ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ - ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАУ

ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ - ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАУ

Бүгін Астанада "Ақ жол" демократиялық партиясының сайлауалды Съезі өтті. Съезге партия төрағасы Дания Еспаева, маслихат депутаттары, өңірлерден келген делегаттар қатысты. Жиын барысында партия алдағы Құрылтай депутаттығына кандидаттардың тізімі мен партия бағдарламасын бекітті. 

"Қазақ үні" ақпарат агенттігі "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның сөйлеген сөзін ұсынады.

***

1."Ақ жол" демократиялық партиясы 2002 жылы құрылған кезден бастап, Ұлттық мүддені қорғап, Ұлттық саясатты ұстанып келеді.

Партиялық та, парламенттік те тарихы бай, аты брендке айналған “Ақ жол” партиясына келесі жылы 25 жыл - ширек ғасыр толады құдай қаласа.  

"Ақ жол" партиясы елімізде тұңғыш рет 2007 жылы Ұлттық саясат концепциясын қабылдап, ұлттық мүддені қорғап келе жатқан партия!

Осы мақсаттарды іске асыруда нақты жұмыс істеп келе жатқан партия.

Ұлт мүддесі қорғалмай, мемлекет іргесі бекімейді. 

2.Еліміздің Егемендік Декларациясын жариялаған 1990 жылғы 25 қазан күнін қайтарып, Республика күні - Ұлттық мереке ретінде жариялап, Егемендік Декларациясын қайта жаңғыртқан Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев!  

Ендеше, осыдан 18 жыл бұрын 2008 жылы «МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”» деген қағидасы үшін еліміздің экс-президенті жойып жіберген, Тәуелсіздік алуға жасалған алғашқы құқықтық құжат, Азаттық Актысы - Егемендік Декларациясықайта қалпына келуі зор жетістік, халайық! 

Енді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қайта қалпына келтіріп, заңды құжатқа ие болған Егемендік Декларациясындағы «МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”» деген ел үшін қазір ең маңызды ұлттық қағидаға баса назар аударып, Халық арманын іске асыратынына сенеміз. Әділетті Қазақстанның басты талабы осы болса керек. 

3.Әлемдегі жер көлемі жағынан ең үлкен, қуаты жағынан ең күшті және ең ұзақ жасаған алып империя Алтын Орданың нағыз мұрагері – Ақ Ордалы Қазақ Елі!

Бұл туралы 19 мамырда Алтын Ордаға арналған ірі халықаралық симпозиумда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз - Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз!» деп мәлімдеді. 

2019 жылы Ұлттық Кеңестің бірінші отырысында және 2024 жылы Мәжілістің жалпы отырысында Жошы ұлысының 800 жылдығын атап өту - Алтын Орда атын асқақтатудың рухани маңызы туралы мәселе көтеріп, «АЛТЫН ОРДА МҰРАГЕРІ - АҚОРДАЛЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ!“ атты «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын жарияладық.

2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау ұсынысын да “Ақ жол” партиясы болатын.

Яғни, “Ақ жол” партиясы Ұлттық мүддені қорғауды іс жүзінде көрсетіп келеді. 

4.«Ақ жол» демократиялық партиясы саяси бағдарламасында «Демократия және парламентаризм» атты арнайы тарау бар. Қазіргі барлық олқылықтарды жоятын бірден-бір құрал – «Күшті Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет», яғни мемлекеттік органдарды Президенткебағындыру және өкілетті органдардың, яғни Құрылтайдың алдында есеп беруі.

Сонымен қатар, «Ақ жол» демократиялық партиясы Үкіметтің құрамындапарламенттік партиялар болуы керек деп санайды. Дамыған елдер демократиясындағы тәжірибе осындай. Сонда ғана, бір партияның сенімі емес, Ұлттық Сенімге ие Үкімет бола алады. 

● Парламенттің бақылау функцияларын кеңейтіп, парламенттік тергеулерді жүргізу құқықтарын беру қажет. 

● Демократиялық елдерде бюджеттік бақылауды парламенттік оппозиция өкілдері басқарады. Ол өте дұрыс – сайлауда жеңіске жеткен партия бюджетті бөледі, іске асырады, бірақ, қарсыластары қадағалап отырады. 

2023 жылы “Ақ жол” Демократиялық партиясы “Парламенттік тергеу туралы” заң жобасын әзірлеп, Үкіметке сараптамаға жіберді, бірақ өкінішке орай, өтпеді.

Азаматтық алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыруды елімізде тұңғыш рет “Ақ жол” партиясы талай рет көтеріп, ақыры 2024 жылы заңға енгіздік. Төрімізде отырған Азат Перуашев екі рет, мен екі рет депутаттық сауал жасап, ақыры заңға осы бапты өз қолыммен енгіздім.

Бұл заң бойынша Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру этникалық қазақтарға қолданылмайды. Бұл заңды Парламент қабылдап, Президент қол қойды! Үкімет бүйректен сирақ шығара бермей, осы заңды басшылыққа алуы тиіс! 

Биыл Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісіне 40 жыл толады.

