Әлия ӨТЕГЕНОВА: ҰЛТ САУЛЫҒЫ АНА мен БАЛАДАН БАСТАЛАДЫ
2026 ж. 25 шілде
69
0
Ана мен баланы қорғау қоғамдағы ең бір өзекті мәселе. Осы орайда «Кентау қалалық емханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары, Түркістан облысының штаттан тыс емхана ісі бойынша бас акушер-гинекологы Әлия Өтегеновамен тілдескен едік.
Жүкті әйелдер жіті назарда
Ана мен баланы қорғау қызметінің басты міндеттері – жүкті әйелдердің қауіпсіз жүктілігін, нәрестелердің денсаулығын қамтамасыз ету, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау және отбасыларға кешенді әлеуметтік қолдау көрсету.
– Соңғы жылдары елімізде ана мен бала денсаулығын сақтау саласында оң өзгерістер байқалып, ана өлімі мен нәрестенің шетінеуі азайған. Соңғы бес жыл ішінде Кентау қаласында ана өлімі тіркелген жоқ. Бұл көрсеткіштің жақсаруына сапалы медициналық көмектің қолжетімділігінің артуы және ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған кешенді шаралардың тиімді жүзеге асырылуы ықпал етті. Елімізде ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында бірқатар маңызды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі – әйелдер кеңесінің жұмысын қайта жандандыру, – дейді акушер-гинеколог Әлия Өтегенова.
Сонымен қатар, еліміз бен өңірлік денсаулық сақтау жүйесінде ана мен бала өлімінің алдын алу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Аналар саулығы» бағдарламасы бойынша жүктілікке дейінгі зерттеп-қараулардың яғни, ер азамат та, әйел азамат та дайындықтан өтуі тиіс. Мұндай дайындық жүктіліктің асқыну қаупін 70%-ға дейін төмендетеді және болашақ ананың ағзасын жаңа өмірді қабылдауға толық бейімдейді, нәресте өлімінің алдын алады.
«Кентау қалалық емханасы» басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Әлия Сағидулатқызының сөзінше, қазіргі таңда Кентау қалалық емханасында 740 жүкті әйел тіркеуде тұрады. Емханада олардың әрбіріне толық диспансерлік бақылау жүргізіліп, антенатальді күтім сапасын арттыру мақсатында заманауи медициналық қызметтер көрсетіледі. Атап айтқанда, заманауи зертханалық тексерулер, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) скринингтері, ана мен ұрық (плацента мен кіндік арқылы) арасындағы қан айналымының жағдайын бағалайтын қауіпсіз допплерографиялық зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ, ұрықтың жүрек соғысын бақылауға арналған кардиотокография (КТГ) аппараты қолданылады. Жүкті әйелдерге бейінді мамандардың консультациялары және қажет болған жағдайда күндізгі стационар қызметтері Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін ұсынылады. Сонымен қатар, жас отбасыларға арналған «Отбасын жоспарлау» кабинеті мен «Босануға дайындық» кабинеті өз қызметін табысты атқарып келеді. Скринингтік тексерулерді сапалы жүргізу және жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында емханада бейнекольпоскоп (видеокольпоскоп) аппаратымен арнайы оқытылған акушер-гинеколог дәрігер жұмыс істейді. Қатерлі ісік ауруларының алдын алу, ерте анықтау және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында сауықтыру шаралары ұйымдастырылуда.
Осы орайда біз кәсіби маманнан жүктілік кезіндегі скринингтік тексерулердің маңыздылығы турасында әңгіме өрбітуін сұрадық. «Комбинирленген скринингтік тексерулер – жүктілік кезеңінде ана мен ұрықтың денсаулығын бағалауға, ұрықтың даму ерекшеліктерін және ықтимал қауіп факторларын ерте анықтауға мүмкіндік беретін маңызды диагностикалық шаралардың бірі.
Бұл тексерулер жүктіліктің ерте кезеңдерінде жүргізіліп, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) және қан талдауы нәтижелерін біріктіре отырып, ұрықта хромосомалық ауытқулардың (мысалы, Даун синдромы және басқа да генетикалық өзгерістер) ұлғаю қаупін бағалауға мүмкіндік береді» дейді дәрігер.
Осы орайда Кентау қалалық емханасында атқарылып жатқан ауқымды істердің барлығы емхана басшысы Ғани Мырзабековтің тікелей басшылығымен жүзеге асып жатқандығын атап көрсеткеніміз абзал.
Міндетін мінсіз атқаратын маман
Ана мен баланы қорғау ісін өзінің өмірлік миссиясы еткен Әлия Сағидулатқызы дәрігерлік мамандықтың өзіне соншалықты жауапкершілік жүгін жүктейтінін жан жүрегімен түйсінеді. Жауапты мамандықтың иесі жұмыс барысында өзіне артылған міндетті мінсіз атқару барысында қаншама ұйқысыз түндер мен күндерді өткізуге тура келетінін айтады. Соған қарамастан адам жанының арашашысы болу – оған үлкен бақыт сыйлайтын көрінеді. Ақ халатты абзал жан әрбір ана өзінің дүние есігін ашқан перзентін бауырына басқан сәтін көрген кезде жүрегін ерекше бір қуаныш сезімі кернейтінін тілге тиек етті.
Ол өзі жан жүрегімен қалаған мамандықтың күрделілігіне қарамастан, мүмкіндігінше жүйелі түрде жұмыс істеп, ана мен балаға мүмкіндігінше пайдалы болуды көздейді.
Сондықтан болса керек, республика бойынша тұңғыш рет Кентау қалалық емханасы базасында еліміздің «Алғашқы 1001 күн» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында акушер-гинеколог Әлия Өтегенованың бастамасымен 2025 жылдың сәуір айында «Даму және ерте араласу орталығы» ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова арнайы қатысты. Іс-шара аясында департамент директоры орталық жұмыстарына толағай табыстар тіледі.
«Орталық бала өмірінің алғашқы кезеңдерінен бастап сау өсуін қамтамасыз етуге және дамуындағы ауытқуларды ерте анықтауға, емдеу-сауықтыру жұмыстарын жүргізуге бағытталған. «Даму және ерте араласу орталығы» ел бойынша емхана базасында ашылған еліміздегі ең алғашқы орталық екендігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар орталығымызға еліміздің түкпір-түкпірінен мамандардың тәжірибе алмасу үшін арнайы келуінің өзі жұмысымыздың жемісті жүріп жатқанын көрсетсе керек» дейді гинеколог.
Өз саласының кәсіби маманы, Түркістан облысының штаттан тыс емхана ісі бойынша бас акушер-гинекологы Әлия Өтегенова осы салада еңбек етіп жүрген әріптестеріне жиі тренинг өткізіп тұрады. Мәселен, акушер-гинекологтың «Аналар саулығы» бағдарламасы негізінде дәрігерлерге арналған клиникалық практикум – «Гравидаралды дайындық» тақырыбында өткен тренингтің берері мол. Аталмыш шарада ол жүктілікті дұрыс жоспарлау, жүктілікке әсер ететін әртүрлі факторларды атап көрсетті.
Прегравидальды дайындық – қауіп факторларын бағалауды және жүктілікке дайындау үшін емдеу-диагностикалық, профилактикалық және әлеуметтік іс-шаралар кешені болып саналады. Жүктілікті жоспарлау – бұл аман-есен ана болуға және дені сау баланы дүниеге әкелуге бастайтын жол.
Бала саулығына салғырт қарауға болмайды
Әңгімелесу барысында біз дәрігерден ата-аналардың жіберетін қателіктері туралы да сұрадық.
– Ана мен бала денсаулығына қатысты ата-аналар көбіне дәрігердің нұсқауынсыз дәрі-дәрмек беру, бөлме температурасын шамадан тыс көтеру, антибиотиктерді негізсіз қолдану, ана сүтінен ерте бас тарту және сәл ауырғанға (мысалы, температура көтерілгенде) дүрбелең туғызу сияқты қателіктерді жиі жібереді. Бас ауруы немесе қызу көтерілгенде интернет кеңестеріне сеніп, өз бетінше антибиотиктер мен қабынуға қарсы дәрілерді ішу ағзаның иммунитетін әлсіретеді. Дене қызуы көтерілгенде баланы қалың киіндіріп, көрпемен орап тастауға болмайды. Бұл қызуды одан сайын арттырып, соның салдарынан дене құрысуына (судороги) ұшырауы мүмкін. Дәрігердің кеңесінсіз балаға синтетикалық дәрумендерді (мысалы, D дәрумені) көп мөлшерде беру бүйрекке салмақ түсіреді. Дәрігерлер сәбиді кем дегенде 6 айға дейін тек ана сүтімен емізуді ұсынады. Емшек сүтінен ерте айыру баланың иммунитетін түсіреді. Нәрестені қатты жастыққа жатқызу немесе оның жанына жұмсақ ойыншықтар қою тыныс алу жолдарын жауып қалуы мүмкін. Баланың жағдайы жақсарған кезде ата-аналар антибиотик беруді өздігінен тоқтатып тастайды. Бұл микробтардың дәріге төзімділігін (резистенттілік) тудырады. Жас аналар осы және өзге де қарапайым болып көрінгенімен, бала саулығын сақтауда аса маңызды болып табылатын дүниелерді есте сақтаса екен дейміз. Өз кезегінде бұл дені сау баланың өсуіне өз септігін тигізеді, – дейді маман.
Сөз соңында акушер-гинеколог Әлия Сағидулатқызы әрбір дені сау бала – біздің қоғамымыздың ең басты байлығы екенін атап өтті. Сондықтан аналар жүктілікке дейінгі дайындықтың төмендігі салдарына нәрестелердің туа біткен даму ақауларымен өмірге келу қаупі бар екендігін назарға алса екен деген тілегін де білдірді. Ол үшін болашақ аналар жүктілікті жоспарлау кезеңінде әйелдерді кешенді тексеруден және витаминдік профилактикадан өткізу ісіне бей-жай қарамауы тиіс дейді. Десе де кейбір жағдайларда дәрігер кеңесінен құлақ асып, жатырішілік (феталды) оталар технологиясы арқылы туа біткен ауытқуларды ерте анықтап, түзетуге әрекет етуге әзір болуы тиіс деп сабақтады сөзін Ә.Өтегенова.
Осы орайда біз де аналардың алғысын арқалаған ақ халатты абзал жан Әлия Сағидулатқызының еңбегіне жеміс тіледік!
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