ҚАЗАҚ БОЛҒАН, ОЗАТ БОЛҒАН ОҚУШЫЛАРҒА ТАҒЫ ДА ӘДІЛЕТСІЗДІК ЖАСАЛУДА! - Қазыбек Иса

ҚАЗАҚ БОЛҒАН, ОЗАТ БОЛҒАН ОҚУШЫЛАРҒА ТАҒЫ ДА ӘДІЛЕТСІЗДІК ЖАСАЛУДА! - Қазыбек Иса

Бұл жолы дау Республикалық физика-математика мектебінен шықты! 

Бұндай әділетсіздік бұрын Назарбаев зияткерлік мектебінде болып, ол дұрыс шешілген еді… 

✅ «Республикалық физика-математика мектебінде де қазақ тілінде оқитын балаларға грант бөлуде әділетсіздік жасалды!

✅ Шынында да, қазақ бөліміне 112 балмен өте алмай, орыс бөліміне 83 балмен ойнап жүріп түсіп кету барып тұрған қиянат емес пе? Айырмашылық 30 балл!!!

✅ Есеп бір деңгейде екен, айырмашылық тек тілде?!. Сонда қазақ тілі бөлімінде жоғары балл алса да, өте алмай, орыс тілінде оқығандардың математикалық сауаттылығы төмендеу болса да, грант алып кетуі әділетсіздік қой?!.

Бұл фейсбук, инстаграм тб әлеуметтік желілерде менің атымды тэгтеп, көмек сұрап жатқан оқырмандардың жанайқайы! “Қазыбек Иса, сіз үш-төрт жыл бұрын Назарбаев зияткерлік мектебінде болған осындай әділетсіздіктен шыққан даудың дұрыс шешілуіне араласып едіңіз ғой, осы мәселені де көтеріңізші, көмек сұраймыз?»-дейді наразы болып жатқан ата-аналар. 

Иә, кезінде, осыдан төрт жыл бұрын 2022 жылы Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде (НЗМ) озат оқыған қазақ бөлімі балалары жоғары балл алса да, грант ала алмай, ал төмен балл алған орыс бөліміндегілер оқуға түсіп кеткен кезде парламенттің жазғы каникулында жүрген менің атыма Алматыдағы аты белгілі математик мұғалім Дархан Ардақұлы бастаған 50 шақты ата-ана видеоүндеу жасаған. Астанадағы, Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінен де гранттардың әділетсіз бөлінгендігі туралы шу шықты!?.

Сол кезде біз бұл өте өзекті, маңызы зор мәселеге шұғыл араласып, қоғам мен билік назарын аударып, әділеттілікке қол жеткізген едік! 

“Мынау видеодағы: “Мен күнде таңғы 6-дан тұрып, кешке дейін дайындалдым. Нәтижесінде орыс бөліміне түскендерден 60 бал артық алсам да, қазақ бөліміне тапсырғаным үшін оқуға өтпей қалдым. Менен 60 бал төмен алған орыс бөліміндегі балалар мынау Назарбаев мектебінде оқып жатыр!”- деп, бұрылып, қолымен мектептің әсем ғимаратын көрсетіп қойып, көз жасын сүртіп тұрып, булығып, қорлық пен теңсіздікке, көрінеу әділетсіздікке жарылардай зорға сөйлеп шырылдаған қазақтың қара домалақтары Шыңғыс Сабыр мен Аманхан Дінмұханбет бастаған балалардың орыстілділерден оқ бойы озып тұрса да, алды 60 бал артық алып тұрса да, қазақ сыныбына тапсырғаны үшін, жалпы қазақ болғаны үшін оқуға түсе алмай жылап тұрған қаншама баланың жанайқайына кім жауап береді? Президент Тоқаев араласуы керек пе бұған да?! Премьер бар, вице-премьер бар, министрлер бар, бұған жауап бере алмай ма сонда ешкім?

Қазақ болғаны үшін, озат болғаны үшін қаншама баланы жылатып қойып, қалай ас батып отыр “Назарбаев зияткерлік мектебі” басшыларына?!.”-деп аттан салдық! 

Сол 2022 жылы, елдің бәрі демалып жататын шілде айының 18-22 шілделерінде: “ҚАЗАҚ БОЛҒАНЫҢ, ОЗАТ БОЛҒАНЫҢ ҮШІН ОҚУҒА ҚАБЫЛДАМАУ ҚАНДАЙ ҚОРЛЫҚ?!.”, “МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ТАПСЫРҒАН ОҚУШЫЛАР ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ҰШЫРАП ОТЫР!” және “НАЗАРБАЕВ МЕКТЕПТЕРІНДЕ ҚАЗАҚТЫҢ ОЗАТ БАЛАЛАРЫНА ҚИЯНАТ ЖАСАЛУДА!” және “НАЗАРБАЕВ МЕКТЕБІ ҚАЙ ЕЛДЕ ОРНАЛАСҚАН?” атты төрт мақала жариялауыма тура келді… 

Бұлардың барлығы менің фейсбук парақшамда, Qazaquni.kz ұлттық порталында, “Қазақ үні” газетінде және көптеген сайттарда жарияланды. Қоғамдық резонанс тудырып, үлкен қолдауға ие болды.

Құдайға шүкір, еңбегіміз босқа кетпеді.

Әділеттілік қалпына келді! 

