ӨМІР КҮНДЕ ТОЙ ЕМЕС

ӨМІР КҮНДЕ ТОЙ ЕМЕС

Ертеректе «Бәрі де – майдан» деп аға буын жазушыларымыз жазғанындай, тіршіліктің күнде мейрам емесі өз-өзінен түсінікті. 

Иә, қайшылықсыз, тартыссыз өмір жоқ. Осындайда өз азаматтарын әлеуметтік қорғау – мемлекетіміздің аса маңызды міндеті екені туралы толғанасың. Ойлап қарасақ, бұл да – аса күрделі тақырып. Әлеуметтік қорғау – жалпы әділетсіздік, теңсіздікке қарсы күрестің де құралдарының бірі екен. 

Авторымыз жергілікті фермер, қазақтың құсбегілік өнерін әлемнің бірқатар еліне танытқан атақты бүркішті Тілуғабыл Есенбекұлы бастан кешкен осындай кейбір тайталас көрінісін әңгімелейді.

1.


Құсбегілік салтты жандандыру деген, бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, әркімнің қолынан келе қоятындай аса оңай шаруа емес екен. Ол үшін алдымен мол қаражат керек. Ал ақша табу үшін өндіріс қажет болады. Қысқасы, осының өзі-ақ бір-біріне жымдаса байланысқан бүтін бір ғалам. Бастаған ісіңді өркендетіп, белгілі бір жетістіке жету жолында да талай «қан мен тер» төгіп, аянбай арпалысуға тура келеді. 

Тілеуғабыл бұл негіздегі «старт нүктесі» ретінде Тасбазды таңдаған. Діттеген істі жүзеге асырып, тың кеңістікке көтерілетін самғау «айлағы» міндетін атқаратын бұл орынды қалауы да бекер емес, әрине. Кезінде бабалары жайлаған мекен. Әкесінің кіндік қаны тамған жер. Анасы Күлшира мен оның құрбысы Төлеу тәте екеуі тырбаңдап, баз тазалап жүретін баяғы ескі қоныс. Өзінің қоян-қарсаққа тұзақ құрып, қосаяқ аулап, балалық шағын өткізген шағын қыстағы. 

Оның үстіне әуелден дайын асқа тік қасық болмай, әр істі нөлден бастауды ұнататын бұл осынау айдалада, елеусіз жатқан қырды күндердің күнінде өз қолыммен абаттандырсам, өзгеше шаруашылық орнына айналдырсам деп ертеден армандайтын еді. 

Тасбаз, салыстыра қарасаңыз, шынымен де, титтей ғана ноқат-тын. Бастапқыда бұл жерді ешкімнің керек қылып, көзге ілмегені анық. Тұрған тұсы да шеттің шеті. Ақсу-Аюлыдан жиырма бес шақырымдай жырақта орналасқан. Солтүстік-шығыс бағыттағы түкпірде, жел азынаған тау арасында бұйығып-бұғып, қоңырая құлазып жатқан сүреңсіздеу бір өңір. Тұс-тұстан қылқанбозы қызараңдаған, қарағанды-тырсалы қуаң дала. Бұлай қарай сайраған жол да болмайтын. Сай-сайдың арасын ирелеңдете қуалай отырып, біршама қиналып жетесің. Талай жылдан жан баласы, тіпті, ат ізін салмағандықтан да, мұндағы ескі жер тамның жартысы ғана қалқайып тұр екен. Бәленбай жыл қысы-жазы өкпек желдің өті, қарлы боран, жауын-шашынның астында қараусыз қалған жай қайдан оңсын. Топырағы үгітіліп, тозып, құлап бітіпті. Төбесі де аңғал-саңғал. Әйтеуір, тастан қалаған баяғы қора байғұс жұлма-жұлмасы шықса да, уақытша мал қамауға жарайтын секілді. 

Сонау бір ниетіне кірісуді ойлағаннан-ақ есі-дерті осы Тасбаз болды да тұрды. Расында, ешбір қызығатын да жер емес қой. Алайда, неге екенін, не бұлбұлдары сайраған шұбарала орманы, не қаз-үйрегі қаңқылдаған айдын көлі жоқ қаңыраған жапан түз болса да, сонша ыстық. Әлгі жетіспеушіліктің ешқайсына қарамады. Құдай бұйыртса, соның бәрін біртіндеп өз қолыммен жасаймын деп ынтықты. 

Бірақ ниеттің аты ниет қана. Базбіреулер Тасбаз, кейде Тасқора деп те атайтын бұл иесіз мекенді тілегі түзу Тілеуғабылға тегіннен-тегін бере салайын деп отырған да ешкім жоқ-ты. Аяқ астынан байып кетеді деген қызғаныш іш күйдіретін болу керек; әлде пара дәмете ме, бәлкім, соңымнан қалмай жүріп жалынсын дейтін шығар, мұның сол орынға қоныстану ойын білген бойда жергілікті басшының біразы ат-тондарын ала қашқан. Аудан аумағында бос жатқан алқап жоқ екені естеріне сонда түскен сияқты. 

Ойбой, ойлай берсе, сондағы жер алудың дауы да өзінше бір бөлек әңгіме екен. О жолда да көрмегені аз. Әйтеуір, жер телімін алды о ғып, бұ ғып. Мұндай істің бәрі де тиісті қатаң заң аясында атқарылады, әлбетте. 

Енді үй салу керек-тін. Қораны жөндеу қажет. Бұлардан да бұрын электр жүйесін тартудың шаруасы тағы бар. Тегінде, қаракеттің ең қиыны да, маңыздысы да сол еді. Токсыз, жарықсыз жапан далада кім отыра алады. Құрылыс жұмыстарын жүргізгенде де электр қуатының жоқтығы көп қолбайлау екені және түсінікті. 

Содан соңына түсіп жүріп әжептәуір қаржы тапты. Салыстырмалы түрде, қомақты қаражат әкелді. Жезқазғандағы жолдастар, негізінен, техникалық сала зиялылары қолдарынан келгенше несие алуға жәрдемдескен еді.  

Әсілі, үлкен істі алғаш сұрастырып жүріп әлдекімдерден тауып алған шағын вагоннан бастады десе де болады. Әуелі соны орналастырды да, өзі әрі-бері шапқылауға кіріскен. Бірталай жасқа келген анасы Күлшира апай мен әйел, бала-шағасын осы вагонға жайғастыра тұруды ұйғарды.  

Бұрын өмір бойы колхоздың да, совхоздың да қолынан келмеген электр желісін тарту ісі жеке адам үшін, расында да, өте қиын еді. Дегенмен, бұл осы шаруаны да игерді. Ертедегі Серго Орджоникидзе атындағы шаруашылықтың жақын тұрған фермасынан Тасбазға дейінгі төтелей он бес шақырым аралыққа тігетін қисапсыз бағана мен тартатын буда-буда сымды жеткізу машақаты үшін ғана қанша жүйке тоздырғанын бір өзі ғана біледі. 

Бұл жұмысты қанша ауыр болса да бір жаз арасында бітіріп үлгерген. Бірақ, Құдай басқа салмасын, ағайыннның бақастығы, іштарлығы дегенмен осы тұста және бір кездеспей ме! 

Желіні әдемілеп тартуын тартып болып, енді токты қосқызуға бола аудан орталығындағы Электр стансасы бастығына барса, ол сазарып: 

– Жо! Атама. Қосқыза алмаймын! – дейді міз бақпай. 

Өзі бұған жезде болып келеді. Әменхан деген қазақ. Әйелі Орынбике – Тілеуғабылдың жамағайын апасы. Оның күйеуінің қыңырлығы бұған баяғыдан белгілі. Жоқ жерде қисайып, ылғи теріс тартып жүретін әдеті. Бірақ оның дәл мұндай жағдайдағы қарсылығын күтпепті.  

– Неге қоспайсың?! Есің түзу ма, ала жаздай жанығып сым тартып жүргенімді өзің көрдің ғой! Әуелде алдыңнан да өткенмін. Әлде ұмытып қалдың ба?

– Жо-о-о... Қоса алмаймын! Қақым жоқ. 

– Қалайша қақың жоқ? Жетекші сен емес пе едің?

– Алдымен Балқашқа барып, Захаровтан рұқсат әкел! 

– Е, жарайды онда. Бірден сөйдеп айтпайсың ба!

Захаровы – Балқаш қаласындағы Электр желісі мекемесінің басшысы. Шет ауданы бұ жағынан соларға қарайды. Ол Тілеуғабылды танитын кісі. Анда-санда, түрлі жиылыстарда кездескенде амандасып жүретін адамы еді. 

Балқаш – Ақсу-Аюлыдан екі жүз елу шақырым жерде тұрған шаһар. Бірақ ерінбей оған да барды. Талап еткен соң амал не. 

Захаров сөзге келген жоқ: 

– Ой, Тілеуғабыл, не шаруамен жүрсің?! – деп құрақ ұшып күтіп алды да, мән-жайды білген соң мәселені қолма-қол шешіп берді. 

Оның қағазын алып келсе, Әменхан әлі сызданып отыр. Өзі арнайы сұратып алдырған құжатқа қарамайды да: 

– Қоса алмаймын. Қақым жоқ. 

– Ей, неге?!. 

– Алдыме Жезқазған рұқсат етсін...

Жұмыстың көбі токқа қарап тұр. Уақыт болса өтіп барады. Өстіп жүргенде сарала күз де келді ғой. Ал мұны бостан-бос ерсілі-қарсылы сабылтып, қаладан қалаға, кеңседен кеңсеге қуып ақымақ қылып отырған Әменханның қорлығы мынау.

Не істерін білмей, ішінен қызынып недәуір тұрды. Бірақ сыбадың не, сыбамадың не, мынандай делқұлыға дауа жоқ сияқты. 

Көк вагонға жайғасып, олар да қыбырлап, ортақ істің күйбеңіне кіріскен үй ішіне мән-жайды айтты да, қасына ортаншы ұлы Адайды ертіп, ескі қоңыр «Жигулимен» Жезқазғанға тартты. Ол да күнбе-күнде лып етіп барып келе қоятындай аса жақын да жер емес. Екінші бір қиырда жатқан мекен. Аралық – бес жүз шақырым. 

Жол бойы да басыңа небір ой келіп, небір ой кетеді. Осы күнге дейін шекпеген қиянаты да аз емес екен. Жер қара, күн жылыда енді мынандай содырлыққа кезікті. Тегіс жерден сүріндіріп, бейнетті тауып беріп отырған өз ағайыны. Дегенмен, Тілеуғабылға Құдайдың дарытқан сабыры да мол еді. Қыңбауға бекінген. Ертеден бастаған ісін лайықты жолға салатындығына іштей дайындығы да жеткілікті-тін. Тіпті, керек болса, бұдан да зор қорлыққа төземін деп ширығып алды. 

Жезқазған талай жыл тұрып, өзінің қызмет атқарып кеткен жері. Бәрі таныс. Салып ұрып әкімнің өзіне келсе, іссапармен астанаға аттанып кетіпті. Оның орынбасары Жәлел Қалмағамбетовке кірген. Ол:

– Уай, Төке, төрлетіңіз! – деп жақсы қабылдады. 

Жағдайын бірден түсіндірді. 

– Белгілі тәртіппен алынған шалғай қыстаққа электр желісін тартып едім, енді жергілікті басшылар соны қосқызатын емес. Сұрағаннан кейін Балқаш Электр желісі мекемесінің рұқсатын апардым. Енді өздеріңнің «баталарың» керек деп жатыр.

– Бәле, қызық екен! Тіпті, бұл біз шешетін жұмыс емес қой. Өз құзырларындағы нәрсе. Сіз тек ток қуатын пайдаланғаныңыз үшін тиісті ақысын төлеп тұрсаңыз болды емес пе. Бәрі заңды. Ешбір қақысы жоқ кедергі жасауға! 

– Соны айтып түсіндіре алмадым. 

– Не деген адамдар! Істі бізге тіреген күннің өзінде сізді әуреге салмай, телефон арқылы хабарласса да жеткілікті емес пе еді... 

Содан бас шайқап біраз қынжылып отырды да, аудан әкіміне мән-жайды тәптіштеп түсіндіріп, іске тікелей ықпал етіңіздер деп өз қолымен хат жазып, мөр басып берді. 

Ертеңіне бәленбай жүз шақырымды қайтадан артқа тастап, аудан әкіміне келіп кіргенінде, хатпен танысқан ол: 

– Ойбай-ау, Төке, облысқа да барғансыз ба?! Балқашқа да сандалтыпты. Мынау Аужекең қызық адам екен ғой, өзі! – деді де, дереу аудандық Электр желісі мекемесінің бастығы Әменханға телефон соқты. Ренжігеннен түрі әлемтапырық болып кетіпті. Әңгіме тез аяқталған. Арғы жақтағы адам «жарайды, жарайды» деген сияқты. 

– Енді бара беріңіз. Саспаңыз. Қосады міндетті түрде, – деді әкім сөйлесіп болған соң тұтқаны орнына қойып жатып. 

Барса, орнынан тұрып, бөлмесінен шыққалы келе жатқан Аужекесі бұрынғыдан бетер түнеріп алыпты. Қабағынан қар жауып, бір шекеден адырайып: 

– Өй, неменге дүрліктіріп жүрсің елдің бәрін? Айттық қой, қоса алмаймын мен! – дейді шытынап. 

Зығырданы дәл осынша қайнамас. Қатты ашудан түтігіп те кеткен болуы керек. Баяғы студент кездегі шалт мінездің осы мезетте атойлап тағы бір бой көрсеткенін өзі де аңдамай қалды. Оң жұдырығы сарт етіп тура жақ сүйектің қыры мен алқымның түйіскен тұсынан тиген. Бокс тілінде «кросс» дейді мұны... 

Ондай оқыс қимылды күтпеген анау ауыр соққыдан ербеңдеп шалқалақтап барып, еден шетіне гүрс етіп құлады. Кісінің қасиетсіздігі осындайда, тіпті, анық байқалады екен-ау. Кәдімгіше есеңгіреп қалған ол қорқақтығын, ездігін бірден білдіріп, орнынан кирелеңдеп көтерілгенше жас балаша еңіреп жылап жіберді. Егде адамның сонша сорлылығын да алғаш көруі. Көзінен сорасы ағып, мұрны қорс-қорс етеді. Жаңағы менмендіктен жұрнақ та қалмапты. 

Осы кезде күйеуінің кеңсесіне әлдебір шаруамен бас сұқты ма, қайдан жүргені белгісіз, Орынбике сап ете түскен. 

Ол жүр бажылдап. Безектеп, қолды-аяққа тұрар емес: 

– Ойбай-ай, ойбай-ай! Не болды, Тілеуғабыл? Не болды? Не жетпеді сендерге?!

– Ай, айтсаңшы мына жындыңа! Әкесінің қаны емес. Бір-ақ рубильник. Әбден тоздырып бітті жүйкені. 

Орынбике де мән-жайды кірген бойда-ақ түсінген. Осы токтың мәселесімен талайдың қанын ішкен Әменхан емес пе күйеуі: 

– Қосады, ойбай, қосады. Әй, қоссаңшы! Жекеменшік мүлкің емес қой сенің! Қашанғы айтам.

Тілеуғабылдың ашуы да тез қайта қоймады: 

– Дайын тұрған нәрсе. Облыстың әкімшілігі айтады – қоспайды. Ауданның әкімі айтады – қоспайды. Бәрі қос деп отыр. Әкесін өлтірдім бе мен бұл иттің баласының?! 

– Қосады, ойбай. Қосады...

 Дүбірді анық естіп, істің барысын жақсы біліп, бәрін ұғып отырса да, дәлізде бастықтарымен жолығуға келіп отырған монтерлердің біреуі де арашаға түспеді. Тілуғабылға еріп жүрген Адай да сұрланып, тістеніп алыпты. Әкесінің қимылын құптағаны түрінен-ақ байқалып тұр. Мұның алдындағы жер дауында да неше қилы қараулықты, көпе-көрнеу озбырлықты көріп таңырқаған ересек балалары да мұндай бассыздықтан запы болып біткен еді. 

Анау енді әкелі-балалы екеуі жабылып тағы ұра ма деп үрейленген секілді, қызмет үстелінің сыртындағы креслосына бүкшие барып отырып, бұларға көз үстінен мүләймси қарап, қорсылдап ұзақ жылады. Одан өзінің де көптен жетісіп жүрмегенін айтып, мұң шағуға кіріскен. 

Бірақ осыдан соң да токты үш күн қоспай тағы жүрді. Бұл: «Енді барсам тура итше тепкілеп өлтіремін шошқаны!» деп сәлем айтып жіберді. Сес қой, әшейін. Әйтпесе несі бар о бейшарада. Кісі өлтіру ойыншық нәрсе емес. 

Төртінші күні қосты-ау, ақыры. Баяғы «Ильич шамы» келді дегендей, сол күні қайран Тасбаздың төңірегі ерекше жарқырап, қаңыраған далаға бір сәт өң кіріп, айрықша шаттанып, нұрланып жатты. 

Қазір жүр сол жездесі. Аман-есен. Қайсыбір жиын-тойларда ұшырасып тұрады. Беті қызармайды, бірақ. Сәлемдеседі кейде. Бұл бармайды. Өзі келіп амандасады.

2.

Жердің жыры да оңай болған жоқ-ты. Алдында ұзақ мерзімге жалға берілетін жер телімі жөнінде арнайы заң шыққан. Анығырақ айтқанда, Қазақ еліндегі шаруашылық қожалық жөніндегі құжат. Жеке нөмірі де бар. Арманы – әлгі. Белгілі дәрежедегі өндіріс орнын ашып, сырт жұртқа ұлттың мәдениетін көрсету; сөйтіп, өз қотырын өзі қасып, елге қазақтың да қолынан іс келетінін, өресінің шет елмен сөйлесуге молынан жететінін дәлелдеу. 

Бірінші класты Тасбаздан төрт-бес шақырым жерде киіз үйде бастап еді. Шегедей кезінен өскен жері. 

Ақшоқыда тұратын туыстары, жиені бар-тын. Жезқазғаннан бұл алғаш келгенде бәрі керемет қуанды. Тәрізі, осындағы шаруашылыққа жаңадан бастық болып келді деп үміттеніп қалса керек. 

– Ой, Тілеуғабыл, келгенің жақсы болды ғой! Берекеміз қашып, азып-тозып кетіп едік. Елге оң көзбен қарайтын кісі де қалмады. Іс басындағылар ойына келгенін істеп, талап әкетіп жатыр ортаның мүлкін.

– Жоқ, мен мұнда басшы болып келген жоқпын. Тасбазды аламын. Сол жерден шаруашылық ұйымдастырмақшы ойым бар. 

– Иә, ал, ал! Жақсы болды ғой!.. 

Жанашыр ағайынның қамқоршылдығы қандай ғанибет. Бұрынғы шаруашылықтың бар дәулеті өз қолдарында тұрғандай «ал, ал» деп естері шығып жүр байғұстар.

Енді ауданға түссе, Тасбаз қарайтын іргедегі шаруашылық басшысы: 

– Жоқ, жер берілмейді саған! – деп қитығып отыр. 

– Неге берілмейді? Қолымда мына қаулы тұр ғой! 

– Бәрін жиналыс шешеді. Бәріміз де халықтың пікірімен санасуымыз керек! – дейді. 

Бұл өзі ертеден асқан әпербақандығымен, ұрдажықтығымен аты шыққан біреу еді. Жұрт мұның шын атын да айтпайды. Көбінесе Есербай дейді. Әрине, сыртынан. Әлгіндей әдеттеріне қарай атаса керек. Ешкімге жаны ашымайтын безбүйректігімен де белгілі. Кейде ығыр қылатын мылжыңдығы да жетеді. Әсіресе, масайған сәттерінде. Соған сай Бөсербай дейтіндер де бар. Оған мән беріп жатқан бұл жоқ. Түйсіксіздеу жан. Ал баспайда, жеке есебіне келгенде, керемет иісшіл-ей, осы сұм...  

Тілеуғабылмен қатар оқыған. Бұған деген бақталастығы да сол ертеден басталған сияқты. Әйтеуір, жұлдызы жараспапты. Жасынан көрінгенге ұрынып, соқтығып жүретін сотанақ та еді. Соның салдарынан бір көзінен айырылып, кемтар болып қалған жағдайы да жоқ емес-ті. 

Кейінірек аңдаса, мұның Тасбазды шаруашылық орнына айналдырмақшы ойын білген соң қолма-қол ауыл еңбеккерлерін жинап: 

– Осында баяғы Тілеуғабыл келгелі жатқан көрінеді. Өте принципшіл екенін өздерің де білесіңдер. Ол келсе, біртіндеп, мына шаруашылықты да алады. Мені де кетіреді, сендерді де оңдырмайды. Осы көрген күнімізге зар боламыз. Сондықтан оған қалайда жер бергізбеу керек! – деп үгіттеп қойыпты. Бәрін халық шешеді деп мардымсып жүргені содан екен. 

Ұзақ уақыт сыртта жүрген Тілеуғабылды жерлестерінің ақырындап ұмыта да бастағаны да рас еді. Әлгінің айтқаны болды да шықты. Шаруашылық клубында өткен жиналыста көпшілік ағайын бұған қарсы қол көтерді. 

Содан облыс әкімшілігіне барып келтіріліп жатқан кедергілердің мәнін түсіндіруге тура келген. Ондағылар: 

– Ой, Төке, береді ғой. Несіне алаңдайсыз. Заңнан асып қайда барады. Олардың әкесінен қалған да, сатып алған да жерлері емес. Өз қазағыңыздың қысастығын бірінші рет көріп жүрсіз бе. Саспаңыз, – деп шығарып салды. 

Сөйтіп екінші рет жиналыс ашылған. Бірақ сол баяғы жағдай тағы қайталанды. 

Шаруашылық басшысының ішкен кезінде апталап жұмысқа шықпай қоятын да әдеті бар екен. Бұл шегінетін жер қалмай бара жатқаннан кейін оған ерегіспей-ақ: «Әй, жарқыным, заң – мынау. Әкімшіліктің нұсқауы – анау. Маған іске кірісу керек. Әр-беріден кейін бұл, тіпті, көпшілік талқысына салатын да нәрсе емес қой. Қисынсыз жерден кедергі келтіре бермесейші», – деп мәселені байыппен түсіндірейін десе – орнында жоқ. 

Содан бір айға дейін ұстатпады. Бұл уақыт қысып, қиналып барады. Қайда жүр деп білетін біреулерден сұраса, қолын сілтейді. Анда-санда өстіп ләйліп кететін дағдысы көрінеді. 

Үшінші рет келгенінде, жолықтырды, әйтеуір. Беті «бері қараған» сияқты: 

– Жерді берейін. Бірақ шабындық болмайды. Шөп шаппайсың! – дейді ожырайып. 

«Шөп шабуға құқың жоқ» деу – бұл жерде өмір сүре алмайсың, мал ұстамайсың деген сөз. Былайша айтқанда, қысастықтың ең «көкесі».  

Аудан әкімі Сағынбай Медеубаевқа кірді. Жас та болса, көрген-түйгені мол, көшелі, парасатты азамат. 

– Жер алып, өндіріс құрамын ба деп жүріп қажитын түрім бар. Қырсыққан әлдекімдердің бергісі жоқ. Жұмысты қиындатып жіберді. Сен енді маған, ең құрымаса, Тасбаздың басындағы үйдің айналасындағы аумақты алуға ықпалыңды тигіз. Көлемі, әрі кетсе, жеті сотық па, он сотық па екен, содан аспайды. Сол маған жетеді. Бүркіт ұстаймын, – деді. 

Жезқазғаннан келген бойда Тасбаздағы бұлақ басына бірталай ағаш отырғызып үлгерген-ді. Баяғы Жаңылдық әжесінен жұққан қасиет пе екен, қолдан келгенше, отырған жерін ықтияттап, айналасын гүлдендіріп қоюға ұмтылатын. Жезқазғандағы үлкен саяжайына бұл өңірге таңсық алмұртқа дейін екті. Тіпті, Бетпақдаланың бір пұшпағындағы сол аймақта жүзім өсіріп, таныстарын түгел тамсантқан. 

Мұның сөзін ықыластана тыңдаған әкім бір кезде Тасбазды көруге ынта білдірді. 

– Уақыт болса, сол қыстағыңызға барсақ қайтеді, Төке? Кейінгі кезде тартысқа көп түсіп кеткен сол ауылыңызды аралауға көңілім құлап жүр, – деген. 

Келді. Ананы-мынаны көрді. Тілеуғабылдың орала сала тап-тұйнақтай қылып, жайнатып қойған қыстағы көрінісіне таңырқаған да болуы керек, бас шайқап, жымиды. Одан:  

– Төке, өте дұрыс екен. Ендеше бұл мәселені бүгіннен қалдырмай шешіп тастайық. Байқауымша, мұндағы біреулер сізді де, шынында да, әбден әурелеген сияқты. Дұрыс түсінгісі келмеген шығар. Оқасы жоқ, ондай-ондай жәйттер бола береді ғой, – деп, бағытты қайтадан орталықтағы кеңсеге бұрғызды. 

Сол күні төрт жүз гектар жерге қол қойып беріп еді. Шабындығы да, жайылымы да, бәрі ішінде. Бұл тұста енді ешбір Бөсербайдың да, Кеселбайдың да пәрмені жүрмей қалды. 

Төлеу МАҒАЗҰЛЫ, 

Қарағанды облысы