Анкарада Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш ашылды
2026 ж. 10 наурыз
192
0
Анкарада Қазақстанның Тәуелсіздік күні мен қазақтың белгілі ағартушысы, түркітанушы-ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, Анкара қаласындағы Етимесгут муниципалитетінде Ұлт ұстазының ескерткіші мен паркі салтанатты түрде ашылды.
Аталған шараға Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Етимесгут муниципалитетінің әкімі Енвер Демирел, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, ҚР Сыртқы істер министрінің өкілі Хасан Баджажы, Анкарадағы түркітілдес мемлекеттер Елшіліктерінің өкілдері, ТҮРКСОЙ өкілдері, «YDA» холдинг басқарма төрағасы Хусейн Арслан, Қазақстан мәдениет және сауда орталығының төрағасы Ғанимет Қайсаұлы, Қазақстан мәдениет және сауда орталығы төрағасының орынбасары және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Түркиядағы өкілі Ержан Уәйіс, зиялы қауым, қазақ диаспорасы және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Елші Е.Сәпиев Қазақстанның Тәуелсіздік күні мен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы саябақ пен ескерткіштің ашылуына үлес қосқан Етимесгут муниципалитетінің төрағасы Енвер Демирелге және қызметкерлеріне, «YDA» холдинг басқарма төрағасы Хусейн Арсланға, Астана қаласы әкімдігіне алғысын білдірді.
Биыл ЮНЕСКО-ның шешімімен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы халықаралық тұрғыда аталып өткенін, осы ретте Елшілік тарапынан да көптеген маңызды іс-шаралардың өткізілгенін, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқына ғана емес, күллі түрік халықтарына ортақ тұлға екенін, ол Қазақстанның болашағы үшін ғана емес, түркі әлемінің азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен тұлға екенін баяндады.
Түркия Астанасы Анкара қаласында Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы паркінің және ескерткішінің ашылуы бауырлас қазақ және түрік халықтарының мәдени-гуманитарлық қатынастарының алдағы уақытта да тұрақты дамуының көрсеткіші болып табылады.
Еске сала кетейік, 2021 жылы желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісі жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса ұлт ұстазы, Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е.Тоғжановқа “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын жолдаған еді.
Өз сауалында депутат “Ұлт ұстазының еңселі ескерткіші тек Қостанаймен, қос астанамен ғана шектелмеуі керек! Бүкіл Тұранның тұлғасы дерлік Ахаңның ескерткіші Түркі әлемінің ордасы Түркістанда, алғашқы астанамыздың бірі Қызылордада, Шымкентте, барлық облыс орталықтарында да тұруы тиіс! Түркияда Анкарада, Ресейде Орынборда, Өзбекстанда Ташкентте, Әзірбайжанда Бакуде ескерткіштерун орнатуға қол жеткізу керек.”- деп атап көрсетіп, ұсыныс жасаған болатын.
Сол кездегі Үкімет басшысының орынбасары Е.Тоғжановтың аталмыш депутаттық сауалға берген жауабында да бұл ұсыныстардың қолдау тапқаны айтылған.
Жауапта 2021 жылғы 27 қазанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар (бұдан әрі – Жоспар) бекітілгені хабарланған.
- Түркияның Анкара қаласында, Ресейдің Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнату мәселесін қарастыру аталған жоспарда қамтылған”-деп, нақты жауап берген болатын Е. Тоғжанов.