ҚАЗЫБЕК ИСА - ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ХАЛЫҚ ҚАЛАҒАН ҚОРҒАНЫ
2026 ж. 16 ақпан
110
0
Мен, 2011 - 2017жж. ”Жалын журналы” редакциясы қызметкері әрі әйгілі ақын Мұхтар Шаханов басқаратын «Мемлекеттік тіл» қозғалысының жауапты хатшысы болып істедім.
Бүкіл ғұмырын, бар күшін Қазақ тілінің мүддесіне арнап келе жатқан - халық қалаулысы, ақын Қазыбек Исаға жала жапқысы келген еріккен пенделерге айтарым: босқа әуреленбей, өз жайларыңмен жүріңдер! Ондаған жылдардағы тіл мүддесіне сіңірген еңбегін айтпай тұрып, тек өзім куә болған бүкілқазақтық қозғалыстың қайнаркөзі - “138-дің хаты” атты қозғалыстың өзі Қазыбек Исаның бастамасынан күш алған еді.
Иә, 2011 жылы Конституциядан орыс тілін алып тастауды талап еткен әйгілі 138-дің хатының авторы Қазыбек Иса екенін әйгілі әнші апайымыз Бибігүл Төлегенова сол Қазақ тілін қолдаған Ашық хатқа қойған қолынан айнып, баспасөз мәслихатын өткізгенде өзім оған қарсы сөйлегенде журналистерге мәлімдегенмін. Кейін бұл баспасөзде таралып кетті. Белгілі журналист Гүлжан Ерғалиеваның сол кезде шығып тұрған «Адам бол» журналы жазып жіберді. Ол әйгілі Ашық хатқа қол жинауда және митингі өткізуде әлемге әйгілі ақиық ақынымыз, "Мемлекеттік тілді қорғау" ұйымы төрағасы Мұхтар Шаханов ағамыздың абыройы үлкен рөл атқарды. Сол кезде Мұқаңның орынбасары болған Қазыбек Иса көп еңбек сіңірді.
Мұқтар Шахановтың екімезгілді шараларының, “Мемлекеттік тілді қолдау” акцияларының алдыңғы қатарлы қолдаушылары болып Қазекең жүретін. Мұқаң бастап, «Ел бірлігі» доктринасына қарсы шыққанда да Қазыбек Иса «Қазақ үні» газеті журналистерімен қоса қатты қайрат көрсетті. Саяси партия қатарына ұлттық қайраткерлік пен журналистік жаңашылдықты әкеліп, жарқылдаған жұлдыздай енуімен қазақилықтың нышанын парламентке сіңірген де осы - Қазыбек Иса. Қарымды қалам иелері арасынан, «ескі» және Жаңа Қазақстан құрылысы аралығында бойына біткен бар күш-жігерін ұлтына арнаған тұлғаға “жаттілді қолдаушы” санатында жала жабу есі бар ешкім сенбейтін, мүмкін емес бос әурешілік екені белгілі. Бұл бірлікті алға қойған ынтымақшылдылдың ісі емес, іріткі салушылардың құйтырқы қулығы.
Өзім болсам, өз ұстанымыммен ел арасында жүрген, еш бір саяси партияда жоқ - қарапайым азаматпын.
“Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні”: Көзі тірі Мұқтар Шаханов ағамыз қандай болса, Қазыбек Иса да сондай қазақ тілінің қорғаны!
PS. Қазыбек Исадай “қолда бар ПАРЛАМЕНТТЕГІ алтынның” қадірін білейік, ағайындар!
Нұржан ОШАНБЕК, тіл жанашыры, қоғам белсендісі