БАЛАЛАРДЫҢ АМАНДЫҒЫ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ...
2025 ж. 26 шілде
447
0

Республика бойынша жыл сайын 600-ден аса бала қатерлі ісік ауруымен бетпе-бет келеді. Ал 5 мың бүлдіршіннің диспансерлік есепте тұрғанын ескерсек, аталмыш дерттің адам таңдамайтынын аңдаймыз. Дәрігерлердің сөзінше, балалар арасында лейкоз, яғни ақ қан қатерлі дертінің дендеп бара жатқаны бұл мәселенің қоғамдағы өзектілігін көрсетсе керек. Осынау дертпен күресу жолында еңбек етіп келе жатқан жанның бірі, Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының клинико-диагностикалық зертхана маманы Гүлзат Батырханованы әңгімеге тарттық.
Оқушы кезінен-ақ медицина саласының маманы болуды армандаған Гүлзат Батырханова мектеп бітірген сонау 1985 жылы-ақ ешбір ойланбастан, Республикалық-медициналық училищеге медбике мамандығы бойынша оқуға түседі. Ең алғашқы еңбек жолын ол небәрі он тоғыз жасында яғни, 1987 жылы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Пульмонологиялық бөлімшесінде мейірбикеліктен бастайды. Өз қызметін қалтқысыз атқара жүріп, 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Биология факультетіне (кешкі бөлім) оқуға түседі.
2003 жылдан бері медбикенің тынымсыз тірлігінен, клинико-диагностикалық зертхананың маманы ретінде өз жұмысын бастайды.
Қазіргі таңда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында микробиология, патоморфология, генетика, ағынды цитофлюориметр, полимерлі-тізбекті реакция, биохимиялық анализаторлар, компьютерлік томография, ультрадыбыстық сканир және т.б.
бірнеше лабораториялық бөлімшелер жұмыс істейді.
Сонымен қатар орталық:
– бала ауруы мен мүгедектігінің алдын алу және емдеу әдістерін жасау
– балалардағы гематология
– жүрек-қан тамырлары аурулары, бронх-өкпе және гастроэнтерология аурулардың клиникалық-эпидемиялық ерекшеліктерін айқындап, олардың терапия және реабилитация әдістемелерін жасау;
– балалардың туа және жүре пайда болатын хирургиялық ауруларының емдеу-диагностикалық тәсілдерін қалыптастыру;
– Арал өңіріндегі балалар денсаулығын зерттеу және оларды емдеу жөнінде ғылым негізделген бағдарламалар жасау сынды ғылыми бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Жоғарыда тілге тиек еткен балалардағы гематология бағытының алға қарай адымдауына өзінің септігін тигізіп жүрген Гүлзат Батырханованы өз ісінің нағыз майталман маманы десек болғандай.
– Кәзіргі кездегі ең негізгі кәсіби бағытым – сүйек кемігін зерттеу арқылы қан ауруларын бастапқы диагностикалау. Әсіресе диагностиканың дәлдігіне сүйенетін онкология мен гемотология салаларында сүйек кемігі – негізгі «көз» секілді. Мен бұл істі өзімнің миссиям деп қабылдаймын, себебі науқастың дұрыс диагнозы - оның емделу жолындағы алғашқы әрі маңызды қадамы, – дейді Гүлзат Заңғалиқызы.
Жоғарыда атап өткеніміздей, лейкоз бүгінде қауіпті дерттің бірі. Лейкозды анықтау үшін кейде қарапайым қан талдауы жеткілікті болса, көп жағдайда күрделі талдаулар мен процедураларды жасаудың қажеттілігі туындайды. Жілік майының пункциясы – зерттеудің негізгі түрлерінің бірі. Бұл тұрғыда алынған материал микроскоппен толлыққанды зерттеледі. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Гүлзат Батырханова да дәл осы міндетті атқаратын кәсіби маман.
Зерттеу жүргізу барысында ол жілік майы жасушаларының құрылымына, химиялық құрамына және лейкоциттер санына басты назар аударады.
« – Сүйек кемігін зерттеу – шын мәнінде өте нәзік әрі жоғары дәлдікті талап ететін сала. Бұл жұмыстың әрбір қадамы — адамның өмірімен тікелей байланысты.
Ең алдымен, бұл зерттеу қан ауруларының, лейкоздардың, лимфомалардың, сондай-ақ кейбір солидті ісіктердің нақты диагнозын қоюда шешуші рөл атқарады. Сол себепті де, әрбір микроскоп астындағы жасуша – жай ғана биоматериал емес, бір адамның үміті, тағдыры деп қабылдаймын.
Қиындықтары да аз емес. Біріншіден, сүйек кемігінің материалын дұрыс алу мен оны сапалы өңдеу – бүкіл процестің негізі. Екіншіден, морфологияны интерпретациялау, яғни қан жасау жүйесінің бұзылыстарын дәл ажырата білу – терең білім мен үлкен тәжірибені қажет етеді. Бұл жерде қателесуге құқығың жоқ» дейді маман.
Асқан жаупкершілікті талап ететін мамандықтың иесі Гүлзат Батырханова өз саласының кәсіби маманы атану үшін де көп тер төкті. Атап айтқанда ол 2011 жылы Екатеринбург қаласындағы Облыстық балалар ауруханасында «Зертханалық гематология» мамандығы бойынша жұмыс орнында оқу курсынан өтті. Одан әрі де тынымсыз ізденісті жалғастырып, 2014 жылы ФМҚМ «Дмитрий Рогачев атындағы Ұлттық балалар гематологиясы, онкологиясы және иммунологиясы орталығында» онкология және гематология саласындағы «Цитоморфологиялық зерттеулердің теориялық негіздері» атты біліктілік куәлігін алды. Ал 2015 жылы Н.Н. Блохин атындағы Ресей онкология ғылыми орталығында біліктілігін арттырды. Аталмыш орталықтың «Балалардағы қатерлі ісіктерді цитологиялық диагностикалау» бойынша куәлігін иеленіп, саладағы хас мамандардың біріне айналады.
2017 жылы И.П. Павлов атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік медицина университетінде «Балалар мен жасөспірімдердегі гематологиялық және онкологиялық аурулар кезінде сүйек кемігін цитоморфологиялық зерттеу» тақырыбы бойынша кәсіби біліктілігін арттырып, өз саласына тереңнен үңіле бастайды. Мұндағы басты мақсат – халық саулығын сақтау және нығайту ісінде үлес қосу.
«Менің кәсіби қызметім сүйек кемігін морфологиялық зерттеу арқылы қан аурулары мен қатерлі ісіктерді бастапқы диагностикалаумен байланысты. Қатерлі ісікті бастапқы диагностикалау кезінде кеңейтілген жалпы қан талдауы мен цитогенетикалық талдаулар жүргізіледі. Сонымен қатар, созылмалы лейкозды ауыр лимфобластты лейкоздан ажырату үшін зерттеудің иммунды фенотиптеуі жасалады.
Ал жілік майы пункциясы – талдау морфологиялық сипаттамалары және цитогенетикалық түрі бойынша сәйкестендіруге лейкоздың қандай да бір терапия препараттарына әсерін анықтауға мүмкіндік береді. Миелограмма болса, қан жүйесіндегі мутацияланған және сау компоненттердің қатынасын анықтауға көмектеседі. Цитохимиялық талдаудың нәтижесі айрықша ферменттерді анықтауға мүмкіндік береді» – дейді марфолог.
Жиырма екі жылдан бері табан аудармастан осы салада тер төгіп келе жатқан кәсіби маман бүгінде өз тәжірибесімен бөлісіп те жүр.
«Мен үшін кәсіби шеберлікті шыңдаумен қатар, өз тәжірибемді басқалармен бөлісу – ерекше маңызды миссия. Соңғы жылдары өңірлік зертханаларда жұмыс істейтін мамандарға сүйек кемігін зерттеу бойынша оқыту, практикалық тренингтер, шеберлік сабақтарын өткізу – менің күнделікті жұмысымның бір бөлігіне айналды. Шеберлік дәрістеріне еліміздің түкпір-түкпірінен келетін мамандарды оқытамыз. Сабақ бір-екі күндік емес, бір айға дейін созылады. Себебі, әрбір клетка микраскоппен толыққанды қаралып, зерттеледі» деп сабақтады сөзін лаборант.
Осы орайда біз кейіпкерімізден орталықтағы зерттеу жүргізуде қолданылатын арнайы құрал-жабдықтар туралы айтып беруін өтіндік.
Г.Заңғалиқызының айтуынша, зерттеу жүргізу барысында лабораторияда «Sysmex XN-550» гематологиялық анализаторы, Architect c4000- биохимиялық анализаторы және Architect i2000 аппараттары қолданылады. Аталмыш құрылғылардың барлығы қан құрамының көрсеткіштерін анықтауға ықпал етеді екен.
Гүлзат Батырханованың сөзіне сүйенсек, еліміздің түкпір-түкпірінен орталық мамандарының көмегіне сүйенетін науқастар жетерлік көрінеді. Кей жағдайда зерттеу нәтижесіне байланысты диагноздың дұрыс қойылмайтын кездері де кездеседі екен. Ондай сәттерде тыңғылықты түрде зерттеу жұмысын жүргізе отырып, дұрыс нәтиже шығаруға ықпал етеді екен.
«Зерттеу жүргізу барысында шыны препаттардың сапасы төмен болатын кездер кезігеді. Ондай кездерде биоматериалды қайта сұратып, талдаманы қайта жүргіземіз. Зерттеу кезінде лейкоз анықталса, протокол бойынша ем қабылданады. Он бес күннен кейін қайта тексерілген кезде талдаманың нәтижесі дұрыс шықса, бұл біз үшін де үлкен қуаныш. Мұнда ең бастысы –зерттеудің дұрыс жүргізілуі. Сонда ғана диагноз дұрыс қойылады.Егер дер кезінде дұрыс диагноз қойылып, ем-шара жүргізілмесе, онда дерт дендеп, қатерлі ісікке ұласуы мүмкін. Бұрындары қатерлі дертке шалдығатындардың саны санаулы болса, қазір көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Бір жағынан бұл сол кезеңдегі диагностиканың дамуымен де тығыз байланысты» деп түйіндеді сөзін Г.Заңғалиқызы.
Маман сөзінше, қазіргі таңда айына жоқ дегенде онға жуық баладан қауіпті дерт анықталатын көрінеді. Бұл өз кезегінде көзіміздің нұры болған балапандарымыздың саулығына жауапкершілікпен қарау қажет деп қағылған дабыл іспетті. Әрбір отбасы үшін балаларының амандығы бәрінен қымбат. Сондықтан да көзіміздің ағы мен қарасы болған бүлдіршіндеріміздің саулығын сақтауға сергек қарағанымыз абзал.
Гүлмира САДЫҚ