ҚАЗАҚ ТІЛІН ӨМІРІНІҢ МӘНІ ЕТКЕН

ҚАЗАҚ ТІЛІН ӨМІРІНІҢ МӘНІ ЕТКЕН

Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің қадір қасиетін ұғынып қана қоймай, арамызда оның мәртебесін асырып жүрген өзге ұлттың өкілдері жетерлік. Шымкент қаласындағы Сабыр Рақымов атындағы №53 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Гавхар Миранова осындай ұлағатты ұстаздардың бірі. Мұғалімнің қазақ тілін оқушыларға үйретудегі әдіс-тәсілдері туралы өзінен сұрап көрген едік. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында: «Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды», – деп қазақ тілінің қоғамдағы орнының жоғары екендігін атап көрсеткен болатын.  

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші қоғамда қазақ тілін үйренуге деген құлшыныстың артуы әлбетте тілді үйрету жолында тер төгіп төгіп жүрген мұғалімдердің ерен еңбегінің жемісі. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Гавхар Миранова осы жолда жемісті еңбек етіп жүрген жанның бірі.

Қазақ елінде тұратын әрбір ұлтың өкілі қазақ тілін жетік біліп, оған құрмет көрсетуі керек екенін Гавхар Миранова жан жүрегімен ұғынады. Өзі өзбек ұлтының өкілі болғанына қарамастан, қазақ тіліне деген құрметі ерек ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы.

 Қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын оқу арқылы рухани тұрғыдан мол байлыққа кенеліп жүрген Гавхар Рустамбакқызы:

– Студент кезімде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанаевқа арналған ауқымды бір іс-шарада тобымызда ер балалар болмағандықтан маған Абай атамыздың рөлін сомдау тапсырылды. Мен үшін сахнаға шығу үйреншікті дүние болғанымен, ұлы Абай рөлін сомдау үлкен жауапкершілікті талап етті. Рөлімді жоғары деңгейде сомдауға бар күш-жігерімді жұмсадым. Сонда облыстық театрдан келген режиссер «саған басымды иіп, алғыс білдіремін» деп менің өнеріме өте жоғары баға берді. Сонда қазақ әдебиетіне бекер қадам баспаған екенмін деп, көзіме еріксіз жас келді, – дейді мұғалім.

Дәл сол сәтте өзінің мамандық таңдаудан жаңылмағанын аңғарған ол сол мезетте мойнына үлкен жауапкершілік жүгін арқалағанын да аңғарды. Ұстаздың сөзінше қазақ тілі – түркі тілдерінің арасында сөздік қоры ең үлкен тіл ғана емес, сонымен қатар әлемдегі ең таза тілдердің бірі. Сөздің қорының 60%-ын түркілік түбірлі сөздер құрайды. Қазақ тілінде осы елді мекендеген түрік, өзбек, қарақалпақ, әзірбайжан, қырғыз, татар, орыс, ұйғыр сынды өзге ұлттың өкілдерінің барлығы сөйлейді. Әрі ерекше құрмет тұтады.

Осындай аса бай әрі көркем тіл барлық құрметке лайық деп санайтын ол

қазақ тілінің тамыры терең тарихында осы ұлттың бүкіл өмірінің жаңғырығы мен ізі, арманы мен алдағы үміті, қайғысы мен қуанышы, күллі рухани өмірінің үні жатқандығын айтады. Осынау зор құндылықты дәріптейтін жанның бірі болғаны үшін де өзін бақытты сезінетін Гавхар Рустамбакқызы осы жолда тер төгуді көздейді.

Қазақ тілі мен әдебиетін өмірінің мәні еткен Гавхар қазақ тілін оқыту арқылы бойына ерекше қуат алатынын айтады. Әрі қазақ тілін меңгерген шәкірттерін көргенде ерекше қуанышқа бөленемін дейді ол. 

 – Қазақ тілі маған өзінің әуезділігімен, терең мағыналылығымен және көркемдігімен ұнайды. Бұл тілде мақал-мәтелдер, шешендік сөздер өте көп, олар ойды әдемі жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қазақ тілінің тарихы бай, әрбір сөзі ұлттық мәдениетпен, дәстүрлермен тығыз байланысты. Сонымен қатар, маған қазақ тілінің құнарлылығы мен көркемдігі кім-кімді болсын өзіне баурап алады. Қазақ тілінде ойды астарлап, терең мағынамен жеткізуге болады. Қазақ тілінің әуезділігі мен үнділігі де керемет. Өлең оқығанда немесе ән айтқанда, дыбыстардың үйлесімі ерекше сезіледі, – деп ол қазақ тілінің айрықша қасиетін атап өтті.

Қазіргі таңда білім саласы үздіксіз даму үстінде. Заман талабы да өзгерді. Бұрындары ең басты құрал – кітап, тақта бор болса, қазіргі талап бөлек. Сабақ өту барысында оқушыларды қызықтыру – үлкен шеберлікті талап етеді. Әсіресе өзге ұлт өкілдерінің бойына қазақ тілінің дәнін себу, тілдің қадірін ұғындыру барысында тиімді әдіс-тәсіл қажет-ақ. Осы орайда Гавхар Мирановадан күнлелікті сабақ барысында қолданатын методикасы турасында әңгімелеп беруін сұрадық:

– Жоғарыда атап өткенімдей, ең бастысы оқушыны жалықтырмай, қызықтыра алу әрбір мұғалімнің міндеті деп ойлаймын. Мәселен қазақ тілін бастауыш сыныптарда оқыту кезінде сабақты ойын түрінде жүргізуге көп мән беремін. Атап айтқанда, «Сөзді тап» ойыны арқылы берілген суретке немесе сипаттамаға сәйкес сөзді табамыз. Ал «Тізбек» ойынында бір оқушы сөз айтса, екіншісі соған қатысты жаңа сөз ойлап табады. Осылайша оқушылар өздерінің сөздік қорын молайтады. «Қызықты грамматикамен» ережені ойын түрінде түсіндірсек, диалог пен рөлдік ойындарда оқушыларды диалогқа тартып, өзара қарым-қатынас жасауға баулимыз, – деп сабақтады сөзін Гавхар Рустамбекқызы.

Сондай-ақ, мұғалімнің айтуынша, «Сұхбат» әдісі арқылы оқушылар бір-бірімен журналист пен кейіпкер рөлінде сөйлессе, «Дүкенде», «Саяхатта», «Қонақта» сияқты өмірлік жағдаяттарда қазақша сөйлесуге жаттықтыра отырып оқушылардың қазақ тілінде таза әрі анық сөйлеуге үйретін көрінеді.

Сонымен қатар, қазақ әдебиетіндегі көркем шығармалардан үзінді оқу, мазмұнын талқылау, кейіпкерлердің сөздерін рөлмен оқу, үздік шығармаларды оқу сынды тәсілдерді қолдана отырып, оқушының қазақ әдебиетіне деген құштарлығын оятады екен. Ал «Автор орындығы» әдісі бойынша оқушы өзі оқыған шығармасын сипаттап, әсерімен бөліседі. 

Мұғалім өз білгенін оқушымен бөлісу аясында интерактивті әдістерді қолдануы да бүгінгі күннің бір талабы. Атап айтқанда, онлайн сөздік, аудиожазбалар тыңдау, видеосабақтар мен презентациялар жасау, Padlet, Quizizz, Kahoot сияқты платформаларда тапсырмалар орындаудың барлығы сайып келгенде, қазіргі заман технологияларын тиімді пайдалану болып табылады. 

Біздің кейіпкеріміз – Гавхар Миранованың сөзінше, ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде тілді үйретіп қана қоймай, оқушыларды қазақ тілінде ойын еркін әрі дәлелді жеткізуге бейімдейді. Бұл тұрғыда ол оқушылар арасында түрлі өзекті тақырыптар бойынша пікірталас өткізіп, оқушылардың талқылауына мүмкіндік береді.

Тағы бір айта кетерлік дүние – эссе, хат, күнделік жазу тапсырмаларын орындатып, білім алушылардың шығармашылық қабілетін шыңдай түседі екен. Ал «Егер мен…» тәсілімен шығарма жазып, (мысалы, «Егер мен қазақ тілінің мұғалімі болсам…») шығармашылық ой қозғап, түрлі мамандықтадың қыр-сырына қанығады екен.

Мұғаліммен сұхбаттасу барысында біз қазақ тілін тез әрі оңай үйренудің жолын да сұрадық.

– Қазақ тілі тез әрі оңай үйреніп алатын тілдер санатына жатпайды. Бірақ шын көңілмен, таза ниетпен үйренемін деген жанға алынбас қамал жоқ. Оқыту барысында оқушының қызығушылығын ояту, сын тұрғысынан ойлау стратегияларын пайдалану, коммуникативтік әдістер – қарым-қатынасқа негізделген тәсілдер, когнитивтік әдістер – ассоциация мен визуализацияға негізделген тәсілдер, мысалы: сурет, эмоция, қимыл арқылы оңай қабылдайтын әдістерді пайдаланған жөн деп санаймын. Осылайша оқушыға міндеттеу арқылы емес, сабаққа деген қызығушылығын арттыра отырып қазақ тілін үйренуіне жол ашамын, – дейді ол.

Ұлағатты ұстаздан тәлім алған шәкірттерінің де жеткен жетістіктері жоқ емес. Облыстық, республикалық ғылыми және т.б жарыстарда жұлдызы жарқырағандары жетерлік. Атап айтқанда, Робия Ахмадкулова атты дарынды шәкірті республикалық «Мағжан оқулары» байқауында жүлделі екінші орынды және «Жас ғалым» атты оқушылар мен студенттерге және жас ғалымдар мен зерттеушілерге арналған ХIV республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. 

Сонымен қатар, Тимур Мухидинов атты дарынды оқушысы тек қана республикалық емес, халықаралық додалардың да жеңімпазы атанып, Шымкент қаласының абыройын асырып жүрген көрінеді. Атап айтар болсақ, Тимур Мухидинов Бішкек қаласында өткен «Қазақстан-Қырғыстан: қызмекттестіктің жаңа мүмкіншіліктері» атты халықаралық олимпиадада үшінші дәрежелі, Ташкент қаласында өткен халықаралық «THE LEADER OF THE ХХI CENTURY» атты конференцияда үшінші орынды, Астана қаласында өзге ұлт оқушылары арасында қазақ тілінен 5-11 сынып оқушыларына арналған «Тіл тәуелсіздік тұғыры» олимпиадасында бірінші дәрежелі дипломмен, Алаш зиялыларының тұлғалық қасиеттерін, рухани құндылықтарын насихаттау барысында оқушылардың құзыреттілігін дамыту мақсатында өткізілген «Алаш оқулары» байқауында бас жүлдені иеленіп, жеңімпаздар қатарынан табылды.

Біз атап өткен жетістіктер Шымкент қаласындағы Сабыр Рақымов атындағы №53 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Гавхар Миранованың бірқатар шәкірттерінің жетісті. Талапты мұғалімнің талантты оқушыларының барлығын бірдей бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан да бірлі-жарымын ғана атап өттік.

«Қазақ тілі мен әдебиеті тек пән ғана емес, ол – ұлттың жаны. Егер оны өзгелерге үйретіп, қызықтыра алсам, бұл мен үшін үлкен бақыт. Ұстаз болу тек білім беру емес, ол – тәрбие беру, болашаққа бағыт көрсету. Қазақ тілін жақсы көретін, әдебиетті бағалайтын ұрпақ тәрбиелеу – өмірдегі ең басты міндетім» деп түйіндеді сөзін маман.

Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