ЕЛІМІЗДЕ «ҚЫЗЫЛ ОРМАН» ПАЙДА БОЛАДЫ
2024 ж. 17 қараша
1152
0
Саябақтағы әрбір ағашқа қазақ қыздарының есімі беріледі
Алматы облысының Талғар ауданында бой көтеретін «Қызыл орман» агро-экотуристік саябақ композициясы, көктемнен күзге дейін қызыл болып тұратын қызылжапырақты ағаштар мен жапырағы күзде қызаратын ағаш-бұталар және қызыл гүлдерімен ерекешеленбек. Жобаның мәні – біртүсті монохромды саябақ арқылы, халықтың қоршаған ортаға деген жанашырлығын ояту, өсімдік егуді культке айналдыру, қоғамда экосана мен экодағды қалыптастыру. Оған себеп жерімізде топырақтың тозуы, қуаңшылық пен құрғақшылық.
«Айналамызда шашылып жатқан целлофан пакеттер мен пластик қалдықтары экологиялық проблема емес. Ол небары әкімшілік басқару жүйесінің осалдығы. Егер қоқысты сұрыптау, оны бақылау, қайта өңдеуді жүйеге түсіріп, тәртіп пен заңды орнатса, бұл мәселе шешімін табады. Ал нағыз экологиялық проблема – топырақтың тозуы, судың тартылуы» - дейді, «Exclusive Fund» жеке қорының директоры Айдос Аманбай.
Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда көлемі бір гектардан асатын 84 000 көл болса, қазір соның он төрт мыңы ғана қалған. Ал ұзындығы бір шақырымнан асатын 44 000 өзеннің төрт мыңы қалған деген деректі алға тартқан, экобелсенді: Осыдан 30-40 жыл бұрын ғана ауыл маңындағы өзендердің терең болғаны сонша, атты адам өте алмайтын. Қазір көптеген арналар босап қалған, бір тамшы су таппайсың. Біздің қоғамда «ағаштарды сақтайтын – су» деген біржақты түсінік бар. Ал шын мәніне келсек, су ағашты емес, ағаш суды ұстап тұратын қасиетке ие. Тал-терегі қалың тұстарда жерасты сулары жоғары көтеріліп, жер бетіне жақындай түседі. Орманы қырқылған жерде топырақ тозып, құрғақшылық басталады. Жеріміз сусыз қалса, «Қазақстан аграрлы ел болады» деген әңгімені біржола ұмытуға тура келеді – деп, ағаштардың өсірудің маңыздылығына баса назар аудару керектігін айтады.
«Қызыл орман» агро-экотуристік саябағы – ауылдық жерлердегі тозған топырақты қайта қалпына келтірудің жаңа моделі» деп аталатын жоба, БҰҰДБ арқылы жүзеге асырылатын Ғаламдық Экологиялық Қорының Шағын Гранттар Бағдарламасы (ҒЭҚ ШГБ) қолдауымен тәжірибеге енгізілмек.
Бұл шараға белгілі сарапшылар мен ғалымдар, ландшафт мамандары атсалысып жатыр. Эко жобаны ҚР Экология және табиғи ресурстар және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне таныстырған. Отырғызылатын ағаштардың сұрпы мен түрлері алдын ала апробациядан өтіп, жерсіндірілген. Саябақтағы әрбір ағашқа қазақ қыздарының есімі беріледі. Қызыл ағаштармен қатар қызыл жеміс беретін ағаштар аллеясы да болады. Сонымен бірге бұл жоба өңірдің экологиялық проблемаларын шешуге мүмкіндік берумен қатар, өңірге туристердің тартылуына ықпал етпек.
«Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында. Десек те, қалада үй салатын, ауылда мал жаятын жер жоқ. Жеріміздің 95,5 пайызыында ағаш жоқ. Ал қалған 4,5 пайыз жерде өсетін ағаштың тең жартысы – сексеуіл. Қалаларымыз бен даламызда декоративті ағаштар өте сирек, ассортимент аз. Өзі аз ғана орманымызды жыл сайын алапат өрт жалмап барады. Қуаңшылық жайлап, топырағы тозып бара жатқан жерімізді құтқарудың бір амалы – жұртшылықты осылайша инновациялық тәсілмен ағаш отырғызуға ынталандыру», - дейді Айдос Аманбай.
Енді осы жобаны басқа елдімекендерде де жалғастыру міндеті тұр. Қор басшысы ауылдық аумақтардың бір гектар жеріндегі тозған топырақты қалпына келтіруге бағытталған «Бір ауыл. Бір гектар. Бір саябақ» атты қоғамдық-жекеменшік саябақтың типтік үлгісін жасауды ұсынып отыр. Барлық ауылдарда қызыл ағаштар отырғыз міндеттелмейтінін, сол өңірдің климатына шыдайтын ағаштарды егу арқылы орман көлемін арттыруға болатынын айтады. Яғни бір ауыл тек емен отырғызылса, енді бір ауылда қарағай, тағы біреуінде аққайың бағын ашуға болатынын айтады.
«Әйткенмен елді мекендерде мұны жүзеге асыратын мамандар тапшы. Содан болар, кей сұрақтардың жауабын білмеген жұртшылық бұл бағытқа бара бермейді. Сондықтан біз бір гектар жерді өлшем ретінде алып, әр жердің климатына қарай қандай ағаштар егуге болады, ағаш сұрыптары мен түрлерін қайдан табу керек, оларды қалай күтіп-баптаймыз деген сұрақтарға жауап беріп, топырақ құнарын арттыру мен су үнемдеу технологияларын пайдалану реті, саябақтың сызбасы, жұмсалатын уақыт пен еңбек шығындары туралы дайын технологиялық пакет жасамақпыз», - дейді Айдос Аманбай.