ТҮРКІСТАНДА ЕСКЕРТКІШІ ТҰРҒАН ТАУЫС ҚҰСТЫҢ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА НЕ ҚАТЫСЫ БАР? - Қазыбек Иса
2024 ж. 19 қыркүйек
1747
0
✅ Қазақ ордасы болған қасиетті Түркістанда бізді құйрығы көшені жапқан тауыс құсы емес, көк туымыздағы қанатын қияға қаққан қыран құс қарсы алуы керек. Көк түріктер киелі санаған көк бөрінің мүсіні тұрса да, рух берер еді.
Осы аптада 16 қыркүйек күні ҚР Парламенті Мәжілісінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасының таныстырылымы болды. Онда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков баяндама жасап, депутаттардың сұрағына жауап берді. Түркістан облысы әкімі орынбасары Бейсен Тәжібаев сөз сөйледі.
Біз осы жиындағы ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, ақын Қазыбек Исаның қазақ хандарының ордасы болған қасиетті Түркістан қаласының тарихи маңызы мен шаһар сәулетінің ұлттық келбетін сақтау туралы сөзін жариялап отырмыз.
- Өткен аптада ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов бастап Түркістанға барғанда Әзірет Сұлтан кесенесінің айналасына, етегіне дейін егіп тастаған көгалды суғарудың киелі кесенеге зияны тиетін болғандықтан, көгалдың орнына декоративті тастар төселіп жатқанын көріп, көңіліміз демделіп қалды.
Түркістан түгел түрік халқының киелі ордасы саналғанмен, біз қасиетті шаһардың ең алдымен қазақ хандарының ордасы болған тарихи маңызын ұмытпай, басты назарда ұстауымыз керек.
Талай жыл қазақ мемлекетінің астанасы болған Түркістан қаласының сәні мен сәулеті де атына сай ұлттық нақышта, шығыстық үлгіде болуы тиіс. Сондықтан қала құрылысында батыстық және басқа үлгідегі құрылыстарды жапырлатып сала бермей, қаланың өз ұлттық рухани бейнесін сақтау керек. Сол үшін құрылыс кеңесі ішінде ұлттық рухани маңызын айқындайтын ғылыми-көркемдік кеңес те болуы тиіс.
Мысалы, қалаға кіре берістегі атын ешкім білмейтін екі тауыс құсы -павлиннің қазақ тарихына не қатысы бар? Тауыс құсы ежелгі Римде императордың патшайымы мен қыздарының символы, солар сарайда қызықтап, ойнап отыратын сәндік құс…
Қазақ ордасы болған қасиетті Түркістанда бізді құйрығы көшені жапқан тауыс құсы емес, көк туымыздағы қанатын қияға қаққан қыран құс қарсы алуы керек. Көк түріктер киелі санаған көк бөрінің мүсіні тұрса да, рух берер еді.
Біз «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының
заң жобасында осы мәселелерді басты назарда ұстауымыз керек.
“Түркістан - Түрік халықтарының астанасы” деген статусты заңмен бекітілгені дұрыс!
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты