ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫҢ СЫРЫ ЖАҒЫМПАЗДЫҒЫМЫЗДА ЖАТҚАН ЖОҚ ПА...
2025 ж. 22 қазан
103
0

Дүниежүзіндегі үлкенді-кішілі мемлекеттерді алып қарасаң, барлығына ортақ бір мәселе бар. Бұл қоғамның тұрақтылығына, дамуы мен қуатты болуына үлкен ықпал жасайтын осы күрделі мәселенің өркениет жетіліп ғылым деңгейі өссе де, әлі күнге дейін шешімін таппағаны.
Ол – жұмыссыздық. Әрбір ел өз мүмкіншілігінше жұмыссыздықты азайту мәселесімен айналысып жатыр. Солардың бірі – Тәуелсіз Қазақ елі.
Өкініштісі, біздің қоғамда жұмыссыздық туралы ақиқат айтылмайды. Ақпарат құралдарында қай уақытта болсын шындыққа жанаспайтын көзбояушылыққа толы деректерден көз сүрінеді.
Ал «Неге олай?» деген сұраққа ешкім жарытып көңілге қонатындай жауап бере алмайтын халде өмір сүріп жатырмыз.
Жұмыссыздық деңгейі дамыған Францияда – 9%, АҚШ-та – 3,9%, Польшада – 3,5% болып отырғанда, олардан экономикалық, әлеуметтік жағынан әлде қайда төмен біздің елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,9% деген деректі, елімізде жұмыссыздықтан жылдан жылға кедейленіп отырған халыққа және барша әлемге көрсетуді ақылға сымайтын іс екенін қалай ұқпайды-ау осыны ұсынып отырған мамандар...
Біздің билік қанша тырмсып, қаржы жұмсап шет елдерде мамандар дайындауда, Батыстың тәжірибесін көшіруге мол шығын шығарылуда, ал қазіргі экономикадағы сауатсыздығымыздан тез арада құтылуымыз екі талай сияқты.
Біздің елде статистика бойынша сан жағынан экономист ғалымдар мен мамандар талай елдің алдында тұрғанымен, мемлекеттік халық шаруашылығын ұйымдастыру мен басқарудағы деңгейі көш кейін артта жатқаны өтірік емес. Соның салдарынан табиғи байлықтың үстінде отырсақ та, мешеу қалған Африка елдерімен бір деңгейде өмір сүріп отырмыз ба деп аңтарыласың.
Бұның негізгі себебі, ол экономикалық дамудың табиғи заңымен санаспаудан. Егер, біздің мемлекет бұдан ары қарай да, өзінің ішкі экономикасының дамуына көңіл бөлмей, тек макроэкономикалық көрсеткіштер үшін қаржы-қайратын жұмсайтын болса, түбінде жұрт кедейленіп, экономикалық тәуелсіздікке душар болатыны белгілі.
Экономикалық дамудың бұлтартпас заңы, қандайда бір мемлекет, ең алдымен өзінің ішкі экономикасының дамуын қолдап, өз елінің өндіріс салаларын ғылыми негізде дамытып, жеңіл өнеркәсіп пен ауылшаруашылықта жергілікті көзі мол шикізаттарын толық өңдеуді барлы аймақтарда іске асырып, олардың өнімдері өз халқының сұранысының 60-80 пайызын қамтамасыз етсе ғана, экономиканың тәуелсіздігін сақтай алады.
Сонда ғана мемлекет әлемдегі бәсекелестік көрсеткіші экспорт пен импорттық халықаралық сауда қатынасында ұтыста болатыны аян. Яғни, біз осы деңгейге жетсек қана жұмыссыздық мәселесі ушықпайтыны түсінікті. Ендеше қолдан жасалған «жұмыссыздық» көрсеткіштері ел келешегін тығырыққа тіреп, дағдарысқа әкелетінін неге ойламаймыз?
Ал, осы мәселенің түбіне тереңірек үңіліп, ой қозғайтын пікір айтар болсақ, кейбір білгіштер өре түрегеліп, бұл – саясат, онда нең бар деп аузыңды жабуға даяр тұрады.
Сонда қалай, сол білгіштердің бұл мәселе адамдардың өмір сүру ақиқатымен ұласып жатқан табиғи заңдылық екенін ұқпағандары ма?
Жұмыссыздық мәселесін саясатпен емес, оны ғылыми жолмен қоғамның даму заңдылығымен байланыстыра отырып шешу қажет.
Біздің елдегі жұмыссыздықтың тамыры қоғамдағы экономиканың дамуында жіберіліп отырған біраз кемшіліктерге тікелей байланысты. Бұл кемшіліктер біреудің әдейі істеп отырған ісі емес, ол өзіміз бұрын өмір сүріп өткен қоғамнан қалған «мұра». Біз «ұран мен мадақтауды» қолдап, жағымпаздық мінезден арыла алмаудың салдарынан «барды – бар, жоқты – жоқ» деп айтудан қашамыз.
Енді не істеу керек?
Біздіңше, ең алдымен ойымыз бен мінезімізді түзесек қана ісіміз оңалады. Намыс пен адалдыққа берік болсақ қана еліміздің мерейі үстем болады. Осыны ойланатын кез жетті!
Ащы да болса шындықты айтып, қоғамдағы жұмыссыздықтың себептері не деген сұрақтарға жауап іздеп көрейікші:
— Біздің мемлекетте халықты жұмыспен қамтуға арналған арнайы бағдарлама бар ма? Әй, жоқ-ау.
Осындайдың салдарынан аймақтардың ерекшелігі мен табиғи байлығына сәйкес жер-жерде өндірістік кәсіпорындардың бой көтермеуі (бұрынғы кәсіпорындар жабылғалы штрек ғасырдан асты) жергілікті халықтың күнкөріс көзін іздеп тұрақты жерінен кетіп, ішкі миграцияның артуы халықтың әлеуметік жағдайларының төмендеуіне әкеліп соқты.
Ал, ол өз кезегінде республика бойынша тұрғын үй мәселесінің ушығуына жол ашты. Өйткені, табыс табу көзі, өндіріс орындары мен халыққа қызмет көрсететін бизнес салаларының ірі қалаларда шоғырланғаны белгілі. Ауылшаруашылық пен шұғылданатын аймақтардың экономикасы мен әлеуметтік жағдайы нақтылы қолдау болмағандықтан үнемі құлдырауда.
Орта және шағын бизнестің дамуына бағыт беретін сауатты қолдау болмау салдарынан олардың дамуы баяулап (саны көп сапасы жоқ ұсақ бизнес) жергілікті жерлерде олардың көмегімен жұмыс орын мәселесін шешу мүмкін болмай отыр.
Орта және шағын бизнесті дамытудың жолы олардың бағытына қарай ынталандыру жүйесін құрып, алғашқы даму мерзімінде салықтан босату, салықтық жеңілдіктер, мемлекеттік қаржылық көмек және оларды қанат жайған жемқорлықтан қорғау мәселелері шешілмеген. Жұмыссыздық мәселесін шешудегі орта және шагын бизнестің орны ерекше екеніне көңіл бөлінбейді. Қабылданған біраз заңнамалардың орындалуына тиімді бақылау болмағандықтан (бақылау орындаушылардың өзіне жүктелген) нәтиже жоқ.
Шағын бизнес дамуына айтарлықтай ықпал ететін және еліміздің барлық аймағында кеңінен тарайтын қолөнерді дамытуға жеке кәсіпкерлерді пайдаланып тұтыну өнімдерін өндіруді аудан орталықтары мен ауылды жерлерде қолға алу мемлекет деңгейінде шешілмеген. Қазіргі кезеңдегі туризмді дамыту мәселесіне байланысты, бұл өте пайдалы бағытқа мемлекет неге назар аудармайды. Осының себебін кім түсіндіре алар екен?
Алып, ірі кәсіп орындары мұнай, тау-кен, металлургия, машина жасау, энергетика және құрал-жабдық жасау салаларының экономикалық тиімділік ерекшелігіне байланысты қаржы жұмсау мәселесін, тек ғылыми негіздегі жасалған техника-экономикалық сараптаумен шешіп және қоғамдық пікірмен санасу қажет.
Алып және ірі кәсіпорындар республика бойынша жұмыссыздық мәселесін ешқашан шеше алмайды. Орта бизнес кәсіпорындарының тиімділгі қазір жоғарыда аталған салалардан әлдеқайда төмен болып отырғаны мәлім. Сондықтан жұмыссыздық мәселесін шешудің бір жолы – жоғарыда аталған ірі салаларды қосалқы құралдармен жабдықтау мәселесін шешуге орта және шағын бизнес кәсіпорындарын пайдалану бағытын іске асырып, оларға мемлекеттік қолдау көрсету еңбек күшінің миграциясын азайтып, аймақтардың да даму мәселесін шешетінін ескеру қажет. Орта және шағын бизнестің шығаратын өнімдерінің өзіндік құныныңда төмен болатыныны да белгілі.
Біздің қоғамдағы жұмыссыздық мәселесін тереңдетіп және күрделендіріп оңай шешілмейтіндей деңгейге жеткізетін жәйт – биліктің төменінен басталып ең жоғары сатысына дейін жайлаған жемқорлық дертінің ықпалы деп санаймыз.
Соның салдарынан ірі компаниялардан бастап орта және шағын бизнестің дамуы тек қолында билігі барлар мен солардың жақындары және тамыр-таныстарының меншігінде болуына етек алады.
Облыстарды айтпағанда, қалалар мен аудандардағы басшылары мемлекет қаржысын пайдаланып өздерінің жеке кәсіптерін (өз аттарына тіркелмеген) дамытып отырғаны да жасырын емес.
Сыбайлас жемқорлықтың әсерінен, жергілікті адал, өз мүмкіншілігін пайдаланып кәсіпкерлікпен шұғылданатындар, мемлекет заңдастырып жер-жерге бөлінген қаржылардан үміттерін үзгені аян. Ал, жемқорлықпен күрес деп ұрандатып жүргеніміз – әшейін көзбояушылық демеске лаж жоқ. Өйткені, барлық тексерістер сол әр сатыдағы басшылармен бірге жүргізіліп, тексерушілер алдарына ұсынылған қатесіз жасалған «қатесіз құжаттарға» сүйенеді.
Бұл – билік жүйесіндегі шеңбер ішінде қалыптасқан, шешілуі күрдеді мәселе...
Экономиканың табиғи даму заңы әсірелікті (авантюраны) қабылдамайды, ғылыми негізі жоқ ойдан шығарған әрекеттерге бағынбайды. Жүмыссыздықты жасыру мақсатында ауылды жерде тұратын адамдарды «өзін өзі қамтамасыз» (самозанятость) етеді деген жасанды экономикалық даму жоспары өмір шындығына жанаспайтын нағыз көзбояушылық.
Соның салдарынан ауылда тұратын еңбек етуге жарамды жұмысы жоқ азаматтардың орта есеппен кем дегенде 50% «жұмысы бар» деп, жұмыссыздық жасырылып отырады.
Қоғамдағы жұмыссыздықтың өсуіне, әсіресе жастар арасындағы орын алған жұмыссыздыққа әсер ететін үлкен фактор –адамдардың зейнеткерлікке шығу жасын ұзарту.
Бұл мәселенің пайда болуы, өз еліміздегі еңбек қорын дұрыс есептеп ғылыми негізде шешпей, батыс елдерінің тәжірибесін ғылыми негізсіз енгізумен байланысты туындап отыр.
Батыс елдерінің мұндай қадамға баруы әлеуметік мәселені шешудегі қалыптасқан демографиялық жағдайға байланысты болады.
Халық санының табиғи өсу үдерісі тежеліп, жас ұрпақ үлесінің азаюына байланысты еңбек жасындағы адамдардың жетіспеушілігі адамдардың зейнетке шыгу мерзімін ұзартуларына мәжбүрледі. Бұл жерде «әлеуметтік жағдайлары жақсаруымен ұзақ өмірі сүруіне байланысты» деген сылтау ешқандай да ғылыми негіз деуге жатпайды. Өйткені, өткен 20-шы ғасырда адамдардың еңбек ету қабілетінің табиғи-биологиялық ерекшелігі 60 жастан асқаннан кейін төмендеп өзгеретінін ғалыми дәлелденген. Біздің елде жастарға жұмыс тауып бере алмай отырып, адамдардың зейнеткерлерлікке шығу жасын өсіру – жастардың келешегіне зиян әкелумен қоса жұмыссыздық мәселесін ушықтырудан басқа пайдасы жоқ.
Қазіргі кездегі жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталған жоспарлар жасалғанда пайдаланып отырған әдістемелердің ғылыми негізі жоқ, бұрынғы саяси-экономикалы жүйеден қалған ұстанымдар екені аян. Алып және ірі кәсіпорындар республика бойынша жұмыссыздық мәселесін ешқашан шеше алмайды.
Жұмыссыздық мәселесі әлемдегі тиімді тәжірибелерді ғылыми сараптамадан өткізіп, экономиканың табиғи даму заңдылығынан ауытқымай, саяси науқанға айландырмай, ұлттық менталитетті ескеріп, халқтың пікірімен санасып ел байлығын үнемшілдікпен пайдалануды үйреніп, жемқорлықтан арылу жолына түскенде ғана шешілетінін ұғу қажет.
Сондықтан еңбекті пайдалану мен жұмыссыздық мәселесін ғылыми негізде шешу үшін міндетті түрде ғылыми зерттеу институтын құру керек деп есептейміз.
Қоғам даму заңдылығына бейімделген ғылыми негіздегі даму бағытын шешу – мемлекеттің келешегі үшін қажет екені өз-өзінен түсінікті.
Болат Дүйсембі,
саясаткер-экономист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі