Қайыр ҚАЖИ: Мақсатым – ел-жұртыма қалтқысыз қызмет ету

Қайыр ҚАЖИ: Мақсатым – ел-жұртыма қалтқысыз қызмет ету

Сайлаушылары алдында былтырғы атқарылған жұмыстар жайында есеп берген Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Қайыр Қажидың ниет-тілегін қысқаша осылай тұжырымдауға болар еді. 

Ағайынның амандығы басты назарда

Елдің аманатын арқалау үлкен жауапкещршілік екенін жақсы түйсінетін халық қалаулысы орын алған мәселелерді халықпен тығыз қарым-қатынас орната отырып шешіп келеді. Бұл орайда азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, нақты шешім қабылдау үшін қоғамдық қабылдаулардың маңызды екендігі белгілі. Сондықтан да, 2024 жылы «Ақ жол» демократиялық партиясының Жетісу облыстық филиалында 5 қабылдау және 2 көшпелі қабылдау өткізілді. 

  Онда көптеген тұрғындардың өтініш-тілектері тыңдалып, заң аясында шешу жолдары қарастырылды. Мысалы, Талдықорған қаласының Бақтыбай көшесінің тұрғыны көшесінде кешкі жарықтандыру шамдарының жоқтығы сонымен қатар көше тұрғындарының ауыз суға қол жеткізе алмай отырғандарын хабарлады. Аталған азаматтың мәселесі бойынша тиісті мекемеге депутаттық сауал жолданып, оң шешімін тапты.

Сондай-ақ, былтырғы жылы Көктал ықшам ауданындағы кездесуде тұрғындар санитарлық көлік жоқ және амбулаториялық орында қажетті жағдайлар толық жасалмағандығын айтып мәселе көтерген болатын. Жоғарыда көтерілген мәселелердің шешімін табу үшін Қайыр Қабыланбайұлының тарапынан тиісті орындарға депутаттық сауал жолданған-ды.

Атап айтқанда, Көктал және Алмалы елді мекендері Талдықорған қаласының аумағына кіргендіктен, бұл аймақтарға медициналық көмек қалалық шұғыл және жедел медициналық көмек көрсету станциясының бригадасымен («103») көрсетіледі. 

Көктал елді мекенінде қазіргі таңда денсаулық сақтау басқармасына қарасты ғимарат/жер учаскесі болмағандықтан, амбулаторияның қызмет атқаруы мүмкін емес болып табылады. Бұл мәселе облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Талдықорған қалалық №2 емханасының басшылығымен қарастырылды. Қазіргі таңда Көктал елді мекенінде тіркелген азаматтарға медициналық көмекті Еркін ауылдық округінің дәрігерлік амбулаториясы көрсетуде. Дегенмен, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселені бақылауға алды. Болашақта шешім табуы үшін тиісті ұсыныстар берілмекші.

Қоғамдық көлік жұмысының халі нешік?

Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Қайыр Қажиға азаматтар түрлі-түрлі мәселелер бойынша өз шағымын жеткізіп тұрады. Солардың бірі – қоғамдық көлік қызметінің халықтың көңілінен шықпайтындығында. Тарқатып айтсақ, Еркін ауылдық округіне қарасты Көктал ықшам ауданындағы тұрғындар саны мен қоғамдық көліктің яғни 10-шы нөмірлі автобус саны сәйкес келмейтін көрінеді. Соның салдарынан халық қоғамдық көлік ішіне сыймай, межелі жеріне жету қиындық туғызып отырған көрінеді. Халық қалаулысы Қайыр Қажидың ұсынысымен қала әкімі Ернат Бәзілге мәселенің маңыздылығын ескеріп, шешімін табуға өтініш білдірілді. Осы орайда депутаттан қарапайым халықты толғандыратын өзге де өзекті мәселелер турасында сөз қозғауын сұрадық.

– Депутаттық жұмыс жоспарыма сай азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдау жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Осындай кездесулердің бірінде Еркін ауылдық округіне қарасты Көктал ықшам ауданының тұрғыны келіп, аталған өлкеде қараусыз иттердің қарасы көптігіне шағымданды. Ықшам аудан тұрғындары бұралқы иттердің кесірінен ойын алаңындағы және мектеп жасындағы балаларына алаңдаулы. Өңір тұрғыны тіпті арнайы сырғасы тағылған иттер де агрессия танытуын доғармағанын жеткізді. Азаматтың осы өтінішіне орай Ветеринария басқармасына сауал жолдап, шара қолдануын сұрадым, – дейді мәслихат депутаты Қайыр Қабыланбайұлы. 

Өңір жұртшылығының әрқайсысын әртүрлі мәселелер толғандыратыны белгілі. Жетісу облыстық мәслихатының депутатының сөзіне сүйенсек, Талдықорған қалалық әкімдігіне қарасты Өтенай ауылдық округ орталығына баратын Жансүгіров көшесі бойындағы Ұстаздар көшесінің қиылысына бағдаршам орнатылмаған екен. Соның салдарынан көлік жүргізушілері көптеген түсініспеушілікке кезігеді. Ал, Ынтымақ шағын ауданы бойындағы Қ.Жалайыри тас жолында кері айналма орынының жоқтығы тұрғындарды қинауда. Себебі, көлік жүргізушілері облыс орталығына бару үшін бірнеше шақырым жер жүріп барып кері айналма орнынан өтеді. Аталған мәселелер оң шешімін табуы үшін жауапты мекемелерге сауал жіберіп, одан арғы әрекеттерді өз бақылауына алыпты. 

Негізгі шамшырағымыз – білім болуы тиіс

Қоғамдық маңызы бар іс-шаралардың үнемі басы-қасынан табылатын Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Қайыр Қажидың былтырдан бері 15 шараға, партия тарапынан 19 сессия, жиын отырыстарына қатысуының өзі елдің жайына бей-жай қарамайтынын көрсетсе керек. Түрлі комиссия отырыстарында сала басшыларының есебін тыңдап, тақырып аясында тиісті ұсыныстарын да білдірген. Күн тәртібіне енгізілген мәселелер толыққанды қаралып, тиісті шешімдер шығуына атсалысқан. 

Халық қалаулысы ретінде қай кезде де жұрттың жанынан табылу қажет деп есептейтін атпал азамат 2024 жылғы көктемгі су тасқыны апатына байланысты төтенше жағдай жариялаған аймақтарда депутат ретінде тілсіз жау салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсету шараларының басы-қасынан табылды.

 Сонымен қатар, «Мектепке жол» «Жақсылық жасап жарысайық» акциясы аясы аясында Д.Рақышев атындағы облыстық қазақ мектеп-интернатының 6-сынып оқушысын толықтай мектепке даярлануына қолдау көрсетті. 

Өткен жылы салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласының Жастар спорт кешенінде Қазақстан Республикасының мәслихатының 30 жылдығына орай таеквондодан (WT) Республикалық ашық турнир өткізілді. Жалынды жастар жиналған доданың басы-қасында болып сайыстың әділ өтуін қадағалады.

Білім ең басты – шамшы­рағымыз. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру мәселесіне де айрықша назар аударып келе жатқан Қайыр Қабыланбайұлы Жетісу облыстық мәслихат депутаты Қамбарбек Мұхаметбекұлымен бірлесіп, Сарқан ауданы бойынша бірқатар мектептер мен балабақшаларға мониторинг жүргізген. Бұл жұмыстар жаңа оқу жылының қарсаңында оқу орындарының дайындық барысын пысықтау, туындаған мәселелерді көзбен көріп, нақты шешім қабылдау мақсатында ұйымдастырылды.

Мониторинг барысында білім ошақтарының құрылыс сапасы, балаларға қолайлы орта қалыптастыру, қауіпсіздік шараларының қамтамасыз етілуі сияқты маңызды аспектілерге ерекше назар аударылды. Алдағы уақытта да осындай жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады. Халық қалаулысы халықпен етене араласа отырып, олардың әрбірін толғандырған мәселелерінің оң шешімін табуына ықпал еткенде ғана халықтың көңілінен шығатыны анық. Осы орайда Қайыр Қажи:

– Сайлау алды бағдарламаны орындау мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» әзірленіп, көтерілген 5 мәселенің 3-еуі оң шешімін тапты.

Мәселен, Еркін ауылындағы Сарыбұлақ, Берліқожанов, Қарасу, Бұлақты және Мерекеновтер көшесіне ауыз су құбырын жүргізу жұмыстарын жасау үшін жобалау-сметалық құжаттамалары дайын, сараптаманың оң қорытындысы берілген. Құрылыс жұмыстарына 467,5 млн. теңге қарастырылған. Көшелерге ауыз су құбырын жүргізу жұмыстары сәуір айында басталды.

Еркін ауылдық округінде мәдениет үйін салу бойынша жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп оң қорытынды берілді.  

 150 орындық өнер ордасының құрылысына Республикалық бюджеттен жалпы құны 714. млн. теңге қаражат қарастырылған, жұмысты бастауға 334,3 млн. теңге бөлінді, – дейді депутат. 

Халықты жиі толғандыратын мәселенің бірі – жол екенін ескерсек мәслихат депутаты да бұл мәселеден айналып өтпек емес. Мәселен Көктал тұрғын алабында 37 көшенің жолдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлінді. Бүгінгі күні ұзындығы 7,6 шақырым болатын 8 көшенің жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 2 көшенің асфальт төсемі толығымен аяқталды, қалған 6 көшенің жол жабындысын асфальттау жалғасуда.

Халыққа қалтқысыз қызмет ету ашықтықтан басталады. Біздің кейіпкеріміз – Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Қайыр Қажи бұл мәселеде де қырағылықы танытып жүргендігін айту ләзім.

Әлеуметтік желі мен Бұқаралық Аақпарат Құралдары арқылы 488 материал жариялап, атқарылып жатқан жұмыстарды барынша ашық жеткізіп отыратын оның бұл ісі көптің көңілінен шығады.

P.S.

Депутат сөзінің соңында: 

– Сіздердің аманатта­рыңызды арқалап, ел мүддесі үшін тер төгу – өзім үшін әрдайым үлкен жауапкершілік, абыройлы міндет. Алдағы уақытта да халықпен бірге, сіздердің өтініш-тілектеріңізді тыңдап, мәселелерді шешуге күш салуды жалғастыра беремін, – деді нық сеніммен.

Гүлмира САДЫҚ

«Қазақ үні»