АҚЫНДЫ АРЫСТАН БАП ЕЛІНЕ АЛЫП КЕЛДІК
2026 ж. 20 сәуір
1556
0
Ақиық ақын Мұқтар Шаханұлы ағамызды арнайы чартер ұшақпен алып кетіп барамыз киелі Түркістан мен Отырар, қасиетті Арыстанбап еліне.
Алматы халқы, асқар Алатау асқақ ақынын қимай шығарып салды…
Әлемге әйгілі қазақтың ұлы ақыны, Тұран тұлғасы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық жазушысы Мұқтар Шаханұлының ақырғы аманаты орындалатын болды құдай қаласа.
Марқұмды бүгін 21 сәуірде Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында қалың ел құрметтеп, қоштасып, шығарып салды.
Сағат 12:00-де Ақынды туған жеріне алып ұшқан аппақ алып ұшақ Түркістан әуежайына сағат 13:05-те қонды. Әуежайдан Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров пен Түркістан облысы мәслихаты төрағасы Нұралы Әбішев бастаған топ күтіп алып, қаралы көш қасиетті Отырарға жол тартты.
АҚЫН ТУҒАН АУЫЛДА
Біз бүгін түс ауа Ақынның ақырғы аманатын орындап, өзінің кіндік қаны тамған киелі Отырар еліне, қасиетті Арыстан бап жеріне де жеттік. Аллаға сансыз шүкірлік айтамыз. Артында Серікжан Сейітжан ағамыз секілді сенімді серке інілері бар екен, құдайға шүкір. Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтахан екеуі бастап, біз Түркістан облысы әкімі орынбасары Ертай Алтаев, Мұқтар ақынның інілері Әлімжан Құртай, Қазыбек Иса, Қалдыбек Құрманәлі және тб қостап, ақын денесін туған жерге алып келдік.
Серікжан ағамыздың күшті ұсынысымен бүгін Мұқаңның сүйегі Шілік ауылындағы өзінің шығармашылық үйінде түнейді. Бұл үш қабатты зәулім сарайды Алашқа ардақты ақын ағасын құрметтеп, жемісті 75 жасқа толған мерейтойына лайықты тарту ретінде Серікжанның өзі салып бергенін айту ләзім.
Тура үйге қарама-қарсы жалпы білім беретін мектеп - Мұқтар Шаханов атында. 1992 жылы Отырар ауданындағы Крупская атындағы мектепке халық сүйікті ақыны Мұқтар Шахановтың атын берген. Сол жылы Қуаныш Айтаханов басқаратын Арыс ауданындағы Байырқұм ауылындағы Гоголь мектебі де Мұқтар Шахановтың атын алған.
Ертең 22 сәуірде сағат 10:00-де жаназа оқылады.
Жерлеу рәсімі сағат 11-де болады.
Сағат 12-де Шәуілдірдегі “Жұлдыз” мейрамханасында асы беріледі.
Ақын ата-бабасы жатқан қасиетті Арыстан бап кесенесі маңындағы зиратқа жерленеді.
Талай жыл Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамын басқарған айтулы академик, Алаш ардағы Өмірзақ Айтбайұлы мен сатира сардары Көпен Әмірбек тб белгілі ұлт зиялылары сол қорымға жерленген.
Мұқтар Шаханұлының жетісі 26 сәуірде сағат 12-де Шымкент қаласындағы Сейтжан қари мешітінде өтеді.
Пейіште рухы шалқи бергей!
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

