Сұлтанәлі Балғабаев: ҚАНДАСТАРҒА ЖАНАШЫР ҚАЗЫБЕКТІҢ ҚАТАРЫ КӨБЕЙСЕ ИГІ

Сұлтанәлі Балғабаев: ҚАНДАСТАРҒА ЖАНАШЫР ҚАЗЫБЕКТІҢ ҚАТАРЫ КӨБЕЙСЕ ИГІ

2026 жылғы 23 мамырда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Қандастарға қамқорлық» тақырыбында келелі кеңес өтті. Қандастардың азаматтық алу, құжат рәсімдеу және әлеуметтік бейімделу мәселелерін талқылауға арналған жиынға ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, ақын Қазыбек Иса және мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, еліміздің әр өңірінен келген қандастар қауымы, жүзден аса адам қатысты. Басқосу тарихи Отанына оралған азаматтардың мәселелерін ашық көтерген маңызды қоғамдық алаңға айналды.

Аталмыш жиынға Астанадан арнайы келіп қатысып, қандастардың арыз-шағымын тыңдаған, парламентте көші-қон мәселесін жүйелі көтеріп келе жатқан Мәжіліс депутаты, ақын, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса сөзінің толық жазбаша нұсқасын бұған дейін порталымызда жарияладық.

Бүгін осы мәселе жөнінде жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаевтың пікірін оқырман қауымға ұсынамыз.

ҚАНДАСТАРҒА ЖАНАШЫР ҚАЗЫБЕКТІҢ ҚАТАРЫ КӨБЕЙСЕ ИГІ

Осыдан біраз бұрын «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру» туралы пилоттық жоба қабылданған еді. Біздің білуімізше бұл жобаны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Жасанды интеллект, Сыртқы істер министрліктері үшеуі бірлесіп дайындаған. Қазір бұл пилоттық жоба үлкен шу тудыруда. Депутат Қазыбек Исаның Мәжілісте көтерген мәселесіне қарағанда пилоттық жоба бойынша қандастардан қазақ тілінен емтихан тапсыру талап етіледі. Ал «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңда «Мемлекеттік тілден емтихан алу этникалық қазақтарға қолданылмайды» деп атап көрсетілген. Мен бұл хабарды естігенде сенер-сенбесімді білмедім. Өйткені, пилоттық жоба Парламент қолдап, Президент бекіткен заңды оп-оңай жоққа шығарған. Яғни жобаны дайындап, қолданысқа енгізген шенеуніктер Президент бекіткен заңды аттап өтіп, ойларына келгендерін істеген. Мұндай заң бұзушылықтың астарында не жатыр? Бұған жауап бірнешеу:

 Мүмкін бұл жобаны дайындағандар шетінен сауатсыз шығар? 

Әлде олар қабылданған кез-келген заңды аяқ асты етуге үйренген бе?

Бәлкім олар қандастар келе берсе Қазақстандағы қазақтар көбейіп, қазақ тілі тым күшейіп кетеді де қорқады ма екен?

 Алдағы уақытта бұл мәселе анықталатын шығар. Ал менің бұл мәселеге араласып отыруымның өзіндік себебі бар. Мен сонау1991 жылы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізу жөнінде мәселе көтеріліп, Жазушылар Одағының жанынан ұйымдастыру комитеті құрылғанда жауапты хатшы болып едім. 1992 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылғаннан бастап 2017 жылға дейін тура 25 жыл осы ұйымда Төрағаның орынбасары қызметін атқардым. Осы ұзақ жылдарда сырт жерлердегі қазақтармен байланыс жасау мен оларды атажұртқа көшіріп әкелудің бел ортасында жүрдім. 2000 жылдардың ортасына дейін бұл жұмыс оның ішінде әсіресе оралмандар, қазірше айтқанда, қандастар көші барынша қызу жүрді. Көш 1991 жылы Моңғолиядан басталды. Баян-өлгий мен Өскеменнің екі арасында қандас оралмандарға арналған ұшақтар мен автобустар, олардың дүние мүлкін тиеген жүк көліктері ағылып жатты. 1992 жылдан бастап Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстаннан да көшіп келушілер көбейді. 1993 жылдың қараша айында Тәжікстаннан бір пойыз қазақ Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарына әкелінді. Екі пойыз Ирандағы қазақтарға аттанып, Түркіменстан-Иран шекарасынан бір жарым мың адамды атажұртқа жеткізді. Пойызға сыймаған ирандық ағайындар арнайы кемемен Каспий теңізі арқылы Ақтауға бет алды. Бұдан кейін Сауд Арабиясы, Ауғанстан және Түркия қазақтарына арнайы ұшақтар жіберілді. 

Көшті ұйымдастырудың ең ауыр салмағы Еңбек министрлігінің Ғазиз Есмұқанов бастаған Көші-қон департаментіне түсті. Арнайы құрылған штаб көштің барысын күні-түні бақылап отырды. ҚР Ішкі істер министрлігі Паспорт және виза жұмыстары Бас басқармасының бастығы Өмірбай Мұсаев та бұл игілікті іске айрықша жанашырлық танытты.

Қалдарбек Найманбаев бастаған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметкерлері де бұл қызу істің бел ортасында жүрді. 

Осындай жан-жақты жұмыстардың нәтижесінде шетел қазақтары Қазақстанға ағылып келіп, жыл сайынғы көші-қон квотасы алғашқы кезде 20 мың отбасына яғни 100 мың адамға дейін жетті. Кейін бұл көрсеткіш 30-40 мың адам төңірегінде болды. Және бұл ағайындар ешқандай қиындық көрмей, әуре-сарсаңға түспей, бірден азаматтық алып, тып-тыныш орналасып жатты.Қазіргідей сотталмағандығы, бұрғыңғы тұрған елінің азаматтығынан шыққандығы сияқты толып жатқан анықтамалар талап етіп, әуре-сарсаңға салу ол кезде мүлдем болған жоқ. 

Осындай қамқорлықтың нәтижесінде атажұртқа бір жарым миллиондай қандастарымыз оралып, Қазақстан халқының бүгінгідей 21 миллионға жақындауына үлкен ықпал етті. 

Өкінішке қарай, 2010 жылдардан бастап қандастар көші азая бастады.

Қазір қандастар көшіне бөлінетін квота жылына екі-үш мың адам төңірегінде ғана. Енді қандастар атажұртқа өз күштерімен оралуда. Бірақ оларды құшақ жайып қарсы алудың орынына нешетүрлі сергелдеңге душар етеміз. 

Соңғы бесінші Құрылтайда Қауымдас­тықтың жанынан қандастар көшін ұйым­дастыруға тікелей атсалысатын «Отандастар» дейтін қор құру туралы шешім қабылданған. Соған орай, бұл Қор құрылып, мемлекеттен мол қаржы бөлінді, Бірақ «Отандастар қоры» бүгінге дейін қандай шаруа тындырды, қызметкерлері жалақыны не үшін алады, мемлекеттен бөлінген мол қаржы қайда жұмсалуда - оның бәрі белгісіз. 

Соңғы Құрылтайдан кейін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кеңсесі Астанаға қоныс аударған. Содан бергі уақытта Қауымдастықтың көші-қонға қатысты жұмыстары онша байқалмайды. Қауымдастық қоғамдық ұйым, оның кезекті құрылтайын өткізетін уақыт әлдеқашан болған. Соған орай, жақын уақытта осындай үлкен жиын өтіп, Қауымдастыққа қатысты біраз мәселе сол жиында анықталатын шығар.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары қандастар көшін көбейтуді бірнеше рет күн тәртібіне қойды. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы нақты жүзеге асады деп сенеміз.   

Қазіргі кезде қандастар көшіне жанашырлардың арасында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса ерекше көзге түсіп жүр. Алдағы Құрылтай сайлауынан кейін алыс-жақындағы ағайындардың атажұртқа оралуына шынайы жанашыр болатын депуттар барынша көбейеді деп үміттенеміз.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері