БАЛА ТІЛІ АНА ТІЛІНДЕ ШЫҚСА – БАЛ
2026 ж. 14 шілде
75
0
2026 жылғы 17 маусымда ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Үкімет жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жөніндегі комиссияның төрағасы Аида Балаеваның басшылығымен өткен осы комиссияның отырысы туралы ресми ақпаратта тілдік дағдыларды қалыптастыруда балабақша мен мектептің шешуші рөл атқаратынын аталып өтіп, мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін заман талабына сай жаңғырту қажеттігіне ерекше назар аударылғаны айтылды. Бірақ онда өзекті мәселе бойынша қандай шешімдер қабылданғаны туралы сөз болмады.
Осы орайда мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру саласында әлі де жүйелі зерделеуді және нақты пәрменді шешімдерді қажет ететін мәселелер бар еді.
Қазір Қазақстан халқының 60 пайыздайы қалада тұрады. Қазақтың алтын бесігі – ауылдар саны әлі де азая беретіндей, яғни тілдік ортаның келешегі қалаларға қарай ауысып барады. Кеше өздері орысша оқыған, шала қазаққа айналудан арылғысы келген тәуелсіз еліміздің жас ата-аналары ізгі оймен балаларын қазақ мектептеріне көптеп беруде. Ниет жақсы, бірақ олар балаларының қазақша сабағын үйде қадағалап, оқыта алмайды. Өйткені қазақшаға шорқақтықтарынан өздері де оқулық тапсырмаларын түсіне бермейді. Бар үміті – мектеп, мұғалім. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жөніндегі мәртебелі комиссияның тілдік дағдыларды қалыптастыруда балабақша мен мектеп шешуші рөл атқарады деп тұжыруы да осыдан.
Оқу бағдарламасы бойынша мемлекеттік орта мектепте бір сыныпта 25 бала оқиды. Ақиқаты сол – әсіресе, қалаларда 1-сыныпта солардың 20-сы қазақша білмейді, сөйлей алмайды, оқығанын түсінбейді. Бастауыш мұғаліміне оқушыларының басым көпшілігі қазақша түсіне бермейтін сыныпта әрі қазақша үйрету, әрі оқу бағдарламасын игерту – қос міндет өзінен өзі жүктелген. Оқытушы сыныптағы ана тіліне шорқақ 20 баланың бәрін бір оқу жылында қазақшаға жетік үйрете алмайтынын тәжірибе көрсетіп отыр.
1-сыныпта әлі қазақша ұғып үлгермеген балаларға 2-сыныпта орыс тілі, 3-сыныпта шет тілі қосылады да, жағдайды түзету тіпті қиындайды. 1-сыныпта ана тіліне енді жаттыға бастаған балалар қайтадан аралас тілдік ортаға түседі.
Оқушы мектептен шыққаннан кейінгі уақытының басым көпшілігінде бірыңғай қазақша тілдік ортада бола бермейді. Балалардың бәрінің қолындағы орысшасы басым телефонды, үйдегі теледидарды, цифрлық кеңістікті қосыңыз. Қала балаларының бәрі бірдей қазақша жалғыз «Балапан» телеарнасын көре қоймайды. Өйткені ол әртүрлі жастағы балалардың жас ерекшеліктеріне бірдей сәйкесе бермейтіндіктен, қызықпайды. Ал орысша мультфильмдер телеарналары бірнешеу, яғни орысша тілдік орта үстем.
Балабақшалардағы, мектептердегі, цифрлық кеңістіктегі және бұқаралық ақпарат құралдарындағы тілдік ортада қазақ тілінің кемшін болуы да балалардың ана тілін жетік меңгеруіне кәдімгідей кедергі келтіріп отырғаны байқалады. Бұған балалардың өздері тіпті сабақтар арасындағы үзілісте, балабақшадан, мектептен шыға сала бір-бірімен, тіпті бірсыпыра ата-ана қазақша оқуға берген балаларымен өздері әлі орысша сөйлесетінін қосайық. Осының бәрі тиісінше білім алу сапасына әсер етері сөзсіз. Осындай себептерден баланың сабақ үлгерімі нашар, түсінбегендіктен оқуға ынтасы кем. Бірақ оқушыға ұрсуға, төмен баға қоюға, оны сол сыныпта қайта қалдыруға болмайды, сыныптан жоғары сыныпқа әйтеуір көшіре береді.
Осыдан барып кейбір ата-ана қазақша оқуды ұға алмаған баласын орыс сыныбына ауыстыруға мәжбүр болған, содан баламның сабақ үлгерімі жақсарып кетті деп мәз жүрген жәйттер де баршылық. Бұл қазақ мектебінің, оқытушының абыройын түсіретін, өкінішке қарай, қалыпты жағдайға айналған ахуал. Бұл жерде мектепті, ұстаздарды кінәлау орынсыз, олардың еңбегі адал. Тіл майданында алғы шепте осындай қиын жағдайды түзеу үшін тер төгіп жүрген бастауыш мұғалімдері қашан да қандай да алғысқа лайық!
Өзіміздей азиялық жапон, корей ұлттары балаларын он жасқа дейін тек өз тілінде тәрбиелеп, оқытып-ақ, артта қалмақ түгілі әлемнің алдына шыққан озық тәжірибесін қазақ зиялылары талайдан айтудай-ақ айтып, бұқаралық ақпарат құралдары жазып келеді. Педагогика және психолингвистика саласындағы көптеген ғылыми-тәжірибелік зерттеу, зерделеу баланың ең алдымен ана тілінде мақсатты сауат ашуы оның ұлттық болмысының ерте бастан бекем қалыптасуына, өзге тілдерді де жақсы меңгеруіне септігін тигізетінін көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекеттік тілдің жетік меңгерілуі тек білім беру сапасының ғана емес, сайып келгенде мемлекетте тіл саясаты тиянақты жүргізілгенінің, балалар құқықтары корғалуының маңызды көрсеткішіне айналатыны сөзсіз.
Балаларымыз жастайынын көп тілді меңгеріп, келешекте бәсекеге қабілетті ұрпақ өссін деген ізгі ниетпен енгізілген, алайда жеткіншек тәрбиесіндегі, мектепке дейін және бастауыш білім алуындағы әлемдік тәжірибе, ғылыми тұжырым ескерілмеген «үш тұғырлы тіл» саясаты, өкінішке қарай, көздеген мақсатқа кереғар нәтиже бергенін өмір дәлелдеп отыр.
Бұл келеңсіз жағдайды түзету тұрғысында шара қабылданды да. Мектепте орыс тілі, шет тілін оқыту бір жылға кейінге жылжытылды. Алайда бұл, шынтуайтында, жартыкеш шешім қоғам бойына дендеп еніп кеткен кесел – ана тілімізден алшақтауды толық еңсере алмағаны бүгінгі күннің ақиқаты.
Жақында Парламентте Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпароваға Астанада қазақша делінген балабақшада қазақша тәрбиеші болмағандықтан немересін үш балабақшаға ауыстыруға мәжбүр болған жағдайды баяндады. Сондай-ақ аяуда әлеуметтік желіде Қостанай облысының Рудный қаласында қазақша балабақшада меңгерушінің екі тілде қазақша-орысша қатар қарым-қатынас жасау қажеттігі туралы өрескел хабарландыруы тарады. Сонда оның аралас балабақшадан не айырмашылығы қалды дейді наразы ата-аналар. Мұндай мысалдарды тізе берсек, жетіп-артылады.
Қолында билігі, сөзі уәлі мәртебелі кісілер қазақша не аралас мектепке бара қалғанда бастауыш сыныптарға міндетті түрде кіріп, кез-келген оқушымен қазақша сөйлесіп көрсе, сөзіміздің асыра айтылып отырмағанына, мүшкіл жағдайға көзі жетер еді. Өкінішке қарай, бұл күллі Қазақстанның, әсіресе, қала мектептеріне ортақ тән жағдай және қауіптілігі де осында.
