ЖОҒАРЫ БАЛЛ АЛСА ДА, ОҚУҒА ТҮСЕ АЛМАҒАНДАР ҮШІН ГРАНТ КӨБЕЙТІЛЕДІ
2026 ж. 18 мамыр
86
0
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Республикалық физика-математика мектептеріндегі даудың дұрыс шешілетінін мәлімдеді.
Кеше “Қазақ үні” ұлттық порталы мен фейсбук парақшамда жарияланған
“ҚАЗАҚ БӨЛІМІ ОҚУШЫЛАРЫНА ОЗАТ БОЛСА ДА, ТАҒЫ ДА ӘДІЛЕТСІЗДІК ЖАСАЛУДА!” атты мақалама байланысты ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова хабарласып, бұл мәселені дұрыс шешетінін мәлімдеді. Мәселенің мән-жайын түсіндіру үшін Республикалық физика-математика мектебі басшыларын жіберетінін айтты.
Оқу-ағарту министрлігі «РФММ» Басқармасына жоғары балл жинағанымен, грантқа өте алмаған оқушылар үшін білім беру гранттарының санын көбейту туралы тапсырма берді.
Бүгін кабинетіме Республикалық физика-математика мектебі Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Алмаз Күнғожин мен Астана қаласы Республикалық физика-математика мектебі директоры Думан Кенжалин келді.
Олар биылғы 7-сыныптарға арналған білім беру гранты бойынша «РФММ» КеАҚ филиалдарына өткізілген конкурстық іріктеу нәтижесі туралы ақпарат берді.
-Жұрт Қазақ бөліміндегі грант санының қысқаруына наразылық танытуда.
Мәселен, “Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде 2025 жылы қазақ бөліміне 162 грант бөлінсе, биыл оның саны 120-ға дейін азайған. Демек 42 орын қысқарған.”-деп жазуда сайттар?
Бұған не дейсіздер?
-Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде 2025 жылы қазақ бөліміне 162 грант бөлінді деген ақпарат дұрыс емес, қате.
Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде 2025 жылы қазақ бөліміне 100 грант бөлінді.
Менде қазір қолымда Алматы қаласындағы жылдың басындағы контингенттің саны бар:
Жыл/қазақ бөлімі/орыс бөлімі
2022 77 68
2023 112 68
2024 101 97
2025 100 100
2026 120 78
Яғни, биыл 2026 жылы 120 грант бөлініп, қайта бұрынғы жылдардың барлығынан да көбейді.-дейді Республикалық физика-математика мектебі Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Алмаз Күнғожин.
-Ал қазақ бөліміне Астанада 114 балмен, Алматыда 100 баллмен ғана өтіп, екі қалада 113 және 99 баллдармен өте алмай, орыс бөліміне 83 баллмен ойнап жүріп түсіп кету барып тұрған қиянат емес пе? Айырмашылық 17 балл!!!
-Осы даулы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі аталған конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша «РФММ» КеАҚ Басқармасына жоғары балл жинағанымен, грантқа өте алмаған оқушылар үшін білім беру гранттарының санын арттыру мүмкіндігін қарастыру туралы тапсырма берді.
Біз қазір осы мақсатта жұмыс істеудеміз.
Бұл мәселенің шешімі министрліктің бақылауында.
Иә, 2022 жылы Назарбаев зияткерлік мектебінде болған осындай әділетсіздікті жақсы білетін, өзіне де сол кезде Мәжіліс депутаты ретінде осы мәселе бойынша ата-аналар хат жазып, даудың дұрыс шешілуіне өзі де белсене араласқан Жұлдыз Сүлейменова енді қолында құзыры бар Оқу-ағарту министрі ретінде Республикалық физика-математика мектебіндегі әділетсіздікті тоқтатып, әділеттілік орнатуға кірісіп кетті.
Бес жыл парламенттің бір комитетінде бірге депутат болғандықтан, жақсы білеміз, айтқанын орындайтын Жұлдыз Сүлейменова ханым осындай ұлттық мүддені қорғайтын маңызы зор мәселені шешеді деп сенеміз.
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты