Тәуелсіздік үшін күрескен дипломат
2026 ж. 01 маусым
104
0
1
Қазақстан дипломатиясының ардагері, Сыртқы істер министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы тұңғыш Төтенше және Өкілетті Елшісі болған Сайлау Батырша-ұлы туралы әңгімені әріден бастағым келіп отыр. Себебі, бүкіл саналы ғұмырын дипломатия саласында өткізіп келе жатқан кәсіби тәжірибесі зор, білікті дипломат С.Батырша-ұлының еліміз тәуелсіздігі жолындағы қайсарлы күрескерлігі мен Отан игілігі үшін атқарған қызметі ұшан-теңіз.
Иә, дипломатияның дарабозы Сайлау ағамен алғаш бетпе-бет кездескен мезет ойымда. 1993 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық қызметке қабылдандым. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің аясын кеңейту туралы батыл ұсыныстарын айтқан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары С. Батырша-ұлы болды. Міне, содан бергі отыз жылдан астам уақытта Сайлау ағамен талай рет жүздесіп, бірге қызмет жасап, ақыл-кеңесін алып, көпшілікке үлгі боларлықтай өмір жолымен жете таныстым.
Ол республикада бірінші лектегі араб тілінің маманы, шығыстанушы ғалым болып табылады. Ташкент мемлекеттік университетінде үздік оқып жүріп, 1963 жылы СССР Жоғары оқу министрлігі Дамаск университетіне оқуға бөлген жалғыз орынды Сайлау жеңіп алып, Сирияда алғашқы совет студенті болды. Ағаның айтуынша қазақтың оңтүстік өңірі орта ғасырда – Дамаск Омейа халифатының қарамағында болған. Сондықтан, Әбу Насыр Әл-Фараби және басқа да білім іздеген жастар Бағдатқа, Шамға барып оқып, ғылыммен айналысқан. Қазақ ауыз әдебиетінде, хиссаларда, халық ертегілерінде жиі айтылатын Шам – осы Дамаск шаһары. Сөйтіп, тағдыр Сайлау ағаны бұл қиянға салған жазмыш оның жерлесі, Екінші Аристотель деп аталған ұлы ұстаз Әл-Фараби ізімен Дамаскіге тегін жолын түсірмеген сияқты. Ол – совет заманында ұлы ғалым бабасының басына барып дұға оқыған алғашқы қазақ.
2
Халықаралық қарым-қатынастағы алғашқы қадамын С.Батырша-ұлы 1964 жылы Қазақ шетелдермен достық және мәдени байланыстар қоғамының жауапты хатшысы қызметінде бастады. 1965-1967 жылдары Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Онда дипломатиялық қабілетін көрсете білді, көп шетелдің делегацияларын Алматыда қабылдады, оның ішінде Иран шахы Мохаммед Реза Пехлевимен кездесті. Ол 1967 жылы Қазақстан Коммунистік партиясының жолдамасымен Мәскеудегі Совет Одағы Сыртқы істер министрлігінің Жоғары дипломатиялық мектебіне (бүгінде Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясына) тыңдаушы ретінде оқуға түседі. Парижде «Француз альянс» курсында оқыды. Сол кездерде советтік кадр жүйесінде аз ұлттарға сирек бұйыратын дипломатия саласында қазақ азаматының маңызды да жауапты қызметке тартылуы сирек еді. СССР Сыртқы істер министрлігінің құрамында қазақ дипломаттары некен-саяқ, саусақпен санарлықтай болатын.
1969 жылы Жоғары дипломатиялық мектебін бітірген соң, С.Батырша-ұлын араб және француз тілдерінің маманы ретінде Алжир Республикасындағы Совет Одағы Елшілігіне Үшінші хатшы дипломатиялық қызметіне жібереді. Онда жас дипломат өз қызметін абыроймен атқара білді. Ол Қазақстанның Алжирдегі мәдени күндерді өткізуге белсенді қатысты. Делегация құрамында Қазақстан Оқу министрі К.Айманов, атақты әртістер Б. Төлегенова, Е. Хасанғалиев, Ә.Есқалиев т.б. өнер майталмандары қатысты. Қазақ өнерін араб жұртшылығына кеңінен таныстыруда С.Батырша-ұлы да өз үлесін қосты.
Ол СССР Сыртқы істер министрлігінің құрамына қайтып келіп, 1978-1981 жылдары Конгодағы совет Елшілігінің Екінші хатшысы болды. Шетелдегі жауапты қызметтер әлемнің төрт құбыласын көре білуге, тынысын ұғынуға, өз еліңнің келешегін өзге елдермен салыстырып, дүниені тани білуге айқара жол ашты. Сонымен қатар, қайраткер дипломат шет жерде, қай қиянда жүрсе де, өзінің ұлтжандылығын, қазақ екенін ешқашан ұмытқан емес.
3
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Совет Одағы, бүкіл халық саяси-әлеуметтік тоқырауға тап келіп, астаң-кестең болып заман өзгерерін сезген дипломат елдің болашағын ойлана бастады. Халықаралық тәжірибесі бар дипломат Совет Одағы ыдыраса ғана Қазақстан Республикасы дербестік алатынына көзі жетеді. 1990 жылы 3 маусымда Қазақ ССР Президенті Н.Назарбаевпен кезедеседі. Сәкең мемлекет басшысына: «Совет Одағы тараса жер, байлық, билік үшін күрес басталады. Қазақстанның жағдайы қиын, сондықтан біз қазірден бастап қамдануымыз керек» – деп, екеуара ашық әңгімеде айтуға әлі ерте болса да, Одақтың тарайтыны туралы батыл айтады. Совет Одағы дағдарысты бастан кешіп отырғанын, ұлттық мүддені ойластыру керектігін білген Нұрсұлтан Әбішұлы, Сайлау Батырша-ұлына: «Бұндай жағдайда сыртқы саясаттағы тәжірибеңді есептеп сені Сыртқы істер министрінің орынбасары етіп тағайындаймын, харакет, жұмыс жаса», – деп айтады.
Сөйтіп, осы қызметке тағайындалған Сәкең 1990-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары ретінде тәуелсіздік үшін күресіп, ашық белсенділік танытты және жас мемлекетті халықаралық аренаға шығаруға тиянақты да абыройлы еңбек етті.
Қазақ дипломатиясы 1990 жылы Мемлекеттің Егемендігі туралы Декларацияны және Тәуелсіздік жариялау жөніндегі құжаттарды дайындауға зор үлестерін қосты. Сыртқы істер министрлігі бұл маңызды құжаттарға өз тарапынан «Қазақстанның шет елдермен саяси, сауда және мәдени байланыстар жасауына өзіндік құқығы бар, әрі біздің ел дүниежүзіндегі қазақтардың атамекеніне оралуына жағдай жасайды» деген тармақты ұсынды. С.Батырша-ұлы Моңғолияға 3 рет ресми сапармен барып, 60 мыңнан астам қазақтың тарихи Отанына оралуына көмек берді. Елге ел қосылса – құт. Қандас бауырлар тарихи отанына сағынышпен оралып жатты. Атамекенінен қиян-қыстау, зобалаң, аштық жылдарда үдере көшіп, елден ажырап қалған сырттағы қазақтардың саны 6 миллионнан асады екен. Бір миллион қазақтар тарихи Отанына оралып, мемлекетімізді нығайтуға, мәдениетімізді өркендетуге көп үлес қосты. Қазақ мемлекетін күшейтуге шеттегі қандастарымыздың оралуы стратегиялық маңызы зор екендігін дипломат ерте түсінді.
Тәуелсіздік алмай тұрып-ақ, 1991 жылы Президент Н. Назарбаевтың шешімімен ҚР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы С.Батырша-ұлы Сенегалдың астанасы Дакар қаласында Ислам Конференция Ұйымының Саммитіне Қазақстанның атынан тұңғыш рет қатысады. Ал, көрші төрт мұсылман Орта Азия республикалары «Ислам» деген сөзден шошып, Сенегалдағы саммитке барудан бас тартты. Біздің дипломатты және Әзербайжан делегация мүшелеріне Иран Сыртқы істер министрлігінің жәрдемі болды. Иран президенті Рафсанжани өзінің ұшағымен бірге Тегераннан Дакарға алып барады. Онда бүкіл мұсылман мемлекеттерінің басшылары жиналған Саммитте Қазақстан және Әзербайжан делегацияларын өте жылы қабылдады. Осы сәтті пайдаланып, Сәкең оннан астам шет ел делегация басшыларымен кездесіп, оларға Алматыдағы басшылардан рұқсат сұрамай Қазақстан тәуелсіздікке шығатын туралы жеткізеді. 1991 жылы 10 желтоқсан күні арнайы шақыру бойынша С.Батырша-ұлы және Әзербайжан делегациясының басшысы Пашазаде Түркия президенті Тұрғыт Озалмен кездескенде еуропа тілдерінде сөйлесуден бас тартып, ортақ қазақ-әзербайжан-түрік тілдерінде әңгімелесу болды. Біздің дипломаттан Қазақстан тәуелсіздікке баратын ойын етсіген Т.Озал қуанып, Түркия бірінші болып Қазақстанның тәуелсіздігін мойындайтынын айтты. Шынында да, ол сөзінде тұрып Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары республика тәуелсіздігін жариялаған соң, бір сағаттың ішінде Анкарадан Түркия Республикасының Қазақстанның тәуелсіздігін мойындайтынын және дипломатиялық қатынас орнатуына даяр екенін мәлімдеді.
4
1991 жылы 16 желтоқсанда Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Қазақстанның сыртқы саясатын жүргізіп, әлем елдерімен тең құқылы байланыс орнату дипломаттарға жүктелді. Жас мемлекетті дүниежүзілік қауымдастыққа мойындату және халықаралық ұйымдарға кіру міндетін ҚР Сыртқы істер министрі Т.Сүлейменов және оның жалғыз орынбасары С.Батырша-ұлы ойдағыдай атқарды. Бұл – қазақ дипломатиясының ерекше сыналған кезі еді. Экономика тоқырауға түсті, советтік империядан қалған ядролық қару бар. Ескі жүйе келмеске кетіп, жаңа жүйе қалыптасуы оңай болған жоқ. Сыртқы істер министрлігінің құрамы шағын еді, шетелдік тәжірибесі, дипломатиялық рангісі бар адамдар аз болды.
С.Батырша-ұлы бір сұхбатында бостандық жолы туралы былай дейді: «Қазақстанның сыртқы байланысын кеңейту үшін 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жарияланбай тұрып-ақ, Москвамен санаспай Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкерді Алматыға шақырып, екі ел арасындағы экономикалық байланыс жасауға келісті.»
Осы кездесуді жақсы ұйымдастырғаны үшін С.Батырша-ұлы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Дж. Бейкерден Алғыс хат алды. Бұл хатта Дж.Бейкер мырза Алматыға шұғыл сапарының ұйымдастырылуына министрдің міндетін атқарушы С.Батырша-ұлының ерекше күш салып, нақты рөл атқарғанын, әрі келіссөз сәтті өтуіне қосқан үлесі үшін шынайы Алғыс білдірді.
Министрліктің басына келе салысымен Сәкең Қазақ ССР-нің Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болу мәселесін көтереді. Ол 1990 жылғы 6 қазанда «Ленинская смена» газетіне берген сұхбатында біздің Республика БҰҰ-ға мүше болуға толық құқылы дегенді ашық айтады. Мысал ретінде СССР-дан басқа Біріккен Ұлттар Ұйымына Ресей Федерациясы, Украина ССР, Беларусь ССР мүше болғанын келтіреді. Ал, он бес республикалар Совет Одағын құру туралы шарт бойынша барлығы тең құқылы. Соған қарамастан газет редакторы күмән келтіріп: «Казахстан полноправный член ООН: фантазия или реальность?» – деп, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасарын «фантазер» деп жазды. Шынында, сол уақыта үкімет басындағылар С.Батырша-ұлының бұл батылдығына күле қарады. Алайда, дипломаттың айтқаны ақиқат болып, Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына толық мүше болып кірді.
С.Батырша-ұлы 1991 жылы Нью-Йорк қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 46-сессия жұмысына КСРО делегациясы мүшесі ретінде қатысады. Ол Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы қабырғасында еліміздің тәуелсіздігін көксеген сындарлы дипломатиялық әрекеттер жасады.
Дипломат БҰҰ жанында тіркелген шетел тілшілеріне баспасөз конференциясын өткізеді. ТАСС (Советтер Одағының телеграф агенттігі) тілшісі Евгений Менкес дипломаттан сұхбат алды. СССР делегациясы мүшесі Сайлау аға БҰҰ қабырғасында Қазақстанның тәуелсіздігін алу және республиканың Ұйымға кіруі туралы мәселесін ашық көтерді. «Халықаралық құқыққа және Қазақ ССР Конституциясына және Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес, Қазақстан егеменді мемлекет ретінде Ұйымның толық мүшесі болуына құқы бар және Қазақстан Мемлекеттік Егемендік туралы Декларациямен шектелмей толық Тәуелсіздікке барады», – деп тұңғыш рет Үкіметтің рұқсатсыз батыл мәлімдеме жасады. Бұл сұхбат ТАСС арқылы бүкіл әлемнің бұқаралық ақпарат құралдарына таралды. Сол үшін Сыртқы істер министрі С.Батырша-ұлың Нью-Йорктен елге қайтарады да, жұмыстан шығармақ болды. Алайда дипломат Ағай жеңді, Президент Н.Назарбаев министрдің орынбасары қызметінде қалдырды. БҰҰ-ына Советтер Одағы атынан бара тұрып, оның биік мінберін пайдаланып Қазақстанның тәуелсіздігін көздеуі Батырша-ұлының дипломатиялық өнердің шеберлігін жетік меңгергенін дәлелдеп берді.
5
Бірінші қазақ дипломты Америка Мемлекеттік департаментына барды. Қазақ ССР Сыртқы істер министрінің орынбасары, Біріккен Ұлттар Ұйымына Совет Одағынан келген делегация мүшесі С.Батырша-ұлы Нью-Йорктан арнайы Америка Құрама Штаттарының астанасы Вашингтон қаласына барады. Оның себебі, АҚШ сол сәтте Прибалтика, Кавказ, Украина республикаларының тәуелсіздігін қолдап отырды. Ал, Қазақстанға келгенде Америка Мемлекеттік департаменті ешқандай пікір білдірмей отырған еді. АҚШ-тың Қазақстанға деген көзқарасын анықтау үшін ресми түрде Вашингтондағы Мемлекеттік Департаментінің Орталық Азия басқарма бастығы Джонсонмен кездеседі. Америкалық дипломатқа біздің республика тәуелсіздікті жариялауға дайындалып жатыр, сондықтан «бостандықты қолдаушы» Америка Құрама Штаттарынан Қазақстанның тәуелсіздігін қолдауды сұранады. Сонымен, С.Батырша-ұлы АҚШ Мемлекеттік департаментке кіріп ресми келіссөз жүргізген бірінші қазақ болды және БҰҰ Бас хатшысы Перес де Куэльярмен кездеседі. Одан бұрын да Қазақ ССР Сыртқы істер министрлері Нью-Йоркта БҰҰ Бас Ассамблея сессиясына қатысты, алайда, олар америкалық Мемлекеттік департаментке кірген жоқ. Қосымша Американың сыртқы саясатын қадағалайтын Конгресске де кіріп, конгрессмен Джонстонға Қазақстанның саясатын, Орта Азиядағы оның геосаяси орнын толық түсіндіріп, қолдауды сұрайды. АҚШ-тың дипломаты мен конгрессмені жылы қабылдап, Қазақстанның жоспарын Америка Президентіне жеткіземіз деп уәде берді. Американдықтар ойлады, С.Батырша-ұлы Президент Н.Назарбаевтің тапсырмасымен келді деп. Себебі дипломатиялық тарихта жоқ оқиға – министрдің орынбасары өз еркімен келіп Тәуелсіздікке барамыз деуі. Сонымен Алматыда ең бірінші шет елшілігін ашқан АҚШ болды, оның ресми ашылуын Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Сәкең өзі басқарды.
Тәуелсіз мемлекет жарияланған соң оны Біріккен Ұлттар Ұйымы, басқа да халықаралық ұйымдар және шет мемлекеттер мойындауы керек. Егер дербес ел екенін дер шағында бүкіл дүниежүзі танып, мойындамаса ондай мемлекет ұзақ тұра алмайды. Дипломатиялық қатынас орнатуды ҚР Сыртқы істер министрлігі орындады. Соның нәтежесінде бір айдың ішінде тәуелсіздігімізді 40-қа жуық мемлекет, ал бір жылдың ішінде 100-ден аса ел танып, мойындады. Осы істердің басы-қасында Сыртқы істер министрінің орынбасары С.Батырша-ұлы жүрді.
С.Батырша-ұлының айтуынша, тәуелсіздік жариялаған соң Мәскеуден келген білікті дипломат Сәлім Құрманғожин және Пекиннен оралған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ ССР Сыртқы істер министрінің орынбасарлары болып тағайындалды. Олар 1992 жылы 2 шілде Сыртқы істер министрлігі туралы Үкіметтің жаңа қаулысын, елшілер, дипломаттар туралы заңнамалар, ережелер даярлауда және шетелдерде Қазақстан елшіліктерін ашуда қыруар іс атқарды.
6
Қазақ зияларды тарихи отанына қайтару. Орталық Азияда құрылған жаңа мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнату, сауда-экономикалық қарым-қатынасты, шекара мәселесін шешу проблемасы туындады. Сондықтан 1993 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы тұңғыш Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне білікті дипломат С.Батырша-ұлы тағайындалды.
С.Батырша-ұлы Сыртқы істер министрлігінде қазақ тілінің аясын кеңейтуде көптеген шараларды ұйымдастыруға белсене ат салысты. Өзбекстан Президенті Ислам Каримовке Сенім грамотасын қазақ тілінде сөйлеп, жазбаша да қазақ тілінде тапсырған бірінші Елші болды. Ал, басқа Елшілер ТМД мемлекеттер басшыларына Сенім грамотасын тапсырғанда орыс тілінде сөйлеп жүрді.
Өзбекстанда Елші болып қызмет атқарғанда Сайлау аға қазақ диаспорасымен байланысты күшейтеді. Қазақ зиялылыларын, оқымыстарын Елші елге тартады. Олардың ішінде «Өзбекстанға еңбек сіңірген архитектор», Қазақстан Республикасының Елтаңбасын жасаған Жандарбек Мәлібеков, «Өзбекстанға еңбек сіңірген суретші», Ташкент телемұнарасының дизайнын жасаған Әбдімәлік Бұхарбаев және жүздеген зиялы қауымды елге оралтады. Ә.Бұхарбаев қазақ халқының хандары, билері және батырларының алғашқы портреттерін салған суретші. Қазақ зиялыларын елге тартқан үшін өзбек билігі тарапынан Сәкең қысым да көреді. Қазір Ж.Мәлібеков Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры, архитектура орталығының меңгерушісі болып істейді. Оларға Қазақстан азаматтық паспортын қолдан тапсырған біздің Елші С.Батырша-ұлы болды.
Қазақстан мен Өзбекстан шекарасын белгілеу күрделі де қиын мәселе. Елші шекараны бекітуде табандылық танытып, бұрыңғы Черняевка, қазіргі «Жібек жолы» бекетіне барып, өз аяғымен шекараны түгел аралап шығып, Алматыға хабар жеткізіп отырды. Үкіметаралық делегация келіссөздер жүргізіп, екі жақ бімгершілікке келіп, шекара әрең бекітілді.
7
Сайлау аға 1997-2002 жылдары ҚР Израильдегі Елшілігінің кеңесшісі және бір мезгілде Қазақстан Республикасының Палестинадағы Арнайы өкілі қызметін атқарды. Президент Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау хаттарын Палестина билігінің лидері Ясир Арафатқа тапсырып, біздің ел Палестина халқының бостандығын қолдайтынын жеткізді. 1999 жылы Нұрсұлтан Назарбаев екінші рет Палестинаға келгендегі ресми сапарында біздің дипломат кездесуді ұйымдастырды. Сол жылдарда Таяу Шығыста жұмыс жасау қауіп-қатерге толы екенін сезіне тұра тәжірибелі диломат Сайлау аға от пен оқтың ортасында жүріп ел мүддесін мүлтіксіз қорғады. Израиль мен Палестина шекарасын өткенде екі жақ оқ атысқан жағдайлар болды. Газа, Рамалла, Ибраһим пайғамбар жатқан қасиетті Хеврон қаласында болды. Бұл істе нағыз кәсіби дипломат екенін көрсете білді. Алыс шетелдерде жұмыс жасағанда дипломаттарға түсетін салмақ та, сын да ауыр. Бұл қатерсіз емес, жауапкершілік жүгі бастан асатын қиын мамандық. Әсіресе, Израиль, Палестина сияқты шиеленісті елдерде қызмет ету оңай емес. Көп жағдайда шетелде қызмет бабында жүріп дипломаттар қайтыс болады.
Дипломатиялық қызметпен қоса Сәкең ана тіліміз үшін де табанды күресіп келе жатқан азамат, мемлекеттік тілді дипломатияға енгізуді қолға алады. Ол 2007 жылы сол кездегі ҚР Сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің қабылдауына кіріп, қазақ тіліне қатысты келелі ұсыныстар жасайды. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде Сыртқы істер министрлігіне енгізуді, құжат айналымын, елшіліктерге нотаны қазақ тілінде жүргізілуін сұрайды. Оның бұл ұсынысын министр М.Тәжин оң қабылдап, содан бастап сыртқы әлеммен хат-хабар алысу сипаты ана тіліміздің еншісіне көшеді. Бірнеше шет тілін білетін дипломаттар әуелі өз тілін құрметтеуі қажет. Сәкеңнің ұсынысымен 2 шілде күні дипломатиялық кәсіби болып бекілді.
8
Ұстаздық еткен жалықбас. Дипломатиялық қызметпен қатар, Сәкең ғылыми жұмыспен айналысуды да қоса алып жүрді. 1973 жылы кандидаттық диссертациясын ол кезде жабық мекеме болған Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында қорғады. 1993 жылы Плеханов атындағы Халық шаруашылық институтында «Индустриализация экономики стран Северной Африки (Алжир, Египет, Ливия, Марокко, Тунис)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғайды.
Бүгінде Сайлау Батырша-ұлы Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы халықаралық қатынастар мамандарын даярлауда белсенді ат салысуда. Қазақ тілінде алғаш рет студенттер мен магитранттарға арналған «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» атты оқулық (2011 ж.) жазды. Тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қазақ тіліне аударып шығарды. «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» атты эссе-диалог кітабының тұсаукесері 2017 жылы өткізді. Сыртқы істер министрінің орынбасары өз сөзінде: «С.Батырша-ұлы өзінің терең білімі мен жан-жақты біліктілігінің арқасында тәуелсіз мемлекет болуға еңбек етті, Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының қалыптасуына зор үлес қосты», - деп баға берді. С.Батырша-ұлының еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақстан Республикасы Дипломатиялық қызметінің Еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды.
Бүгінде Сәкен ҚР Сыртқы істер министрінің штаттан тыс кеңесшісі, «Дипломат Нәзір Төреқұлұлы» қоғамдық қордың төрағасы. Қазақтан шыққан белгілі тарихшы «Қадырғали би Жалайри» халықаралық қоры Президентінің орынбасары. Сәкең Ресейдің Африка институтының қоғамдық кеңесінің мүшесі. Көптеген мемлекеттік, халықаралы, ведомстволық наградалармен марапатталған. Атап айтсақ, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің, «Нәзір Төреқұлов» атындағы медальдың, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мерейтойлық медалдардың иегері.
Биыл Еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Сол үшін басын бәйгеге тіккен батырларды ұмытпауымыз керек. Осы тәуелсіздік жолында күресіп, мол үлес қосқан Сайлау Батырша-ұлының өнегелі өмір жолына қарап жас ұрпақ рухтанып, үлгі алары сөзсіз. Сайлау аға, ден-саулықта қанатыңыз талмай елімізге еңбек ете беріңіз!
Гүлсім Еңсепова,
ҚР Сыртқы істер министрлігінің кеңесші, ҚР Дипломатиясы қызметіне еңбегі сіңген қайраткер, «Құрмет» орденінің иегері.