АҚЫННЫҢ АҚТЫҚ АМАНАТЫ ОРЫНДАЛУЫ КЕРЕК
2026 ж. 20 сәуір
61
0
Қазақтың ұлы ақыны, біртуар тұлғасы Мұқтар Шаханұлы дүниеден өтті…
Мұзбалақ Мұқаңмен бірге дүбірлеген бір дәуір көшіп барады!..
Иә, өмір бойы шындық үшін күресіп, ақиқат үшін айқасып өткен ақиық ақын бұл фәни дүниенің жалған екенін дәлелдеп, бақи дүниеге аттанып кетті…
Алыптардың соңғы тұяғы өмірден өтіп барады…
Біз ХХ ғасырдың аңызға да, абызға да айналған алып ақынымен бір дәуірде өмір сүру бақытына ие болып қалдық…
Ақын Мұқтардың, Батыр Мұқтардың семсердей өткір жалынды сөзіндегі, саңқылдаған дауысындағы Желтоқсанның дауылы Кремльдің қабырғасын шайқалтып жібергені дүниежүзіне дүбірі жеткен сөзсіз көзсіз ерлік еді…
Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық жазушысы, тұтас Тұран Еліне тұлға болған әлемге әйгілі ақын Мұқтар Шаханұлы өзін ата-бабасы жатқан киелі Отырар өңіріндегі қасиетті Арыстан бап кесенесі маңына жерлеуді аманат етіпті. Ақынның асыл жары Ханшайым жеңгеміз арқылы жазып қалдырған Ұлттың ұлы ақынының ақтық аманаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа арналғандықтан, әрі Ақын мен Президенттің бір-біріне деген ағалы-інідей сыйластығы мен құрметін жақсы білетіндігімізден, бұл аманаттың орындалатынына бүкіл халық сенімді.
Лайым, солай болғай, ақиық ақын өмір бойы әнмен де, жырмен де жырлап өткен туған жері, Ой ордасы -Отырар төсінде, киелі Арыстан бап кесенесі маңына мәңгілік мекендеп, жаны жәннаттан жай тауып, рухы риза болуын Алладан тілейміз! Ал “Аруақ разы болмай - тірі байымайды” деп атам қазақ тегін айтпаса керек.
Қалың қазаққа, тұтас Тұран еліне көңіл айтамыз.
Отбасына, асыл жары Ханшайым жеңгемізге, туған-туыстарына көңіл айтамыз.
Алла алдынан жарылқап, арты қайырлы болсын! Алды бейіш, арты кеніш болғай!
Иманы саламат болсын!
Ұлы ақынның асыл бейнесі ұлтының жүрегінде мәңгі жасай береді!
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Қазақ үні