ТЕМІРҚАЗЫҒЫМЫЗ – МЕМЛЕКЕТТІК МҮДДЕ

ТЕМІРҚАЗЫҒЫМЫЗ – МЕМЛЕКЕТТІК МҮДДЕ

Жұмыр жердегі адамзат тарихын тереңірек ғылымға жүгіне саралайтын болсақ, онда біз осы үдерістің табиғи заңдылыққа сүйене отырып дамитынына шек келтіре алмаймыз. Адамзаттың әрбір даму дәуіріндегі қоғамдық формацияны құру – адамдардың физиологиялық қасиетіне тікелей байланысты бола отырып, қоғамдық сананың даму деңгейіне тәуелді. Әрбір қоғамдық формациядағы өндіріс күшінің пайда болып, дамып, сапасының өзгеріп отыруы адамдардың табиғи, қоғамдық санасының дамуымен тікелей байланысты. Бастапқыда адамдардың бірігіп әрекет жасауынан басталған қарапайым ара қатынас келе-келе күрделі қауымдастықтар мен қоғамдық жүйе қалыптастырып, мемлекеттердің пайда болуына алып келді. Алғашқы қауымдастықтар мен мемлекет қаңқасын құруға мұрындық болған жеке тайпалар мен халықтар болса, қазіргі кезеңде мемлекеттерді оның негізін салушы бір халықтың, сол аймақта тұрып жатқан этностар өкілдерін өз маңайына біріктіріп, тек бір ұлт құрайтыны белгілі. Бұл үрдіс адамзат дамуындағы табиғи заңдылық. Оны әлемдегі дамыған және дамып келе жатқан мемлекеттердің тәжірибесінен көреміз. Сондықтан егер біз Қазақ елінің дербес, Тәуелсіз мемлекет болуына мүдделі болсақ, онда біз болашақ Тәуелсіз мемлекетіміздің темірқазығы – ұлттық идеяны анықтап, заңдастырып бекітуіміз қажет.

Әлемдегі мемлекеттердің саяси ұстанымының, яғни ұлттық идеяларының өзегі барлық мемлекеттерге тән бір ортақ заңдылыққа бағынады. Ол заңдылық: Ұлттық идея – Қазақ халқы, азат ұлтының (мемлекетқұрушы) экономикалық, саяси, рухани Тәуелсіздігінің, Ел мен Жер біртұтастығының мәңгі сақталуын және ұлттық байлығы тек өз елінің игілігіне жұмсалып, жұртының кедейлік көрмей әлеуметтік жағдайының үнемі жақсарып отыруы мен ұлтына тән рухани дамуын қолдайтын бағытты қатаң ұстанатын әділетті Ұлттық мемлекет құрып, оны дамыту. Осы заңдылық барлық мемлекеттердің даму үрдісінің ұлттық идеясының негізгі өзегі ретінде барлығына ортақ. Өйткені тек осы құндылықтар ғана әр елде барша халықты ортақ мүдде ретінде топтастыра алады. Сондықтан Қазақ халқы құрып отырған мемлекетінің ұлттық идеясының темірқазығы осы құндылықтар болуы заңдылық. Біз оны дамыған ірі мемлекеттер Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Түркия, Ресей, Қытай, Индия, Жапония, т.б. саяси ұстанымынан анық көріп отырмыз. Осы заңдылық дүниежүзілік экономикалық дағдарыс кезінде өте айқын көрініс тапты. Осы бағытта дамуды бекіту, «жаһандану және әлемдік демократиялық стандартқа сай боламыз» деген ұғыммен алпауыт елдердің қитұрқы экономикалық экспансиясының ықпалдық шеңберіне кіріп кетуден сақтайды. 

Тәуелсіз ұлттық мемлекет болғымыз келсе, экономикалық және саяси кіріптарлық шеңберіне түсіп қалмау үшін жаһандануға тән халықаралық интеграцияға кіру саясаты өте сақ, өз Тәуелсіздігіне нұқсан келтірмейтіндей, ұтымдылықпен жүргізілуі тиіс. Осы қатерлерден сақтанудың жолы, ең алдымен ұлттық идея негізінде мемлекет құрудың жолын заңдастырып бекіту және осы ұстанымды орындауда жігерлі болуды қажет етеді. Ұлттық идея негізінде мемлекет құруға тән заңдылық – оның экономикасының, ішкі және сыртқы саясатының, ғылымының, заң жүйесін құруының, экологиялық қауіпсіздігінің, білім беру жүйесінің, мәдениетінің, ақпарат тарату, ұрпақ тәрбиелеу, қоғамдық сана қалыптастыру мен рухани дамуының идеологиясы мемлекет құрушы халықтың (ұлттың) мүддесін қалтқысыз қорғап, оның ұлттық ерекшелігін сақтауға бағытталады. Қандай мемлекет болсын, өзінің Тәуелсіздігін сақтау үшін ең алдымен экономикалық тәуелсіздігін қорғайды. Бұл – қоғамдық даму заңдылығы.

Экономикасы тәуелсіз ел ғана өзінің Тәуелсіздігін қорғай алады. Сондықтан мемлекет, экономикалық даму мен ел басқару жүйесінің қандай түрін таңдаса да оның экономикалық саясатының идеологиясы ұлттық идея заңдылығына қатаң бағынуы ең басты шарт болуы қажет. Яғни бұл идеология, экономикалық даму үрдісі мен ел басқаруда – ұлттық байлықты талан-таражға салмай өз халқының игілігіне (әлеуметтік жағдайын жақсартуға) пайдалана отырып, ұлттық мүддені мүлткісіз қорғауға қатаң бағытталады. Ұлттың негізгі байлығы жер мен жер қойнауының қазынасы мемлекеттік емес, халықтың ортақ байлығы екенін заңдастырып бекіту қажет. Жер – табиғи байлық, оны өндіруге ешқандай капитал мен өндіруші күш пайдаланбағандықтан тауар ретінде оның ғылыми негізделген құнын анықтауға болмайды. Бұл үрдіс экономика заңына қайшы, ол әлемдегі алпауыттардың пайда табу мен өктемдік жүргізу жолында жердің құнын волютаризмдік жолымен сатуды алаяқтықпенен жүргізіп келе жатқандар. Ол адамзатты рухсыздандыру саясаты болғандықтан, келешекте адамзатты табиғи дамудан айырып, дағдарысқа тірейтін жол.

Жер – адамзаттың ортақ үйі, ол тарихи, табиғи азамзат қауымының дамуына және әр халық өздерінің қалыптасу ерекшелігіне байланысты орналасқан. Сондықтан әр халық тарихи қалыптасып, өзі тұрып жатқан жерінің иегері болуы заңдылық. Мемлекет тек, осы халықтардың қауымдастық құрып мүддесін қорғауға пайдаланатын құрал күші (орудие управление) болуына тікелей байланысты оның құқығы мен құзырыда шектеулі болуы қажет. Құқығы шектелмеген мемлекетте (билік жүргізуші күш бақылауда болмаса) ешқашанда қоғамда әділеттілік болмайды. Сондықтан, жер халық меншігінде болып, мемлекет тек оның пайдалануын ретеп отыруына ғана құқылы болуы қажет. Жер әр азаматтың минималды өмір сүру қажеттілігін өтеуге арналған (тұрғын үй, қоражай, бақша) заңды түрде бекітілген мөлшерде тегін берілуі тиіс. Кәсіптік бағытта пайдалануға мемлекет өз азаматтарына жалға беруге құқылы болуы тиіс. Шет ел компаниялары мен азаматтарына жер сату тоқталмаса келешекте Мемлекеттің Тәуелсіздігіне қауіп төндіреді.

Жер мен жер байлығы ел экономикасының өзегі болғандықтан, Ұлттық мүддені қорғайтын заңмен реттелуі қажет. Индустриялық даму бағыты – жер қойнауының байлығы мен табиғи басқа байлықтар ресурсын шикізат күйінде шетке шығаруды тежеп, елімізге жаңа технологияларды әкеліп, сұранысқа сай, сапасы мен дизайны жоғары, халықаралық деңгейдегі өндірістік өнімдерді шығарып сатуды жолға қоюы қажет. Шығарылатын өндірістік өнімдер ең алдымен еліміздің ішкі қажеттігін қамтамасыз етуі тиіс. Экономика заңдылығы бойынша әр елдегі шығарылатын өнімнің өз елінің ішкі қажеттілігінде неғұрлым сұранысы жоғары болса, сонда ғана шет елдерде сұранысқа ие болып, бәсекелестікке төтеп бере алады.

Ал экономикалық заңдылықпен санаспай тапсырмамен бәсекелестік қуалап өнім шығарумен шұғылдану әсірелік (валюнтаризм), ондай бағыт тек экономикада туындайтын дағдарыстарды тудыруға ықпал етеді. Жер қойнауынан шығатын шикізат өнімін өңдеу кәсіпорындарынан басқа өндіріс кәсіпорындарын жобалағанда, олардың өте ірі болуы жанама шығындарының өсуіне әкеліп, қажеттілік туған жағдайда технологияны тез алмастырып, жаңа өнімдерді қысқа мерзімде игеруді тежейді. Сонымен қатар, өндіріс орнының тез, аз шығынмен бейімделу үдерісін әлсіретіп, әлемдік бәсекелестік сайысында ұтылысқа әкеледі және экономикалық дағдарыс кезінде көп зиян шектіреді. Экономиканың тиімді болуы, шығарылатын өнімдердің өз құнын төмендетігі, сапасын көтеретін жаңа технологияны уақ-уақ жедел өзгертуге бейімделген орташа және шағын кәсіпорындардың көп болуына байланысты.

Жаңа технологияны пайдаланып ірі кәсіпорындарды салу экономикалық сауатсыздық. Өйткені оны салып, барлық қуатын толық пайдалану мерзімінің ұзақтығынан, ол технология ескіріп, өніміне сұраныс азаятындықтан және технологиясын жаңарту мүмкіншілігінің шектеулігіне байланысты өндіріс тиімділігі күрт төмендейді. Осының бәрі экономика саясаты идеологиясының ұлттық мүддені ойламауынан туындайды. Жеңіл өнеркәсіптің экономикалық тиімділік қасиетін пайдалана отырып және өнімдерінің елдің ішкі қажеттілікте зор сұранысқа ие болатынын ескеріп, осы бағыттағы орта және шағын кәсіпорындарды жаңа жетік технология негізінде барлық аймақтарда (бір жерде шоғырландырмай) дамыту еңбек ресурсын тиімді пайдалануға да, өнімнің бағасының қолжетімді болуына да ықпал етеді. Және де, осы кәсіпорындардың тауар өнімдері ұлттық брендтің пайда болуына және жергілікті шикізат қорын тиімді пайдалануға қажет. Сонымен қатар Малайзия, Сингапур елдерінің тәжірибесінде бар, ұлттық ғылымның, жеке ғалымдардың, өнертапқыштардың жетістіктерін ұлттық интелектуалды кадрлерді пайдалана отырып, қалаларда шағын электроника, жаңа өнімдерді шығаратын шағын кәсіпорындардың пайда болуына жағдай жасауды жолға қою қажет. Ауыл шаруашылығының дамуын ұлттық менталитетке тығыз байланыстыра жүргізудің негізі ауылдық жердегі шикізатты қалдықсыз өңдеуді әр аймақтағы елді мекендерде жаңа өңдеу технологиясына негізделген шағын кәсіпорындарды ашу. Олар сапалы, жоғары дизайнды безендірілген өнім шығаруды іске асырып, ішкі сұранысты қамтамасыз етумен бірге елімізді азық-түлік өніміне деген тәуелділіктен арылтып, қайта көрші елдерге дайын өнімдерді шығаруға жол ашады. Яғни, ұлттық ерекшелігімізге бағытталған экономикамыздың өзіне тән брендтері пайда болып, әлемдік бәсекелестік додасына түсе алады. Осы бағытта дамыған ауыл экономикасы тұрғындарының әлеуметтік даму деңгейін, мәдениетін қалалық өмір деңгейіне жақындатады. Сондай-ақ келешекте орта және шағын шаруашылықтардың кооперация одақтарын құрып, ауылшаруашылық өнімдерін өндірістен тұтынушыларға дейінгі жолын қысқартатын, тиімділігі жоғары, алыпсатарлықпен өнім бағасының өсуін тежейтін саланың негізін салу қажет деп санаймыз.

Қазіргі экономикалық даму кезеңіндегі орын алып отырған жемқорлық үрдісі біздің ұлтымыздың тарихи қалыптасқан менталитетіне тән құбылыс емес. Бұл құбылыстың тамыры капитализмдік бағыттағы шаруашылық құру негізіндегі пайда (прибыль) өндіру заңдылығының табиғатына тән екенін кезінде К.Маркс көрсеткен. Оны жоққа шығаратын ғылыми тұжырым жоқ. Осы келеңсіз үрдіс бүкіл әлемдегі нарықтық бағытты ту қылып ұстап, пайда табудың жолында адами қасиеті бар құндылықтардан айрылып, рухани азғындық жолына түскен елдердің бәрінде етек жайған. Қазақ еліне жемқорлық пен парақорлық отарландыру саясатымен бірге келген. Еш бір қатал заң, жазалау бұл мәселені шешпейді. Еліміздегі жемқорлықты тоқтату тек рухсыздандыруды тежегенде ғана іске асады. 

Мемлекет Тәуелсіздігінің мәңгі болуы оның ұтымды, ұлттық мүддені көзінің қарашығындай қорғайтын сыртқы саясатының идеологиясына байланысты. Егер сыртқы саясат идеологиясы ұлттық идея шеңберінен қандайда бір сылтаумен, не болмаса тар шеңберлік саясат жетегіне еріп мадақ, жасанды бедел жинау мақсатымен ауытқыса – Ұлттың Тәуелсіздігіне қауіп төндіреді. Саяси көрегендік – бүгінгі және жақын арадағы мақсатқа ғана жету емес, ол өз ұлтының тарихын ескеріп және ертеңгісін ойлап, халқының ар, намысына кір жуытпай, ел келешегіне нұқсан келтіретін жағдайларды болжай біліп, шешім қабылдау. 

Ұлттық идея негізінде мемлекет құру үшін мемлекеттің атынан «Қазақстан» сөзін алып тастап «Қазақ Республикасы» деген атау беріп, ал қазіргі Ата заңдағы «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы....» деген қазақ халқының тарихы мен мүддесін мойындамайтын жалпылама космополиттік ұғымды алып тастау қажет деп есептейміз. Қазақ халқының осы мемлекетті құрушы ұлт екенін нақтылайтын және мемлекет ұлтық идея негізінде дамитыны туралы тұжырым енгізілсе ғана Қазақ елінің келешектегі Тәуелсіздігіне күмәнсіз қарауға болады. Сондай-ақ қазіргі зиялылардың, ұлт болашағын ойлаған барша азаматтардың, биліктегі ұлтына жанашыр қызметкерлердің мемлекет тілінің деңгейін көтеру бағытындағы істерінің тиімділігі қазақ тілінің өмір сүріп дамуына орта туғызуға байланысты екені анық. Яғни, экономиканың, саясаттың, ғылымның, технологияның, білім беру мен рухани тәрбие жүйесінің, ақпарат кеңістігінің қазақ тілінде сөйлеуін іске асыру өте-мөте қажет. Бұдан екі мың бес жүз жылдай бұрын өмір сүрген әйгілі Дарий патша: «Баянды мемлекет болу үшін халықтың бір тілде, бір дінде болуын қамтамасыз ету керек» деп, мемлекет құрудағы тіл мен рухани тәрбие мәселесінің маңызын дөп баса айтқан екен.  

Өз ұлтымыздың дамуын ғылыми жетістіктерді пайдалана отырып, табиғи заңдылықтардан ауытқымай, волюнтаризмге жол бермей іске асыру – бәріміздің азаматтық борышымыз. 

 Болат ДҮЙСЕМБІ, 

саясаткер-экономист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі