“ЕЛБАСЫ” АТАУЫ БАРЛЫҚ ЗАҢНАН ЖОЙЫЛУЫ ТИІС! - Қазыбек Иса
2025 ж. 11 маусым
397
0

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Жалпы отырысында “Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы” қабылданды.
Біз ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Исаның заң жобасындағы “Елбасы” деген атаудың заңсыздығы туралы сөзін жариялап отырмыз.
-Менің сұрағым заңды әзірлеген Ішкі істер министрлігіне!
“Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының” 4 бабы Рақымшылық жасау қолданылмайтын адамдарды айқындаған. Осы баптың 13 тармағына: “ҚР Тұңғыш Президентінің - Елбасының өміріне қол сұғушылық” та (166-1 бап) кіргізілген.
Бұл жер бізге түсініксіз болып тұр.
“ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы” - деген атау тұңғыш рет 2000 жылы 20 шілдеде парламентте 18 минутта қабылданған…
Ал 2023 жылы 11 қаңтарда Парламенттің VII шақырылымында біз “ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы заңның” күшін жойғанбыз. Ол 2023 жылы 13 ақпанда күшіне кірген.
Ендеше неге бұл жаңа заң жобасында “ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы”-деген атау заңсыз қолданылып тұр?!. Бұл қандай заңдылыққа жатады?!. Бұл жерде тек “экс президент” деп қана аталуы керек қой!
ҚР Қылмыстық Кодексінің аталмыш 166-1 бабы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”
Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 14 маусымдағы № 290-IV Заңы” бойынша кіргізілген.
Ал 2023 жылы 11 қаңтарда “ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы заңның күші жойылғанын жаңа айттық.
Ендеше “Тұңғыш Президент - Елбасы” деген атаудың да заң бойынша күші жойылуы керек қой?!.
Кейін қабылданған заң бұрынғы заңның күшін жояды заң бойынша.
Сондықтан, барлық заңдардан, барлық жерден “Тұңғыш Президент - Елбасы” деген атау жойылуы тиіс!
Сіздер бұған не дейсіздер?
Бұл сұраққа Ішкі істер вице-министрі емес, заң жобасы туралы баяндама жасаған Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, депутат Абзал Құспанның жауабын видеодан көресіздер: