СӘУЛЕСІН ШАШҚАН СӘУЛЕ ЕДІ
2026 ж. 20 шілде
110
0
Сәуле Райымбекқызы Әбсейітова 1947 жылы 17 казанда Онтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы Мақтаарал ауданының Мақтаарал ауылында, зиялылар отбасында дүниеге келген. Әкесі Әбсейітов Райымбек соғыс ардагері (2-ші топтағы мүгедек), «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, Волгоград қаласының құрметті азаматы. Анасы Алтын Жансейітова – Сайрам ауданының Кұрметті азаматы. Олар 1949-50 жылдары Алматыдағы Жоғары партия мектебінде оқып, білімін жетілдірген. Екеуі де сол кездегі советтік ұстаным бойынша партия қызметкерлері ретінде зейнет жасына жеткенше елге адал қызмет етіп, бес бала тәрбиелеп, бәрін жоғары оқу орнында оқытты.
Сәуле әпкеміздің өзі бір қыз және бір ұл тәрбиелеп, олардың өмір жолын айқындап берді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Артында «әжелеп» екі немере, екі жиені қалды. Қызы Камила Ахмадиева 1970 жылы туған. Дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясы дәлелді медицина бөлімінің басшысы қызметін атқарады. Ұлы Ерлан Ахмадиев 1975 жылы туған. Ол да дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты. Алматыдағы №1 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары болған. Қазір Астана қаласындағы «Медкор» филиалының директоры.
Сәуле Райымбекқызы 1971 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтының емдеу ісі бөлімін бітіріп, еңбек жолын №6 Шымкент қалалық аурухананың емханасында учаскелік терапевт ретінде бастаған. Ал 1980 жылдан Жедел медициналық көмек ауруханасының инфаркт бөлімінде меңгеруші қызметін атқарған. 1987 жылы медицина ғылымдарының ғылыми дәрежесіне ізденуші диссертант болып, ұстазы, Социалистік Еңбек Ері, Медицина ғылымына еңбегі сіңген дәрігер Тұрмахан Орынбаевтың жетекшілігімен медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесіне арналған дисертациясын сәтті қорғайды.
1988-1996 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының емдеу және алдын алу жөніндегі орынбасары болды. 1996-2000 жылдар аралығында Облыстық эндокринологиялык диспансердің бас дәрігері қызметін атқарды. 2000 жылы жергілікті басқару органдарының қолдауымен әрі көп жылдық тәжірибесіне сүйене отырып, өз ұсынысы бойынша Облыстық кардиологиялық орталықтың ашылуына бірден бір себепші болады. 2001 жылы елімізде ең алғаш болып миокард некрозының маркері тропонинді анықтайды. 2003 жылдан бастап инфаркт миокардынан кейін науқастарда инвазивті емес тестілеу жүргізілсе, 2005 жылы церебральды және коронарлық артериялардың ангиографиясын өткізуге кіріседі. 2006 жылы дүние жүзі бойынша 8-ші мемлекет болып жүректің ишемиялық ауруы бар науқастарға екпінді-толқындық терапиямен ем жүргізуді қолға алады. Облыстық кардиологиялық орталық 2007 жылдан жедел коронарлық синдром бойынша Еуропалық регистрге қатыса бастайды.
«2007-2009 жылдары Қазақстан Республикасында халыққа кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамыту бағдарламасының» арқасында кардиология жаңаша даму жолына түседі. 2008 жылы жедел миокард инфаркты бар барлық наукастардың коронарлық артериясына стент орнатыла бастайды. Ал 2009 жылы жүрекке ашық ота жасау қолға алынған.
Сәуле Райымбекқызы 2010 жылы Алматыда кардиология саласы бойынша докторлық диссертациясын да үздік қорғап шығып, медицина ғылымдарының докторы атанды. Ол кісінің 250-ден аса ғылыми еңбегі жарық көрді.
2010 жылдан бастап Астана қаласындағы «Ұлттық Ғылыми Медициналық Орталық» АҚ-да халыққа кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсету бөлімінің басшысы, кейін аға ғылыми қызметкер және сарапшы болды. Сонымен қатар кардиология бойынша резиденттерді дайындауға жетекшілік еткен.
2012 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде кардиология бойынша штаттан тыс бас маман болып тағайындалды. Сөйтіп, еліміздің барлық өңірлерінде жедел коронарлық синдромы бар наукастарға көмек көрсетуді ұйымдастыруға тікелей мұрындық болды. Жедел миокард инфаркты мен жедел коронарлық синдромдағы диагностика және емдеу стратегияларына 2000-нан аса шәкірт оқытып, маман дайындады.
Сәуле Райымбекқызы Жедел көмек бойынша кардиологтар коғамының төрайымы қызметін атқарып, Қазақстан кардиологтары қауымдыстығы президиумының мүшесі, Жедел кардиоваскулярлық көмек бойынша Еуропалық қауымдастығының және Еуропалық кардиологтар коғамының мүшесі, сондай-ақ «Қазақстан клиникалык медицинасы» журналы мен «Қазақстан денсаулығы» газетінің редакциялык алқа мүшесі болды.
Енді бір ұсынысым бар. Белгілі кардиолог, профессор, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Сәуле Райымбекқызы Әбсейітованың отандық медицинаның кардиология саласы, оның ішінде жүрек ауруы мәселесін тұңғыш болып көтерген және бұл істі ең алғаш жүзеге асырған еңбегін бағалап, Шымкент қаласындағы Кардиологиялық «Жүрек» орталығына есімін берсе дұрыс болар еді.
Ол 2000 жылдары не есігі, не тесігі жоқ, сусыз, газсыз қаңыраған ғимаратқа жан бітірген. Бүкіл ұжымымен екі білекті сыбанып, әктеп, сырлап, бары-жоғын жиыстырып, керемет заманауи медициналық орталыққа айналдырды. Бүгінде ол Шымкент қаласының көрікті ғимараттарының біріне айналып, ел игілігіне табысты қызмет жасап тұр!
Осылайша, Сәуле әпкеміз өз атына лайық халыққа нұр сәулесін шаша білді. Ғұмырының ақырына дейін өзінің сүйікті ісі – медицина саласына берік болды.
Рафия Бәкірқызы ДЕРБІСӘЛИЕВА
мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, еңбек ардагері
ЖҮРЕКТЕРГЕ СӘУЛЕ ШАШҚАН СӘУЛЕ ӘПКЕМІЗ ЕДІ...
Өмірден осы жазда қазақтың қайсар қызы, денсаулық саласының қайраткері, медицина ғылымы докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, әрбір дерт шалған жанның жүрегіне сәулесін шашқан алтын қолды шипагер Сәуле Райымбекқызы әпкеміз өтті. Енді міне, қырық күндік асы да келіп қапты.
Сәуле әпкемізді содан бір айдай бұрын белгілі қайраткер ағамыз Ислам Әбіштің 70 жасқа толған тойында көріп едік, сап-сау жүрген секілді еді?!.
Алла алдынан жарылқасын!
Алды пейіш, арты кеніш болғай!
Райымбектей елге тұлға болған ер көкеміздің ерге лайық қызы, ардақты әпкеміз еді… Талай жүректің соғуын ұзартқан үздік кардиологтың өз жүрегінің соғуы да тоқтаған екен, арты қайырлы болсын!
Ажал ешкімге айтып келмейді, сондықтан әр жақта жүрген ағайын жаназада түгел бола алмауы мүмкін. Қарбаласта жүріп, біз де қоштасуда бола алмадық. Елдің түгел басы қосылар кез - қырық күндік асына құранның ішінде болайық деп үміттеніп отырмыз.
Сәуле әпкеміздің өмір жолына қарасақ, 1988-1996 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының емдеу және алдын алу жөніндегі орынбасары болды. 1996-2000 жылдар аралығында облыстық эндокринологиялык диспансердің бас дәрігері қызметін атқарды.
Сәуле Райымбекқызы 2010 жылы Алматыда кардиология саласы бойынша докторлық диссертациясын да үздік қорғап шығып, медицина ғылымдарының докторы атанды. Ол кісінің 250-ден аса ғылыми еңбегі жарық көрді.
2010 жылдан бастап Астана қаласындағы «Ұлттық Ғылыми Медициналық Орталық» АҚ-да халыққа кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсету бөлімінің басшысы, кейін аға ғылыми қызметкер және сарапшы болды. Сонымен қатар кардиология бойынша резиденттерді дайындауға жетекшілік еткен.
2000 жылы облыстық кардиологиялық орталықтың ашылуына бастамашы болып, қазығын қаққан да, шаңырағын көтеріп, еліміздегі алдыңғы қатарлы кардио орталыққа айналдырған да біздің Сәуле Райымбекқызы еді.
Әлемде жүрек-қан тамырлары ауруы ең көп таралған, адам өлімінен бірінші орында екен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын инфаркт пен инсульттен 17,1 млн адам қайтыс болады екен. Ал Қазақстанда 100 мың адамның 306-сының өліміне жүрек қан тамыры аурулары себепкер екен.
Қазақстанда тәжірибеге ене бастағанына көп бола қоймаған, 2005 жылдан бастап жасала бастаған мұндай өте күрделі жүрек операцияларын жасауды қазіргі заманға сай жолға қоюдың басында елімізге есімі кең танымал кардиолог Сәуле Райымбекқызы тұр.
ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері Рафия Бәкірқызы Дербісәлінің белгілі кардиолог, профессор, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Сәуле Райымбекқызы Әбсейітованың отандық медицинаның кардиология саласы, оның ішінде жүрек ауруы мәселесін облыста тұңғыш болып көтерген және бұл істі ең алғаш жүзеге асырған еңбегін бағалап, Шымкент қаласындағы Кардиологиялық «Жүрек» орталығына есімін беру туралы ұсынысына біз де қосыламыз, барлығы да қолдайтынына сенеміз.
Сәуле әпкеміздің артында қалған ұрпақтарына, отбасына, туған-туыстарына ұзақ ғұмыр бергей.
Жатқан жері жәннат болсын!
Иманы саламат болсын!
Қаншама жүректердің соғуына себепкер болған Сәуле Райымбекқызының жарқын бейнесі жүректерде мәңгі сақтала береді.
Қазыбек ИСА, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісі VII, VIII шақырылымдары депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары.
СӘУЛЕ ШАШҚАН ЖАН ЕДІҢ
Сәуле Райымбекқызы Әбсейітованың рухына арнау
Сәуле десе, сәуле шашқан жан едің,
Жасағансың жүректердің сан емін.
Сұсты еді сәлемің мен әлемің,
Жігерсіздеу жігіттердің әні едің.
Өткір едің, өжет едің, өр едің,
Өксікпенен өріледі өлеңім.
Сөзі басқа, ісі басқа қоғамда.
Орындадың сөз бен істің дәлелін.
Жапырақтай жүректерді жылытқан,
Сырқаттарға ататын-ды күліп таң.
Біліміңмен ап шыққанда тұйықтан,
Құты қашып тұратын-ды құныққан.
Жандар болды қанатыңды қырыққан,
Ал сол кезде жүрегіңді кім ұққан?
Жаның сенің жәннат болсын, жан әпке,
Мекеніңде мәңгілікке тыныққан.
Пердеш ЕСЕНБЕК, журналист-ақын,
Шымкент
ХАЛҚЫ ҮШІН ЖАСАҒАН ЕҢБЕГІН ЕЛ ҰМЫТПАЙДЫ
Иә, жалған дүние, Сәуле Райымбекқызы әпкемізді де, қанша жанның өміріне араша түсіп, бар білімі мен қаблетін аямай, қызмет көрсетіп жүрсе де, өзінің жүрегіне шара табылмады! Әпкеміз Ерекше жаратылған жан еді, ол ешуақытта науқастың жағдайына немқұрайлы қарай алмады. Сол ерекшелігінің арқасында, осы қазіргі Шымкенттегі Кардиология Орталығын құрды. Бұдан 25 жылдай уақыт бұрын Кардиология Орталығын құру үшін, қаншалықты Еңбек пен Төзімділік, Ұйымдастырушылық және қанша қаржылық қиыншылықтарды жеңе біліп, жоқ жерден Кардиология Орталығын тұрғызды.
Мен Сәуле Райымбекқызымен 2003 жылы, 30 маусымнан бастап, өте тығыз байланыста араластым. Ол кісінің бойындағы қасиетін, тек адамның жан дүниесіне, оның өміріне, қала берді тағдырына қалай әсер ету керектігін, өзінің білімін, қабілетін және еңбегін аямайтындығын өз көзіммен көрдім! Науқастың жағдайына Әпкеміз, ешуақытта немқұрайды қарай алмайтындығын, Бүкіл Қазақ Елі біледі деп ойлаймын. Ол кісінің науқасты емдеу тәртібінің өзі басқаша және ерекше болатын. Сәуле Райымбекқызы жұмыста медицина қызметкерлеріне өте жоғары талап қою арқылы жемісті нәтижеге қол жеткізіп отыратын. Бір таң қаларлық жағдай, Сәуле әпкеміз темірдей тәртіппен, қатаң түрде жұмыс талап етіп отырса да, барлық қызметкерлері ол кісіні Жанындай жақсы көруші еді. Олар «Сырт көзге қатал көрінгенімен, ішкі жан-дүниесі толған Мейірім» дейтін!
Халқыңыз үшін жасаған Еңбегіңіз Елдің Есінде болады деп ойлаймын! Жаратқан алдыңыздан жарылқасын, Жаныңыз Пейштің Төрінде Шалқысын!
Әділхан Әуелханұлы ЕСҚАРА, эколог, зейнеткер
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫН АЛҒА ЖЫЛЖЫТҚАН ҚАЙРАТКЕР
Сәуле Райымбекқызы жақсы маман болу үшін, мектепті алтын медальмен, институтты қызыл дипломмен бітірді. Дәрігерлік қызметін Шымкент қалалық №6 ауруханада бастаған ол тәжірибесі мол бас дәрігер Тұрмахан Орынбаевтан көп нәрсе үйренді. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, кардиология саласында үлкен жетістіктерге жетті. Ғылым докторы атанды. Экономикамыздың қиын кезеңдерінде Шымкентте кардиологиялық орталық ашты. Тәулік бойы тынымсыз жұмыс істейтін адам жүрегі өте нәзік орган. Талайларды өлімнен құтқарып қалған нәзік жан Сәуле Райымбекқызының өз жүрегі де тоқтады.
Еңбегі еш кеткен жоқ, ізін басып келе жатқан шәкірттері бар. Көптеген мемлекеттік марапаттары бар. Республикада Президенттен бастап, қатардағы жай халыққа дейін аты таныс білікті маман. Қызметінде өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білді. Соның арқасында медицина алға жылжыды. Сәуле Райымбекқызы – осы істі тиянақты атқарған қайраткер.
Ол аққан жұлдыздай болып өтті. Жатқан жері жарық, топырағы торқа, иманы өзіне серік болып, жаны жаннатта болуын Алла нәсіп етсін.
Бауырларының атынан Қамбарбек ӘЖІБЕКҰЛЫ