Еңбегімен танылған тұлға
2025 ж. 20 мамыр
232
0

Қазақ ауыл шаруашылығының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, еліне еңбегімен танылған тұлға – Қайрат Нағашбеков 1938 жылдың 3 наурызында бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданына қарасты Бидайық ауылында (сол кездегі «Екпін» колхозы) дүниеге келіпті. Ерте жастан еңбекке араласқан Қайрат ата өмір жолында маңдай терімен, қажырлы еңбегімен биік белестерді бағындырып, ел құрметіне бөленеді. Балалық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңіне тұспа-тұс келген ол, 1946-1949 жылдар аралығында Қосағаш ауылының бастауыш мектебінде білім алып, кейін Баршатас ауылындағы С.М.Киров атындағы орта мектепті 1956 жылы аяқтайды. Бір жыл автомашина жүргізуші мамандығы бойынша білім алып, одан кейін 1958-1959 жылдары механизация мектебін тәмамдайды. Бұл оның техникаға деген ықыласын оятқан алғашқы саты еді. Ал 1967-1970 жылдар аралығында Семей-Новопокровка совхоз техникумында білімін жалғастырып, кәсіби маман ретінде шыңдалады.
Еңбек жолын туған жеріндегі «Екпін» колхозында механизатор болып бастаған Қайрекең 1962 жылы тракторшылар бригадасының бригадирі болып тағайындалады. Еңбектегі тиянақтылығы мен ұйымдастырушылық қабілеті арқасында 1964 жылдан бастап №1 ферманың меңгерушісі, ал 1970 жылы №2 ферма меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Бұл кезеңде ол ауыл шаруашылығын, әсіресе, қой өсіру саласын дамытуға ерекше ден қойды.
Оның басшылығымен асыл тұқымды «Еділбай» қойын өсіру ісі жолға қойылып, Қазақстанда тұңғыш рет асыл тұқымды қой шаруашылығы құрылды. Бұл жетістік Қарағанды, Жезқазған, Гурьев және Торғай облыстарына асыл тұқымды мал сатуға жол ашып, Нағашбеков Қайраттың есімін елге танымал етті. Білікті де тәжірибелі маман ретінде ол тек өндірісті дамытып қана қоймай, ұрпаққа өнеге боларлық еңбек мектебін қалыптастырды.
1989 жылы «Сарықамыс» совхозында кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланып, осы қызметте еңбек демалысына шыққанға дейін жұмыс істеді. Еңбек жолын аяқтағанымен, ел ісінен ешқашан шет қалмады. 1996 жылы «Екпін» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы болып еңбек етті. Ал 2004 жылдан бастап туған Бидайық ауылында ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауыл ақсақалы ретінде ел ішінде абыройға бөленді. Оның тынымсыз еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. 1976 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1970 жылы В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойлық медальға ие болды. Сондай-ақ, 1966 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен және сол жылы «Тың және тыңайған жерді игеру» медалімен марапатталған.
1983 жылы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) қола медаліне, ал 1985 жылы алтын медаліне ие болды. Сонымен қатар, 1970 жылы Қазақ ССР-інің «Еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» деген құрметті атағы берілді. Ал 2018 жылы Аягөз ауданының «Құрметті азаматы» атанып, ел алдында сіңірген еңбегі тағы бір мәрте жоғары бағаланды.
«Сарықамыс» совхозындағы штаттан тыс тілші Ә.Тұрсынбаев өз мақаласында Қайрат Нағашбековтің ферма меңгерушісі ғана емес, сонымен қатар идеология майданындағы тәжірибелі насихатшы ретінде де ерекше еңбегін атап өтеді. Ол басқарған ферма аудан көлемінде алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналып, қой шаруашылығында жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Әр жүз саулықтан 107 қозы алып, ет пен жүн өндіру жоспарын артығымен орындаған ұжым бесжылдық тапсырмаларын мерзімінен бұрын орындап, бірнеше рет аудандық Қызыл Туға ие болған. Қайрат Нағашбековтің ұйымдастырушылық қабілеті мен насихатшылық шеберлігі ферма қызметкерлерінің еңбек белсенділігін арттырып, өндірістік табыстарға жетелеген. Мақалада оның «Экономикалық білім негіздері» мектебіндегі дәрістер өткізіп, коммунистік тәрбие мен білім беруге қосқан үлесі де ерекше көрсетілген.
Айта кетерлігі, «Очерк» газетіне жарияланған тағы бір демдес мақалада ұлт шаруашылығының алдыңғы қатарлы тұлғасы Қайрат Нағашбековтің бейнесі шынайы суреттелген. Оқырман көз алдына қажырлы еңбегімен, қарапайым болмысымен, терең парасатымен танылған азаматтың жарқын келбеті айқын көрінеді. Қайрат – өсіп-өнген топырағына табанын тіреп, маңдай терін төккен дала перзенті. Ол еңбекпен етене жетілген, нағыз жерге жақын, халыққа адал жан еді. Мәскеуден Юрий Гагарин атындағы жұлдызды вымпельді алып, абырой биігінен оралған сәті – оның тек жеке емес, бүкіл бөлімше ұжымының ортақ жеңісі екені кең тыныспен баяндалған. Бұл – еңбектің жеңісі, бұл – елдікке сіңірген адал қызметтің көрінісі-тін.
Қайраттың бала күнінен еңбекке деген сүйіспеншілігі қалай қалыптасқаны да әсерлі жеткізіледі. Әкесі Нағашыбек қарт – жер қадірін білген, маңдай тердің қасиетін ұғындырған, ұлын туған ел мен қарапайым еңбек адамын құрметтеуге баулыған ардақты тұлға. Сол тәрбиенің жемісі – кешегі Қайрат. Қайраттың тек өндірістегі басшылық қабілеті ғана емес, рухани биігі, жастарға жол сілтеген тәлімгерлік қасиеті де ерекше бағаланады. Оның бастамасымен құрылған комсомол жастар бригадалары – ауыл тіршілігіне жан бітірген тың серпін. «Ұшқын», «Құралай» сияқты атпен танылған жас шопандар ұжымы – Қайрат есімінің ауыл болашағымен тығыз астасып жатқанын дәлелдейді. Соңғы жолдарда ерекше мәнге ие ой айтылады: бұл бөлімшенің негізін қалаған, халқына тұңғыш Ленин орденін әкелген ардақты шопан Тойшыбеков Нағашыбек еді. Бүгінде сол азаматтың ұлы – Қайрат Нағашбеков сол қасиетті жердің туын жықпай, ата даңқын абыроймен жалғап келеді.
«Жақсының жалғасы ғой!» – деген жүрекке жылы сөз бұл мақаланың ғана емес, Қайраттың бар болмысының айқын бағасы іспетті. (Мақала 1963 жылы шыққан «Очерк» газетінде жарияланған).
Он бала, отыз алты немере, жиырма бес шөберенің жанына сая, жүрегіне пана болған бәйтерегі – Қайрат Нағашбеков алыстан менмұндалап тұрар алып тұлға еді. Ол – ұлтымыздың ардақты руы алып Керей Ер Нұралының алтыншы ұрпағы болған азамат. Қайрат Нағашбеков – туған жердің қасиетін терең түсініп, сол жердің топырағынан қуат алып, елінің еңсесін тіктеуге өмірін сарп еткен жан.
Ол тек еңбек майданында ғана емес, рух майданында да алдыңғы сапта жүрді. Қайрат аға артында шежірелі тарих, сөнбес із, ел мен жерге сіңген адал еңбек пен ұрпағына ұран боларлық өнеге қалдырды. Оның өмір жолы – шын мәнінде елі үшін бар ғұмырын сарп еткен ердің жолы. Перзенттері үшін ол – ұлағат пен үлгінің көзі, сабыр мен парасаттың тірі бейнесі болып қала береді. Оның әрбір сөзі мен ісі, ұрпағының жүрегінде өшпестей із қалдырды.
Қайрат Нағашбеков 2024 жылдың 21-сәуірінде өмірден озды. Бірақ оның бейнесі – санадан, еңбегі – ел жадынан, есімі – ұрпақтың жүрегінен ешқашан өшпек емес. Туған жердің төрінде өлмес із қалдырған азамат болып қала бермек.
Алтынай ҚАЙРАТ