ЖАНҒА ШИПА, ТӘНГЕ ДАУА ІЗДЕГЕН

ЖАНҒА ШИПА, ТӘНГЕ ДАУА ІЗДЕГЕН

Жақсыны жатқа санамайтын қазақ, жаны жайсаң адамды асылдың сынығы, айдынның тұнығына балап жатады. Бұл қанымызға сіңген құнды қасиет. Бүгінде тәуекелге көңілі тоқ болса да, тәубеге тоқтайтын тау мінез тұлғалар аз емес арамызда. Солардың бірі де бірегейі – Медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Вена Халықаралық университетінің «Құрметті профессоры», Халықаралық «Сократ» атындағы орденнің, құрамына 193 мемлекет кіретін Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық «Құрмет белгісі» орденінің лауреаты, Халықаралық «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медицина орталығының директоры Жасан Зекейұлы.

Бұрынғы Шығыс Түркістан өлкесінде дүниеге келген Жасан Зекейұлы барына тәуба айтқан балалы-базарлы отбасында өсіп-өнді. Қаршадайынан арманына қанат байлап қиырды шолған ол ортасынан озық шығып, Шыңжаң медициналық университетінің емдеу факультетіне түседі. Тегінде ұлттық мұраттарға қызмет ету идеясы әр ұрпақтың жадында жаңарып, оянып тұратын болса керек. Ең бастысы, Жасан Зекейұлы ертеңі бітпейтін еріншек емес еді. Жастайынан жалқаулыққа жаны қас болып өсті. Осы бір қасиетінің арқасында ол өмір белесінде бүгілген жоқ. 

Жасан Зекейұлының ата-анасының естеліктері бүгінге дейін жадында жатталып қалған. Еңбекқор әке мен қамқор анасының көрген бейнеті - өмірінің тағылымы іспеттес. Ата-анасының сол кездегі бүтін бір буынның басына түскен тауқыметті тағдыры жас Жасанды қайрай, шыңдай түсті. Қайткенде ата-анамды ұятқа қалдырмауым керек деген қайрат пен жігер намысын жани берді. Жақсы оқыды. Қызметте үлгі көрсетті. 

«1983 жылдары Қытайдағы Шыңжаң медициналық университетінің емдеу факультетінде оқып жүргенімде бар күш-жігерімді ең алдымен қазағыма арнасам деп армандаушы едім» – дейді Жасан аға. Бүгінде ол арманы орындалды. Оқу-білімге құштар, үйренсем-білсем деп ұшқын атып тұрған балғын жігіттің таудай талабы сол жылдары ұштала түсті. 

1995 жылы Тибет медицинасындағы ерекше еңбегі үшін ҚХР Денсаулық сақтау министрлігінің «Жоғары білікті аға зерттеуші-дәрігер» атағын иеленеді. Сол жылы Халықаралық Алтын инемен емдеу ғылыми-зерттеу қоғамына мүшелікке қабылданады. Денсаулық сақтау ісі бойынша Қытайдағы жүз үздік жас маманның бірі атанды. Осындай ізденіс жолдарынан өткен Жасан Зекейұлы бүгінде «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» қағидасын ұстанған.

«Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі», – дейді атам қазақ. Ендеше еліміздің ертеңі үшін дені сау, саналы азаматтар қажет. Сондықтан, салауатты өмір салтын қалыптастыруды үнемі насихаттап отыру керек. Әсіресе жас ұрпақтың бойына тазалық пен сергектікті орнықтыру – біздің міндетіміз, – дейді Жасан Зекейұлы. 

Ата жұртына қоныс аударған Жасан Зекейұлы 2004 жылы Алматы қаласының төрінен «Жас - Ай» орталығын ашады. Ал 2016 жылы орталықтың жұмысын ел жүрегі Астана қаласынан және кейінгі жылдары Шымкент қаласынан жүргізе бастады. Содан бері медицина орталығынан мыңдаған сырқат емделіпті, сол елу мыңнан аса емделушінің он мыңнан астамына тегін ем-дом жасалыпты. Қазір «Емші болса Жасандай, емхана болса «Жас-Айдай» болсын» деген сөз ел аузында жүр. 

«Біздің үлкен жетістіктеріміздің бірі – «Жас-Ай» Шығыс-тибеттік медицина журналын шығаруымыз. Көрші Қытайда қазақ тілінде медициналық білім беретін мерзімді баспасөздер шаш етектен. Ал бізде мұндай басылымдар жоқтың қасы. Журнал жарық көрген бес жылдан бері халыққа салауатты өмір салтын насихаттауда» – дейді Жасан аға. 

Қазақ халқы асты жоғары бағалап, қадірлей білген. Қай заманда, қалай айтылғанына қарамастан, халық асты құрметтеудің жолын, оны әзірлеудің көзін, ретін таба білген. 

 «Мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабамыздың негізгі асы ет және сүт. Әсіресе, сүттің алатын орны ерекше. Себебі, сүт және сүттен жасалатын тағамдар денсаулыққа өте пайдалы. Ол ас қорыту бездерінің жұмыс істеу қабілетін үнемі жақсартып отырады. Оның үстіне сүт өнімдерінің дәрулік қасиеті де бар. Олар емдеу, алдын алу, диеталық тағам ретінде де қолданылады. Ал, жылқының сүтінен әзірленетін қымыздың емдік қасиеті ертеден белгілі. Ата-бабамыз астың пайдасын медицина дамымай тұрып-ақ білген. Бұрын қымыз – шұбатын ішіп, құрт-ірімшігін жеп-ақ дерттің ал­дын алған. Ата-бабамыздың алып тұлғалы, батыр да дана болуы­ның бір сыры осында» – дейді Жасан аға. 

Иә, қазір сол ұлттық тағамдардан бас тартатындар көп. Бұған себеп, түрлі тағамдардың, соның ішінде, басқа елден келген астардың көбеюі. Бірақ, бұл тағамдардың пайдасынан зияны басым екенін Жасекең айтқандай зерттеушілердің өзі дәлелдеп отыр. 

«Жас-Ай» қазір көп қабатты емдеу-сауықтыру орыны бар орталық. «Жас-Ай» Шығыс-тибет медицинасының Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы қызметі бұл күндері АҚШ-тың, Жапонияның, Еуропа елдерінің білікті мамандарымен араласып, тәжірибе алмасу үстінде. Аталған елдерге өзі де жиі сапарға шығып тұратын Жасан Зекейұлының кәсіби деңгейі әр тараптан ескеріліп, 2009 жылы Вена қалалық Халықаралық Университетінің «Құрметті профессоры», 2010 жылы Халықаралық «Сократ» атындағы орденнің иегері атанды. Және елде де еңбегі еленіп, ол «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды. 2008 жылы жыл сайынғы «Алтын Жүрек» сыйлығын иеленді. Бірақ, бұған Жасан аға малданып жүрген жоқ. Қайта ұлт денсаулығына жаны ауырып, елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етуде.

«Бүгінде қан бұзылып бара жатыр деп налиды Жасан аға. Жеті атадан бері қарай қыз алыспаған қазақ қазір бұл мәселеге мән беруді қойған. Кешегі кеңестік жүйе насихаттаған солақай саясат салдарынан діні, ділі табыспайтын отбасылар көбейді» – дейді Жасан Зекейұлы. 

Туған елінің ертеңін ойлаған адам өзінің тұлғалық келбетін өзі жасайды. Жасан Зекейұлы да өзіне тән азаматтық болмысты өзі қалап келе жатқан жан. Ес білгеннен бері білімпаздығын, зиялылығын, парасаттылығын, өресінің кеңдігін, рухының биіктігін байқатып келеді. Бұл оның өмірлік қағидасы. Қанға сіңген қастерлі қасиеті. Жасан Зекейұлының еліне, жеріне, халқына деген сезімі терең. Өзі денсаулық саласының маманы болғандықтан ұрпақ тәрбиесіне барынша мән береді.

Иә, тарқата берсең, Жасан ағаның таусылмайтын қырлары көп. Ең алдымен ол өз ісінің маманы. Жаны жомарт, жүрегі елім деп соғады. Мұндай жандар қашан да ұрпаққа өнеге. Дәрігердің және бір қыры ғалымдығы. Жасан Зекейұлының Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында облыстық әкімдіктің қолдауымен жарық көрген халық денсаулығы мен еліміздің игілігіне арналған «Бел омыртқа аурулары» және «Акупунктура» атты қос бірдей кітаптарының тұсаукесері болғаны күні кеше еді. 

Аталған кітаптардың құндылығы – Қытай, Тибет медицинасы мен Қазақ халық медицинасының біте қайнасқан элементтерінің талданғандығы. Себебі, бес мың жылдық тарихы бар Қытай, Тибет – жалпы шығыс, оның ішінде дәстүрлі төл медицинамыздың да көптеген тұсы біздің дәрігер мамандарымызға беймәлім қалып жатыр.

Шығыс медицинасы табиғи болмысты қалпына келтіріп, ағзаға ешқандай зиян келтірмей, аурудың салдарын емес, себебін емдеуге негізделген. Жер бетін мекендеген әр ұлттың өз дәстүріне сай халық емі, білгір емшілері де болғандығы ақиқат. Бұл ешқандай талас тудырмайды. Дегенмен, қазіргі уақытта дүниежүзіндегі халықтардың көпшілігі мойындап, соңғы кезде тіпті көп айтылып та, насихатталып та жүрген шығыс емі екендігі ақиқат. 

Сондықтан бұл мәселеге қатысты аталған еңбегінде автор медицина саласындағы көп жылғы еңбек тәжiрибесі мен ғылыми ізденістері негiзiнде оқулық жазып, үлес қосуды мақсат тұтқан. 

 «Беломыртқа аурулары», «Акупунктура» оқу құралдары медицина саласындағы студенттерге кәсіби білім берумен қатар, дәстүрлі танымнан ажыратпай, өз бетінше логикалық ойлау және анализ жасау қабілетін дамытатындығына сарапшылар оң бағасын беруде.

Жасан Зекейұлы Түркиямен қатар, алыс жақын шет елдерге сапар шегіп, маңызды ғылыми жобаны талқылап жүр. Медицина саласында ғасырлар бойы адам денсаулығын қалай жасартуға болады деген сұраққа жауап табылмай келген еді. Енді сол адам денсаулығын он бес жылға жақсарта түсетін аппарат жайлы және де 21 ғасырдағы адамзаттың ең ауыр жазылмас дерттері неге көбейіп кетті деген тақырыптағы ғылыми конференцияда Жасан Зекейұлы баяндама жасап, сол аппараттың халықаралық дәрежедегі сертификатына қол жеткізді. Бұл да бір отандық медицина саласын дамытуға қосылған үлес болары анық.

«Жақсы сөз жарым ырыс» деп аталарымыз бекер айтпаған. Жақсы тілек, жақсы сөз айтқан адамның мейірім гормоны көбірек бөлінеді де ол адам көп жасайды. Адамның қалқанша безі, қуық асты безі, әйел адамдарда әйелдік безінен мейірім гормондары бөлінгендіктен бұл адамның иммунды жүйесін көтеріп, аққан клеткасының орнын басады. Жалпы біз не үшін өмір сүреміз? Адам денсаулығын күтіп, жақсы көңіл-күйде бақытты өмір сүруге тырысуы керек. Денсаулық адамның көңіл-күйіне байланысты. Яғни, сіздің көңіл-күйіңіз көтеріңкі болса, денсаулығыңыз да соған сай жақсарады. Жақсы өмір сүру деген сөз, адамның өмірге деген қызығушылығы мен өмірді сүйе білу деген сөз. Сол жағдайда ғана адамдар қандай қиыншылық, өмірлік кедергілер болса да төтеп бере алады» – дейді Жасан Зекейұлы.

Жалпы Жасан Зекейұлының қызмет жолында алдынан кесе көлденең шыққан тығырық – қайбіреулердің жазықсыздан жала жапқаны. Жәкең мұндай сын сәтте аспай-саспай ақыл мен сабырға салды. Жала мен наланың түбі жалауы жығылатынын, ақ-адал жолына ештеңе кедергі бола алмайтынына сенді. Сенімі алдамады, қара күйе жаққысы келгендердің жолы кесілді. 

Иә, заң саласы босаңдықты көтермейді. Бұл жүйені де жақсы білетін Жәкең темірдей тәртіп пен әділ қылды қақ жаратын әділеттілікті серік етіп келеді. Мұнысы кейбіреулерге ұнамай, қарымта қайтарғысы келгендермен де күрес жүргізгені күні кешегідей көз алдында.

Мұндай теріс пиғылды жандармен арадағы текетірес ұзақ әңгіме. Қызмет барысындағы мұндай артыс-тартыстарда Жасан Зекейұлы ашуға берілмей, үнемі салқынқандылық танытты. Өзінің ісі әділ болғандықтан түбі жеңіп шығарына кәміл сенді. 

«Намыссыз адамның ішкі ағзасы ауруға тез шалдығады. Яғни, күншіл, қызғаншақ адам ауруға тез беріледі. Бауыр, бүйрек, асқазан дертіне ұшырайды. Жігерсіз, намыссыз адамдардың жүйке жүйесі зақымдалып, өмірден ерте кету қаупі бар. Сондықтан да, береке-бірлік пен дархан көңілге не жетсін» – дейді, Жасан Зекейұлы. 

Жалпы, Жасан Зекйұлының болмысы тек қызмет деп қатып қалмаған. Танымы руханиятпен сусындағандықтан да қызметтегі кедергілерге қатты қамықпайды, өткінші деп білді. Бала кезінен «Батырлар жырымен» сусап өсті. Әдебиет әлеміне терең бойлап, тарихтан тағылым жинады. Жастайынан білім жинап, рухын тіктеп, көркем мінезін қалыптастырған жанның ештеңе сағын сындыра алмады. Қайта салмағы арта берді. Осылайша, отты да, суды да көріп, абырой мен намысты биік қоя білген Жасан Зекейұлы 2016 жылы ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалін төсіне тақты. Бұл үлкен марапат Жасан Зекейұлының мың-сан игілікті істеріне берілген биік баға еді.

«Қазіргі уақытта халқымыз рухани жағынан жұтаңдау. Рухани жаңғырудың өзі халықтың сұранысы. Әсіресе, ұлтжанды азаматтар биліктен осыны күтеді. Осы ретте айта кетер жайт, үштілділік заман талабы болғанымен, бұл уақыт үнімен қабысуы қажет. Мәселен, жапон халқы төртінші сыныпқа дейін тек ана тілін үйретеді. Біз қайткенде үшінші сыныпқа дейін ерік берсек дұрыс болар еді. Мысалы, балабақшадан қазақ тілінде сөйлеп келген бала үлкен ортаға түседі де, өзге тілді қатарластарының сөздері мен ойын түсінбей, қинала бастайды. Сөйтеді де, жаман мінез қалыптасады. Бала психикасына қатты қысым түсірмей, еркіндік беріп, жүйке жүйесіне ауыртпашылық түсірмеу керек» – дейді, Жасан Зекейұлы.

Иә, Жасан Зекейұлы өмір жолында бала-шаға өсірді, тал екті, үй тұрғызды. Ең бастысы, Халықаралық «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медицина орталығын құрып, туған еліне нар тұлғалы азамат атқарар көмегін көрсетіп келеді. Ана бір кезде «Рух жаңғырығы» атты халықаралық ақындар айтысын өткізіп және жеті бірдей кітаптарының тұсаукесерін өткізді. Мұның бәрі қазақтың руханиятына жасалып жатқан жұмыстар. Ендеше, ұлтының тән саулығымен қатар, жан саулығына да қызмет етіп жүрген Жасекеңнің бастамалары баянды бола берсін демекпіз! «Асыл туған адамның, алтын жетпес нарқы бар» – дейді дана халқымыз.  

Болатбек Төлепберген