Зират кімдікі: Молданікі ме, мемлекеттікі ме?
2026 ж. 06 наурыз
184
0
«Пәленше молда айтты» – заңнан биік пе? Діни фанатизм мен зират дауы ұлт тұтастығына қауіп төндіруде
Соңғы уақытта еліміздің ақпараттық кеңістігінде «тәңіршілерді мұсылман зиратына жерлеуге болмайды» деген мазмұндағы мәлімдемелер жиілеп кетті. Бір қарағанда діни қағида болып көрінгенімен, бұл мәселенің астарында қоғамды іштей іріту, азаматтарды «біз» және «олар» деп бөлу, тіпті мемлекеттік заңдарды белден басу үрдісі жатыр. Біз қашаннан бері Конституцияның емес, «пәленше молданың» пәтуасына бағынатын догманың құлына айналдық?
Догманың құрсауы: Интеллектуалдық жалқаулық
Бүгінгі қоғамның ең ауыр дерті – соқыр сенім. Біз ғылым мен технология ғасырында өмір сүріп жатсақ та, санамызды TikTok пен Instagram-дағы «уағызшылардың» қолына беріп қойдық. «Пәленше молда айтты» деген сөз көптеген қандастарымыз үшін ақиқаттың соңғы нүктесіне айналды.
Бұл – интеллектуалылқ жалқаулық. Адамдар өз бетінше ізденуден, заңды оқудан, тіпті қазақтың байырғы салт-дәстүріне үңілуден қалды. Молданың аузынан шыққан кез келген сөзді сүзгіден өткізбей қабылдау – орта ғасырлық деңгейге қайта оралудың белгісі. Бұл үрдіс ертеңгі күні мемлекеттік институттардың рөлін жоққа шығарып, ел ішінде діни теократиялық түсініктің үстемдік құруына әкеп соғуы мүмкін.
Зират кімдікі: Молданікі ме, мемлекеттікі ме?
Зират басындағы дау – діни фанатизмнің ең сорақы көрінісі. Ең алдымен, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституцияның 14-бабында ешкімді діни нанымына байланысты кемсітуге болмайтыны тайға таңба басқандай жазылған. Ал зираттар – мемлекет меншігі. Оны басқару, жерлеу тәртібін белгілеу – жергілікті әкімдіктердің құзыретіндегі шаруа.
Молданың «жерлетпеймін» деуі – заңсыздық. Егер біз бүгін өлген адамның сүйегін бөлетін болсақ, ертең тірілердің арасында соғыс бастайтынымыз анық. Қазақ ешқашан «сүйекке таласпаған». Көршілес отырған өзге дін өкілдерінің де аруағын сыйлаған халық едік. Ал қазіргі «бөлу» саясаты ұлттық біртұтастығымызға балта шауып жатыр.
Егер ертең біреу «Тәңіршілді қорымға қойма» десе, арғы күні «намаз оқымаған туысыңды жерлеме» дейді. Одан кейін «хиджаб кимеген қызыңның жаназасын шығарма» дейді. Соқыр соқпақ осылай басталады.
Біз осылайша қоғамды тірі кезімізде де, өлгенде де бөліп-жарып, біртұтас ұлттық тұтастығымыздан айырылып жатырмыз. Бұл — діни идеологияның біздің санамызға салған «темір торы». Құранда «ақыл иелеріне» үндеу тастаса да, біз ақылды шетке ысырып, «пәленше молда айтты» деген догманың құлына айналдық. Біз ғылым мен білімнің ғасырында өмір сүріп жатсақ та, санамызды «интернет-шейхтардың» деструктивті пәтуаларына тұтқынға беріп қойдық. Молданың сөзін Конституциядан жоғары қою — мемлекеттігімізге төнген үлкен қауіп.
Кешегі Абай мен Шәкәрімнің «толық адамы» емес, бүгінгінің «құлақкесті құлы» пайда болды. Ол үшін дәлелдің керегі жоқ, «пәленше молда солай деді» деген бір ауыз сөз жеткілікті.
Жауапкершілік: Пікір ме, әлде қылмыс па?
Мұндай алауыздық тудыратын мәлімдемелер үшін заң алдында жауап беретін уақыт жетті. ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабында діни алауыздықты қоздыру үшін қатаң жаза қарастырылған. Қоғамды топтарға бөліп, біреуді кемсітіп, екіншісін артық санау – бұл жай ғана «пікір» емес, бұл мемлекеттің іргесін сөгуге бағытталған әрекет.
Егер молданың үгітінен кейін жұрт біреудің моласын қорласа немесе жерлеуге кедергі келтірсе, бұл үшін тек орындаушылар ғана емес, сол идеяны насихаттаған уағызшы да жауапқа тартылуы тиіс.
Түйін
Қадірлі қауым! Бізді топырақ бөле алмайды, өйткені бәріміз содан жаралдық. Бізді тек қараңғылық қана бөле алады. Соқыр соқпақтан шығатын кез келді. Иманды — құлшылықтың техникасымен емес, жүректің кеңдігімен өлшейік. Адам өлгенде «мұсылман» немесе «тәңіршіл» болып өлмейді, ол — «адам» болып өтеді. Сондықтан, өлілермен емес, өзіміздің ішіміздегі надандықпен күресейік. Біздің зираттарымыз емес, біздің мақсаттарымыз бен құндылықтарымыз бір болуы тиіс!
Біз таңдау жасауымыз керек: не заң үстемдік құратын өркениетті мемлекет боламыз, не «пәленше молданың» аузына қараған догманың құлы болып қаламыз. Дін – жүректегі тазалық пен иманның өлшемі болуы тиіс, ал қоғамдық қатынастарды тек заң ғана реттеуі қажет. Әйтпесе, діни фанатизмнің жетегінде кеткен тобыр елміздің жоғалып кетуіне алып келуі мүмкін..
Асылбек Ештаев,
Қазақ үні