БІЗГЕ ҚАЗАҚ КЕРЕК ДЕСЕК, ОЛАРҒА ЕСІГІМІЗ АШЫҚ ТҰРСЫН
2026 ж. 10 маусым
335
0
2026 жылғы 23 мамырда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Қандастарға қамқорлық» тақырыбында келелі кеңес өтті. Қандастардың азаматтық алу, құжат рәсімдеу және әлеуметтік бейімделу мәселелерін талқылауға арналған жиынға ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, ақын Қазыбек Иса және мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, еліміздің әр өңірінен келген қандастар қауымы, жүзден аса адам қатысты. Басқосу тарихи Отанына оралған азаматтардың мәселелерін ашық көтерген маңызды қоғамдық алаңға айналды.
Аталмыш жиынға Астанадан арнайы келіп қатысып, қандастардың арыз-шағымын тыңдаған, парламентте көші-қон мәселесін жүйелі көтеріп келе жатқан Мәжіліс депутаты, ақын, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса сөзінің толық жазбаша нұсқасын бұған дейін порталымызда жарияладық.
Бүгін осы мәселе жөнінде белгілі ұлт зиялыларының пікірін оқырман қауымға ұсынамыз.

ҚАНДАСТАРҒА ЖАНАШЫР ҚАЗЫБЕКТІҢ ҚАТАРЫ КӨБЕЙСЕ ИГІ
Осыдан біраз бұрын «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру» туралы пилоттық жоба қабылданған еді. Біздің білуімізше бұл жобаны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Жасанды интеллект, Сыртқы істер министрліктері үшеуі бірлесіп дайындаған. Қазір бұл пилоттық жоба үлкен шу тудыруда. Депутат Қазыбек Исаның Мәжілісте көтерген мәселесіне қарағанда пилоттық жоба бойынша қандастардан қазақ тілінен емтихан тапсыру талап етіледі. Ал «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңда «Мемлекеттік тілден емтихан алу этникалық қазақтарға қолданылмайды» деп атап көрсетілген. Мен бұл хабарды естігенде сенер-сенбесімді білмедім. Өйткені, пилоттық жоба Парламент қолдап, Президент бекіткен заңды оп-оңай жоққа шығарған. Яғни жобаны дайындап, қолданысқа енгізген шенеуніктер Президент бекіткен заңды аттап өтіп, ойларына келгендерін істеген. Мұндай заң бұзушылықтың астарында не жатыр? Бұған жауап бірнешеу:
Мүмкін бұл жобаны дайындағандар шетінен сауатсыз шығар?
Әлде олар қабылданған кез-келген заңды аяқ асты етуге үйренген бе?
Бәлкім олар қандастар келе берсе Қазақстандағы қазақтар көбейіп, қазақ тілі тым күшейіп кетеді де қорқады ма екен?
Алдағы уақытта бұл мәселе анықталатын шығар. Ал менің бұл мәселеге араласып отыруымның өзіндік себебі бар. Мен сонау1991 жылы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізу жөнінде мәселе көтеріліп, Жазушылар Одағының жанынан ұйымдастыру комитеті құрылғанда жауапты хатшы болып едім. 1992 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылғаннан бастап 2017 жылға дейін тура 25 жыл осы ұйымда Төрағаның орынбасары қызметін атқардым. Осы ұзақ жылдарда сырт жерлердегі қазақтармен байланыс жасау мен оларды атажұртқа көшіріп әкелудің бел ортасында жүрдім. 2000 жылдардың ортасына дейін бұл жұмыс оның ішінде әсіресе оралмандар, қазірше айтқанда, қандастар көші барынша қызу жүрді. Көш 1991 жылы Моңғолиядан басталды. Баян-өлгий мен Өскеменнің екі арасында қандас оралмандарға арналған ұшақтар мен автобустар, олардың дүние мүлкін тиеген жүк көліктері ағылып жатты. 1992 жылдан бастап Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстаннан да көшіп келушілер көбейді. 1993 жылдың қараша айында Тәжікстаннан бір пойыз қазақ Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарына әкелінді. Екі пойыз Ирандағы қазақтарға аттанып, Түркіменстан-Иран шекарасынан бір жарым мың адамды атажұртқа жеткізді. Пойызға сыймаған ирандық ағайындар арнайы кемемен Каспий теңізі арқылы Ақтауға бет алды. Бұдан кейін Сауд Арабиясы, Ауғанстан және Түркия қазақтарына арнайы ұшақтар жіберілді.
Көшті ұйымдастырудың ең ауыр салмағы Еңбек министрлігінің Ғазиз Есмұқанов бастаған Көші-қон департаментіне түсті. Арнайы құрылған штаб көштің барысын күні-түні бақылап отырды. ҚР Ішкі істер министрлігі Паспорт және виза жұмыстары Бас басқармасының бастығы Өмірбай Мұсаев та бұл игілікті іске айрықша жанашырлық танытты.
Қалдарбек Найманбаев бастаған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметкерлері де бұл қызу істің бел ортасында жүрді.
Осындай жан-жақты жұмыстардың нәтижесінде шетел қазақтары Қазақстанға ағылып келіп, жыл сайынғы көші-қон квотасы алғашқы кезде 20 мың отбасына яғни 100 мың адамға дейін жетті. Кейін бұл көрсеткіш 30-40 мың адам төңірегінде болды. Және бұл ағайындар ешқандай қиындық көрмей, әуре-сарсаңға түспей, бірден азаматтық алып, тып-тыныш орналасып жатты.Қазіргідей сотталмағандығы, бұрғыңғы тұрған елінің азаматтығынан шыққандығы сияқты толып жатқан анықтамалар талап етіп, әуре-сарсаңға салу ол кезде мүлдем болған жоқ.
Осындай қамқорлықтың нәтижесінде атажұртқа бір жарым миллиондай қандастарымыз оралып, Қазақстан халқының бүгінгідей 21 миллионға жақындауына үлкен ықпал етті.
Өкінішке қарай, 2010 жылдардан бастап қандастар көші азая бастады.
Қазір қандастар көшіне бөлінетін квота жылына екі-үш мың адам төңірегінде ғана. Енді қандастар атажұртқа өз күштерімен оралуда. Бірақ оларды құшақ жайып қарсы алудың орынына нешетүрлі сергелдеңге душар етеміз.
Соңғы бесінші Құрылтайда Қауымдастықтың жанынан қандастар көшін ұйымдастыруға тікелей атсалысатын «Отандастар» дейтін қор құру туралы шешім қабылданған. Соған орай, бұл Қор құрылып, мемлекеттен мол қаржы бөлінді, Бірақ «Отандастар қоры» бүгінге дейін қандай шаруа тындырды, қызметкерлері жалақыны не үшін алады, мемлекеттен бөлінген мол қаржы қайда жұмсалуда - оның бәрі белгісіз.
Соңғы Құрылтайдан кейін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кеңсесі Астанаға қоныс аударған. Содан бергі уақытта Қауымдастықтың көші-қонға қатысты жұмыстары онша байқалмайды. Қауымдастық қоғамдық ұйым, оның кезекті құрылтайын өткізетін уақыт әлдеқашан болған. Соған орай, жақын уақытта осындай үлкен жиын өтіп, Қауымдастыққа қатысты біраз мәселе сол жиында анықталатын шығар.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары қандастар көшін көбейтуді бірнеше рет күн тәртібіне қойды. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы нақты жүзеге асады деп сенеміз.
Қазіргі кезде қандастар көшіне жанашырлардың арасында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса ерекше көзге түсіп жүр. Алдағы Құрылтай сайлауынан кейін алыс-жақындағы ағайындардың атажұртқа оралуына шынайы жанашыр болатын депуттар барынша көбейеді деп үміттенеміз.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

БІЗГЕ ҚАЗАҚ КЕРЕК ДЕСЕК, ОЛАРҒА ЕСІГІМІЗ АШЫҚ ТҰРСЫН
Бұл мәселеге бір ауыз сөзбен-ақ жауап беруге болады. Осы жерде мынадай нәрсені ескеру керек. Шетелдің көбінде қазақ мектебі жоқ. Олар енді қайдан қазақша біледі? Өз елімізде отырып, өз балаларымыз қазақша сөйлей алмай жатқан кезде қазақ мектебі жоқ елде тұрып жатқан қазақтың балалары қазақшаны қайдан білсін? Қарапайым нәрсе ғой бұл. Біздің елде қазақша білмейтін қазақтар толып жатыр. Сондықтан шетелдегі қазақтардың келуіне, Қазақстанға кіруіне әрдайым есік ашық тұруы керек. Бұл жерде басқа заң, талап-тілек оларға кедергі болмауға тиіс. Егер бізге қазақ керек десек, есігіміз ашық тұрсын. Мендегі тілек сол ғана.
Смағұл Елубай, Қазақстанның Халық жазушысы

АДАМ ЗАҢ ҮШІН ЕМЕС, ЗАҢ АДАМ ҮШІН КЕРЕК
Бұл министрліктер заңды орындамай отыр. Президент қол қойған кез келген заң талқыланбай орындалуға міндетті. Қазақстанның дамуы кей тұста неге тежеліп жатыр? Өйткені Мемлекет басшысының айтқанына қайсыбіреулер құлақ салмайды. Мен өз басым солай түсінем.
Адам заң үшін емес, ең алдымен заң адам үшін керек.Барлық жерде сол. Кез келген заң адам құқығын қорғау үшін қажет. Елдегі қазақ әлі 20 миллионға жете алмай жатқан кезде келемін деген қандастарға тосқауыл қою дұрыс емес. Ресейдің заңы бойынша ол елдің азаматтығын алу үшін біздің Орталық Азиядағы тәжіктер, өзбектер, қырғыз бен түрікмен орыс тілін, тарихын білуге міндетті. Онда (көп елде) барлық өзге ұлттардан орыс тілінен (мемлекеттік тілден) емтихан алады да, бірақ шеттен келген орыстардан орыс тілінен емтихан алмайды ғой?!
Өте дұрыс! Барлық елде солай!
Ал бізде неге шеттен келген этникалық қазақтардан қазақ тілінен емтихан алады? Міне, мәселе осында жатыр. Қазыбек Иса дұрыс дабыл қағып отыр - бізде де шеттен келген этникалық қазақтардан қазақ тілінен емтихан алмауы керек Азаматтық туралы заң бойынша. Үш министрлік осы заңымызды және конституцияны белден басып бұзып отыр. Бұлар орыстың көшірмесін алып отыр. Қытайда, Моңғолияда тұратын қазақтар біздің Конституцияны қайдан біледі? Олар өз атамекеніне сол Ата заңды оқып-білу үшін келіп жатыр. Сондықтан бұл үш министрліктің алысты болжай алмауы немесе Президент қол қойған заңды елемеуі. Олардың үй ішінен үй тігіп, бүйректен сирақ шығаруы дұрыс емес. Заңды шығарған адам да пенде ғой. Жобаны жасаған министрлік өкілдерінің 25-30 пайызы сол емтиханды тапсыра алмайды. Қазақша жаза алмайды. Өзіміз ана тіліміз үшін күресіп жатқанда, бұл жөн емес. Мен Қазыбек Иса көтеріп отырған мәселені қолдаймын. Өйткені оның ұсынысында «қазақтар көбірек келсе екен, қазақша ойлайтын азаматтар елде көп болса екен» деген ой жатыр.
Қытайдан келген қазақтар кириллицаны оқи алмайды. Ауғанстаннан, Ираннан, Еуропадан келген қандастар да оқи алмайды. Бұрынғы Совет кеңістігінің адамдары ғана түсінеді. Бірақ оларда да Қазақстан Конституциясы оқытылмайды. Ал олардың арманы – біздің ата заңды оқып, ана тілінде сөйлеп, осы елдің бір уығын көтеру. Сол үшін біздің шенеуніктер бұл мәселені адами, азаматтық, отаншылдық, патриоттық тұрғыдан қарауға тиіс.
Талғат ТЕМЕНОВ, режиссер, Қазақстанның Халық артисі

МҰНДАЙ ЖОБАНЫҢ КҮШІН ЖОЙҒАН ЖӨН
Біз бұған наразылық білдірдік. Қазыбек Иса «Емтиханды қандастардан аламыз деп отыр. Оны Министрлер де тапсыра алмайды» деп жақсы айтты. Бұл пилоттық жоба заңға қайшы. Сондықтан ол автоматты түрде жойылуы керек. Жобаны қазақ халқына дұшпандық деп есептеймін. Ол қандастарымызды елге қайтаруға тосқауыл болып отыр. Бұл құжат «Қазақстан Республикасының азаматтығы» туралы заңға байланысты күшін жоюы керек.
Марат ТОҚАШБАЕВ, жазушы-публицист