Ала жаздай аттандап шапқанымыз далаға кетпей, бұл мәселе оқу жылының екінші тоқсанына дейін созылып, ақыры 2022 жылы 29 қазанда еліміз бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінде әділетсіздікке ұшыраған 187 қазақ баласына грант берілді. Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақ тобына қосымша 41 оқушыға грант бөлінді!!! Астанада да Назарбаев мектебінің қазақ тобына қосымша 18 грант бөлінді. 

Содан кейін НЗМ-де оқушыларды тіліне қарап бөлмей, жалпы конкурс болатын болды. Нәтижесінде тіліне қарап емес, біліміне сай жиналған жалпы балл қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған қазақ бөліміндегілер 60-70 пайызға дейін, орыс бөліміндегілер 30-40 пайыз грантқа ие болуда. 

Барлығы қалыпқа түсті дегенде, енді ҚАЗАҚ БОЛҒАНЫ ҮШІН, ОЗАТ БОЛҒАНЫ ҮШІН ТАҒЫ ДА ӘДІЛЕТСІЗДІК ЖАСАЛУДА! Бұл жолы Республикалық физика-математика мектебінде! 

«Республикалық физика-математика мектебінің 7-сыныбына грантқа қабылдау нәтижесі жарияланғаннан кейін ата-аналар арасында үлкен дау туды. Мәселе грант бөлудегі балл айырмашылығында.

Қазақ бөлімінде жоғары нәтиже көрсеткен балалар өтпей қалғанымен, орыс бөлімінде әлдеқайда төмен балл жинаған оқушылар мемлекеттік грантқа іліккен, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Бұл дауға айналған мәселе туралы Qazaquni.kz, Ulusmedia және тб сайттар да жазуда.

Алматы мен Астана филиалдары бойынша грантқа қабылданған оқушылардың тізімі ресми сайтта жарияланған.

Алматы филиалының қазақ бөлімінде грантқа өту межесі шамамен 100 балл деңгейінде тоқтаған. 99, 98, тіпті 97 балл жинаған бірнеше оқушы резервке ғана ілінген. Ал 96 балл алған балалар мүлдем өтпей қалған.

Дәл сол Алматыдағы орыс бөлімінде тіпті 83 балл жинағандар грант иегері атанып, 82-80 балл аралығындағылар резервте тұр.

Астана филиалындағы жағдай да ұқсас. Қазақ бөлімінде 114 балмен грантқа өткендер бар, 112-110 балл жинағандар резервке түскен, 109 балл жинағандар қабылданбаған. Ал орыс бөлімінде 97 балмен грантқа өтіп, 96-94 балл арасындағылар резервте тұр.

Наразылық танытқан ата-аналар бұлай конкурстың тілге бөлінуі әділетсіз екенін айтады. «Емтихан мазмұны бір, есебі бір, тек оқу тілі ғана бөлек болса, неге грант оқушылардың тілі бойынша бөлек бөлінеді?» деген ашық, орынды сұрақ қоюда?!.

✅ Шынында да, қазақ бөліміне 112 балмен өте алмай, орыс бөліміне 83 балмен ойнап жүріп түсіп кету барып тұрған қиянат емес пе? Айырмашылық 30 балл!!!

Енді Республикалық физика-математика мектебі де кезінде Назарбаев зияткелік мектептері үлкен дауға айналдырғандай конкурсты екі тілге жасанды бөліп, әділетсіздікке барып отырғаны не масқара?!. Нәтижесінде озат оқыған қазақ бөлімі балалары жоғары балл алса да, грант ала алмай, ал төмен балл алған орыс бөліміндегілер оқуға түсіп, әділетсіздік орнауда? Бұл Әділетті Қазақстанда жасалып отырған әділетсіздік!   

Ата-аналардың, оқушылардың ашынуы өте орынды. Міне қазақ тілді оқушыларға жасалып жатқан тілдік, мемлекеттік тілге жасалған дискриминация! Бұл халыққа іріткі жасау. Бұл әділетсіздіктің мақсаты қандай - қазақ баласын қазақ болғаны үшін, азат болғаны үшін, озат болғаны үшін шырылдатудан басқа?!. 

✅ НЗМ-дегі 2022 жылы жасалған әділетсіздікті жақсы білетін, өзіне де сол кезде Мәжіліс депутаты ретінде осы мәселе бойынша ата-аналар хат жазып, даудың дұрыс шешілуіне өзі де белсене араласқан Жұлдыз Сүлейменова енді қолында құзыры бар Оқу-ағарту министрі ретінде Республикалық физика-математика мектебіндегі әділетсіздікті тоқтатып, әділеттілік орнатуға ықпал жасайды деп сенеміз.

Ол кезде НЗМ мектебіндегі грантты әділ бөлу процесі екі-үш айға созылғанының себебі Назарбаев зиялы мектептерінің Оқу-ағарту министрлігіне қарамай, автономды басқарылуы кедергі болған еді. Бізге министрлік солай деп түсіндірген. Соған қарамай, сол кезде бұл іске белсене араласып, әділдіктің орнауына үлкен үлес қосқан ҚР Республикасы Президенті ішкі саясат бөлімі меңгерушісі Болат Тілепке рахмет айтқанбыз. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов те бұл іске мүмкіндігінше араласқан еді.

Ал Республикалық физика-математика мектебі Оқу-ағарту министрлігі құзыретінде ғой, сондықтан мұндай елді екіге бөлетін заңсыздықты шұғыл тоқтату керек!

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары