ЗИЯЛЫ АЗАМАТТАР ҚАЙДАСЫҢДАР?
2025 ж. 23 шілде
731
0

Қазіргі кезеңде өзін ел азаматымын деп жүрген әр қазақтың қасиетті борышы – өз халқының ұлт болып ұйысып, бір-бірін қорғап, жаһандану заманында елінің тәуелсіздігін сақтау жолында бар білімі мен күш-қайратын аямай тер төгу болып отыр.
Тәуелсіз еліміздің өсу жолдарында және қоғамның дамуына сәйкес адамдардың сұрақтарын үнемі тудыратын қарама-қайшылықтар болып жатуы табиғи заңдылық екенін ұғу қажет. Сол қайшылықтардың пайда болу себептерін іздеп, дер кезінде дұрыс шешімдер қабылдау – адамдардың білімі мен біліктілігінен басқа, рухани адалдығы мен халқына, еліне деген жүрегінің таза соғуына байланысты. Өмірдегі болып жататын құбылыстардың заңдылығын ұғып саралай білу үшін және сол құбылыстарға ықпал ету үшін, біз ұрпағымыздың жан-жақты білімді игерген, өз халқының рухани құндылығын бойына сіңірген интеллектуалды азамат болып қалыптасуы қажет екенін ескеруіміз қажет.
Жастарды осындай деңгейге жеткізе білу, тек мемлекеттік жүйенің міндеті емес. Ол, осы қоғамда өмір сүріп жатқан барлық аға буын мен орта буын адамдардың азаматтық парызы екенін ұмытпаған абзал. Жас адамдардың мінез-құлқы, өмірге деген көзқарасы өзі өскен ортаға байланысты. Қазақ халқының: «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» деген даналығын естен шығармайық. Яғни, ел болып, билік болып ел келешегінің иесі жастардың болашағын ойласақ – өзіміздің әр қадамымызға сын көзбен қарап, сол жастарға үлгі, тәлім боларлықтай әрекет, қимыл жасауымыз керек екенін ұғу қажет. Сөз бен ісіміздің, пиғылымыз бен қимылымыздың ара алшақтығын болдырмау бәріміздің ойымыздан бір сәтте шықпауы тиіс.
Біз мына бір ақиқатты ұмытпайық. Ол – адамның өзі қартайғанда көретін бақыты мен қасіретінің негізі, өзінің жас шағында істеген қылықтарынан туатындығы. Өйткені, бала әке-шешенің көшірмесі. Бұл философиялық тағлымның өмір сүру заңдылығынан туындап отырғаны аян. Оны ешқандай ғылым жоққа шығара алмайды және ол барша адамзат қауымына ортақ заңдылық.
Мысалы, қазір өзін «зиялы ақсақалмын» деп, қоғамның өміріне белсене араласып жүрген біраз азаматтардың сөзі мен ісінің қабыспай жататынын көргенде, олардың кемшіліктерінің астарында халқының рухани құндылығынан ада болуы жатқан шығар деген пікір әркімнің ойында пайда болады. Сондықтан, жастарға «сөзі емес, іс-әрекеті үлгі» болуына байланысты қазақ ақсақалдары қандай болу керек деген сұрақ өзінен-өзі сұранып тұр.
Осыған жауапты ісі мен сөзі жұртқа тәлім болған ағалар, дарынды, өнегелі жастар болып, бәріміз өз пікірімізді ортаға салсақ дұрыс болар еді.
Адамдарды мазалайтын тағы бір мәселе, ол – шенділер мен байлардың қарапайым адамдармен қарым-қатынастарындағы тәкапарлық! Байлардың өздерінен басқаларды төмен санап, жоғарыдан қарап менсінбеуі халқымыздың арына зиян әкелмейді деп кім айта алады?.. Бұл қылықтың түбінде мәдениетсіздік, надандық, өзімшілдік нен рухани кедейлігі жатқандағын қалай жасырамыз?..
Ондай қылықтың көбінесе, бабалар рухын елемейтін отбасындағы тексіздіктен туатынын қашан ұғамыз?.. Бала тәрбиесі, ананы қыз кезінінен тәрбиелеуден басталарын білген халқымыздың даналығы «Қызға, қырық үйден тыйым» дегенді, қазіргі ата-аналар қалай ұғады?.. Бұл сұраққа мұғалімдер, тәрбиешілер, ғалым-ұстаздар не дейді?..
Ұрпақ тәрбиелеу мәселесі еліміздің келешегімен қабысып жататын маңызды, үлкен мәселе! Оған ешкім таласа қоймас. Тәрбие негізі отбасынан басталады. Бала ата-ананың көлеңке-көшірмесі болғандықтан оның әке-шешесі өздерінің қылықтарына мұқият қарауы тиіс. Балабақша, мектеп, жоғарғы оқу орындары баланың тек дарынын шыңдап, мінезінің толып, қалыптасуына ықпал етеді. Бұл – табиғи заңдылық.
Ендеше, әрбір адам, отбасы, мемлекет – ұрпақ тәрбиесіне мұқият көңіл бөліп, бала тәрбиесіндегі болатын кемшіліктердің болмауына көңіл бөлуін қалай жолға қоя аламыз?.. Келешекте балаларымыздың сәби кезден бастап отбасында, ата-ана қасында толық тәрбие алуына мүмкіншілік туғызатын жағдайды шешу мәселесіне билік, халық қалаулылары – депутаттар қашан белсенділік көрсетеді?..
Тәуелсіз еліміздің келешегі дәулетті болып мәңгі жасауына ықпал ететін ең қымбат байлығымыз бен қуатымыз – бабалардың рухани байлығы мен адамзаттың адами тиімді құндылықтарын бойына сіңірген білімді, ар-намысы таза, жігерлі, қайсарлы тәрбиеленген ұрпақ екені аян. Яғни, жастарды өз елі намысын қорғаушы және жерінің иегері етіп тәрбиелеуден маңызы зор ештеңе жоқ екенін түсінуіміз қажет. Жастарды тәрбиелеуді кезекті науқанға, шоу-шараларға айландырмай, бабалар салған жол – үлкендерден тәлім көріп тәрбиелі болып өсуін іске асырсақ қана ұлттық тәрбие беретін орта қалыптасады. Яғни, ұлттық сананың қалыптасуы ұлттық тәрбиенің деңгейіне байланысты екенін өмірдің өзі көрсететінін естен шығармауымыз керек.
Олай болу үшін баршамыз: биіктегі дәрежелі шенділер де, байлар да, қарапайым қатардағы азаматтар да, өз бойындағы кемшіліктерінен құтылу жолын ойлауы – азаматтық борыш. Егер осыған үғымымыз, жігеріміз, біліміміз, төзіміміз жетсе, сонда ғана, бабаларымыздың даналығын жаңғыртып, жастарды тәрбиелеу біздің қолымыздан келеді деуге болады. Тек «сонда ғана ұрпағымыздың ар мен намыс тазалығын ту етіп ұстайды» деп, халықты сендіруге болады. Ал, сылдыр сөз – бос айғай, ұран–шоумен тәлім беруге тырыссық, онда жастарымыз пысықайлық, атаққұмарлық, дүниеқоңыздық, надандықтың құлы, даукес болып өз халықының намысын қорғаудан гөрі, өз жейдесінің бүтін болуын ғана ойлаудан аспайтын ынжық, өзімшілдер болуы ықтимал.
Өкінішке қарай, қазір жастарға үлгі болуға ұмтылып жүргендердің біразына тән ауру – атаққұмарлық пен «бүркеме тәкаппарлық». Сондай «пысықтардың» сөздерін естіп, сұхбаттарын оқыған жастар сырттай оларды қарапайым, дана деп қабылдағанымен, өмірде олар ешкімді менсінбейтін тәкаппар, менмен, өздерін жоғары, ақылды санайтын, іштарлығы ішінде жатқан аярлар екенін ұққанан кейін, жастар үлкенді құрметтеп, қайдан сыйлайды?!.
Ұлтының намысын қорғауда қазақ азаматтарының бастарының қосылмай, бас-басына данышпан, ақылшы, көсем болуға ұмтылуының салдарынан береке мен бірлік болмай, әркімдердің жемі болып жүруінің де, себебі осы емес пе? Ойланайық! Қашанғы осылай жүре бермекпіз? Зиялы, ары таза жігерлі азаматтар, парасаттылықпен өз кемшіліктерін өздері түзетіп басы қосылмаса – ұлт намысының жерге тапталуы жалғаса беруі ықтимал. Елін халқын сүйген ары таза, ұяты бар ер қорғайды!
Ел келешегін ойласақ, әр қазақ өзінің «мен» деген кеудесін басып, парасаттылықпен ұрпақ болашағы үшін бір-біріміне кешірімділікпен, бауырмалдықпен қарауды үйреніп, ұлт болып ұйысып, өз мемлекетінің шаңырағын биік, босағасын берік ұстайтын береке-бірлік үшін ат салысуы қажет. Ұрпағымыздың кеудесіне, өз Отанының намысын қорғайтын патриотизм мен мемлекетшілдіктің өшпес сезім отын жағайық!
Зиялы азаматтар қайдасыңдар?
Болат Дүйсембі,
саясаткер-экономист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.