БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ

БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев туризм әлемдік экономиканы дамытудың тиімді тетігі және инвесторлар үшін тартымды сала екенін бірнеше рет атап өткен-ді. Президент: «Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады ...Еліміз туралы қызықты мәліметтерді ғаламдық ақпарат кеңістігінде кеңінен таратқанымыз жөн ...Шетелден туристер тарту үшін елімізді барынша таныту керек» – деді. 

Тиісінше, Қазақ елі туризм ел бюджетінің маңызды құрамдас бөліктерінің біріне айналуы мүмкін, сондықтан тиісті ұлттық брендті әзірлеуге барынша көңіл бөлген жөн. Қазіргі уақытта танымал брендтер өнімді әлдеқайда тиімді сатуға мүмкіндік береді. Бұған мысал ретінде Apple, Google, Amazon, Sony, Mercedes сияқты баршаға танымал бренд атауларын келтіруге болады... Есте қаларлық брендті кеңінен жарнамалауға, таратуға, танымал етуге болады. Сонымен, әлемдегі барлық адамдар Франциядағы Эйфель мұнарасын, АҚШ-тағы Бостандық мүсінін, Италиядағы Пиза мұнарасын біледі…

Сәтті жасалған бренд, сөзсіз, елдің имиджін көтереді, әлеуетті туристердің санасында оның тартымды бейнесін жасауға көмектеседі, оларды жолға шығуға шақырады. Бренд ұтымды әсер қалдыруы керек, тұрақты позитивті түсініктер қалыптастыруы керек. Елдің мұндай символы тек туристерді тарту мақсатында жасалып жатқан сияқты көрінуі мүмкін, бірақ бұл азаматтардың патриоттық сезімдерін арттыру үшін де маңызды екенін атап өткен жөн.

Қазіргі уақытта көптеген елдерде брендинг тәжірибесі белсенді дамып келеді. Сонымен, Моңғолияда Шыңғыс ханның алып ескерткіші орнатылды, дегенмен, «ғаламды дүр сілкіндірген» тұлғаның бірқатар тарихи бағалары екіұшты. 

Біз тарихи шындықты растағанымыз жөн. Сондықтан кейбір күмәнді қаһармандардың орнына «Алтын адам» тәрізді жаһанға және елімізге жағымды төл тумаларымызды ұлықтағанымыз абзал.

Қазақстан үшін еліміздің елеулі бренді ретінде халықаралық атаққа ие –«Алтын адам» болуға тиіс. Оның бейнесі біздің мемлекетіміздің ежелгі тарихын, оның бай мәдени мұрасын сипаттайды және ол Еліміздің ғажап тартымдылығын, оның сансыз табиғи байлығы мен сұлулығын паш етіп тұратін болады. Алтын – қымбат, асыл және мәңгілік металл – байлық пен биліктің символы ретінде қызмет етеді.

1969 жылы «Қазақстандық Тутанхамон» деп аталатын «Алтын адам» Алматының маңындағы Есік қаласының аумағынан табылғаны мәлім. Сонда осынау аса құнды мұра – Алтын бейнелі жауынгер талай нәрсені аян еткен болатын. Демек, біздің ата-бабаларымыз, әлі күнге дейін таң қалдыратын, ең жоғары өнер деңгейіндегі көркем туындылар жасаған. Кешенді қорымнан табылған сақ жауынгердің алтын бейнесі мен жихаздары ежелгі ұста, зергерлердің алтынды мен басқа да бұйымдарды өңдеу техникасын аса шебер меңгергендігін көрсетеді. Ол сондай-ақ «Дала өркениетінің» мәні мен эстетикасын паш етіп отыр. Қазақстандықтардың қазіргі түлектері мен болашақ ұрпақтары біздің арғы аталарымыздың осындай жоғары дәстүрлерін жалғаструшы да лайықты ізбасарлары болуға тиіс екендігіне күмән жоқ.

«Алтын адам» бренді теңдессіз жәдігер. Кәдесый (сувенир) өнімдерін өндірушілер ұстанатын Алтын адамның бірыңғай анықтамалық үлгісі қажет. Олардың кәдесыйларды жаппай өндіруге арнайы лицензия алу міндеттілігін нормативті түрде қамтамасыз ету өте маңызды.

Алтын түсті металлдардан жасалған «Алтын адамның» еңселі де айбынды көшірмелерін Астана мен Алматының орталық алаңдарында, Қазақстанның басқа қалаларында орнату қажет деп санаймын. Себебі, олар еліміздің мыңдаған қонақтары мен туристеріне ғаламат жағымды әсер қалдыратынына сенімдімін. «Алтын адам» бейнесі негізінде танылатын елтану логотипін жасауға ұлттық туристік ведомстволар да, елге туристер ағынын ұлғайтуға мүдделі мұражай, концерттік-музыкалық, қонақ үйлер құрылымдары да тартылуы тиіс. «Алтын адам» мен оның сәтті жасалған көшірмелері Қазақстанның абройын асқақтатып, әлемдік беделін көтерері сөзсіз. 

 Нақыпбек Садуақастегі, 

заңгер-құқықтанушы