Біздің Ұлттық тарихымызда әлемге әйгілі Желтоқсан көтерілісінің орны ерекше. Жетпіс жылдық тас бұғау да жігерін жасыта алмаған, ұлттық намысын тұншықтыра алмаған Қазақ жастары алаңға шыққан күн - Тәуелсіз ел үшін ең қастерлі күндердің бірі болуы тиіс.  

Тәуелсіздікті алу қандай қиын болса, сақтап қалу одан да қиын. Ал қай ел болса да, Тәуелсіздіктен артық ешнәрсе жоқ! 

Тәуелсіз Елдің тағдыры Сіз бен біздің қолымызда! 

Ата-бабамыз сан ғасыр армандап, қаны мен жанын берген барымыз да, бағымыз Тәуелсіздігіміздің Көк туы көкте мәңгі желбірей берсін!

Алла жар болсын! Ақ жол! 

ХАЛЫҚТЫ ЕШКІМ АЛДАЙ АЛМАЙДЫ! - Қазыбек Иса

“Ақ жол” партиясы съезіндегі баяндамасына қосымша сөз

“Ақ жолдың” қос қанаты бар. Ширек ғасырдай ХАЛЫҚТЫ, КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОРҒАП, ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫН  ҚОЛДАП КЕЛЕ ЖАТҚАН

ЖАЛҒЫЗ «АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫ.

“Ақ жол” партиясының құрылған кезінен қазығын қағысқан алғашқы мүшелерінің бірі ретінде айқын айта аламын - қазір  “Ақ жолмен” салыстыра алатын партиялық тарихы да,  парламенттік тарихы бар партия жоқ!

Айтыңыздаршы, “Ақ жолдан” басқа 5 рет парламентте болған, 4 рет парламентте белсенді фракция құрып, мүшелері комитет басқарып, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасарына дейін көтерілген, 2 рет президент сайлауына қатысқан қандай партия бар? Жоқ!!!

Ендеше, Құрылтай сайлауына құрыштай берік қалпымызбен кірісуге дайынбыз!

Елімізде тұңғыш рет 2007 жылы Ұлттық саясат концепциясын қабылдаған, парламентте Кәсіпкерлік кодексті қабылдауға бастамашы болып, ұлттық мүддені қорғап келе жатқан, аты брендке айналған “Ақ жол” партиясына келесі жылы 25 жыл - ширек ғасыр толады құдай қаласа. 

1.Бірақ, кәсіпкерлердің сөзін сөйлейміз деп парламентке кеше келген кейбір партиялар өзгелерге тасада тұрып, тас ата бастапты. Олар «халық не айтсақ та, сене береді, парламентте кәсіпкерлер мүддесін қорғауда біздің қарсы дауыс бергенімізді  ешкім білмейді» деп ойлайтын болуы керек. Сондықтан да «Біз кәсіпкерлер құқын корғадық» деп, әлеуметтік желілерде желдей есіп, елді алдап жүр. Желіде ғана желпініп, виртуальды өмір сүріп жатқандар шын өмірде не болып жатқанын білмейтін сияқты… 

2.Енді міне, сайлау басталғанда ғана, халықпен  кездесер кезеңді ойлаған ондай  партияның ақ түс көрсе, ақылынан адасып, қаралауға дайын  мүшелері: “Біз де   кәсіпкерлер мүддесін қорғадық” деп, беттері бүлк етпей халықты алдап, ал шын қорғаған партияға тас атып  тұрғандарын  көргенде, «бұлар бұлай сөзі басқа, ісі басқа болудың оқуын қай жерде оқыған» деп таңғаласың…. 

3. ”Ақ жолдың” істегенінің 100-ден бірін де істеп көрмеген бұлардың әйгілі мысалдағы пілге үрген кәндендей күлкілі де, аянышты  тірліктеріне қарасаң, қазақтың өткір сатиралық мысалы  еске түседі.  

Қос қанатын жайған алып қыран бүркіт қиядан құйылып келіп, түлкіні алғанда,  жартастың жанында тығылып жатқан қара қарға жанына  жалп етіп қона кетіп, бүркітке: “Әй, әйтеуір сіз боп, біз боп, алдық-ау түлкіні” деген екен. 

Бүркіт пен қарға туралы тәмсіл көп.

Бүркіттің арқасына мініп алған қарға бүркіттен де биікке өзім шықтым деп қарқылдайтын көрінеді...

Бұны білген бүркіт қарғаның сазайын беру үшін қатты биікке көтеріліп кеткенде, биікте болуға жаралмаған қарғаға ауа жетпей, құлап түседі екен…

“Ақ жолдың” бар еңбегін пайдаланып жүрген кейбір партиялардың тірлігі осы қара қарғадан да асып кетті...

Ел бірақ кімнің кім екенін, кімнің еңбегі қандай екенін жақсы біледі!

Сөз бен істің бірлігін көрсетіп, халықтың мүддесін қорғап, қос қанатымен биікте самғап келе жатқан “Ақ жолға” әрқашан Ақ жол тілейміз!

Алдағы аламанда “Ақ жолдың” ақбоз тұлпары алда келе бергей!

Алла жар болсын!

Ақ жол!

Қазыбек ИСА, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісі VII, VIII шақырылымдар депутаты