ҚҰМАЛАҒЫМ, АҚ СӨЙЛЕ!
2026 ж. 25 шілде
82
0
Қазақтың этнографиялық құндылықтарының бірі – құмалақ ашу.
Бұл дәстүр көшпенділер тірлігіне исламдық наным-сенім кезеңінен тіпті ертеде, сонау ежелгі заманаларда енсе керек.
Құмалақ, әдетте, табиғат заңдылықтарын түсінуге, ауа райын болжауға немесе ауру-сырқаудың бет-алысын долбарлауға негізделеді. Сайын сахараның сай-саласына қоныстанған жұртшылық жоғалған малын іздесе де, балшының қызметіне жүгінген.
Атам заманнан келе жатқан қазақтың дәстүрлі балгерлік салты,
жалпы, болашақты болжау, яки шаруаның сәттілігін білу үшін пайдаланылады.
Жұлдыздардың ауысуы сырына жетік көшпенділер тылсым сан
магиясының да «сиқырына» ескі дәуірлерден бойлаған сияқты. Мәселен, жауырыншы қырық бір түйір құмалақтың «астарына» үңіліп, әрбір таспен «тілдесіп», сыр тартады.
Ең ғажабы, ісін кәсіби меңгерген құмалақшының сәуегейлігі көбіне-көп шындықққа сәйкесіп, осынау ежелгі дала «философиясы» дүйім халықты қайран қалдырып жатады.
Аталмыш мәдени мұра тағдыр тауқыметімен төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріне тарыдай шашырап, жақын, алыс шет елдерде тұратын қазақ арасында да күні бүгінге дейін сақталып келеді. Ендеше бұл да – халқымыздың бірегейлігін көрсететін белгі екен.
Авторымыздың Шығыс Түркістан қазақтары туралы құмалаққа қатысты деректі дүниесі халықтың осынау мәдени мұрасы тақырыбына арналды.
Бұл аймақта құмалақ салмайтын адам болмайтындай көрінетін-ді. Әсіресе, ауылды жерлерде мекендейтін ағайындарының бәрі «балшы». Қашан көрсең, кемпірі де, шалы да, баласы да, шағасы да қалт еткен сәтте отыра қалып құмалақ ашып жатады.
– Е, биссимиллә! Құмалағым, ақ сөйле! – деп бір жапырақ ақ шүберектің бетіне қырық бір құмалақты шашып жіберген соң оларды жинастырып қайта реттеп, жайылған тастарға тесіле қараған күйі: – Маңдайы ашық. Көңілі қош. Оң бүйірі тоқ. Мал-жаны аман. Мерейі үстем, – деп немесе: – Жүрегі күпті секілді, үй тұйық, – деп күбірлеп, «шайқылық» жасай бастайды.
Ғалым осының дәл шығатынына онша сене қоймайды. Бос сәуегейлік, яки көңіл алдарқату үшін айтылатын жай сөз ғой деп есептейтін. Кім білсін. Онша діндарлығы да жоқ еді.
Бірақ бірде кезекті жорықтан оралып келе жатып, қарындасы Бағиланың үйіне соққанында құмалақшы долбарының тура шыққанына куә болып қайран қалған.
Бұ кезде өзінен кейінгі Бағила да тұрмысқа шыққан-ды. Оның күйеуі Әнтәй Торғаев та офицер. Капитан еді. Алтайдағы Шығыс Түркістан Армиясының атты эскадрон командирі. Ылғи түзде жүреді.
Соның алдында Ғалым өзі де үйленген. Бұл сапар да алыс жолдан сарғая күтіп жүрген жас келіншегі Күлзияға алып-ұшып келе жатқан беті.
Сүйген адамына қосылу дегеніңіз бақыттың ең үлкені емес пе, некесі қиылған сәттен бастап-ақ жас жігіттің өміріне елеулі өзгеріс еніп, өзін соншама арқаланып, қанаттанып кеткендей сезініп жүрді. Күлзия келінінің босаға аттап кіргені анасы Нұрқадишаны да қатты қуантты.
Бәрі де ең алдымен көңілге байланысты деген рас екен, Нұрекең жас келініне ықыласы ауғаны сондай, әбден нұрланып, керемет жасарып алды. Күшіне күш қосылғандай ширай түсіп, гүл-гүл жайнап, құлпырып кетті. Төңіректегі көрші-көлем де жүзінен нұр төгіліп, шәй құйып отыратын жас келінді көруге ынтығып, бұл үйге түрлі сылтаумен кіріп-шығуды жиілетіп еді. Осыны аңдаған Нұрқадиша апай қатты масаттанып, жан-жағына масайрай қарап, жарқырай күліп отырады. Жас келінге сынай қараған кей ағайынға таныстырғанда:
– Біздің Күлзия – Бәтіш сұлудың сіңлісі ғой! – деп нығарлап қоюды ұнатады.
Алыс сапардан аңсап-шаршап жеткенінде жас келіншегі Күлзияның сонадайдан мұны көрген бетте бір сәт селт етіп сәл үрпие қарап, назданып, жарқырай қарсы алған сәті; ес білмесе де қуанғанынан екі езуі екі құлағына жетіп былдырлап, орнынан ұшып кетердей болып әкесіне талпына ұмтылатын кішкене сәбиінің тәтті күлкісі қызмет кезіндегі ауыртпалықтарды бірден ұмыттырып, көңіліне көктем орнатады.
Бұлар үйленген соң Шиқуда көп тұрған жоқ-ты. Дүниеге жаңа келген тұңғыштары Даниалды бауырларына қысып алды да, Үрімжіге көшті. Онда да бір жылдай ғана аялдаған. Көбінесе Құлжада тұрақтап қалды.
Әскери адам болған соң кейде түзде, аттан түспей жел өтінде жүретіні болмаса, тұрмыс-жағдайлары жаман емес еді. Үкімет ылғи жиһазы, ыдыс-аяғына дейін жабдықталған ыңғайлы үй-жайларын даярлап қояды. Кішігірім әскери горнизон секілді қатар-қатар орналасқан баспаналарда төменгі офицерлік құрамнан бастап генералдары бар – бәрі бір-біріне көрші отырады.
Бастапқыда төңіректен қытай көрмеуші еді, кейін олар қаптап көбейді. Баяғы Шің Шісәй салып кеткен лаңның «жемісі» ғой.
Әйтеуір, көршілерінің көпшілігі – өзбек, қырғыз, татар. Әсіресе, татарлар көбірек еді. Біраз уақыт өздерінің Мұсабаев деген татардың қорасында отырғаны есінде. Табыс жеткілікті. Әскери қызметкерлер шеніне, атқаратын еңбек ауқымына қарай айлық алады. Бір қызығы – үкімет сауын сиыр беретін-ді. Одан соң офицерлер де жазда жыл сайын жайлауға шығады. Қызмет орны соятын малға дейін ықтияттап, ішім-жемнен еш тарықтырмайды. Бұларға деген халықтың да құрметі ерекше. Егер жұмыс орайына қарай орын ауыстыратындай жағдай болса, онда да келген жерлерінде әлгіндей жабдықтаулы пәтерлері тағы әзір тұратын-ды.
Күлзия да бос отырған жоқ, совет консулдығына барып екі жылдай іс тігуді үйренді. Онда да Тұрақты Ұлттық армия офицерлерінің өзі секілді келіп тұратын кейбір әйелдері бар. Солармен жақсы араласып жүреді. Жалпы алғанда, дүркін-дүркін соғыс өрті тұтанып, аздаған үрей туғызып тұратыны болмаса, ахуал аса мүшкіл емес-ті. Тек кішкентай Даниалдың келешегі де алаңдатып қоятыны бар. Сондайда, әрине, атмекенге қарай емінесің, Отанға қарай елеңдейсің. Елегзисің.
***
Әсілі, Нөкіш шаңырағының береке-бірлігі Күлзия келгелі бұрынғыдан да нығайып, үй шырайының ене түскені рас еді. Ақсақалдың Кәрім, Кәкен деген балалары, Хамит сынды немересі, басқасы бар, бәрі де мәре-сәре болып, ылғи Күлзияның маңайына үйіріліп, шәй ішсе де, тек соның қолынан ішуге құмартып тұрады.
Енесі бүкіл әулеттің көзқуанышына айналған жас келініне туған қызындай қарады. Қазақтың абысын-ажынының іштарлығы мен күншілдігінің мұндайда асқынып кететіні қандай, сындарлы ене осының бәріне тосқауыл қойып, сүйікті келінінің бетіне жел тигізбеді. Тегі, қасынан шығармауға айналған. Үй тұрмысына баулып, татардың, ұйғырдың ұлттық тағамдарын жасауды үйретіп, он саусағынан бал тамған аспаз да қылып шығарды. Қытайдың жібек матасынан жасалған терезе пердесі мен кереует жапқышы сияқты тұрмыстық бұйымдарға көздің жауын алатын түрлі-түсті кесте салуды да ерінбей үйретті.
Күлзияның өзі де жастайынан іс тігуге бейім еді. Келгеннен-ақ ине-жібін ала салып, үйдегі көрпе-жастық, киім-кешекке дейін түгел бүтіндеп, бәрін айнадай қылып жуып, тазалап, жұтындырып қойған. Мұндай келінге елдің қызығатынындай-ақ бар ғой. Жұрт: «босағасына мынандай құтты адамды бұйыртқан Нұрқадишаларда не арман бар. Елдің бәрі, шіркін, Нөкіштің балаларындай болсашы!» деп тамсанады.
Өкініштісі – осының алдында ғана Нөкіш аға мәңгілік сапарына аттанған еді. Алдынан жарылқағыр жарықтық маңайына жақсылық дарытып, өмір бойы туысқан іздеген, береке-бірлік іздеген аса мейірбан адам-тын. Әменге құда түсіп, келісімін алғаннан кейін жер-көкке сыймай қатты шаттанды.
Әйткенмен, амал не, бұрыннан аздап ауырыңқырап та жүреді екен, көп ұзамай көз жұмды. Бақұлдасқан сәтте «бар тілегім кенже ұлымды аяқтандыру еді, ол мақсатыма жеттім; енді кіндік кескен жерден топырақ бұйырмады демесем, басқа арманым жоқ» деп ризалықпен аттанды.
Бір қарағанда, бұл аймақтағы өмір соншама тыныш, мамыражай көрініп қалғанымен, ішкері тұстарда дүркін-дүркін қозғалыстар бой көрсетіп, сұрапыл майдандар жүріп жататын. Кезінде еркіндікке дағдыланған елдерді тұс-тұстан қыспақтап ұстау да қиын ғой. Және қысым күшейген сайын кері серпіліс күшінің де ширыға түсетіні заңдылық та болар, ашулы халық қит етсе дүрліге көтеріліп, атойлап шыға келеді.
Қытайдың гомеңдаң өкіметі әскерінде де маза жоқ. Кейде жергілікті ауылдарды айырпланмен шүйіліп келіп бомбалап, жер-көкті күңірентіп зеңбірекпен де атқылап кеткен кездері кездесті. Осылайша төңіректе атыс-шабыс, ереуіл көбейіп, елдің көргені – күрсілдеген соғыс, тілге кісен салған аңду, қамау, жер аудару, ату сияқты сойқан болып кетеді.
Алайда бәріне ет үйренеді екен. Өмір салты сондай еді.
Кейде айнала құлаққа ұрған танадай тып-тыныш бола қалады. Бетегелі белестерін жел тербеген жалпақ қырлар бір сәт түк көрмегендей моп-момақан күйге түсіп, маңқиып жатады.
Қасындағы екі-үш әскер серігімен бірге шаршап келе жатқан жолаушы Ғалым бүйірде отырған Бағиланың үйіне соғып, амандық-саулық біліп, бір-бір тостаған сусын іше кетуге ниеттенген-ді. Аттарын байлап, кіріп келсе қарындасы мұның енесі Бибі апайға құмалақ аштырып жатыр екен. Көптен бері қызметтік сапармен Алтай жақта жүрген күйеуі Әнтәйдан бір дерек білгісі келген секілді.
Үйдегілермен емен-жарқын амандасып, біраз аяқ суытып, шөлін басып, жан шақырып алған офицерлер енді бір сәт бұлар кіргенде кілт үзіліп қалған әңгіменің жалғасын қоса тыңдап, құмалақтың не дейтінін білуге қызығушылық танытқан. Бұл ауылға әлдебір шаруаларымен келіп қалған Бибі тәте ақ матаның бетіне құмалақты шашып жіберіп, Бағила құдашасының «жоғын тауып беруге» қайтадан құлшына кірісті:
– Құйысқаны берік. Жүрек сүйінішті. Сапардан олжалы қайтыпты. Иә, келе жатыр! Иә, иә! Бәле, міне, оң аяғы табалдырықтан аттады. Түсіп қалды... Түсті үйге! Әй, кәне, қарап келіңдерші біреуің! – деп өзімен бірге еріп жүрген жас ұлдарын жұмсады.
Ғалымның кішкентай балдыздары (бұл елде қайын ініні де балдыз дей береді) Мақсұтқан мен Рафиқан қосарласып жүгіріп шығып қараса, бір салт атты кісі келе жатқан көрінеді. Әнтай екен. Жетектеген бір қоңыр құнаны бар дейді.
Шынында да, осындай сәйкестіктен кейін қалай таңырқамассың?! Ғалым сол жолы қатты ойланып қалды.
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Алматы