ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ НЕГІЗІ НЕДЕ?

ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ НЕГІЗІ НЕДЕ?

Қазіргі уақытта әр саналы пендені ойландырып жүрген мәселе – келешек ұрпақ қандай болады, өз халқына тән мінез-құлқын, атадан келе жатқан салт-дәстүрін сақтап, ұлттық құндылықтарын құрметтей білетін бола ма, жоқ па деген сұрақ екені аян. Қазіргі кезде әлемді бір қораға қамаған ғаламтор жүйесінің экспансиялық әсері, қабылданған ақпараттық салмақты, адамның сол сәтінде дұрыс бағалап сараптауға табиғи қабілеттік мүмкіншілігінің шектелуіне байланысты оның ықпалына еріксіз еліктеуге ұшырататыны белгілі. Сонымен қоса пенде болған соң әр кезде өзінің іс-қимылына сол мезгілде мән беріп жақсы-жаманды айыруға дағдыланбағандықтан, күнделікті тіршілікте маңайында болып жатқан құбылысқа көп еліктейді. Мысалы, біздің елде ғылыми негізсіз, көшіріп жүрген «әлемдік стандарт» деген жобаларды алып қарайық. Оған сәйкестірілген жасанды шаралардың, халықтың ментелитетіне жат, қалыптасқан ұлттық құндылықтарға бөтен болғандықтан адамның санасына әкелетін теріс ықпалын ұмытпауымыз қажет. Өйткені, сол шаралардың өзі әрқашанда рухани тәлімінің шалалығы басым адамдарды адастыру бағытында ғаламтор жүйесін пайдаланып, әлемдік ақпараттың экспансиясиялық әсерінің негізінде ұйымдастырылатынын ойлаған жөн. Күнделікті адам санасына жойқын қуатпен әсер етіп жатқан осы факторлардың күші салдарынан біздің қоғамдағы өсіп келе жатқан жастардың мінез-құлқы, өмірге деген көзқарастары теріс қалыптасады.

Біздің орнығып қалған көзқарасымыз бен жастардың көзқарасы арасында үлкен айырмашылық бар. Өмірдегі бұл қарама-қайшылықтың табиғатын дұрыс түсінбегендіктен, қоғамда түрлі негативті пікірлердің туындайтыны белгілі. Ондай пікірлер туындамас еді, егер ересектер жастардың қылығына зерделі оймен баға берсе. Үлкендер арасында жастарға көңілі толмайтынын, олардың өз халқының рухани құндылықтарын бағаламайтынын, еріншек, енжарлығын, басқа жат-жұрттықтарға еліктегіштігін саусақпен санап, олардың келешекте елінің намысын қорғайтын ұлттық мінезінің жоқтығы туралы жиі естиміз. Осы қатты қынжылтады. Өз басым қазіргі қазақ жастары жөнінде айтылатын мұндай пікірге қарсымын, ондай тұжырымды қолдай алмаймын. Өйткені ондай байлам шындыққа жанаспайды, яғни ғылыми негізі жоқ әр адамның өзінің ғана жеткен деңгейімен өлшеніп-пішілген шала піскен ұғымдар деген ой келеді. Оларға үлгі болатын орта болуы қажет.

Егер өмір шындығына терең үңілсек, қазіргі жастар өте зерек, көзқарастарында өз нәсіліне деген тазалық бар. Тек оларға беретін жүйелі, қиялдарын ұштайтын тәлім-тәрбиелік орта жоқ. Қазіргі өздерін ғалымбыз, тұлғамыз деп кеуде соғып, өткір сын мен ащы запыранға толы пікір айтатын замандастарым, сол жастардың ішкі сырына үңіліп, олардың өмірдегі болып жатқан құбылыстарды қалай қабылдайтынын терең ұғуға өздері қандай қадам жасады екен деген ой мазалайды. Ал жастар аға буынға қарап өседі.

Әзірше еліміздегі ақпараттардан жастар мен орта және ересек буындар арасындағы рухани жалғастықтың қыр-сырын ашуға ұмтылыс жасаған, ой тудыратын ұсыныстардың өте сирек кездестіні белгілі. Бәлкім, ондай пікірдегілер көп те шығар, бірақ үндерін ешкім естімейді. Неге? Бұл біздегі ақпарат таратуға байланысты күрделі мәселе.

Мұның дөңгелек үстел шақырып, үнемі пікір ұсынуға үйренген, тұрақты айтқыштардың жарысымен шешілетін сұрақ емес. Бұл салиқалы оймен, терең біліммен, асықпай, тек тым кешеуілдетпей, барша қазақ қоғамының белсенді қатынасуымен мемлекет деңгейінде шешілетін іс болғанда ғана өз жемісін беретіні ақиқат. Және бұл – қоғам үшін маңызды, өте салмақты мәселе. Ол Қазақ елінің мәңгілік болуының түп қазығы – ұлттық идея негізіндегі қоғамдық сананың берік қалыптасуына әкелетін жол. Міне, осы мәселе шешілгенде ғана қазақ ұлтының болашағына сенімді бола аламыз. Яғни, сонда ғана қазақ халқы өз жерінде, өз елінде беделі артып, басқа халықтар алдында қадірлі, абыройы артып, құрметке ие болады. Қазақ халқын ондай деңгейге ешбір заң, жарлық, бұйрық, не болмаса мадақ пен байлық жеткізе алмайды. Қандайда болсын, бір халық өкілінің өзімен қатар өмір сүріп жатқан маңайындағы халықтардың өкілдеріне беделді, сыйлы болуы, құрметке бөленуі сол халықтың өз болмысына тікелей байланысты екенін естен шығармасақ керек.

