Бетті тұмшалайтын киімдерге тыйым: құқықтық негіз, халықаралық тәжірибе және қоғам мүддесі
2025 ж. 18 тамыз
398
0

Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген түзету қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім киюге қатысты нақты талаптарды белгілейді. Бұл шараның басты мақсаты – діни сенім бостандығына шектеу қою емес, ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау.
Норма тек тұлғаны анықтауға кедергі келтіретін, яғни бетті толық тұмшалайтын киімдерге қатысты қолданылады. Ал халық арасында кең таралған хиджаб, шейла, химар, әл-амира сияқты діни киімдер адамның бет-жүзін жаппайды, сондықтан бұл шектеуге жатпайды. Осылайша, түзету азаматтардың ар-ождан бостандығы мен дін еркіндігіне қатысты конституциялық құқықтарын бұзбайды және кемсітушілік сипатқа ие емес.
Бастаманы әзірлеу барысында халықаралық құқық нормалары, соның ішінде Адам құқықтары жөніндегі Еуропа конвенциясының талаптары мен Еуропалық сот тәжірибесі жан-жақты талданды. Арнайы назар Бельгияға қатысты шешімдерге аударылды. Еуропалық сот мұндай шектеулерді қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқа азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында заңды әрі пропорционалды деп таныды. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдардың заңдылық, қажеттілік және пропорционалдылық қағидаттарын сақтау жөніндегі ұсынымдары ескерілді.
Ұқсас заңнамалық шаралар бүгінде көптеген елдерде жүзеге асырылған. Францияда 2010 жылдан бастап қоғамдық орындарда бетті тұмшалау заңмен шектелген. Бельгияда 2011 жылдан бастап енгізілген тыйымды 2017 жылы Еуропалық сот заңды деп растады. Бұдан бөлек, Нидерланды, Швейцария, Болгария, Австрия, Дания және Германия елдерінде осындай нормалар бар. Көршілес Орталық Азия елдерінен Өзбекстан мен Қырғызстан да бұл тәжірибені қабылдаған. Мұндай нормалар зайырлы және құқықтық сипатта болып, тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өткен жөн.
Ислам дәстүрі тұрғысынан бетті тұмшалау парыз немесе діни міндет болып саналмайды. Дәстүрлі исламда басты талап – әдептілік, ибалық және қоғаммен үйлесімді өмір сүру. Ал бетті толық жабуды діни талап ретінде түсіндіру көбіне радикалды ағымдардың ықпалымен таралады. Осы тұрғыдан алғанда, енгізіліп отырған норма дәстүрлі ислам құндылықтарына қайшы келмейді, қайта олармен үйлесімді сипатқа ие.
Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде жеке адамның діни құқықтары мен бостандықтарын құрметтей отырып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті басты орынға қояды. Түзетуде медициналық мақсаттарда, уәкілетті органдардың бұйрықтарына сәйкес немесе кәсіби, қызметтік міндеттерді орындау барысында бетті жабуға рұқсат берілетіні нақты көрсетілген. Бұл – норманың азаматтардың құқықтарын шектемей, тек қоғамдық қауіпсіздік талаптарына сай қолданылатынын көрсетеді.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда бетін толық тұмшалаған азаматтарға, көбіне никаб киген қыздарға ескертулер жасауда. Бұл өз кезегінде заңнаманың профилактикалық сипатта екенін көрсетеді. Яғни мұндағы басты мақсат – жазалау емес, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және азаматтарды құқықтық мәдениетке баулу. Мұндай тәсіл қоғамда кері реакция тудырмай, құқықтық талаптарды біртіндеп орнықтыруға ықпал етеді.
Шетел азаматтарына да бұл талаптар бірдей қолданылады. Қазақстан аумағында уақытша болатын туристер мен өзге де қонақтар жергілікті заңнаманы сақтауға міндетті. Дегенмен мемлекет олардың мәдени және діни дәстүрлерін құрметтеп, қоғамдық орындарда киім кию ережелері туралы алдын ала ақпараттандыруды қамтамасыз етеді. Құқық қорғау органдары аталған норманы түсіндіруде және қолдануда ерекше құрмет пен әдеп қағидаларын сақтауға міндетті.
Жалпы алғанда, түзету Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне қайшы келмейді, Конституцияда кепілдік берілген діни еркіндік пен ар-ождан бостандығын сақтай отырып, қоғам мүддесіне қызмет етеді. Бұл – құқықтық мемлекет пен демократиялық қоғам талаптарына сәйкес қабылданған шешім.
Дінтанушы маман әрі Ұлытау облысында діни оңалту саласында практикалық жұмыс жүргізіп жүрген маман ретінде, бетті тұмшалауға қатысты заңнамалық норманы дер кезінде қабылданған қадам деп есептеймін. Бұл шешім қоғамдағы қауіпсіздікті нығайтуға, радикалды ағымдардың ықпалын шектеуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға айтарлықтай үлес қосады.
Ұлытау облысының «Діндерді зерттеу орталығы» КММ дінтанушы-маманы Тілләбек Саян