Қазір кейбір мәртебелі лауазымды адамдардың мемлекеттік тілге шорқақтығы ешкімді таңғалдырмайды, бірақ қынжылтады. Келешекте Ел тағдыры осындай дүбара ұрпақтың қолына өтуі мүмкін екендігі ұлттық қауіпсіздікке, Тәуелсіздігімізге төніп тұрған, қазір көріне қоймайтын қатердің, біз айтып отырған қауіптің нақ өзі емес пе!
Сөздің түйіні, осындай келеңсіз, қатерлі жағдайды түзеу үшін мемлекет тіл саясатында бетбұрысты пәрменді шаралар қабылдауы тиіс. Осы орайда өз тарапымыздан мынадай ойларымызды Үкімет жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жөніндегі комиссияның, қоғамның назарына ұсынамыз:
Мектепте орыс тілін және шет тілдерін 4 не 5-сыныптан бастап оқытуға көшіру. Қазақ тілін жеткілікті меңгермей мектеп табалдырығын аттаған балалар үшін арнайы тілдік бейімдеу бағдарламасын қосымша енгізу.
Бұл аса өзекті қажеттілік. Бұл орыс тіліне және басқа да шет тілдерге қарсылық та, саясат та емес. Балалардың тілі тіпті қазақы отбасының өзінде сәби кезінен-ақ ана тілінде емес, негізінен телефон, теледидар, цифрлық кеңістік арқылы өзге тілдерде шығып жатқандықтан, осы жағымсыз үдеріске тосқауыл қою, ұлт ұрпағын сақтау амалы. Осы теріс үдерістің салдары – қазір қала мектептерінде, айталық, 1-ші он сыныптың жетеуі қазақша, үшеуі орысша болса, сол үш орыс сыныбын құрап отырған оқушылардың 90 пайызы қазақтардың өздері. Мемлекеттік мәртебелі қазақ тілін толық меңгерген, ұлттық болмысты ұрпақ тәрбиелеу – Отанымыздың қауіпсіздігін, Тәуелсіздігімізді бекемдеудің төте амалы. Бұдан басқа жол жоқ! Қауіпсіздік тек әскер күшімен сақталмайтыны – аксиома.
Мемлекеттік балабақшаларды жаппай қазақ тілді бақшаларға біртіндеп айналдыру. Ол үшін биылдан бастап жыл сайын жаңа қабылданатын алғашқы топтарды қазақшаға көшіру жеткілікті, сонда төрт-бес жылда балабақшалар толық қазақшаға айналар еді. Балабақшадан тілі қазақшаға жаттыққан балалар мектепке келгенде өздері де, ата-аналары да қиналмайды. Орыс сыныптарында оқитын балалар қазақ тілін меңгеруді еркін жалғастыра алады.
Балабақшалардың орыс тілді тәрбиешелерін қайта бейімдеу не басқа жерлерге жұмысқа орналастыру мемлекеттің қолында. Сонда ата-аналардың да, тәрбиешілердің де тарапынан шу шыға қоймайды.
Балалар үйлерін толық қазақша ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге, мемлекеттік тілде оқытуға көшіру. Бұл да өте өзекті мәселе. Өйткені ондағы балалардың ата-анасы – мемлекет, ұлты – Қазақ елі, демек тілі де мемлекеттік болуы қисынды.
Балалардың жас ерекшелігін ескерген кемі тағы бір қазақша телеарна ашу. Балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақ тіліндегі заманауи танымдық, ғылыми-көпшілік және ойын-сауық қойылымдарды көбейту, цифрлық тұғырнамаларды дамыту, осындай бағдарламаларға мемлекеттік тапсырысты көбейту.
Бұл ретте меншік нысанына қарамастан Қазақстанның барлық телеарнасында кемі 2 сағат балаларға арналған қазақша хабарлар, көрсетілімдер бағдарламасын ашуды заң жүзінде міндеттеу.
Ұлттық тәрбиеге, құндылықтарға бағыттайтын мультфильмдер жасауға, үздік шетелдік мультфильмдерді қазақшалауға мемлекеттік тапсырысты еселеп арттыру. Жылына отандық және шетелдік кемі 100 мультфильм қазақша шығып отырса, қазақша мультфильмдер қоры молайып, телеарналарда қазақша үлестің мазмұны байи түсер еді.
6. Балалардың сана қауіпсіздігін, психикасы бұзылмауын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік желілерде олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейтін қойылымдарды тұтынуға қатысты халықаралық тәжірибені зерделеп, балалар құқықтарын қорғау қағидатына сәйкес шектеу қоятын тиісті ұсыныстар әзірлеу. Әлем елдерінің, мысалы Аустралия, Индонезия, Малайзия, Қырғызстан, Қытай, Ұлыбритания, Еуроодақ елдері – Германия, Грекия, Дания, Испания, Италия, Франция, АҚШ-тың бірқатар штаты және тағы басқалардың тәжірибесін ескеріп, 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің әлеуметтік желіде Instagram, TikTok, Facebook, YouTube, Reddit және тағы басқа бейәдеп көрініске толы арналарды көру мүмкіндігін заң жүзінде шектеу. Талай жасөспірімнің аталған арналарда көретіні орысша, шетелше және бала психикасын бұзатын қатыгездік, анайылық толы қойылымдар екені баршаға мәлім. Таяуда қоғамды дүр сілкіндірген төтенше оқиға болды – Алматыда 12 жастағы баланы 13 жасар екі бала пышақтап өлтірді. Маңғыстау облысының Қарақия ауданында балабақшада балақай басқа баланы пышақпен жарақаттаған. Өкінішке қарай, мұндай әлімжеттілік қайғылы оқиғалар жасөспірімдер арасында баршылық. Осындайдың бәріне әлеуметтік желіде бейбастақ арналардың ашықтығының да әсері бар екені сөзсіз.
Бұл мәселелер бойынша педагогтардың, балабақша меңгерушілерінің, мектеп директорларының, ғалым педагогтардың, ата-аналардың, қоғам белсенділерінің, басқа да азаматтардың пікірлері зерделенді. Олардың ортақ пікірі – ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиесіз берілген білім түбінде қасиетті Отанымыздың Тәуелсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Осы қалыппен қазақ қоғамы кете берсе келешекте қазақша тек жасанды зиятпен тілдесетін күнге жетуіміз, тіліміз де, діліміз де, түріміз де қазаққа ұқсас қана әлдебір ұлт кейпіне айналуымыз әбден кәдік. Жіберіп алған олқылықтарды түзету амалдарын шұғыл қолға алу – қажеттілік. Мемлекет қазақ тілінде оқыту, ұлттық тәрбие беру сапасын көтеруге аса мән бермесе, оқу бағдарламасын түземесе кеш болады.
Әлемге әйгілі күрескер Мартин Лютер Кинг «Дүниенің бұзылуы адамдардың үндемеуінен» деген екен. Мәселе ұрпағымыздың келешегіне, ұлттық қауіпсіздікке келгенде биліктің бастауы – Халық үнсіз қала алмайды. Миллиондар қолдайтынына сенімдіміз. Ұлтымыздың болашақ тағдыры атүсті қарайтын жәй бір кезекті өткінші мәселе емес! Бұл ұсыныстарымыз қандай да бір тілге, ұлтқа қарсы бағытталмағанын айрықша атап көрсетеміз. Мақсатымыз – Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне мейлінше қолайлы жағдай жасауға, білім сапасын арттыруға және ұлттық құндылықтарға негізделген бірегейлікті нығайтуға, балалар құқықтарының қорғалуына септесу.
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ, Қазақстан мәдениет қайраткері, Қазақ журналистикасының қайраткері