Ғибратты кездесу
2026 ж. 11 мамыр
90
0
Фотоальбом ақтарып отырып Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде 1985-1991 жылдары оқыған курстастарымның суреті көзіме оттай басылды.Әр студент достарыма жеке- жеке тоқталып ұзақ қарап,бірге оқыған кездердегі сәттер ойыма оралып, достарым қандай болды екен, отбасылы шығар, қандай кәсіппен айналысып жүр екен деген сағым мен оларға деген сағыныш жалт ете қалды. Кездессем ғой деген ұшқын ойлар бір шарпып өтті,бірақ қалайша ұялы телефондары жоқ қайдан іздеуге болады- деп ойымды жиып алдым .Қарбалас тіршілік ,іздеуге уақыт жоқ. Солай күнделікті жұмысыма кірісіп кеттім.. Араға күн санап ұялы телефонға хабарлама келді. Көзім шарасынан шығып кете жаздады. Бірге оқыған Жанна деген досым,тура ойымды оқып алғандай, Шолпан сені интернет арқылы таптым -деді.Біз бірге оқыған студенттік достарымызбен кездесу ұйымдастырмақшымыз,соған байланысты іздеу салып жатырмыз -деді. Қандай ғажап, 35 жылдан кейін іздеу салуы,мен үшін зор қуаныш болды. Барлық ойлар кеңістікке көтеріліп өзіңе қайта оралады -деген философиялық тұжырымға тағы бір көз жеткіздім. Осылайша группаластарым іздеу жұмыстарын тынбай жалғастырып бірге оқыған барлық студенттерді тапты. Олармен телефон арқылы байланысқа түсіп,мәре - сәре болдық. Кездесу туралы идеяны бастаған Тұрсынзада, Пәтигүл, Жанна, Төремұрат, Беркінбай,Шырын деген курстас достарым екен. «Болар істің басына жақсы келер қасына”- демекші, топ старостасы болған Төремұрат әп сәтте ұйымдастыру жұмыстарына кірісіп кетті. Барлығы да сағыныш сазында жүр екен,бірауыздан кездесуді құптай жөнелді.
Сонымен кездесу орны Түркістан рухани орталығы болсын -деген ұсыныстарды барлығы қолдады. Қазақстанның түкпір түкпірінде қызмет жасап жүрген курстастар,Түркістанның тарихымен және жаңадан бой көтерген ортағасырлық тарихи кешендер мен басқа да тарихи орындарды көріп танысуға ниетті еді. Өйткені барлығымыз КазГУдің тарих факультетін тәмәмдаған тарихшылар едік. Кездесу бірінші мамыр күні деп межеленді. Оған дейін жүректеріміз қуаныштан лүпіл қағып,кездесу сәтін асыға күткен болатынбыз. Қандай керемет, адамдар бірін бірі іздеу,сағыну, жүздесу, құшағын ашып мауқын басу деген.Асыға күткен күн де жетті,киелі Түркістанда барлығымызға сол сәт туып, салтанат сарайында қонақ күту дастарханында бас қостық. Сән салтанатпен залға кіріп келе жатқан бірге оқыған достарын жұбайлары қол шапалақтай қарсы алуы, салиқалы ізет көрсетуі біздің төбемізді көкке көтеріп қана қоймай,сымбатты әйелдерінің ілтипаттарына тамсана қарап тұрдым. Не деген жарасым,не деген ибалық, не деген құрмет ерлеріне және достарына деген.Сол әдемі көрініс санама құйылып қалды. Бас қосу дастарханында курстастар cтуденттік естеліктерімен бөлісіп, отыз бес жыл уақыт ішінде елге сіңірген еңбектері мен отбасы туралы айтылған танымдық кеш болды.Әрқайсысы өз өмір жолдарын,отбасын,туған топырақтарының жетістіктерін екі қоғамның азаматтары ретінде айтып берді. Ұрпақ тәрбиесімен айналысып қойған ұстаздар ғана емес, еңбектерімен елге танылған курстастарымды көргенде кеудемді мақтаныш сезімі билеп кетті. Әрқайсысы өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай іс тындырған азаматтар. Ең басты құндылық отбасы десек,сол қазіргі отбасыларына үлгі боларлық отбасы институтын қалыптастырған тұлғалар.Мәуелі бәйтеректей жайқалған,өз бәйбішелерін алақанға салып құрметтеген,өз ерлерін пір тұтқан, балаларына өнегелі тәрбие берген азаматтардың өмір тарихы осылайша бәріне үлгі болды.. Әрқайсысы бір төбе,еңбектері орасан.Өз басым шәкірттеріме,бауырларым мен жолдастарыма ауыз толтырып айтарлықтай мәліметтермен келдім. Жоғары санаттағы ұстаз,мектеп директоры,кәсіпкер, әкімшілік қызметкері,ақын, қоғамдық қайраткер,әскери шенді қызметкер айта берсең,әр тұлға бір дастан.Кездесу мазмұнды,мағыналы болды. Университет бітірген 35 жыл аралығындағы жетістіктерді бір кездесумен тауысып бітіре алмадық.Бірақ осындай ел алдында,шәкірттер алдында өз қызметтерін үлкен абыроймен адал атқарған достарым үшін кеудемді кере мақтануыма тура келді. Кездесу рухани астанадан алған әсерлерімді,әрбір тұлғаның өнегелі өмірімен байытты.
Кездесуден алған әсерлерімді бір мақаламен тауыса алмаспын,десе де бір екі тұлғаға тоқтала кетуді жөн көрдім. Халықтың ең әуелі саулығы,екінші білімі зор болса,ол ел қарыштап дамиды. Заман талабына сай жаңарған біліммен,европалық стандартқа сәйкестендірілген бағдарламамен ұрпағымызға сапалы білім,саналы тәрбие беруде курстасымыз Оспанбекова Бейбіткүлді мақтанышпен айта аламыз. Ол Алматы облысы,Іле ауданы № 18 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі. «Ұстаздық еткен жалықпас,үйретуден балаға” демекші ұстаздық жолында қажырлы еңбек етіп,сапалы білім,саналы тәрбие беруде еш шаршамаған. Бейбіткүлдің еңбегі елеусіз қалмады,2019 жылы Білім және ғылым министрі Аймағамбетов қолынан алғыс хат алады, Республикалық байқауға қатысып «Жылдың үздік тарихшысы» төс белгісін иемденеді, Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталады. Халықаралық,республикалық ұстаздар тәжірибесін бөлісу байқауларына қатысып, өзінің шеберлігімен шебер сабақтар өткізіп,білімді маман ретінде көпшілікті мойындата білді.Польша Республикасында Европалық білім жүйесін салыстырмалы талдау халықаралық конференциясында өзінің Инстаграмм әдісін қорғап, Польша мемлекеті «Евромед» ұйымының директоры Сергей Кондрашевтің қолынан халықаралық Ян Амос Коменский медалімен марапатталады.Айта берсең ,ұстаздың өз мамандығына деген сүйіспеншілігі сын сағаттарда көрініп,сол жолдағы орасан еңбектері бағаланып отырды. Бір кездесу арқылы білім жолында бір арнаға тоғысқан жолдастарымыз туралы біліп, олардың жеткен жетістіктерін қуана бөлісіп жаттық.

Астындағы суретте Польшадағы марапаттау сәті.

Одан кейінгі аузымызды толтырып айтатын досымыз Байділдаева Рауза. Ол Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасы. Студент кезінен белсенді,өткір ,қайсар болатын.Сол қайсарлығы Раузаны әлемдік танымал тұлғаға айналдырды. «Аяулы ана» Геннистер рекорттар кітабына есімі алтын әріппен жазылып Испан королінің күміс төсбелгісімен марапатталды.


«Қазақ аналар – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шиелі аудандық төрайымы. Қызылорда облысы әкімінің қолынан бірнеше рет марапатталады. Қоғамда әйелдердің өзекті мәселелерін көтеріп қана қоймай ,оны шешу жолында орасан үлес қосты. Ең бастысы ол ана, ол ұстаз. Ұстаздық қызметімен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрген Байділдаева Раузаның шәкірт тәрбиесінде де еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медальдарімен марапатталды. Барлық бірге оқыған студенттік достарым жөнінде ауыз толтырып айтарлық мәлімет көп,бірақ ол бір жапырақ ақ қағазға сыймайды.
Әрине ,осы кездесу арқылы өзіме рухани көп азық алдым.Шәкірт тәрбиелеп отырған ұстаз болған соң, қатарынан оза шапқан, келелі іс тындырған,елге пайдасы тиген достарым туралы неге айтпасқа. Атқарып жатқан еңбектері ғибратты, өскелең ұрпаққа өнеге болатындай жұмыстар.Кездесу естен кетпестен естеліктерімен маңызды болды.Бұл кездесуде әрқайсысы өмірден ойып орын алған ерекше азаматтар. Әсіресе қазіргі уақытта рухани құндылықтар құлдырап,отбасы институттарының тұрақталмай жатқан уақытында бұл аға буын жолы қазіргі жас отбасыларға үлгі. Қаншама әлеуметтік- экономикалық дағдарысты бастарынан өткізген қос қоғамның азаматтары,ауыр кезеңдерге қарамастан шаңырақтарын сақтап,гүлдендіріп, ұлды ұяға қондырып,қызды қияға ұшырып,немере сүйіп бау -бақшадай жайқалып отырған аға буынға неге риза болмасқа. Адамзат сонысымен бақытты,сонысымен мәртебесі биік.
Кездесу барысында әзіл шыны аралас бір жарасымды ортада өлеңдер оқылды, әзілдер айтылды,ән салынды. Төлеген досымыздың «Шалдарға ода» деген туындысы бізді күлкіге қарқ қылды.
Біз шалдармыз,біз де жігіт болғанбыз
Кешке қарай бізде қызға барғанбыз
Тықылдатып терезені ақырын,
Сықырлаған сары аязға тоңғанбыз!
Айналамыз жалт жұлт етіп толған қыз
Бас айналып ессіз ғашық болғанбыз
Дайындалып барған сөзді ұмытып
Тілді жұтып,сөз де айта алмай қалғанбыз!
Сол бір кезге қайта оралғым кеп тұрат
Ондай шанс біздей шалға жоқ бірақ
Жазың өтіп ,күзің келіп қалса да
Жастауынан тоқал алғың кеп тұрат!
Жас күніңде жарқ жұрқ еткен от шырақ
Бүгін сөніп қалатындай боп тұрат
Үрлейсің кеп,сол бір шоқты үрлейсің
Үрлегенде от алардай боп тұрат!
Кемпіріңсіз адасасың жолыңнан
Жас балаша емпеңдейсің соңынан
Күтіп сенің тамағыңды береді
Шөлің қанбас шәй ішпесең қолынан!- деп жастықтың албырттығын аңсап,алайда өз бәйбішелерінің қадірін айтып,өз жүректерінен шыққан өлең шумақтарымен жеткізіп жатты. «Әзілің жарасса,атаңмен ойна » дегендей қазақ баласы.Әзіл ,жарасымды күлкі адам өмірін ұзартып, денсаулыққа пайдасы барын психологтар мен орыс ғалымдары өз еңбектерінде жазып жүр. Алайда өмірде әзілдеспек тұрмақ,оны ұқпайтын қабағы қату адамдар болады. Қазақ ондайларды «аузында әзілі жоқтың,белінде шоқпары жүреді »-деп сақтандырып ,ол адамға аяғыңды сақ басып,аузыңды байқап ашуға шақырады.
Кеңес дәуірінде білімге қол жеткізу оңай болмады, бір сүрінесің,қайта тапсырасың,сол білімге қол жеткізу үшін бірнеше жыл қатарынан жоғарғы оқу орындарына емтихан тапсырып мақсатыңа жетесің.
Сол себептен бірге оқыған курстастар жастары біркелкі болмады, группаласыңа аға деген сыйластық қарым қатынас орнайтын. Ол да кезінде отбасынан алған тәрбиенің жемісі. Десе де, бір біріне мамыражай көңіл сыйлаған,астарлы әзілдерін сезіну ,оған әзілмен жауап беру сияқты идиллия орнықты. Жүрек кең тыныстайтындай,бір біріне сағыныш сезімдерін сыйлаған керемет атмосфера пайда болды.Қандай кезеңдер болмасын қазақ халқының пейілі дархан. Сол Түркістан қаласында тұратын Беркінбай ағамыз дейін ,аяғының сырқатына қарамастан құрақ ұшып жас балаша құрмет көрсетіп жүрді.Қыздары мен немерелеріне дейін рухани қаладағы барлық туристік сервистермен таныстырып, қонақжайлылық танытты. Беркінбай ағаның алыстан келген қонақтарға қонақасы беріп құрмет көрсетуі,жеңгеміз екеуінің кең пейілді,қонақжай екендігінің тағы бір көрінісі. Айтатыным көп, бұл әсерлі сағындырған кездесу болды.Бірақ мен осы кездесуді «Ғибратты кездесу»- деп атадым.Өйткені ұстаздар қауымы - бойында ізеттілік пен ізгілік, жүректері рухани бай, қоғамның әлеуметтік тобы. Олардың бойынан шуақ төгіліп тұрады.Мен сол шуақпен жылынып, бойыма қуат жинап,рухани байып Астанаға қалай жеткенімді білмей қалдым.
Айдарова Шолпан Әбдрәшитқызы,
Қазақ үні