МЕКТЕП ҚАЗАҚША БОЛМАЙ, МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚША БОЛМАЙДЫ! - Қазыбек Иса

МЕКТЕП ҚАЗАҚША БОЛМАЙ, МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚША БОЛМАЙДЫ! - Қазыбек Иса

Алматыдағы #215 мектеп ҚАЗАҚ ТІЛДІ МЕКТЕП болуы құтты болсын!

Ал, ағайындар, Алматыдағы #215 мектеп таза ҚАЗАҚ ТІЛДІ МЕКТЕП болуы құтты болсын! Бұл бүгінгі Білім күні мерекесіне лайық, ел күткен ерекше зор сүйінші жаңалық!

Нүктесін мемлекет басшысының өзі қойыпты Атазаңның 30 жылдық мерекесі күні! Еліміздің Әділетті Қазақстан екенін білдіретін бұл қуаныш құтты болсын!

Мектеп қазақша болмай, Мемлекет қазақша болмайды!

Бастаған игілікті ісі нәтижелі болып, жемісін беріп жатқан мұғалім Darkhan Ardaquly бауырымыздың бұл кезде 15 тәулікте абақтыда отыруы әділетсіздік екені айқын болып тұр?!.

Дархан Ардақұлы жәй көше айқайшысы емес, белгілі білікті математик мұғалім, қоғам қайраткері. Ол еш мәселені босқа қозғамайды. 2022 жылы депутаттар жазғы демалыста жүргенде мені тауып алып, Назарбаев мектептеріндегі әділетсіздікті әшкерелеп, қолдау көрсетуімді сұрап, ата-аналар хатын тапсырған. Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ бөліміне құжат тапсырушылар орыс бөлімінен үш есе көп 68 пайыз болса да, 32 пайыз орыс бөлімімен бірдей грант бөлудің арқасында жоғары бал алған озат қазақ оқушылары далада қалған?!.

Сол кезде біз барынша араласып, жазып едік: “ҚАЗАҚ БОЛҒАНЫҢ, ОЗАТ БОЛҒАНЫҢ ҮШІН ОҚУҒА ҚАБЫЛДАМАУ ҚАНДАЙ ҚОРЛЫҚ?!.”,

“НАЗАРБАЕВ МЕКТЕПТЕРІ ҚАЙ МЕМЛЕКЕТТЕ ОРНАЛАСҚАН?”,

“Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі ЖАҒДАЙ БАРЫП ТҰРҒАН ӘДІЛЕТСІЗДІК!” деген шулы мақалаларымызды елдің бәрі қолдаған еді. Үкіметке, министрлікке, Президент әкімшілігіне сауал жазып, ақыры әділеттілік орнаған. 

Қараша айында еліміз бойынша Назарбаев мектептеріндегі қазақ бөліміне құжат тапсырып, жоғары көрсеткіш көрсетсе де, құлаған 178 оқушыға грант бөлінген жеңіске жеткенбіз! Сол кезде де Дархан көтерген мәселе дұрыс шешіліп, Алматыдағы биология-химия саласындағы Назарбаев мектебінің қазақ бөліміне 41 грант бөлінген. Кейін мені сол мектептегі қуанышқа бөленген 41 баланың ата-анасы кездесуге шақырғанда шашетек шаруалармен бара алмай қалдым.

Сол кезде әділдік орнауы үшін бізді қолдаған сол кездегі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, сол кездегі Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі басшысы Болат Тілептерге алғысымыз зор.

Ендеше, білім жолында әділдік үшін күресіп жүрген Дархан Ардақұлының Білім мерекесін және өзі бастаған #215 мектептің қазақ тілді болып ашылуы салтанатын темір торда қарсы алуы қандай әділдік?!. 

Біз #215 мектептің қазақ тілді болуын және Дархан Ардақұлының әділетсіз қамалуына қарсы “ҚАЗАҚ МЕКТЕБІН ҚАЛАҒАНДАР ҚАМАЛА БЕРЕ МЕ?!.”-атты мақала жариялап, тиісті органдардың бәріне, Оқу-ағарту министріне, Алматы қаласы әкіміне, Президент әкімшілігіне жолдағанбыз. Онда әріптесіміз, белгілі заңгер Абзал Құспанның мұғалім Дарханға шығарған сот шешімінің әділдігіне күмәні барлығын келтіргенбіз.

Сондықтан сот енді әділ шешім шығаруы керек!

#215 мектептің ашылуында лентасын қиып ақ бата берген қазақтың белгілі әдебиетші ғалымы, Қазақстанның Жазушылар одағы басқармасы хатшысы Қансейіт Әбдезұлы айтқандай: “Қазақстанның болашағы -Қазақ мектептерінде!”

Білім күні мерекесі құтты болсын!

Қазыбек ИСА,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

Қазақ үні