ДОПТЫҢ ЖОЛАҒЫ НЕШЕУ?
2026 ж. 14 шілде
78
0
Журналист Есей Жеңісұлының әуестігі – футбол. Бір қарағанда, ер азамат атаулының көпшілігі құмар бұл ойын түрін хобби ету әрине, аса мақтаныш көрінбеуі де мүмкін... Бiрақ мұның аяқдопқа қызығушылығы мүлде басқаша, ерекше сияқты. Есей футболға жай ғана қызығып қоймай, оны өмiрiнiң мәніне айналдырғандай екен.
– Бала күнiмде, 1990 жылдардың басында Алматының «Қайраты» СССР бiрiншi лигасында ойнады. Станислав Каминский, одан кейiн Борис Стукалов жаттықтырған «Қайрат» онша мандытпады, тiптi 1991 жылы бiрiншi лигадан түсiп қалуға сәл-ақ қалды. Менiң футболға шындап қызыға бастағаным осы кез. «Қайраттың» ойын кестесiн жазып алып, әрбiр кездесудi асыға күтiп, нәтиженi қаз қалпында қағазға түсіріп, допты кімдердің қай минутта соққанын тізіп, өзімше рахатқа бөленіп жүретінмін. Сыныптастарым бұл ермегіме мысқылдай қарады, бәрі уақытша нәрсе деп білді. Күндердің күні «Футбол» апталығындағы хабарландыру арқылы сонау Киевтен Александр Заваров жайлы суретті кітапшаны поштамен алдырған соң ғана олар менің бұл әрекетімді бағалай бастады. Сол Киевке орыс тілінде хат жазу үшін «русовед» апайыма қиыла өтініш жасағанымды да олар көздерімен көрді. Сыныптастарым мен бізден бір сынып төмен оқитын бозбалалардан «Арай» атты команда жасақтадық. Ал күнде кешкілік сиыр өрістен қайтар уақытта біз құрған «Құлағанжар» және «Көлбастау» атты көше командалары жотаның астындағы алаңда өзара «қырқысып» жатушы еді.
Амал не, «Қайрат» сол жылы менің де, басқа да мен сияқты мыңдаған фанат-жанкүйерлердің де сенімін ақтаған жоқ. Жоғары лига арман күйінде қалды, бірінші лигада әупірімдеп тұрақтады. Мен бәрібір футболдан айныған жоқпын. Қайта оған деген құмарым одан әрі күшейе түсті. Спорт тақырыбындағы басылымдарды сөзсіз жаздырып алатын болдым, теледидардағы футбол трансляциялары кезінде мені ешкім ешқайда жұмсамайтын еді. Осы әуестігім 1994 жылы Алматыға талапкер болып келгенімде де, одан кейін студент атанғанымда да қалған жоқ. Жұрт Марадонаға, Ромариоға, Бебетоға, Стоичковқа, Брулинге, Массароға елігіп жатқанда, мен 1994 жылғы әлем біріншілігінің финалында шешуші пенальтиді аспанға тепкен италиялық Роберто Баджоны қадір тұта бастадым. Бұл футболшының неше рет жарақат алса да футболға оралуы, неше рет ешкімге керексіз болған сәтте қайта «тірілуі», «тіріліп» қана қоймай, бұрынғы шеберлік деңгейіне қайта көтерілгені, 1994 жылы шешуші пенальтиді соға алмаса да, 1998 жылғы әлем чемпионатында алдымен – Чилиге, сосын Франция қақпасына пенальти соғудан тартынбауы – өмір жолы жаңа қалыптасып келе жатқан маған үлкен мектеп еді.
1992 жылдан Қазақстан өз біріншіліктерін өткізе бастағанда, маусым алдында командалар құрамындағы футболшылардың аты-жөнін үлкен дәптерге тізіп, олардың барлық көрсеткіштерін жазып жүруді әдетке айналдырдым. Әттең, ол кезде ақпарат құралдары қазіргідей көп болмады ғой, толыққанды мәлімет там-тұм ғана еді. Мен қатты қызығатын – кімнің гол соққаны, қай минутта соққаны, кімнің пенальти тосқаны, кімнің алаңда неше минут ойнағаны, кімнің неше рет сәтті пас бергені – бәрі-бәрі ескерілмей қала беретін. Егер сол кезде-ақ толық ақпарат алған болсам, сондағы тіркеген деректерім қазір пайдаға асары сөзсіз еді. Бұл өкінішімді футболдың есеп-қисабына қатты қызығатын жанкүйерлер түсінсе керек.
ІІІ курста оқып жүргенде Қазақстан чемпионатына арнап үлкен дәптер бастадым. Әр тур сайын нәтижелерді ұқыптап тіркеп, Алматының Орталық стадионында өткен ойындардағы голдардың соғылу барысын сурет қып салып та қоятынмын. Бір күні «Қайрат» пен «Востоктың» кездесуінде трибунада сол кездегі Қазақстан футбол қауымдастығының вице-президенті Михаил Гурманға таяу отырып қалыппын. Гурман мырзаның көзі әлгі гол соғылған сәттегі суретімнің біреуіне түссе керек: «Сіз қай ақпарат құралынансыз?» – деп сұрады. Мен әншейін жанкүйер екенімді айттым. Гурман сенер-сенбесін білмей бас шайқады.
Жатақханада Ерік есімді досым бар, ол да футболға қатты қызығады. Жасы ересектеу болғандықтан, ол көбінесе сонау Мюллер, Блохин заманынан бастап, 1980 жылдың ортасында көзге түскен Беланов, Заваров, Руммениге, Феллер, Гуллит сияқты футболшылар жайлы жақсы білуші еді. Екеуміз күнде кешкісін футбол жайлы әңгіме бастаймыз да, түн ортасы ауа, тіпті таң ата әзер тоқтаймыз. Бөлмелес достарымыз бір күн тыңдады, екі күн тыңдады, үшінші күні жалықты, төртінші күні тіпті жындары келді. Ерік екеуміз бәрібір қояр емеспіз, даурыға сөйлесіп, достарға ұйқы берер болмадық. Аян атты курстасымыз орта жолдан тоқтатып: «Жігіттер, мен екеуіңе футболға қатысты бір сұрақ қояйын. Егер жауап бере алсаңдар, таңға дейін әңгімелессеңдер де еріктерің. Жауап бере алмасаңдар, дереу тоқтайсыңдар, ұйықтаймыз», – деп шарт қойды. Біз бірден келістік. Аянның футболға мүлде қызықпайтынын біліп, «қандай сұрақ қойса да жауап беруге дайынбыз» деп жатырмыз. «Кәдімгі теңбіл допты білесіңдер ғой?» деді Аян. Біз бас изедік. «Білсеңдер, соның ақ жолағы нешеу, қара жолағы нешеу?!» деді ол. Дағдарып қалыппыз. Шынында да білмейді екенбіз. Амалсыз ұйқыға бас қойдық...
***
Кейін отау құруды кешіктіріп, біраз жүріп қалғанында достарының жарлары: «Е-е, Есейдің бәйбішесі футбол ғой!», – деп қалжыңдайды екен.
Оқу бітірген соң «Жас Алаш» газетіне жұмысқа тұрып, өзінің жанына жақын футбол жайында, спорт тақырыбында жаза бастапты. Футболға сырттай қызығып қана қоймай, оқырманды да тарту үшін аяқдоп өнерін өте терең білу қажеттігі түсінікті, әрине. Сөйтіп футбол бұған бұрынғысынан да жақындай түседі. Тіпті, оның күнделікті өміріне әбден орнығып алғаны соншалықты, футболды түсінбейтін, түсінгісі де келмейтін адамдарға бір түрлі аяй қарайтын күйге ұшырайды. Өзі білетін адамдардың ішінен футболды жақсы көретін әлдекім о дүниелік болса, оның қаншама тамаша матчтарды көре алмай кеткенін ойлап та қамығатын көрінеді бұл әріптесіміз...
Футбол, оның тарихына қанығу, бүгінгісін салмақтау, есеп-қисабына үңілу Есейді көп өсіреді. Оның арынды ғана емес, ақылды көбірек қажет ететін бекзат ойын екенін жіті түйсіне бастайды. Расында да, футбол – дәл қазіргі уақытта ұлттың әлеуетін танытатын, нағыз намысты сынға салатын ғажайып өнер емес пе!
Қазақстан Сербияны 2:1 есебімен ұтқан күні, яғни сонау жылы наурыздың 24-і күні мұнан бақытты жан болды ма екен бұл әлемде?!
Бірақ спорт журналисі бола тұрып, 2006 жылға дейін не құрлықтық, не әлемдік додаларға барудың сәті түсе қоймапты. 2002 жылы Корея мен Жапонияда өткен әлем чемпионатына журналист ретінде тіркеліп тұрып, Токиоға ұшуға екі-ақ күн қалғанда демеушілерінің бас тартуы салдарынан елде қалғанында қалай өкінгені бір өзіне ғана аян... Тағы біраз жылдар аралатып «Кока-Кола» компаниясының қолдауымен әлем чемпионатының ширек финалындағы Италия – Украина матчын Германияның Гамбург қаласына барып тамашалапты. Өзі тілеулес болып жүрген Италия құрамасы сол сапарынан кейін әлем чемпионы атанды, оны жақсы ырымға балайды.
Өз айтуынша, қазір келіншегі де жолдасының футболға соншалықты ықыласына бой үйрете бастаған. Бұл, мәселен, Алматының Орталық стадионында Қазақстан құрамасының әлде Португалияға, әлде Данияға, әлде Сербияға қарсы ойынын тамашалауға кетсе, әйелі сол матчты таспаға жазып қояды. Ері үйге оралғасын міндетті түрде қайталап көреді ғой, өйткені...
«БИЛЬЯРД – БІЗДІҢ ОЙЫН!»
Нағыз ақсүйектер ойыны деп есептелетін бильярд ойыны кейінгі жылдары біздің елімізде де кең қанат жайды. Бір ғажабы, жер-жерде осынау ойын түрін иеленушілер де көбейгендей. Бильярдтың Отаны есептелетін бірқатар Батыс Еуропа елдерін былай қойып, көршілес орыс ағайындар да мұны Ұлы Петр мен Фрейберг іргетасын қалаған төл ұлттық ойынымыз деп өздеріне телігісі келеді. Ал біздің бильярдқа жармасқымыз жоқ. Бірақ кезінде түрлі поло ойындарының ежелгі қыпшақтардан қалғаны дәлелдегеніндей, мұның да бізден шықпағанына кім кепіл? Тіпті, «Тастаяқтай қағыстырған» деген сөзіміздің өзі көп жәйтті аңғартпай ма? Әйтеуір, кейінде осы ойынға құмартушылар қатары да бірден артты. Әсіресе бильярдқа қаламгерлер қауымы әуес. Неге?
Журналист Тұрмағамбет Кенжебай:
– Біздің тарихымызда, ұлттық өнеріміздің ішінде тастаяқ ойыны бұрын болды ма, жоқ па деген әңгіме үлкен бір зерттеуді, арнайы айналысуды қажет ететін шығар. Дәл қазір о жөнінде бильярд бізде де болған, оған ерекше құмарлығымыз, бәлкім, содан да шығар деуден аулақпын. Өзімізге-өзіміз: «Осы спортты қалай көркейтеміз?» деп қайта-қайта сұрақ қоямыз Оны үлкен мәселенің бірі етіп көтереміз. Мысалы, қазақта спорт жоқ емес, бар. Ал оның көсегесінің көгеруі халықтың жанына, табиғатына жақындығынан болса керек. Айталық бокс, күрес.... жалпы, жекпе-жек түрлері. Қаншама чемпиондарымыз шықты. Әлі де шығады. Себеп – бабаларымыз батыр еді. Сонымен бірге ғажайып найзагер, өте мерген халық едік. Мергендік ұлттық өнер дәрежесіне дейін көтерілген. Мұны айтатыным, тегінде, бильярд та бізге бөтен емес. Демек, келешекте бильярдтан да танылуымыз әбден мүмкін. Қазірдің өзінде қазақ жастары арасында талай әлем чемпиондары бар. Көбін танымаймыз. Бұл ойынды кезінде Ғабең, Баукең, кеше ғана дүниеден озған Сәкен серілер де бекер сүймеген болар. Бүгінде бильярд жалпы бұқаралық ойынның түріне айналып бара жатыр. Себебі, «Геометрияға да шабыт керек» дейтін әңгіме бар ғой. (Мұны Пушкин айтыпты). Бұл ойыннан, шынында да, бір поэзияға жақындықты, өнерге жуықтықты ұғатындаймын өз басым. Бильярд адамнан сезімталдықты, дәлдікті , шеберлікті қажет етеді. Әрине, шеберлік деген тәжірибемен келетін дүние.
Өзім алғаш рет елде, мектепте оқып жүрген кезде үйрендім. Ауыл клубында жалғыз бильярд үстелі болды. Қазіргідей үлкен тақта емес, кеңестік кездегі кішкене ғана бильярд еді. Әкем жақсы ойнайтын бильярдты.
Сосын, өзі, қазақ деген халық, әлгінде айтқанымдай, мергендікке, садақ тартуға бейім ғой. Тағы ойлаймын, өнер төңірегінде жүрген адамдардың көбінің бірден осы өнерді қабылдап, бірден құмартуы халықтың сал-серілікке бейімдігінен бе деп. Бұл және адамдардың бір-біріне етене араласуына көп жәрдемін тигізетін ойынның түрі. Бір қызығы, көңіл күйіңіз болмаса, шабытыңыз келмесе, бильярдты дұрыс ойнай да алмайсыз. Қолым жүрмеді, ойын болмады деп жатамыз кейде. Ал енді көңіл көтеріңкі болып, серпіле, қанаттана ойнасаңыз, жақсы бір өлең жазғаннан кем олжалы болмайсыз. Өзім осы тастаяқтың арқасында талай азаматтармен танысып, жолдас болдым. Әр түрлі себептермен ортадан, өнер адамдарынан, әріптестерімнен ажырап қалған кездер болды. Бәрімен қайта табыстырған да осы бильярд болатын.
Журналист Әлібек Шегебай:
– Жастау кезде мән бере бермеппіз, бильярд Жазушылар одағында бәленбай жылдан бері бар ғой. Өзім кийді алғаш Астанаға «Шабыт» фестиваліне барғанда ұстадым. Бақыт Беделхан, Жанарбек Әшімжан, Әмірхан Балқыбек... Көбіміз бармыз... Келе-келе бильярд ойнамасақ тұра алмайтын жағдайға жеттік. Әрине, ә дегенде ойынның қыр-сырын, мәдениетін, әдемі бір қырларын дереу қабылдап үлгерген жоқпыз, бірақ, осыған құмарланып қайттық. Қазір әлгі жігіттердің бәрі дерлік мықты ойыншы болып шықты. Жанарбектің өзі, білесіз, кейін талай сайыстарда жүлделі орындарға ие болды. Жастар дәл осы ойынға неге құмар дегенге келсек, меніңше, бұл ойынның да тартып тұратын өзіндік бір құпиясы бар. Кім біледі енді оның қандай бір сиқыры бар екенін! Әйтеуір, адамды демалдыруға, сергітуге зор әсері бар ойын.
Мұның пайдасы туралы Ғабең айтты деген сөздерді естиміз. Бірақ дәл со кісілердей сезініп ойнаймын деп айта алмаймын өзімді. Қазір екі адам ойнап жатсақ мақсат – бір-бірімізді жеңу болып тұрады. Бұл да дұрыс емес шығар. Мен соны енді –енді ғана түсініп келе жатқан сияқтымын. Бильярд дүние табудың көзі, болмаса қарсыласыңды жеңу арқылы ләззат алатын нәрсе емес сияқты. Бұл айналып кегенде шығармашылығыңа да, күнделікті тірлігіңе де ерекше бір жылылық сыйлайтын тамаша дүние шығар деп ойлаймын. Кәсіби тұрғыда ойыншылар бар ғой. Олардың мақсаты басқа шығар, шығармашылық адамы үшін ана талаппен баруға болмайтын секілді меніңше.
Қазір бильярдты, тіпті, мектеп оқушыларының да ойнап жатқанын көреміз. Бұл не сиқыр? Соны білмеймін. Кейінде бильярд клубтарының сұмдық көптеп ашылуының түбінде бірдеңе бар. Мен, мәселен, отыз жасыма дейін бильярд көрмеген адаммын. Айдалалдағы ауылда өстім. Кейінгі жігіттердің де бәрі солай. Маралтайлар, Әмірхандар да... Оларды спорттың басқа түріне шақыру мүмкін емес енді. Соған қарағанда, бильярд қанымызда бар ма деген ой келеді. Тастаяқтың бір сиқыры сонда жатқан сияқты.
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Қазақ үні