АНА ТІЛІМІЗ – БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ
2026 ж. 16 ақпан
101
0
Ертеректе ақын Әбділда Тәжібаев Қазақ радиосына берген сұхбатын осынау өзекжарды сөзбен бастапты. Бұл – кеңестік кезеңде айтылған сөз еді. Бертініректе кеңестік биліктің ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасағаны, қазақтың тілі мен мәдениетін құрдымға кетіріп, елімізді ұлт ретінде жойып жіберу көзделгені ашық жазылды. Әлбетте, ең ауыр соққы ана тілімізге жасалған еді. Сол қауіптің қара бұлты әлі де толық сейілген жоқ. Кезінде философ Амангелді Айталы: «Жаһандану заманында ұлттың рухани коды жойыла бастады деушілер көбейді. Әсіресе, ресейлік ғалымдар арасында ұлттардың жаназасын шығарғысы келетіндер бар. Мысалы, қазақтарды орыс әлемінің ықпалынан шығарғысы келмейтіндер ұлттың жай ғана топ екендігін көрсету үшін қазақтарды мысалға алады» деп жазған еді. Адамзат тарихынан ойып орын алған ұлтымыздың басына төнген қауіпті қоюлата түсуді көздейтін ниетке жол бермеудің амалы – ана тілін ардақтап, мемлекеттік мәртебе биігіне көтеру. Туған тілін еш уақытта өзгенің табанына салмайтын отандастарымыздың барлығы бұл тілекте бірлік көрсетініне күмән жоқ. Мәселе өзімізде –қазағымызда. Мемлекеттің тіл саласындағы жұмыстың өрге басуына тілдік негізде екіге бөлініп бара жатқан қазақтың, өз ішіміздегі ойдың бірікпеуі басты кедергі. Ана тілінен алыстаған жас пен жасамыстар саны – бірнеше миллион. Бір замандас немересінің қазақшаны түсінбейтінін, қызы мен күйеу баласы да орысша сөйлесетінін айтып қынжылғанда не дерімізді білмедік.
Ана көңілін жықпай, қызы баласын қазақ мектебіне апарыпты. Бірінші сабақтан келген немересінің алдынан шығып, құшағын жайған әжесіне ботақаны орысша: «Не пойду в школу, там одни иностранцы» деп бұртиыпты. Бір замандас университет бітірген немересі шымкенттік жігітке тұрмысқа шығатынын, қазақшасы ауызекі сөйлеуден аспайтынын айтып, «қалай болар екен» деп, қорқасоқтайтынын жасырмады. Құдаларының келін түсіру тойына қатысып қайтқан соң: «Көңілім орнына түсті, күйеу баланың отбасы орыс тілді екен» деп мәз-мейрам болды. Иә, қазақтың өзара орысшасына құлақ үйреніп, көндігіп те кеткендейміз. Бұрын өзбек ағайындардың «орыс болу үшін әуелі қазақ болу керек» деген қағытпасын естігенде, намыстанатын едік. Сол намысты жоғалтып барамыз ба, қалай? «Қазақ қазақпен қазақша сөйлес, кімнен қорқасың?!» деген қағидада терең мән бар. Бұл – ана тіліміз бен салт-дәстүріміздің берік қазығы болып келген қазақ халқына «бірінші байлығыңа, басыңдағы бағыңа ие бол» деген сөз.
Неміс ойшылы Хайдеггер «Тіл – адамның үйі» дейді. Отбасылық «Ана мектебі» – ұлттың рухани құндылықтар қайнары, туған тілдің мөлдір бастауы. Педагогика ғылымының атасы Ян Коменскийдің «Ұлы дидактика» еңбегі бойынша балаға тәрбие, білім берудің екінші сатысы «Ана тілі мектебі» – тілімізді дамудың телегей теңізіне алып шығатын қазақ мектептерінің бастауыш буыны. Тәуелсіздіктің шарапатымен ата-ана зәру болып келген қазақ мектептері мен балабақшалар қаулап өсіп келеді. Оқушылар саны да жыл сайын артуда. Дегенмен, қазіргі қазақ мектептері шәкірттерінің тілі шұбарланып тұрады. Қазақ мектептерінің қасіретіне айналған аралас тілділік жойылмай, ана тіліміз адым жаза алмайды.
Оқыту ісін орыс тілімен қосарлап қойыртпақтау сүргіні өткен ғасырдың 70-жылдарының басында басталды. Сол кездегі Оқу министрінің орынбасары Щербаковтың аралас тілді мектептерді әспеттеген ғылыми диссертация қорғауынан кейін кең қанат жайды. Сол тұста-ақ заңғар жазушы Сәбит Мұқанов аралас тілділік қазақ тілі тамырына балта көтеру екенін қатты айтқаны есімізде. Амал нешік, кейін аралас тілділік белең алып, орыс тілі басымдыққа жетті. Қазақ мектептерін аралас тілділіктен құтқару қолға алынғанымен, діттеген мақсатқа әлі жеткен жоқпыз. Рас, бертінде мемлекеттік тілді қорғауға бағытталған күрделі іс-шаралар қолға алынды. Парламент, Үкімет қазақша сөйлеуге кірісті. Енді үлкенді-кішілі басшы атаулының қазақшасының жетік болуын талап ететін Заң қажет деп санаймыз.
Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,
педагог-журналист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері