БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНДА ҚАНДАЙ ЖАҢАЛЫҚТАР БАР?
2026 ж. 25 ақпан
80
0
Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы
Сот төрелігі академиясындағы магистратура және докторантура білім беру бағдарламаларындағы жаңалықтар туралы
2024 жылғы 15 шілдеден бастап Сот төрелігі академиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде Президентінің 2023 жылғы 10 маусымдағы Жарлығына сәйкес, 2024 жылғы 15 шілдеден бастап Жоғарғы Соттан Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына ресми түрде берілді. Қазіргі таңда Жоғары Сот Кеңесі Академияны жалпы басқаруды жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады.
Бұл шешім Сот төрелігі академиясының сот жүйесіндегі негізгі білім беру және ғылыми орталық ретіндегі дамуының жаңа кезеңіне негіз қалаған маңызды институционалдық қадам болды. Осы сәттен бастап Академия дамуының жаңа кезеңі басталды.
Академияны Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына беру сәтінен бастап қазіргі уақытқа дейін уәкілетті органның жалпы стратегиялық басшылығымен Академия қызметінің барлық бағыттарын жаңарту мен жаңғыртуға бағытталған белсенді әрі жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұған дейін тоқырауға ұшыраған жобаларды жандандыру, оларды аяқтау және іске асырудың сапалық тұрғыдан жаңа деңгейіне шығару бойынша ауқымды үдеріс басталды.
Сот төрелігі академиясының қызметінің барлық негізгі бағыттары бойынша орнықты дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ сот жүйесінің кадрлық әлеуетін даярлау мен ғылыми сүйемелдеудің тиімділігін арттыру мақсатында Сот төрелігі академиясын дамытудың 2025 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Академия дамуының перспективалары мен стратегиялық бағытына қатысты айқын көзқарас оны бағдар ретінде айқындап, мекеменің білім беру, ғылыми және ұйымдастырушылық қызметін жүйелі жаңғыртуға қуатты серпін берді.
Тұжырымдамада айқындалған стратегиялық міндеттерді іске асыру шеңберіндегі негізгі бағыттардың бірі – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жетілдіру болып табылады.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес Академия жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асырады, сот жүйесі кадрларын қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және ғылыми қызметті жүзеге асырады. Академияның миссиясы – сот корпусын қалыптастыру, сондай-ақ қазіргі судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру.
Академия өзінің мәртебесіне сәйкес білім беру мазмұны мен қолданылатын білім беру технологияларын анықтауда толық дербестікке ие, бұл сот жүйесі үшін жоғары білікті кадрларды даярлау қажеттілігінен туындап отыр. Бүгінгі таңда Сот төрелігі академиясы сот жүйесіне кадрларды дайындаумен айналысатын бірден-бір жоғары оқу орны болып табылады. Академия «Құқық» кадрлерді даярлау бағытымен «Сот және сот төрелігі» білім беру бағдарламасы бойынша бір жылдық бейіндік магистратура шеңберінде арнайы оқыту үдерісін жүргізеді.
Тұжырымдамаға сәйкес Сот төрелігі академиясының дамуында сапалық тұрғыдан жаңа кезеңді айқындайтын маңызды институционалдық жаңашылдықтар іске асырылды.
Атап айтқанда, Академия тарихында алғаш рет ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистратура ашылып, 2025 жылы осы бағдарлама бойынша алғашқы қабылдау жүзеге асырылды. Бұл қадам Академияның тек қолданбалы-практикалық даярлықпен шектелмей, сот жүйесі үшін ғылыми ойлау қабілеті жоғары, талдамалық әлеуеті қалыптасқан, сондай-ақ болашақта білім беру және ғылыми қызметті жүзеге асыра алатын кадрларды даярлауға бағытталғанын айқын көрсетеді.
Ғылыми-педагогикалық магистратураның енгізілуі Академияның білім беру моделін жүйелі түрде кеңейтіп, оны сот жүйесінің кадрлық әлеуетін қалыптастырудағы толыққанды академиялық орталық деңгейіне көтереді.
Бұл бағдарлама магистранттарға құқықтық ғылымның теориялық негіздерін терең меңгеруге, ғылыми зерттеу жүргізу әдіснамасын игеруге, сондай-ақ сот практикасын ғылыми тұрғыдан пайымдау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде сот жүйесі үшін тек тәжірибелі практиктер ғана емес, сонымен қатар құқықтық дамудың стратегиялық бағыттарын айқындай алатын, ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеуге қабілетті мамандар даярланады.
Сонымен қатар, Академия профильдік және ғылыми-педагогикалық бағыттар бойынша докторантураның білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға лицензия алуы ерекше маңызға ие оқиға болып табылады. Бұл жетістік Академияның институционалдық мәртебесін жаңа деңгейге көтеріп, оны сот жүйесіне арналған кадрларды даярлаудың толық циклін қамтитын бірегей оқу орны ретінде бекемдейді.
Докторантураның енгізілуі құқық саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүйелі түрде дамытуға, отандық сот практикасының өзекті мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерделеуге және ғылыми мектеп қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Аталған жаңашылдықтардың маңызы Сот төрелігі академиясының судьяларды даярлауды жүзеге асыратын және ерекше мәртебеге ие жалғыз оқу орны ретіндегі рөлін одан әрі күшейтеді. Магистратура мен докторантура деңгейлерінің ашылуы Академияның сот жүйесі үшін тек кәсіби кадрлар даярлайтын мекеме ғана емес, сонымен қатар құқықтық ғылым мен білім берудің стратегиялық орталығы ретіндегі функциясын айқындайды.
Бұл өз кезегінде сот жүйесінің тұрақты дамуына, оның ғылыми-әдістемелік негіздерінің нығаюына және құқық қолдану практикасының сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді.
Академиядағы білім беру үдерісі магистранттардың болашақ кәсіби қызметіне толықтай бағдарланған және түлектердің сот төрелігін жүзеге асыру үшін қажетті теориялық білім мен практикалық дағдыларды кешенді түрде меңгеруін көздейді. Оқу бағдарламалары болашақ судьялардың кәсіби ортаға барынша дайын болуын қамтамасыз етуге бағытталып, оқу барысында алынған білімнің нақты тәжірибеде қолданылуына басымдық беріледі.
Осылай, Академияның білім беру саясаты «судья судьяны оқытады» қағидатына негізделген. Бұл ұстаным оқыту сапасын арттырып қана қоймай, теориялық білімді нақты сот тәжірибесімен үйлестіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде үнемі өзгеріп отыратын құқықтық орта жағдайында тиімді қызмет ете алатын, кәсіби тұрғыдан даярлығы жоғары судьялар қалыптасады. Академияда дәріс беретін оқытушылардың басым бөлігін, яғни профессор-оқытушылық құрамының жартысынан астамы Жоғарғы Сот пен жергілікті соттардың тәжірибелі судьялары құрайды. Бұл оқу процесінде практикалық құрамдас бөліктің айрықша орын алуын айғақтайды және ол Астана қаласының соттарында ұйымдастырылатын тереңдетілген тәжірибемен өз дәлелін табады.
Оқу үдерісі туралы сөз қозғайтын болсақ, Академияның профессор-оқытушылық құрамы білім алушылардың танымдық белсенділігін арттыруға бағытталған заманауи әрі тиімді интерактивті оқыту әдістерінің кең ауқымын қолданады. Атап айтқанда, проблемалық оқыту, кейс-стади, топтық және ұжымдық жұмыс, рөлдік ойындар, бинарлық сабақтар, пікірталастар, «миға шабуыл» әдісі, дөңгелек үстелдер мен ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру сынды тәсілдер оқу процесінің мазмұнын байытып, оны практикалық тұрғыдан мәнді етеді.
Академияда қолданылатын проблемалық оқыту мен пікірталас форматындағы сабақтар соттық құқық қолданудың өзекті мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасуға негізделген. Бұл әдістердің тиімділігі магистранттар мен докторанттардың жас ерекшеліктері мен кәсіби тәжірибесіне байланысты қалыптасқан жоғары деңгейдегі ойлау дербестігімен, құқықтық мәселелерді сыни тұрғыдан талдау және өз ұстанымын дәлелді түрде қорғау қабілетімен айқындалады. Осындай форматтағы сабақтар білім алушылардың құқықтық ойлау мәдениетін тереңдетіп, кәсіби пайымын жетілдіруге ықпал етеді.
Академияда оқу сабақтары барысында сот процестерін модельдеуге негізделген рөлдік ойындар кеңінен қолданылады. Мұндай сабақтарда магистранттар судья, прокурор, адвокат, сарапшы және тараптар рөлдерін орындап, сот талқылауының барлық кезеңдерін тәжірибе жүзінде пысықтайды. Бұл әдіс болашақ судьялардың кәсіби құзыреттерін, процессуалдық мәдениетін және шешім қабылдау дағдыларын дамытуға елеулі үлес қосады.
Ойын форматындағы сот процестерін барынша шынайы жағдайға жақындату мақсатында Академияда азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша сот отырыстарының арнайы жабдықталған залдары жұмыс істейді. Аталған аудиториялар сот қызметіне қажетті барлық атрибуттармен қамтамасыз етіліп, білім алушылардың кәсіби ортаға бейімделуіне және болашақ қызметіне жан-жақты дайындалуына қолайлы жағдай жасайды.
Практикаға бағытталған оқытуда кейс-стади әдісі кеңінен пайдаланылады, оның негізгі мақсаты – магистранттардың игерген теориялық білімін сот ісін жүргізудің нақты жағдайларына бейімдеу. Кейстер материалдық және процессуалдық құқық нормаларын қолдана отырып шешуді талап етеді және мазмұны жағынан судьялардың күнделікті қызметінде кездесетін нақты міндеттерге барынша жақын.
Болашақ судьялар Академияда заңнаманы және сот тәжірибесін егжей-тегжейлі зерделеп, қарқынды оқудан өтеді. Оқуды аяқтаған соң түлектер судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырып, одан кейін бос судья лауазымына орналасуға конкурстарға қатысады.
Кез келген оқу орнында білім берудің тиімділігі әдетте нәтижелермен, оның ішінде түлектердің жұмысқа орналасу пайызымен бағаланады. Академия жүзеге асырылатын білім беру саясаты мен қолданылатын оқыту технологиялары арқасында соңғы үш жыл ішінде түлектер арасынан судьяларды тағайындау бойынша өте жақсы нәтижеге қол жеткізді. Нақты айтқанда, түлектердің 95%-дан астамы біліктілік емтиханын сәтті тапсырып, судьялар қатарын толықтыра түсті. Олар еліміздің түрлі аймақтарында білікті маман ретінде еңбек етіп, сот жүйесінің жұмысын жақсартуға өз үлестерін қосуда.
Академия мемлекеттік органдар арасында, сондай-ақ мемлекеттік емес секторда магистратураға түсетін болашақ үміткерлерді тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Магистратура бағдарламасына құжаттар тапсыру санының жылдан жылға өсіп отырғаны байқалады, бұл заңгерлердің сот мамандығына деген қызығушылығының артып келе жатқанын растайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында сот жүйесі жабық корпорация болмауы керек екенін, ол салық салу, жер қойнауын пайдалану, зияткерлік меншік, корпоративтік құқық саласындағы мамандарға мұқтаж екенін атап өткен болатын. Осыған байланысты, 2025 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлермен қатар мемлекеттік емес сектордағы заңгерлік мамандық өкілдері де бюджет есебінен оқуға мүмкіндік алады. Бұл сот жүйесіне құқықтың өзекті салаларынан білікті мамандарды тартуға мүмкіндік беріп, жалпы алғанда, судьялар корпусын сапалы құраммен толықтыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, Сот төрелігі академиясы халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып, шетелдік жетекші білім беру және ғылыми мекемелермен өзара іс-қимылдың берік негізін қалыптастырды. Қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумдар Академияның білім беру кеңістігін кеңейтіп, оқытудың мазмұнын халықаралық стандарттармен үйлестіруге мүмкіндік берді. Мұндай серіктестердің қатарында Германияның Висмар қаласындағы Қолданбалы ғылымдар университеті, Ресей Федерациясындағы В.Ф. Яковлев атындағы Орал мемлекеттік заң университеті, сондай-ақ Әзербайжан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы Әділет академиясы және өзге де беделді ұйымдар бар. Аталған келісімдер Академияның халықаралық академиялық қауымдастыққа кірігуінің нақты көрінісі болып табылады.
Осы меморандумдар шеңберінде Академия магистранттары мен докторанттарына шетелдік жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуге бірегей мүмкіндік беріліп отыр. 2025 жылдың наурыз айында магистранттар Висмар қаласындағы Қолданбалы ғылымдар университеті жанындағы Шығыс институтында (Ostinstitut/Wismar), сондай-ақ В.Ф. Яковлев атындағы Орал мемлекеттік заң университетінде тағылымдамадан өтіп, шетелдік құқықтық білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен, оқыту әдістемелерімен және ғылыми зерттеу жүргізу тәжірибесімен танысты. Ал 2025 жылғы желтоқсан айында Әзербайжан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы Әділет академиясында тағылымдамадан өту мүмкіндігі туындады.
Тағылымдамалардың маңызы оқыту үдерісінің ажырамас бөлігі ретінде ерекше. Олар білім алушылардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, салыстырмалы құқықтық талдау жүргізу дағдыларын қалыптастыруға, шетелдік және отандық сот практикасының озық үлгілерін зерделеуге жағдай жасайды. Сонымен қатар, мұндай тәжірибе ғылыми ойлау мәдениетін дамытуға, академиялық және кәсіби коммуникация дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ халықаралық ғылыми және кәсіби байланыстар орнатуға ықпал етеді.
Тұжырымдамада айқындалған жаңашылдықтар контекстінде тағылымдамалар Академияның білім беру бағдарламаларын жаңғыртудың маңызды тетігі ретінде қарастырылады. Бейінді магистратура бағдарламаларының теориялық құрамдас бөлігін күшейту, ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистратураны ашу және докторантура деңгейін енгізу шеңберінде шетелдік тағылымдамалар білім алушылардың ғылыми әлеуетін тереңдетуге және оларды жоғары деңгейдегі зерттеуші әрі практик-маман ретінде қалыптастыруға қызмет етеді. Осылайша, халықаралық тағылымдамалар Академияда даярланатын кадрлардың сапасын арттырып, сот жүйесі үшін бәсекеге қабілетті, жан-жақты және заманауи талаптарға сай мамандарды қалыптастыруға елеулі үлес қосады.
Осылайша, Академия әрі қарай да еліміздің сот жүйесін дамытуға, яғни магистранттар мен докторанттардың өте жоғары деңгейде білім алуын қамтамасыз етуге, өз үлесін қосу бағытында жан-жақты жұмыстарын жалғастыруды көздейді.
Қазақстан Республикасы
Жоғары Сот Кеңесінің
Төрағасы Д.М. Малахов