Ұлттық болмыстың қалыптасуы әр халықтың өзіндік ұлттық сана-сезімінің деңгейінен туатынын терең ұққан жөн. Ол үшін біздің қоғамдагы ертеден саясаттандырылып қалыптасып қалған, ұрпаққа білім беру мен тәрбие беру жүйесін өзгертетін жаңа ғылыми негіздегі бағыт қажет. Одан соң жаңа бағытты ойсыз еліктеумен үнемі батыстан іздеу – үлкен қателік. Қазіргі кезеңде батыс ойшылдары ұрпаққа білім берудің жаңа жолын іздестіру үстінде екенін ескеруіміз керек.

Батыс елдерінің бағытында ақпарат тарату, техника, технологиялық ғылымдардың даму жетістіктерін пайдаланудағы енгізген жаңалықтары болғанымен, адамдарды табиғи ойлау қабілетінен айырып, рухани азғындыққа апаратын жолдардан құтқару мәселесі қарастырылмаған. Біз мәңгі тәуелсіз ел боламыз десек басқа жол іздеуіміз қажет. Ол үшін ең алдымен қазіргі кездегі жағдайымызды саралап, қандай кемшілігіміз бар, осыны ұғуымыз ләзім.

Бірінші, бала тәрбиесін балабақша мен мектепке артып қойып, отбасының тәрбиесіне көңіл бөлмеу қателік қана емес, бұл ұрпаққа қиянат жасау мен отбасының береке-бірлігінен айыратын жол екенін түсіну қажет. Яғни, ең алдымен отбасындағы тәрбиеге жауапты ата-ананың өзін тәрбиелеуді қолға алған жөн. Мемлекеттің, әр отбасына қамқорлық жағдайын жасауына міндетті болуын (бала жеті жасқа толғанша мемлекеттік балабақшаға жұмсалатын қаржыны жұмсап) аналардың өздерінің ғана тәрбиелеуін іске асыратын жолды шешу керек. Екінші, мектеп пен басқа оқу орындарындағы сабақ жүргізетін ұстаздардың қалыптасып қалған ескі көзқарасы мен білімін жетілдіріп, өзгеруіне күш салу (жаттанды қайталаудан кетіп, балалардың ойлау қабілетін арттыратын және өз халқының тәрбиелік рухани құндылықтарынан тәлім алуды үйретуді меңгеру) шарт. Үшінші, оқулық құралдарды жаңа бағытқа сәйкестендіріп: оны ұрпақ санасын саясиландыру уынан сақтайтын, парасаттылыққа жетелейтін, адамгершілік пен ар-ұят сақтауға, бауырмалдыққа, ғылымға, батылдық пен жігерлілікке баулыйтын рухта тәрбиелеп, адамдар арасындағы қарым-қатынастағы сыйласымдықты, әділдік пен теңдікті іске асыру қажет. Төртінші – білім беру саласын саяси жүйе бақылауынан (кеңестік тоталитарлық идеология қалыптастырған) шығарып, халықтық-қоғамдық бақылау жүйесін енгізсек. Өйткені, ұрпақ тәрбиелеуді саясаттандыру, әр ата-ана мен баланың азаматтық құқығын шектеу және ұрпақтың санасын улап, мәңгүрттендіріп, айтқанды орындаушы робот болуға әкеледі. Саяси жүйенің өмірі қысқа, ал ұрпақ тәрбиесі халықтың мәңгілік ғұмырымен тікелей байланысты үдеріс. Халықтың жігерлі (пассионарлық), жасампаздық мінезін тек ұлттық құндылықтар мен адамзаттың ғылыми негіздегі жетістігі ғана қалыптастырады. Ұлттың мәңгі болуы оның болмысына байланысты, бұл табиғи өмір заңдылығы. Бесінші, халықтың бірлігін нығайтып, беделін өсіріп, мәңгі жасауына ықпал ететін тәрбие жұмысын бөлшектеуге болмайды. Отбасы мәселесі ол әр азаматтың табиғи меншікті құқы. Ата-ана мен баланың арасына олардың ризашылығынсыз қандайда бір сылтаумен мемлекеттің араласуы, олардың табиғи құқын бұзу. Бұл мәселеге қауымдық орта ғана ықпал ете алады. Отбасының ішкі мәселесін заңмен реттеуге ұмтылу (тоталитарлық режиміне тән) азаматың құқығын шектеу болатынын естен шығаруға болмайды. Сондықтан қоғамда отбасы мен оқу орындары және қоғамдық орта тәрбиесі бүтін, бір- бірімен қабысып ортақ мүдде негізінде дамитын жаңа жүйе қалыптастыруды шешу қажет. Яғни, бала тәрбиелеуде орасан әсер ететін орта қалыптастыруға күш салған жөн. Әмбе бұл атүсті шеше салатын мәселе емес. 

Болат ДҮЙСЕМБІ, 

саясаткер-экономист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Алматы