SOS!!! КӨКШЕТАУДА ҚАЗАҚ СЫНЫБЫНА БАРАТЫН БАЛА ЖОҚ?!.
2025 ж. 31 тамыз
815
3

КӨКШЕТАУДА ҚАНЫ БАР ҚАЗАҚТАР ҚАЛМАҒАН БА?!.
Қазақша бірінші сынып ашылмай жатыр! Масқара!
Отыз жылда осындай құлақкесті құлдыққа қалай түскенбіз, сұмдық қой мынау?!.
Қазақтың жартысын аштықпен қырған қанішер Голощекин, қазақтың ұлт зиялыларын қастықпен қырған Сталин, әпербақан Хрущевтар істей алмаған сұмдық құлдықты кешегі отыз жыл ойына келгенін істеген билік істеп беріпті!
Міне саған, Ұлттық идеологияның нөлдігі, Отарсызданудың жоқтығы! Міне, саған отыз жылдан бері Мемлекеттік тіл туралы заңға мемлекеттегі шенеуніктердің қарсы болып келуі!
Балабақшадан бастап, мектеп қазақша болмай, мемлекет қазақша болмайды!
Мектеп пен балабақша тек мемлекеттік тіл - қазақ тілінде болуы керек!
Мектеп мықты болғанда ғана, мемлекет мықты болады.
МЕКТЕП ҚАЗАҚША БОЛМАЙ, МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚША БОЛМАЙДЫ!
Көкшетаудағы #10 жаңа мектепте қазақша бірінші сыныпқа баратын бала табылмай жатқанына қазақ ата-аналарына деген қорлық пен ызадан жарылардай қапаланып, дабыл қаққан ақын Әлібек Серғалидың жанайқай видеосы желіні шарлап жүр! Жарайсың, бауырым! Бас көтеріп, тұяқ серпитін, ұлт майданында бәрін құрбан етер бір азамат шықты-ау әйтеуір!?.
✅ Баласына өз Анасының тілінде сөйлемеген ана - қандай ана?
Баласына өз әкесінің тілінде сөйлемеген әке - қандай әке?
Өз баласын өз тілінде емес, өзге тілде тәрбиелеу - ұл-қызға ғана емес, Ұлтқа қастандық!!!
Көкшетауда қаны бар қазақтар қалмаған ба?
Мектептің қай тілде болуы - Мемлекеттің тағдыры! Ендеше мектептің қай тілде болуын ата-аналардың талабына беріп қоя салу - мемлекеттің болашағына балта шабу! Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі, мектеп тілінің жат тілде болу қатері жайлы біз 2023 жылы 25 тамызда
Түркістан қаласында өткен білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде сөз сөйлегенімізде айттық жетесі барларға жеткізіп.
Конференцияға сол кездегі ҚР Үкіметінің вице-премьері Т.Дүйсенова мен ҚР оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсенбаев онлаин қатысқан, сол кездегі Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды екеуміз бірге қатар отырғанбыз. Өткенде Алматыдағы #215 мектепті айналасында үш орыс мектебі, тіпті қарсы алдында №38 Қазақстан-Ресей гимназиясы тұрса да аралас мектеп етіп жатқан араласқыш шенеуніктерге қарсы тағы да айтқанмын. Екі жыл бұрынғы Түркістандағы мұғалімдердің тамыз конференциясында Дархан Сатыбалды бауырым менің сөзімді қолымды алып қолдаған болатын. Ал Алматыға әкім болып келген соң не боп қалғанын бір құдай біледі?!.
Тағы да қайталаймын!
✅ Қазақ балаларының орыс тіліндегі мектепке көптеп баруы -Ата-аналар таңдауы деген жалпақшешейлік пен босбелбеулікті тоқтату керек! Бұл мемлекеттің болашағына қауіпті! Ең алдымен мемлекеттік мүдде - ұлттық мүддені қорғауға тиіспіз!
2022 жылы парламент депутаттары, біз өзіміз куә болған Астанадағы #93 мектепті “аралас мектеп етейік! Орысша сынып ашпасаңдар - Путинге айтамын” деген қазақ ата-аналардан не сұрауға, не күтуге болады?!. Осындай Тәуелсіз елді қорлаған сұмдық та, құлдық масқара сөзді айтып отырған қазақ әйелдің күйеуі Қорғаныс министрлігінде офицер екен! Яғни, бұл сөз олардың отбасында жиі айтылатын сөз болып тұр ғой?!.
Бұндай ата-аналарды ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндірушілер деп қарап, Ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысуы керек…
✅ Қазақ мектебін ашарда “аралас мектеп ашайық” деп, араласып шыға келетін құлдық санадағы шенеуніктерден қашан құтыламыз?!”
Міне, осы парламентте депутаттық сауал жасағанда да, білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде де айтқан осы сөзіміз “халық сөзін еститін биліктің” құлағына қашан жетеді?!.
Ертең парламенттің жаңа сессиясы ашылғанда ең алдымен осы мәселені қарауымыз керек!
Бүгін Көкшетаудағы сол бірінші сыныпқа қазақ баласы табылмай жатқан #10 жаңа мектепке Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжанның өзі барыпты. Мектепке, білімге жауапты басшыларға шұғыл тапсырма берді: “Бір айдың ішінде ата-аналармен жұмыс істеп, қазақ сыныбы ашылатын болсын!” деп талап етті!
Азамат екен Марат Ахметжан! Міне, мемлекетшіл, қаны бар қайраткер әкім! Облыста еге бар екені айқын білінді! Атаңызға мың алғыс Марат Мұратұлы!
Бір айдан кейін Көкшетаудағы сол мектепке біз де барып, көреміз не болғанын!?.
Алла жар болсын!
Ақ жол!
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты