«БАЛАНЫ – ЖАСТАН» ДЕГЕН БОС СӨЗ ЕМЕС

«БАЛАНЫ – ЖАСТАН» ДЕГЕН БОС СӨЗ ЕМЕС

Адам өмір көшінде қандай кезең, қандай заман, қандай қиындыққа кез келсе де ұрпақ қамын, оның тәрбиесін бір сәт те ұмыт қалдырғысы келмейді. Өйткені әркім өзі өмірге әкелген ұрпағына ғұмырының жалғасы, болашағы ретінде қарайды. Қоғамдағы отбасылық құндылықтың мәні, бәлкім, осында.

Атамыз қазақтың «бала-шағаның қызығын көр» деп бата беруі де сол үміттің ақталуына деген тілектестіктен туғаны анық. Неге десеңіз, ата-анаға қуаты кеміп, қартайған шағында қас-қабағына қарап, бағып-қағатын, көңіл қуанышын сыйлайтын азамат балалары болғанынан артық бақыт жоқ. Сол бақытқа кенелетіндер де, оған жете алмай, қалған өмірі өкінішпен, қасыретпен өтетіндер де бар. Неге олай? Ата-ананың үміті неге ақталмады? Баласына берген тәрбиесінің, ұйқысыз түндерінің, күлкісіз күндерінің еш болғаны ма? Мәпелеп өсірген ұл-қыздан неше алуан бұзақы, ұры-қары, қатыгез-қайырымсыз жандар өсіп шыққанда, міне, осындай түрлі-түрлі сауалдар әркімнің көкейіне ұялайтыны хақ. Оның шешімін таба алмай дал болатындар қаншама?!

Тіршіліктегі барлық нәрсе бір-бірімен тығыз байланыста өзара сабақтас келетінін ескере бермейміз. Туған жердің табиғатының да, жылдың төрт мезгілінің де адамға, оның мінез-құлқына әсері барын ғылым дәлелдеген. Сол сияқты, отбасындағы, өскен ортадағы, бірге араласып жүрген айналадағы адамдардың да жарық дүниені жаңа танып келе жатқан бүлдіршін санасына, мінез-құлқына ықпалы зор екен. Көргенін айнытпай қайталайтын, әрнәрсеге еліктейтін, көруге, білуге құштар сәбидің нәзік жанын көбіне ескере береміз бе? Үй ішіндегі ерлі-зайыптылардың өзара керісі, ене мен келіннің, туыстар арасындағы дүрдараздық, екі кісінің басы қосылса арақ ішу, теледидардан сұрықсыз, әдепсіз көріністерді қызықтау, оңай жолмен олжа табу сияқты жағдайлардың бәрі көз алдында өтіп жатқанда баланың бойында небір жаман қасиеттердің қалыптасуына әсері тимей қоя ма? Осының бәрін ой сарасынан өткізсек, баланың жақсы, не жаман адам болып өсуі ең алдымен оны тәрбиелейтін ата-анасына, үйдегі басқа да ересек адамдардың іс-әрекетіне, ескен ортасына тікелей байланысты екеніне көзіміз жетеді.

Әрине, ешкім баласын жаман болсын деп тәрбиелемейді. Кез-келген ата-ананың сәбиіне жақсылықтан басқа тілейтіні жоқ. Өз әке-шешесін жек көретін бала да кездеспейді. Алайда, өсе келе жаман жолға түссе, оның себебін басқа жақтан емес, тәрбиеде мүлт кеткен кемшіліктің, баланы жақсы көру деген осы екен деп айтқанын екі етпей шектен тыс еркелетудің, кімдермен, қайда жүргеніне назар аудармаудың салдарынан іздеген жөн. «Баланы бастан» демекші ата-ана әуел баста бала тәрбиесіне өте ыждаһаттықпен мән беріп, аса қырағы болмаса, үміті ақтала бермейтіні белгілі.

Ертеректе жастар газетінің бетінде жалғызілікті бола жүріп, бес бала өсірген жесір анаға өзінің жиырма жастағы қызының тілі де, қолы да тиіп, жәбірлегені жөнінде хат жарияланғаны бар. Хатта жазылғанындай, ол қыз балаларының алды екен. Анасы оны қатарынан кем болмасын деп айтқанын екі етпей, тапқан-таянғанын соның үстіне жапсырып, аузына тосқаны байқалады. Дайын үй, дайын киім, дайын тағамның қандай еңбекпен келіп жатқанына бір сәт мән бермеген тәкәппар қыз өсе келе шешесінің шамасы келмейтіндей талаптарды күшейте береді. Онсыз да екі жерде жұмыс істеп, тапқанын бес баланың киімі мен тамағына әрең жеткізіп жүрген анаға қызының талабы оңай соқпайды. Күндіз-түні жұмыстан қолы тимейтіндіктен, қызының әр қадамына зер салуға мүмкіндігі қалмайды. Сөйтіп жүргенде қызының бойында теріс мінездің қалыптасып, асқынып бара жатқанын бірақ байқайды. Анасының жай-күйін жанымен ұғынуға сезімталдығы жетпеген бойжеткен теріс мінезіне тоқтау айтқаны үшін шешесін жәбірлеп тынған. Бұдан балаға қамқорлық жасай отырып оған жауапкершілікті сезіне білуді де үйретуді ұмытпау керек деген қорытынды шығады.

Осыған керісінше тағы бір мысал ойға оралады. Кішкене күнімде аулымызда Самат деген жігіт ағасы кәрі әкесін демалыс сайын моншаға жетектеп апаратын. Қасында үнемі төрт-бес жастағы ұл бірге қосақтасып жүреді. Оны көрген үлкендер «мына кісіні алып жүрудің өзі күш, балаңды несіне қоса ертіп аласыз» деп сұрағанда ол: бұл да үйрене берсін, кейін бізді де жетектейтін бір адам керек қой дейтін жымиып. Сөйтсек, Самат әке алдындағы парызын адал өтей жүріп, қарт кісіге қамқорлық жасау керектігі жөнінде өз ұлына өнеге көрсеткен екен ғой. Міне, ата-аналар осы Самат сияқты әрбір іс-қимылы арқылы бала тәрбиесіне мән бере әрекет етсе, кейін өкінбес еді. Бұған қоса ата-ананың адал еңбегі, өмірге саналы көзқарасы, өзін дұрыс ұстай білуі, айналасындағылармен, тіпті, баламен де дұрыс қарым-қатынасы тәрбиеде жетістікке жетер баспалдақ екені даусыз.

Бала күнімізде мектептес құрбымның үйінде жиі болатынмын. Оның елге сыйлы, мінезге бай, дастарханы жиылмайтын кеңпейіл ата-анасына қызыға қарайтынмын. Қашан барсақ та келе ғой, жоғары шық, тамаққа кел деп бәйек болатынын қайтерсің. Үлкендерді былай қойғанда балаға осынша ілтипат көрсететін бұл жандарды ауыл-аймақтың үлкен-кішісі түгел құрметтейтін. Осы шаңырақтан өрбіген бес-алты баланың бәрі де келе зиялы, сынық мінез, кішіпейіл адамдар болып, бір-бір берекелі шаңырақ иелеріне айналды. Талай жылдардан кейін сол құрбымның салиқалы әйел шағында басқа жерге қоныс аударған анасына жазған бір хатымен танысқаным бар. «Қадірлі апатайым, бұл менің өзіңе үзбей жазып жүретін, өзіңді сағынған кезімдегі реніш, қуаныш сәттеріндегі көңіл-күйімді бөлісетін көп хаттарымның бірі. Бұл дүниеде өзіңді дәл мендей, ал мені дәл өзіңдей түсінетін жан бар ма екен? Өзіңді көз алдыма елестеқсем, құдды дәл қасымда бар жаныңмен езіле сүйсініп, менімен сырласып тұрғандай сезінемін. Жақында елге барып қайттық. Туып-өскен жерді, көкем екеуіңнің өкше басарларыңды, ағайын-туғанды көріп, сый-құрметіне бөленіп бір марқайып қалдық. Әсіресе, менің жанымды тебіренткен ел-жұрттың өздеріңе деген ыстық ықыласы. Бізге көрсетілген сый-сияпаттың бәрі де өздеріңнің ел-жұрттың алдындағы беделдерің, құрметтерің деп түсіндім. Бәрі де сіздердің балаңыз болғанымыз үшін құрметтеген сияқты. Мен жасымда үлде мен бүлдеге бөленген, ешнәрседен кемдігі жоқ адам ғана бакытты шығар деп ойлаушы едім. Осы жолы шын бақыт – мақтаулы, жұртына сыйлы, халқына беделді ата-ананың жақсы ұл-қызы болу екен деп түйдім. Бас қосқан үйдің бәрінде екеуіңнің адамгершілік қасиеттерің, адал еңбектерің, елге жасаған жақсылықтарың алдымыздан жыр болып төгіліп, сыр болып ақтарыла берді. «Жақсы ата-ананың атағы балаларына өмір бойғы азық» деген қазақтың даналық сөзінің мәнін енді ғана түсінгендеймін. Жан ана, көкем екеуің жасыңда көрген бейнеттің зейнетін татып, балаларыңның бақытын көріп, әлі ұзақ жүре тұрыңдаршы», – деп аяқтапты хатын.

Осынау жүрек түкпірінен шыққан сағынышқа толы ыстық лебізді хат жолдарынан сол бір ата-ананың өз бойларындағы ең ізгі қасиеттерін балаларына ғана емес, бүкіл айналасына, ел-жұртына мирас ете білгені анық аңғарылып тұрған жоқ па?

Бұған керісінше, өзі дөрекі мінез көрсетіп, көрінгенмен байланысатын, араққа тойып алып, бейпіл сөйлеп, басқа жұрттың мазасын алатын, жарытып еңбек етпей, біреудің болғанын көре алмайтын адамның өсірген ұл-қызының жақсы адам болғаны сирек шығар. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» деген халық даналығы тегін айтылмаған ғой. Өнегелі шаңырақтан жақсы тәрбие алып өскендер қатарынан жаман адам шықпауы да сондықтан болар. Бірен-саран болса да кейде өздері дұрыс адамдардың балаларынан да ішуге құмар, төбелескіш, ұрлық жасайтын, тағы да басқа жаман әдеттермен әшкереленіп, сотталып жататындар да кездеседі. Сонда, «ойпырмай, бұл қалай, отбасында көрген өнегесі қайда кетті, ешнәрседен кенде емес, мұндай қылыққа қалай барды?» деген толып жатқан сауалдар туады. Оған жауап іздеп көрсек, біріншіден, жақсы өнегені көре білуге, үйренуге саналы ой, көреген көз керек. Осы қасиетті сол жақсы ата-ананың өзі кезінде баланың бойына сіңіруді ескермей қалады. Екіншіден, бала деген өте сезімтал халық. Олар ата-ананың әлдеқалай еренсіздігінен, байқаусызда мүлт жіберген, ескерусіз қалдырған сәттерін де пайдалана қояды. Сондай сәттер жиі кайталана берсе, оған еті үйреніп, өз пайдасына іске асыра береді. Сондықтан да баланың титтей де кемшілігін ескерусіз қалдырмай, сол сәтінде қателігін мойындатып, оны енді қайталамайтындай түсіндіріп отырған жөн. Өрескел қателігі үшін ұрып-соғудан гөрі қалаған нәрсесін алып бермеу, киноға жібермеу, белгілі мерзімге далаға шығуға тыйым салу сияқты әртүрлі әдістерді қолдану арқылы жазалау да теріс емес.

Баланың әр нәрсеге бейімі барын ерте байқап, соған қарай баулу жақсы нәтиже берумен бірге, бос сандалып, еріккенінен не бір жаман жолға түсуден сақтайды. Мұндайда спорттың бір-екі түрі, музыка, қолөнер, сурет, кітап оқу, техника тетігін үйрену сияқты дағдыға баулудың пайдасы зор. Кезінде осындай әдістерге мән бермей еренсіздік танытып, баланың уақытын қадағаламай, бетімен жіберудің салдарынан кейін бармағын тістеп отырған ата-аналар аз дей алмаймыз.

Балаға ойын баласы ғой, есі кірген соң басылар деп қарайтын бейқамдық орны толмас өкінішке ұрындырады. Халық даналығында «Баланы бастан» деп тегін айтылмаған. Тәрбие негіздері нәресте дүние есігін ашқан сәттен басталып мектепке барғанға дейін қалыптасып қалуы тиіс. Отбасы мен балабақшада негізі қаланған дұрыс тәрбие мектеп қабырғасында біліммен ұштасып, дұрыс азамат болып өсуіне көмектеседі.

Қорыта айтқанда, балаға жақсы өнеге беру үшін ата-ана, тәрбиеші, мұғалім, қысқасы, тәрбиеге қатысты барлық ересектер өзін айнытпай қайталайтын ұрпақ барын ескеріп, өз іс-әрекетіне, мінез-құлқына, жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне дейін есеп бере әрекет еткені жөн. 

Өйткені өнеге – өзімізден.

К.Бейсенбіқызы, 

педагог-журналист

Алматы қаласы