Үміт Қалиева: ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНЕ ЖАҢАША КӨЗҚАРАС ҚАЖЕТ
2026 ж. 25 шілде
74
0
Білім ордасындағы жаңашыл бастамалар, жетістіктер мен алдағы жоспарлар жайында Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы Абай мектеп-гимназиясы КММ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Үміт Қалиевамен әңгімелескен едік.
шыларының өткен оқу жылында жеткен жетістіктері жетерлік. Әңгімемізді осыдан бастасақ...
– Иә, сөзіңіз аузыңызда, өткен оқу жылы мектеп-гимназиямыз үшін табысты жыл болды. Оқушыларымыз халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі білім, ғылым, шығармашылық және зияткерлік сайыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Айрықша жетістіктердің бірі – «ABAI TEAM» командасының халықаралық робототехника және ғылыми жобалар байқауындағы жеңісі. Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен USTEM Foundation қоғамдық қоры ұйымдастырған халықаралық додаға Қазақстанмен қатар жеті елден бес мыңнан астам оқушы қатысты. Осындай ауқымды жарыста мектебіміздің FIRST LEGO League Explore санатындағы «ABAI TEAM» командасы 115 команданың ішінен суырылып шығып, CHAMPIONS AWARD – 1st Runner-Up жүлдесін иеленді. Осы жетістік команданың Болгарияда өтетін Еуропа кезеңіне жолдама алуына мүмкіндік берді. Бұл – тек мектептің ғана емес, өңіріміздің мерейін үстем еткен үлкен жеңіс.
– Осы орайда көптеген байқауларда оза шапқан шәкірттеріңізді де атап өтсеңіз...
Оқушыларымыздың жетістігі біз үшін үлкен қуаныш. Атап айтқанда, мектебіміздің 5-сынып оқушысы Нұрасыл Тұрсынбай «Бебрас» информатика ойын-конкурсының республикалық кезеңінде І дәрежелі диплом иегері атанса, 11-сынып оқушысы Ескелді Елдана Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырған халықаралық олимпиадада құқық негіздері пәнінен ІІІ дәрежелі диплом алып, университеттің 100 пайыздық ішкі грантын жеңіп алды.
Ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларда да оқушыларымыз жоғары нәтижелер көрсетті. 9-сынып оқушысы Аяна Қанатбек облыстық ғылыми жобалар байқауында ағылшын тілі секциясы бойынша І орынға ие болса, 7-сынып оқушысы Сұңқар Серікбек «Зерде» республикалық зерттеу жобалары байқауының облыстық кезеңінде жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Облыстық пән олимпиадаларында да мектеп оқушылары үздік нәтиже көрсетті. Ағылшын тілі, құқық негіздері, тарих, қазақ тілі, орыс тілі және математика пәндері бойынша бірнеше оқушымыз жүлделі орындарға ие болып, білім сапасының тұрақты өсіп келе жатқанын дәлелдеді.
Шығармашылық бағыттағы жетістіктеріміз де аз емес. Қанатбек Амантай облыстық кезеңде өткен IV республикалық «Шәкәрім оқулары» байқауында бас жүлдені жеңіп алып, кейін Астана қаласында өткен республикалық кезеңде ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар, Ринат Өмірзақ облыстық «Абай оқулары» шығармашылық байқауында «Абайдың асыл мұрасы» номинациясы бойынша ІІІ орынға лайық деп танылды.
Зияткерлік сайыстарда да оқушыларымыз биіктен көрінді. 11-сынып оқушысы Берік Бейсенғазыұлы облыстық «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынында ІІ орын иеленсе, 3-сынып оқушыларынан құралған команда «Зерделі ұрпақ» олимпиадасының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды.
– Ұлағатты ұстаздардың толайым табыстары туралы да тілге тиек етсек артық болмас...
– Иә, «ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» демекші, мұғалімдеріміз де өздерінің кәсіби біліктілігі көрсетіп келеді. Атап айтқанда, мектеп психологы Ботагөз Аметова облыстық «Үздік психолог» байқауында І орын иеленді. Ал педагогтеріміз кәсіби байқауларда табысты өнер көрсетіп, Сағыдат Құсыманқызы «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауында ІІ орынға ие болды. SDU университеті ұйымдастырған «Педагогикалық идеялар» фестивалінде бастауыш сынып мұғалімдері Ләззат Базарбекова мен Гүлжайна Серікбаева жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Осы жүйелі еңбектің нәтижесінде Абай мектеп-гимназиясының түлектері Қарасай ауданы бойынша алдыңғы шептен көрініп, «Гранттар көшбасшысы» номинациясымен марапатталды. Бұл жетістіктер – ұстаздарымыздың қажырлы еңбегі мен оқушыларымыздың білімге деген құштарлығының нақты жемісі деп білемін.
– Білім беру саласындағы өзгерістерге бейімделуде мектеп ұжымы қандай бағыттарға ерекше көңіл бөліп отыр?
– Қазіргі таңда білім беру жүйесі қарқынды өзгеруде. Сондықтан заман талабына бейімделу – әрбір білім беру ұйымының басты міндеттерінің бірі. Біз үшін бұл өзгерістерге ілесу ғана емес, олардың көшбасшысы болуға ұмтылу маңызды. Сол себепті мектеп-гимназиямызда педагогтердің кәсіби дамуына, басқару мәдениетін жетілдіруге және білім беру сапасын тұрақты арттыруға ерекше мән беріледі.
Бұл бағыттағы маңызды жетістіктердің бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» республикалық жобасына қатысып, кадр резервіне қабылдануым болды. Аталған жоба білім беру жүйесін жаңғыртуды, басқару тиімділігін арттыруды және өзгерістерді жүзеге асыра алатын жаңа буын басшыларын даярлауды мақсат етті.
Жоба аясында 440 сағаттық кешенді оқу бағдарламасынан өттік. Оқыту базалық, ілгері және кәсіби деңгейлер бойынша ұйымдастырылып, әр кезеңнің соңында біліміміз бағаланды. Іріктеу кезеңдері өте талапшыл болды. Әр деңгейді сәтті аяқтаған қатысушылар ғана келесі кезеңге жолдама алып отырды. Осындай жауапты сынақтардан сүрінбей өтіп, республикалық кадр резервіне қабылдану – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қолынан кадр резервіне қабылданғанымды растайтын сертификатты алу ұзақ жылғы еңбектің жемісі болды. Бұл жоба маған тек жаңа білім мен басқарушылық тәжірибе ғана емес, заманауи білім беру жүйесіне жаңаша көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Осындай тәжірибелерді мектеп ұжымымен бөлісіп, күнделікті жұмысымызға енгізу арқылы білім беру сапасын арттыруға және педагогтердің кәсіби әлеуетін одан әрі дамытуға күш салып келеміз.
– Оқушылардың білім сапасын арттыру үшін қандай жаңа әдіс-тәсілдер қолданылып жатыр?
– Бүгінде білім сапасын арттыру – әрбір мектептің басты мақсаты. Осы бағытта әріптесім екеуміз «Білім беру сапасын арттырудағы креативті және заманауи басқару әдістері» атты авторлық бағдарлама әзірледік. Бұл еңбек мектептің білім беру сапасын жүйелі түрде көтеруге бағытталған және оқыту үдерісін креативті, заманауи әрі инновациялық тәсілдер арқылы ұйымдастырудың тиімді жолдарын ұсынады.
Сонымен қатар бағдарламада бүгінгі таңда әлемдік тәжірибеде өз тиімділігін дәлелдеген Lesson Study тәсіліне ерекше назар аударылды. Бұл әдіс мұғалімдердің бірлескен жұмысы арқылы сабақты жан-жақты талдауға, тиімді әдістерді анықтауға және білім алушылардың оқу жетістіктерін жақсартуға мүмкіндік береді.
– Үміт Нұрланқызы, соңғы уақытта оқу бағдарламасына енгізілген өзгерістер туралы айтып беріңізші?
– Қазіргі таңда Абай мектеп-гимназиясы мұғалімдерінің 80 пайызы инклюзивті білім беру бағытындағы біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Бұл курстарда педагогтер ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін меңгеріп, олардың қажеттіліктерін бағалау, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету және жеке білім беру траекториясын құру мәселелері бойынша білімдерін жетілдірді. Сонымен қатар оқу тапсырмаларын әр баланың мүмкіндігіне қарай бейімдеу, сабақты тиімді жоспарлау және оқытудағы саралау тәсілдерін қолдану дағдыларын нығайтты.
Биылғы жылдың басты жаңашылдықтарының бірі – білім беру саласына жасанды интеллект технологияларының кеңінен енуі. Осыған байланысты мектеп мұғалімдерінің 100 пайызы «Білім берудегі жасанды интеллект: инновациялық технологиялар мен оқу үдерісінің цифрлық трансформациясы» атты біліктілікті арттыру курсынан өтті. Бүгінде педагогтер алған білімдерін күнделікті сабақ барысында тиімді қолданып, оқу үдерісінің сапасын арттыруға үлес қосып келеді.
– Білім сапасының негізі – оқушының оқу мәдениеті. Осы тұрғыда кітап оқуға қызығушылықты арттыру бағытында мектепте қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Кітап оқу – тұлғаның жан-жақты қалыптасуына ықпал ететін маңызды құндылықтардың бірі. Бүгінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Оқуға құштар мектеп» және «Мен оқыған бір кітап» жобалары мектеп өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Сонымен қатар ағылшын тілі пәнінің мұғалімі жетекшілік ететін «Reading Marathon» кітап оқу марафоны да жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Аталған жобалардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар.
Ал «Мен оқыған бір кітап» жобасының тәрбиелік мәні ерекше. Бұл жобаға оқушылар ата-аналарымен бірге қатысады. Мұндай формат балаларды кітап оқуға ынталандырып қана қоймай, ата-ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайтып, отбасылық кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
– Сондай-ақ, оқушылардың білімге деген қызығушылығын, шығармашылық және зерттеушілік қабілетін дамыту мақсатында қандай жобалар жүзеге асырылуда?
– Гимназиямызда оқушылардың интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған бірнеше жоба табысты жүзеге асырылып келеді.
Соның бірі – «Олимпиадалық резерв мектебі» жобасы. Бұл жоба арқылы пәндік олимпиадаларға, ғылыми жобалар байқауларына және түрлі зияткерлік жарыстарға бейімі бар оқушылар анықталып, олармен жүйелі жұмыс жүргізіледі. Дарынды балалар тәжірибелі педагогтердің жетекшілігімен дайындалып, өз қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар мектепте Жас зерттеушілер клубы мен Дебат клубы тұрақты жұмыс істейді. Бұл бірлестіктер оқушылардың зерттеушілік мәдениетін қалыптастырып, өз ойын еркін жеткізуіне, дәлелді пікір айтуына және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға ықпал етеді.
Біз балалардың тек мектеп қабырғасындағы біліммен шектеліп қалмағанын қалаймыз. Сондықтан жоғары оқу орындарына, ғылыми зертханаларға, театрларға, мұражайларға және ашық есік күндеріне танымдық экскурсияларды жиі ұйымдастырамыз. Мұндай кездесулер оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, болашақ мамандығын саналы таңдауға, жаңа мақсаттар қоюына әсер етеді.
Өйткені баланың қызығушылығы оянған жерде ізденіс пайда болады, ал ізденіс бар жерде үлкен жетістіктерге жол ашылады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