РФММ гранттары төңірегіндегі дау: әділдік мәселесі қоғамды алаңдатты
2026 ж. 17 мамыр
425
0
Республикалық физика-математика мектебіне (Республикалық физика-математика мектебі) грантқа қабылдау нәтижелерінің әділетсіздігіне байланысты қызу пікірталас басталды.
Әлеуметтік желілерде ата-аналар қазақ сыныптарындағы талапкерлердің жоғары балл жинағанына қарамастан, орыс бөліміндегі кейбір оқушылардан төмен орын алғанын айтып, жүйенің әділдігіне күмән келтіруде.
Даудың туындауына әлеуметтік желіде жарияланған ата-аналардың жазбалары себеп болды. Олардың айтуынша, екі бөлімдегі оқушыларға берілген тапсырмалар мазмұны жағынан бірдей болған, айырмашылығы тек тілінде ғана. Алайда нәтижесінде қазақ бөлімінде жоғары ұпай жинаған кейбір балалар грантқа іліге алмай, ал орыс бөлімінде төмен балл алған оқушылардың қабылдануы қоғам наразылығын күшейткен.
Көпшілік мұны таза теңсіздік деп бағалап отыр. Әсіресе, “өз елінде қазақтілді балалардың мүмкіндігі шектеліп жатыр” деген пікірлер жиі айтылуда.

Бұл жағдайды кейбір ата-аналар бұрынғы тәжірибелермен байланыстырады. Олардың айтуынша, ұқсас мәселе 2022 жылы шәлдеде Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде де болған. Сол уақытта да қазақ бөлімінде жоғары ұпай жинаған балалардың оқуға түсе алмай қалғаны жауға айналып, ата-аналар арнайы барып түсініктеме талап еткен.
Бұл жөнінде сол кезде "Қазақ үні" ұлттық порталында Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның "ҚАЗАҚ БОЛҒАНЫҢ, ОЗАТ БОЛҒАНЫҢ ҮШІН ОҚУҒА ҚАБЫЛДАМАУ ҚАНДАЙ ҚОРЛЫҚ?!." және "НАЗАРБАЕВ МЕКТЕПТЕРІНДЕ ҚАЗАҚТЫҢ ОЗАТ БАЛАЛАРЫНА ҚИЯНАТ ЖАСАЛУДА" мақалалары жарияланып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Нәтижесінде Алматыдағы Назарбаев мектебі 41 грант бөлді! Жалпы еліміз бойынша қазақ бөліміне қосымша 187 грант бөлінген.
Қоғамда ең көп айтылып жатқан ұсыныстың бірі — оқу тіліне қарамастан, талапкерлерге ортақ рейтинг жасау. Ата-аналардың пікірінше, басты өлшем баланың білімі мен жинаған ұпайы болуы тиіс. Олар конкурстық іріктеу барлық талапкерге бірдей талаппен жүргізілуі керек деп есептейді.
Дауға байланысты Қазақстанның Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Ulysmedia.kz таратқан Ведомствоның хабарламасында, қабылдау мектеп жарғысына сәйкес конкурс негізінде өткізіледі және талапкерлер оқу тілін өз еркімен таңдайды, сонымен қатар грант саны сыныптарды жасақтау мүмкіндігіне қарай анықталатыны айтылды.
Министрлік шекті балл алдын ала белгіленбейтінін атап өтті. Яғни, нақты өту ұпайы емтихан нәтижелеріне қарай қалыптасады. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, барлық қатысушылар үшін бірыңғай талаптар сақталған: тапсырмалар бірдей тақырыптық бағытта әзірленіп, құрылымы мен күрделілік деңгейі тең болған. Бұл тәсіл академиялық адалдық пен конкурстың объективтілігін қамтамасыз ету үшін қолданылғаны айтылды.
Сонымен бірге министрлік қазіргі уақытта конкурстық іріктеу процесіне талдау жүргізіп жатқанын хабарлады. Талдау қорытындысы бойынша қосымша ресми ақпарат берілмек.
РФММ төңірегіндегі бұл жағдай қоғамдағы маңызды мәселені қайта көтерді: білім беру жүйесінде әділдік қалай қамтамасыз етілуі керек? Әсіресе мемлекеттік грант бөлу кезінде тіл факторы емес, талапкердің нақты білімі шешуші рөл атқаруы тиіс деген пікір күшейіп келеді.
Қазақ үні