Кеше базарда тұрсам, қазір міне, кәсіпкер боп мінбеде тұрмын - Ерлан Ордабаев
2026 ж. 24 шілде
78
0
✅ “Ақ жол” партиясын қолдап, нақты ұсыныстар мен сәтті шешімдер әзірлеуге ниеттіміз!
✅ Кәсіпкерді қолдау – Қазақстанның болашағына салынған инвестиция.
Бүгін “Ақ жол” партиясы Алматыда шағын және орта бизнес өкілдерімен форум өткізді.
200-ден аса кәсіпкерлер алдында “Ақ жол” партиясы төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісі VIII шақырылымы вице-спикері, Құрылтай депутаттығына кандидат Дәния Еспаева баяндама жасады.
Құрылтай депутаттығына кандидат, ҚР Парламенті Мәжілісі VIII шақырылымы депутаты Олжас Нұралдынов және бірнеше кәсіпкерлер сөз сөйледі.
Кәсіпкерлер сұрағына “Ақ жол” партиясы төрағасы Дәния Мәдиқызы мен Құрылтай депутаттығына кандидат, ҚР Парламенті Мәжілісі VIII шақырылымы депутаты Азат Перуашев жауап берді.
“Ақ жол” партиясы мен кәсіпкерлердің жақсы байланысы екі жаққа да пайдалы өткен форумда айқын көрінді.
Біз осы форумда сөйлеген KIT қауымдастығы мүшесі, кәсіпкер Ерлан Ордабаевтың сөзін жариялап отырмыз.
“Ақ жол” партиясын қолдап, нақты ұсыныстар мен сәтті шешімдер әзірлеуге ниеттіміз! - Ерлан Ордабаев
- Кеше базарда контейнерде тұрған кәсіпкер едім. Бүгін мемлекет деңгейінде шағын және орта бизнестің мәселелерін көтеріп жүрмін.
Өмірдің өзі маған кәсіпкерліктің барлық кезеңін көрсетті. Кеше ғана базарда контейнерде сауда жасап, әр теңгенің қадірін біліп жүрген едім. Бүгінде мыңдаған кәсіпкермен жұмыс істеп, олардың бизнесін жүйелеуге үлес қосып келемін.
Соңғы 13 айдың ішінде шамамен 3 000 кәсіпкермен жұмыс жүргіздік. Орта есеппен ай сайын 16 оқыту сабағын өткізіп, 274 кәсіпкерге бизнесті қалай жүйелеу, басқару және дамыту керектігін үйреттік.
Олардың ішінде 200-ге жуық кәсіпкер толыққанды білім алып, жүйелі түрде жұмысын қайта құрды. Нәтижесінде, олардың 15%-ы өз кәсіптерінің айналымын 2 еседен 10 есеге дейін өсіре алды. Бұл – дұрыс жүйе мен білімнің нақты нәтижесі.
Сонымен қатар, елді аралап жүріп бір маңызды мәселеге көз жеткіздім. Өкінішке қарай, бүгінде көптеген шағын бизнес жабылып жатыр. Соның салдарынан жұмыс орындары қысқарып, мемлекетке түсетін салық көлемі де азаюда. Бұл – тек кәсіпкердің ғана емес, тұтас ел экономикасының мәселесі.
Мен бұл жағдайды сырттай бақылап отырған жоқпын. Мұны күн сайын кәсіпкерлермен кездесіп, өз көзіммен көріп жүрмін.
Біз парламентте үнемі кәсіпкерлер құқын қорғап, халық мүддесін қолдап келе жатқан “Ақ жол” партиясын қолдаймыз. Сондықтан біз KIT қауымдастығы «Ақ жол» партиясымен күш біріктіріп, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған нақты ұсыныстар мен жүйелі шешімдер әзірлеуге ниеттіміз.
Біздің мақсат – кәсіпкерлердің мәселесін тек айту емес, оны шешуге ықпал ету. Себебі шағын және орта бизнес дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылады, халықтың әл-ауқаты артады, мемлекет экономикасы нығаяды.
Менің сенімім біреу: кәсіпкерді қолдау – Қазақстанның болашағына салынған инвестиция.
Ерлан ОРДАБАЕВ