Уақыт белдеуі адам денсаулығына қалай әсер етеді?
2024 ж. 19 қараша
961
0
«Ұлттық денсаулық сақтау орталығы» басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова UTC+5 сағат белдеуінің адам денсаулығына пайдасы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маманның пікірінше, уақыт белдеуінің адам ағзасындағы көптеген процестерге тікелей қатысы бар. Кез келген адамның өмірлік процестері уақыт бойынша өзгеріп отырады (сағаттар, күндер, апталар, айлар, маусымдар немесе жылдар бойы). Бұл өзгерістер биоритмдер деп аталады. Мұндай циркадтық ырғақтар – біздің денсаулығымыз, өнімділігіміз және ұзақ өмір сүруіміздің негізі болып саналады екен.
Көптеген шетелдік зерттеулер биоритмдердің ағзадағы гормондардың, ферменттердің және басқа да белсенді заттардың деңгейін бақылайтынын, сонымен қатар қан құрамын және жалпы тепе-теңдікті (гомеостаз) сақтайтынын көрсетеді. Ұйқы мен сергектік, демалыс пен белсенділікті, тамақтану мен зат алмасуды реттейтін биоритмдердің үйлесімді жұмысы адам денсаулығы үшін маңызды рөл атқарады, - дейді Салтанат Назарова.
Еске салсақ, бүгін Үкімет отырысында Сауда министрі уақыт белдеуіне қатысты мәлімдеме жасап, қазақстандықтар үшін неге UTC+5 сағат белдеуі дұрыс екенін түсіндірген болатын. Сондай-ақ министр Арман Шаққалиев уақыт белдеуіне қатысты түсіндіру жұмыстары қалай жүргізілгенін айтты.