіңірген еңбегі ұмытылмайды!
Пейіште рухы шалқи бергей!
Иманы саламат болсын!
Қазыбек ИСА, ақын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII, VIII шақырылымдар депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары
ҚАЗАҚ ҮНІ