Дін ұлтты ұйыстырар күшке ие бола ала ма?
2026 ж. 10 наурыз
123
1
Ұлттың бірлігі мен тұтастығы – кез келген мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының негізгі шарттарының бірі. Тарихқа көз жүгіртсек, халықты бір мақсатқа жұмылдыратын көптеген факторлар болған. Солардың бірі – дін. Дін адамдардың дүниетанымын қалыптастырып қана қоймай, қоғамдағы моральдық құндылықтарды нығайтуға да ықпал етеді. Сондықтан дін белгілі бір деңгейде ұлтты ұйыстыратын күш бола алады.
Ең алдымен, дін адамдарды ортақ құндылықтар мен рухани қағидалар төңірегіне біріктіреді. Дінде адалдық, әділдік, мейірімділік, сабырлылық сияқты адамгершілік қасиеттер насихатталады. Бұл құндылықтар қоғам мүшелерінің бір-біріне деген құрметін арттырып, өзара түсіністік орнатуға көмектеседі. Егер халықтың басым бөлігі ортақ рухани құндылықтарды ұстанса, ол қоғамның бірлігі мен тұрақтылығын күшейтеді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстан халқының басым бөлігі белгілі бір дінді ұстанады. Ашық мәліметтерге сенсек 2021 жылғы халық санағы бойынша ел тұрғындарының шамамен 69,3%-ы ислам дінін, ал 17,2%-ы христиан дінін ұстанады. Басқа діндерге жататындар шамамен 0,2%, ал 2,25% адам өзін атеист деп санайды. Сонымен қатар 11%-ға жуық адам өзінің діни сенімін көрсетпеген.
Бұл көрсеткіштер діннің қоғам өмірінде әлі де маңызды орын алатынын көрсетеді.
Сонымен қатар дін тарихи тұрғыдан да көптеген халықтарды біріктірген. Қазақстанда ислам діні халықтың мәдениетімен, салт-дәстүрімен тығыз байланысты. Мысалы, неке қию, жерлеу рәсімдері, діни мерекелер мен қайырымдылық жасау сияқты дәстүрлер халықтың өмірінде ерекше орын алады. Википедия дерегі бойынша елде 3 мыңнан астам мешіт пен көптеген шіркеулер жұмыс істейді, бұл діннің қоғамдағы ықпалы бар екенін дәлелдейді.
Алайда дін ұлтты біріктіретін күш болуымен қатар, дұрыс түсіндірілмеген жағдайда қоғамда алауыздық тудыруы да мүмкін. Әсіресе көпұлтты және көпконфессиялы мемлекеттерде әртүрлі діни көзқарастардың болуы заңды құбылыс. Сондықтан қоғамда діни төзімділік пен өзара құрметтің болуы өте маңызды. Қазақстанда әртүрлі діни ұйымдардың қызмет етуіне заң жүзінде рұқсат берілген және мемлекет зайырлы қағидаларды ұстанады.
Қорытындылай келе, дін ұлтты ұйыстыра алатын маңызды рухани күштердің бірі. Статистика көрсеткендей, халықтың басым бөлігі белгілі бір діни сенімге ие, сондықтан дін қоғамдағы моральдық құндылықтарды нығайтып, адамдарды ортақ мақсатқа біріктіруге ықпал ете алады. Алайда бұл тек діни төзімділік сақталып, дін қоғамдағы бейбітшілік пен бірлікті нығайтуға бағытталған жағдайда ғана жүзеге асады.
Г. Садық,
Қазақ үні