Депутаттар батыр ескерткішіне тағзым етті
2026 ж. 09 мамыр
126
0
Отан қорғаушылар күні 7 мамырда Шымкент шаһарына келген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары, “Ақ жол” фракциясы мүшелері Қазыбек Иса мен Серік Ерубай қаладағы #135 мектебі алдындағы Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауымбаев ескерткішіне барып, тағзым етті.
Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауымбаев (1922-2014) елінің нағыз қорғаны болып, кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге қалдыра білді. Ол 1922 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылқұм ауданындағы Шымқорған совхозында дүниеге келген.
Қарапайым қойшы отбасында өсіп, бала кезінен еңбекке араласқан Тоғанбай атамыз 7-сыныпқа дейін ғана білім алды. Бірақ оның тағдыры елін, жерін қорғаумен өрілді. 1942 жылдың 1 қаңтарында 65-армияның 69-атқыштар дивизиясы құрамында майданға аттанды. Жас сарбаз Смоленск майданындағы қанды шайқаста ерлігімен көзге түсті.
Днепрден өтіп, Кеңес Одағының Батыры атанды
1943 жылы Днепр өзенін кесіп өту кезінде ерекше батылдық көрсетіп, жау бекінісіне алғашқы болып жеткендердің бірі болды.
Алғашқы айқаста-ақ 10 фашистің көзін жойған. Кеңес әскерлері келгенше Тоғанбайдың ротасы жау бекінісін ұстап тұрды.
Осы ерлігі үшін сол жылдың 30 қазанында “Кеңес Одағының Батыры" атағы берілді.
Мәскеудегі Жеңіс шеруінің қаһарманы
1945 жылы 24 маусымда Мәскеуде өткен Ұлы Жеңіс шеруінде Тоғанбай Қауымбаевқа №37-ші Қызыл тулы, Суворов орденді гвардиялық дивизияның жауынгерлік Қызыл туын көтеріп өту құрметі бұйырды. Бұл – жауынгерге көрсетілген ең жоғары сенім еді.

Соғыстан кейінгі өмірі
Бейбіт күнде де еліне адал қызмет еткен батыр Алматы қаласындағы заңгерлер мектебінде (1948), Жоғары партия мектебінде (1962) білім алып, туған өлкесіне оралды. Ол әр жылдары түрлі жауапты қызметтер атқарып, 1963 жылдан бастап Жетісай ауданындағы «Ленин» атындағы кеңшарда аға агроном болып еңбек етті. Зейнеткерлікке шыққан соң, кеңшардың ардагерлер кеңесінің төрағасы болды.
Ерлігі – мәңгілік
Соғыс жылдарында батырдың даңқы майдан даласынан асып, жауынгер ақын Сағынғали Сейітовтің "Тоғанбай" атты өлеңіне арқау болды. 2010 жылы Жеңістің 65 жылдығына орай №115 жалпы орта мектебінде Тоғанбай Қауымбаев атындағы музей ашылып, оның құрметіне мектеп ауласына бюст қойылды.
Марапаттары:
🏅 "Ленин" ордені
🏅 "І дәрежелі Отан соғысы" ордені
🏅 "Қызыл Жұлдыз" ордені
🎖️ Көптеген медальдар
Өнегелі өмір
1947 жылы Шәрбану апамен шаңырақ көтерген батыр ата бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Өмірі мен ерлігі – ел жадында мәңгілік.
2014 жылдың 11 шілдесінде 92 жасында өмірден өткен Тоғанбай Қауымбаев – Отан үшін от кешкен нағыз батыр, ел мақтанышы.
Ерлігі ұрпақ жадында!
Бұл батырдың өнегелі ғұмыры туралы Түркістан облысы Жетісай өңірлік мемлекеттік архивінің “ҰРПАҚҚА ҮЛГІ – ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ” атты жазба мәліметтері осылай дейді.
-Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауымбаевтың ескерткіші 2022 жылы батырдың 100 жылдығына орай мектеп ұжымы шешімімен орнатылған. Бірақ содан бері 4 жыл өтсе де, мектепке әлі батырдың аты берілмей келеді. Бұл туралы Марат Үкібаев парламентке, бізге бірнеше рет жазды. Біз тиісті Мәдениет министрлігі мен Шымкент қалалық әкімдігіне депутаттық сауал жолдадық. Соның арқасында батыр есімі “Тарихи тұлғалар” тізіміне кіргізілді. Бізге келген жауаптар бойынша енді жақында Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауымбаевтың аты қаладағы #135 мектебіне берілуі тиіс.-дейді белгілі ақын, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.
Ел қорғаған Ерлеріміздің есімі құрметке бөлене береді деп сенеміз.
Сапар барысында “Ақ жол” партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасы орынбасары Адай Шоқан бірге болды.
Қазақ үні