Дер кезінде тексерілу – өмірді сақтайды

Дер кезінде тексерілу – өмірді сақтайды

Жуырда Түркітілдес Журналистер Қорының бастамасымен бір топ БАҚ өкілдері Алматы облыстық көпсалалы клиникасында онкологиялық дертке байланысты тегін тексеруден өтті. Бұл игі шараны жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырып келе жатқан – қор жетекшісі Нәзия Жоямергенқызы. Таң сәріден 25-30 журналисті бастап келген ол медицина қызметкерлерімен бірлесе отырып, қоғам үшін аса маңызды профилактикалық тексерудің үлгісін көрсетті.

Кездесу барысында онколог-дәрігерлер қатерлі ісік туралы жан-жақты ақпарат беріп, аурудың алдын алу жолдары мен ерте диагностиканың маңызын түсіндірді. Мамандардың айтуынша, халықтың басым бөлігі «рак» диагнозынан қорқып, тексерілуден қашқақтайды. Соның салдарынан ауру көбіне кеш анықталып, емдеу мүмкіндігі төмендейді. Ал дерт ерте сатысында табылса, толық жазылып шығу ықтималдығы өте жоғары.

Ай сайын еліміздің барлық медициналық ұйымдарында «Ашық есік күні» өтетіні де көпшілікке беймәлім. Бұл күні МӘМС мәртебесіне, тіркелген жеріне қарамастан, кез келген адам тегін тексеріліп, қажетті аппараттық зерттеулерден өте алады. Дәрігерлер халықты осындай мүмкіндікті жіберіп алмауға шақырады.

Бүгінде еліміз бойынша онкологиялық дертпен диспансерлік есепте тұрған науқастар саны 240 мың адамға жеткен. Тек 2025 жылдың өзінде 41 мыңға жуық азаматқа алғаш рет қатерлі ісік диагнозы қойылған. Дегенмен медицинадағы жетістіктердің арқасында өлім-жітім көрсеткіші 14 пайызға төмендеген.

Алматы аймағында халық саны 1 586 875 адам болса, олардың 12 285-і онкологиялық есепте тұр. 2025 жылы жаңадан 2 222 науқас тіркеліп, есепті кезеңде 716 адам өмірден озған.

Скринингтік бағдарламалардың нәтижесі де назар аударарлық. 2025 жылы:

– 74 мың әйел сүт безі обырына тексеріліп, 160 жағдай анықталған;

– 62 мың әйел жатыр мойны обыры бойынша қаралып, 36 жағдай тіркелген;

– 90 мыңға жуық адам колоректалдық обырға тексеріліп, 34 ісік анықталған.

Жалпы скрининг нәтижесінде 230 қатерлі ісік дерегі және мыңдаған обыр алды өзгерістер табылған. Бұл – алдын алу шараларының тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш.

Өткен жылы жылжымалы медициналық кешендер арқылы 13 мыңнан астам зерттеу жүргізіліп, алыс елді мекен тұрғындарына сапалы медициналық көмек қолжетімді болды. Нәтижесінде 32 адамға қатерлі ісік диагнозы қойылып, 290 науқас күдікке ілінді, ал 490 тұрғыннан обыр алды аурулар анықталған.

Колоректалдық қатерлі ісік бойынша 2025 жылы 172 науқас тіркелген, оның 111-і аурудың бастапқы екі сатысында анықталған. Жыл соңында есепте тұрғандар саны –Қат 892 адам.

Сүт безі қатерлі ісігі — әйелдер арасында ең жиі кездесетін дерттердің бірі. Өткен жылы 319 жаңа жағдай тіркеліп, оның 294-і ерте сатысында анықталған. Жалпы есепте 2 691 науқас тұр.

Жатыр мойны қатерлі ісігі бойынша 119 жаңа жағдай тіркеліп, 112-сі бастапқы кезеңде анықталған. Есепте тұрғандар саны — 1 188 адам.

«Жасыл дәліз» — уақытпен жарыс

Науқастарды дер кезінде мамандандырылған көмекке жеткізу үшін «жасыл дәліз» жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйеге 112 жалпы практика дәрігері тартылған. Соның арқасында диагноз қою мерзімі қысқарып, емдеуді кешіктірмей бастауға мүмкіндік берілуде.

Мамандардың ортақ пікірі — қатерлі ісік үкім емес, егер ол уақытында анықталса. Ең қауіптісі — қорқыныш пен немқұрайлылық. Әсіресе ер адамдар денсаулығын кейінге ысыра беретін әдеттен арылуы тиіс. Өйткені өмірдің бағасы — тексерілуге кеткен бір күннен әлдеқайда қымбат.

Дәрігерлер халықты профилактикалық тексерулерден жүйелі түрде өтіп, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Ерте анықталған дерт — сақталған өмір.