АЛМАТЫДА ҚАНДАСТАРДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ КӨТЕРІЛДІ
2026 ж. 10 маусым
333
0
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында: «Баяулап қалған қандастар көшін жандандыру керек. Шетелде туып-өскен қазақтардың бәрі тарихи отанын мақтан тұтады. Көптеген қандастарымыз атажұртқа оралып жатыр, сондықтан оларға алғашқы кезеңде мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс», – деп атап өткен болатын.
Бұл – жай ғана саяси ұстаным емес, Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық дамуы мен демографиялық саясатының маңызды бағытын айқындайтын стратегиялық көзқарас. Өйткені тарихи Отанына оралған қандастар – еліміздің рухани, мәдени және экономикалық әлеуетін арттыратын маңызды күш.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 1,5 миллионға жуық этникалық қазақ қоныс аударды. Бұл – әлемдік тәжірибеде сирек кездесетін тарихи құбылыс. Ұлттық тұтастықтың қалпына келуі, шекара сыртында қалған қазақтардың ата жұртымен қайта қауышуы – егемендік жылдарындағы ең үлкен жетістіктердің бірі.
Қандастардың келуімен бірге халқымыздың тілі мен ділі жаңғырып, ұлттық құндылықтардың тынысы кеңейді. Бүгінде олардың қатарында ғалымдар, дәрігерлер, инженерлер, кәсіпкерлер, өнер адамдары мен спортшылар бар. Көптеген қандастар шағын және орта бизнесті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосып келеді. Сондықтан қандастар мәселесі – тек көші-қон мәселесі емес, ұлттық қауіпсіздікке, демографияға және мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына тікелей қатысты маңызды мәселе.
Алайда соңғы уақытта пилоттық жоба аясында енгізілген бірқатар талаптар қандастар арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Азаматтық алу рәсімдерінің күрделенуі, тестілеу талаптары мен құжат рәсімдеу барысындағы қиындықтар көптеген отбасылар үшін өзекті мәселеге айналған.
Осыған байланысты 2026 жылғы 23 мамырда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Қандастарға қамқорлық» тақырыбында кеңейтілген кездесу өтті. Қандастардың азаматтық алу, құжат рәсімдеу және әлеуметтік бейімделу мәселелерін талқылауға арналған жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері және көптеген қандастар қатысты. Басқосу тарихи Отанына оралған азаматтардың мәселелерін ашық көтерген маңызды қоғамдық алаңға айналды.
Жиында Алматы қаласында бүгінде жүз мыңнан астам қандас тұрып жатқанын атап өттім. Сонымен қатар қандастар көтерген мәселелердің Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының қабылдауында қаралып, қолдау тапқанын, сондай-ақ «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы деңгейінде де талқыланғанын жеткіздім. Қазіргі уақытта қалалық Ішкі саясат басқармасымен және басқа да жауапты мекемелермен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, қауымдастыққа жүзден астам арыз-өтініш келіп түскенін мәлімдедім.
Сонымен қатар азаматтық алу жолындағы артық кедергілер көші-қон саясатының негізгі мақсатына сай келмеуі тиіс екенін айттым. Қандастар мәселесін шешу жекелеген адамдарға көмек көрсету ғана емес, ұлттық мүддеге қызмет ететін маңызды міндет екенін атап өттім. Сондықтан қандастардың тарихи Отанына бейімделуіне қолайлы жағдай жасау, азаматтық алу үдерісін жеңілдету және олардың құқықтық мәселелерін дер кезінде шешу – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екеніне тоқталдым.
Жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов, басқарма басшысының орынбасары Жанар Жазылтаева, көші-қон жүйелері бөлімінің басшысы Абылай Төлегенов, Алматы қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының өкілі Айгүл Оспанқызы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілі Нұрлыхан Мәжиқызы және өзге де жауапты мамандар қатысты.
Кездесу барысында азаматтық алу, құжат рәсімдеу, жүргізуші куәліктерін ауыстыру, көші-қон талаптары, әлеуметтік бейімделу және білім алу мәселелері кеңінен талқыланды. Әсіресе пилоттық жоба аясында енгізілген тестілеу талаптарының өзге әліпбиде білім алған қандастар үшін күрделі кедергіге айналып отырғаны айтылды.
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса бұл мәселенің өзектілігін атап өтіп, Үкіметке арнайы депутаттық сауал жолдағанын жеткізді. Оның айтуынша, қандастарды тарихи Отанына шақыра отырып, олардың азаматтық алу жолында қосымша тосқауылдарға тап болуы мемлекеттік саясаттың негізгі мақсатына қайшы келмеуі тиіс.
Жиында нақты адамдардың тағдырына қатысты мәселелер де көтерілді. Мақаншы өңірінен келген қария бірінші топтағы мүгедектігі бар немересінің тестілеу талаптарына байланысты Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргенін айтып, көпшіліктің жүрегіне әсер етті. Бұл мәселені тыңдаған Қазыбек Иса аталған жағдайды жеке бақылауына алатынын мәлімдеді. Сондай-ақ жалғызбасты ана өзінің Қазақстан азаматы бола тұра жалғыз ұлына азаматтық рәсімдей алмай жүргенін айтып, түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырғанын жеткізді. Тағы бір ана Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін шетелде дүниеге келген баласына Қазақстанның туу туралы куәлігі берілгенімен, азаматтық рәсімдеу мәселесінің әлі күнге дейін шешілмей отырғанын айтып, көмек сұрады.
Бұдан бөлек, пилоттық жоба талаптарының салдарынан бір отбасының бір мүшесі азаматтық алып, Алматы қаласында тұрақты өмір сүріп жатқанымен, кейін көшіп келген өзге отбасы мүшелерінің азаматтық рәсімдеу кезінде қиындықтарға тап болып отырғаны айтылды. Мұндай жағдайлар кейде отбасылардың бөлініп қалуына дейін алып келуде. Сонымен қатар өңірлік тіркеу талаптары мен құжат қабылдау тәртібіне қатысты мәселелер де ашық көтерілді.
Жиын барысында сөз алған Бауыржан Жаубасов көтерілген барлық мәселелердің назарға алынатынын, олардың қала әкімдігі мен жоғары мемлекеттік органдарға жеткізілетінін айтты. Ол әрбір мәселенің заң аясында қарастырылып, тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізіп, азаматтарды сабыр сақтауға шақырды.
Кездесуде қауымдастық филиалы басшысының орынбасарлары Вячеслав Вавилин, Қанат Ислам және Ербол Байорынұлы да сөз сөйлеп, қандастардың азаматтық алу үдерісін жеңілдету және бейімделу мәселелерін жүйелі түрде шешу қажеттігін атап өтті.
Сонымен бірге жиналған жұртшылыққа делдалдардың қызметіне жүгінбеу, жалған ақпарат пен арандатушылыққа ермеу, барлық мәселені заң аясында шешу қажеттігі түсіндірілді.
Кездесу соңында қандастар өз мәселелерін ашық айтып, оларды тыңдауға келген мемлекеттік орган өкілдеріне ризашылықтарын білдірді. Жиын көптеген мәселелердің шешімін бірден таппаса да, халық пен билік арасындағы ашық диалогтың маңызды үлгісіне айналды.
Қорытындылай келгенде, қандастар – ұлттық бірліктің символы әрі еліміздің дамуына үлес қосып отырған маңызды күш. Сондықтан көші-қон жүйесіндегі бюрократиялық кедергілерді азайту, азаматтық алу рәсімдерін оңтайландыру және қандастарды қоғамға толыққанды бейімдеу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беруі тиіс.
Өйткені әрбір елге оралған қандастың тағдыры – тұтас ұлттың болашағымен сабақтас мәселе. Ал қандастардың жолын жеңілдету – Қазақстанның дамуына жаңа мүмкіндік ашу деген сөз.
Мұратхан ШОҚАН, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Алматы қалалық филиалының басшысы